Әлемдік білім беру кеңістігіне қажетті көпмәдени жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері. Әлемдік білім беру кеңістігін не құрайды? Оның құрамына мақсаттары, міндеттері, мәдени салт-дәстүрлері, философиялық негіздері бойынша ерекшеленетін ұлттық білім беру жүйелері кіреді. Осындай әр түрлі білім беру жүйелерінің өзара байланыстары, әрекеттестіктері әр адамның дүниетанымының кеңеюіне, рухани тұрғыдан баюына, мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізіп, өздерін әлемдік білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде сезіне алуларына мүмкіндік тудырады.
Бірақ осы жаһандану процессінде әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт дәстүрлері, тілі мен ділінің сақталып қалуы, басқа мәдениеттер тоғысында өз орнын жоғалтып алмауы өзекті. Қазақстанның да осы бағытта дамуындағы, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалудағы басты жолдардың бірі - ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап және білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеу. Осыған орай ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қытайлықтар ұлы қытай қорғанымен, египеттіктер пирамидаларымен, итальяндықтар сазды әуенімен таң қалдырса, қазақ халқы ұлттық құндылықтары мен бай тілін мақтан етеді».
Тек осындай құндылықтарды тәрбие жұмысының жүйелі ұйымдастырылған түрлерінде, сан алуан әдіс-тәсілдері арқылы жас ұрпақ санасына ұлттық мәдениетті ұялатуға болатыны рас. Бұл ойды жас өрендердің ұлттық тәрбиесіне қатысты Мыржақып Дулатовтың: «...Мұндай балалар мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды...қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады», - деген сөздерімен негіздеп кетуге болады. Ұлттық құндылықтарды сақтап, сол құндылықтар негізінде жастарды тәрбиелеу арқылы ғана болашақ ұрпақтың парасатты, білімді, мәдениетті, дүниетанымдары жалпыадамзаттық деңгейде дамыған азаматтар ретінде қалыптастыруға болады. Әр елде өзінің ұлттық мәдениеті негізінде, қазіргі дүниежүзілік мәдениетке деген көзқарасы қалыптасады.
Жеке тұлғаның іс-әрекетінің табысты және жемісті болуы олардың мәдениетіне тікелей байланысты, себебі мәдени білімдер оның құндылық бағдарының негізі. Адам тұлғасының қалыптасуы, оның мәдениеті бала кезінен, білім алу, тәрбие алу мекемелерінен басталады. Ұлттық тәрбие дегеніміз әр адамның тек өзінің ұлттық ерекшеліктерімен, ұлттық мәдениетімен ғана шектелуі емес. Әрине, алдымен әр адам өз ұлтының салт-дәстүрлерін, тілін, тарихын білуге міндетті. Бірақ басқа тілді үйреніп, басқа мәдениеттермен танысуына шектеу жоқ. Себебі қазіргі таңда адамдардың көпмәдени тұлға ретінде қалыптпасуы өте маңызды.
Көпмәдени тұлғаны қалыптастыру ретінде әр елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып:
адамның салт-дәстүрлерге бай түрлі мәдениеттер, құндылықтар жағдайына бейімделуін, икемделуін;
адамдардың түрлі мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықта өмір сүруге ұмтылушылықтарын нығайту қарастырылады.
Әр халықтың мәдени өзгешеліктерін сақтай отырып халықтар арасындағы достықты, түсіністікті нығайту көпмәдениеттілікке тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі. Бірақ сол көпмәдени тұлғаны қалыптастыру білім беру процесінде іске асырылып, оның нәтижелерінің бірі болып табылады. Білім беру процесі арқылы адам мәдениет әлемімен терең таныса алады, мәдени құндылықтарды меңгереді. Білім беру мазмұны әр түрлі халықтардың мәдени мұралары арқылы, үнемі даму үстіндегі ғылым салалары мен адамның өмірлік тәжірибесі негізінде байып, өзгеріп, толықтырылып отырады. Қазіргі кезде әр бір тұлға тек бір ұлттың азаматы емес, ол әлем азаматы болуына бет бұрыс алуы қажет. Сондықтан да «дүниежүзілік білім беру кеңістігі» деген ұғымға көп көңіл бөлінуде. Адамның адами қаситеттерін сақтап, мәдениетті болуы оның ұлттық ерекшеліктеріне байланысты емес. Қандай ұлт өкілі болса да адам жалпы адамзаттық мәдениетке сай болуы керек.
Көпмәдени тұлғаның қалыптасуына барлық білім беру мекемелері, тәрбие жүйелері, әлеуметтік институттар әсер етеді. Бұл үздіксіз жүретін процесс. Ол тек бір мекеме көлемінде емес, адамның өзіндік білім алу барысында, оның өмірлік тәжірибесі негізінде қалыптасады. Көпмәдени тұлғаның қалыптасуына бұқаралық ақпараттық құралдардың, өнердің, саясаттың әсері зор. Ал жас ұрпақ бойында көпмәдениеттілікті қалыптастыру үшін болашақ педагогтарды даярлау барысында осы мәселе бойынша бағыт-бағдар берілуі керек. Жас мамандардың табысты кәсіби іс-әрекетпен айналысуы олардың мәдениеттілік деңгейіне тікелей байланысты болады. Кәсіби білім беру студенттерді тек бір кәсіпке үйретумен айналыспайды, ол болашақ мамандарды қазіргі заман мәдениетіне сай азаматты тәрбиелеумен де айналысады. Қазіргі жастар ұлттық мәдениетті жақсы меңгеріп, басқа халықтар мәдениетін, әлемдік мәдениетті зерттеп танысса ғана олар өздерінің ілгері жылжуына, дамуына көп мүмкіндік ала алады. Көпмәдени тұлға болу әсіресе болашақ мұғалімдер үшін маңызды, себебі олардың іс-әрекеттері балалар мінез-құлқын үнемі адамгершілік, эстетикалық, азаматтық тұрғыдан бағалауға бағытталған. Ұстаздардың көпмәдени тұлға болуының қажеттілігі олардың мұғалімдік жұмыстарында түрлі ұлт балаларымен, ата-аналарымен қарым-қатынасқа түскенде көп байқалады. Сондықтан болашақ ұстаздар ұлттық мәдениет пен қатар жалпыадамзаттық мәдениет әлеміне сай тәрбиеленулері маңызды.
Тұлға мәдениеті қазіргі зерттеуші-ғалымдардың пікірінше мынандай бағыттарды қамтиды:
- ғылымның жаңа жетістіктерін пайдалана білу;
материалдық құндылықтарға қарағанда рухани құндылықтарды бағалай білу;
жан-жақты дамыған, қызығушылықтары кең, рухани қажеттіліктеріне сай ұстанымдарын қалыптастыру;
өз Отанының, туған өлкенің даму тарихын, халық салт-дәстүрлерін, ауыз әдебиетін, халық өнерін біліп бағалау;
мәдениеттің барлық саласынан хабардар болып, ондағы шығармашылықты бағалай білуі керек (музыка, театр, дизайн, би т.б.);
әр маман өзін-өзі ұйымдастыру, өздігінен даму мәдениетін меңгеруі қажет.