Құрметті Тіл үйренуші! Оқу-əдістемелік құрал қазақ тілін қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары жəне жоғары
деңгейлерде меңгеру үшін тыңдалым, оқылым, жазылым жəне лексика-грамматикалық
бөліктері бойынша қазақ тілін меңгерудің емтиханына дайындық құралы ретінде ұсынылып
отыр. Оқу-əдістемелік құралды əрбір бөлік бойынша тест тапсырмаларының түрлері,
оларға дұрыс жауап берудің əдістері, əрбір бөлімдердегі тест тапсырмаларының дұрыс
жауаптарының кілттері Сіз үшін ыңғайлы болу тұрғысынан берілген.
Оқу-əдістемелік құралдың құрылымы төмендегідей:
1) Алдымен тест тапсырып көруге мүмкіндік беріледі, бұл үшін алдын ала тест
ұсынылған;
2) əртүрлі тест тапсырмаларына талдау жасалады, талдау арқылы тілдік құрылымдарды
еске түсіріп, оларды нақтырақ түсінуге болады;
3) қорытынды тест арқылы біліміңізді шыңдауға мүмкіндік бар;
4) қосымшада жаттығулар мен тест тапсырмаларының дұрыс жауап кілттері
келтірілген.
Алдымен сөйлеу əрекетінің түрлері бойынша бөліктерге шолу жасалады. Тест
тапсырмаларының түрлеріне сипаттама берілген соң алдын ала тест тапсыруға
мүмкіндік қарастырылған. Тыңдалым, жазылым бөліктері бойынша репликалар,
диалогтер, монологтер мен мəтіндер компакт-дискіде қосымша беріледі. Мүмкіндігінше
аудиоматериалдарды бір рет қана тыңдау керек. Бұл өз ретінде есте сақтау мен сөздік
қордың қалыптасуына септігін тигізеді.
Тест талдау бөлімінде бөліктер бойынша түрлері мен күрделілік дəрежесіне қарай
тест тапсырмаларына түсіндірме жасалады. Тест тапсырмасының жауап нұсқаларына
талдау жасалады немесе қазақ тілінің тілдік құрылымдары бойынша қысқаша түсіндірме
беріледі. Алайда дұрыс жауап нұсқасы мақсатты түрде əдейі көрсетілмейді. Талдаудан
дұрыс жауапты түсініп, саралап табу өзіңізге қалдырылады. Бұл тəсіл де тілді меңгеруге
деген ұмтылысты күшейте түсетіні анық.
Тест талдау бөліміндегі шыңдаған біліміңіз арқылы алдын ала тест тапсырудағы
кемшіліктеріңізді Қорытынды тест бөлімінде түзетерсіз деген үміттеміз. Бұл бөлімдегі тест
тапсырмалары да алдыңғы бөліктерге мазмұны бойынша ұқсас болғанымен, материалды
кеңірек қамту мақсатында өзге де тақырыптар мен жағдаяттар қарастырылады.
Қосымша бөліміндегі тілдік құрылымдар бойынша əзірленген анықтамалар, жаттығулар
мен əртүрлі мысалдар қазақ тілі бойынша біліміңізді шыңдайды.
Тест талдау бөлімінде белгісі («түсіндіру», «талдау» сөздерінің алғашқы əрпі
таңдалып отыр жəне дəстүрлі «Т» əрпінен өзгешелеу түрі қолданылады) тест тапсырмасы
бойынша талдау немесе түсіндірменің басталған жерін білдіреді.
белгісі («ескерту», «ескертпе», «еске түсіру», «еске салу» сөздері мен сөз тіркестерінің
алғашқы əрпі таңдалып отыр жəне дəстүрлі «Е» əрпінен өзгешелеу түрі қолданылады)
тест тапсырмасына қатысты қазақ тілінің тілдік құрылымы бойынша ескерту немесе
грамматикалық элементтерді еске салу бөлігінің басталғанын анықтайды.
Қосымшаларда берілген анықтамалар, мысалдар мен өз бетінше орындауға берілген
жаттығулар сіздің қазақ тілінен біліміңізді тереңдете түсетініне сенеміз!
Қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысыңызға сəттілік тілейміз!