Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Батырды айтсам, ел шауып алған талап



бет185/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   181   182   183   184   185   186   187   188   ...   273
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгімеге,

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап,–

демеп пе еді.

... Сондықтан да біздің әр қайсымыз осы күнге дейін нәр алып жүрген бүкіл қазақ әдебиетінің классигінің шәкірттерінің қатарынан балалары мен діндар-реакционерлерді алып тастасақ, одан оның беделі кемімейді. Абай өз балаларының жақсы әкесі, өзінің жолдастарының жақсы досы болған шығар, бірақ, ақын ретінде, қазақ әдебиетінің классигі ретінде революцияға дейінгі демократиялық әдебиеттің және қазіргі қазақ кеңес әдебиетінің тұтас бір талантты ақындар шоғырының ұстазы әрі өнегесі болып табылады»,– деп бір Абайды екіге бөліп тастаған еді.

Яғни, Абайды жалған идеология мен аяр саясаттың құрбандығына қасым етіп, оны баласынан, досынан айырып, «моласындай бақсының жалғыз қалдырды». М.Әуезовті де алаңдатып отырған түйткіл де осы еді. Өйткені, бұл екі мәселе ушығып кетсе, өзінің бүкіл ғұмырының мәні болып табылатын «Абай» романына да қауіп төнетін. Бірақ Құнанбай айтқандай, «қаупі неден болса қатері де содан келді».

Ғылым Академиясындағы ғылыми мәжілістің «төрағасы М.Ғабдуллин бұл жиналыстың мақсатын:

«Жолдастар! Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағының бірлескен кеңесінде абайтану ілімі туралы пікір таласына кейбір қорытындылар шығару туралы комиссия құрылған болатын. Екінші, абайтану саласында атқарылатын алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары жасалуы тиіс. Соның ішінде Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі пікірлерді қорытып, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді қоспау керек, сол жөнінде обьективті шешім қабылдауға тиіспіз. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толады. Осыған орай ҚК(б)П Орталық комитеті Абайдың шығармаларын екі тілде шығару туралы шешім шығарды. Абай поэзиясын кезеңге бөлу мен оның кейбір өлеңдерінің текстологиясы жайында даулы пікірлер қозғалып жүр. Абай шығармаларын жариялауда қандай дайындық жұмыстарын жүргіземіз, соны осы кеңесте анықтап алғанымыз дұрыс. Үшінші: бұрмалаудан, жалған талдаулардан тазарған Абайдың жаңа ғылыми өмірбаяны жөнінде де пікір алысуымыз қажет. Соған байланысты Абай шығармашылығын зерттеу мәселелерінің бағыт-бағдарын да анықтауымыз керек шығар. Соңында, біздің шешімімізде Абайдың әдеби мұражайы немен айналысу керек деген мәселе қамтылу керек»,– деп (сонда, 34-іс, 26-бет) таныстырыпты.

Бұл Мұхтар Әуезовке бағытталған идеологиялық кезекті бір шешуші соққы болатын. Ол екі кеңестің де стенограммасынан анық аңғарылады. Бас баяндамашылар Сәбит Мұқанов пен Қажым Жұмалиев, қосымша баяндамашы С.Нұрышев. Сонымен бағыт пен басты қарауыл анықталды, «мергендер» белгіленді.

Қарауылға, қазақы атауға жүгінсек қарақшыға, әрине, Абайды «бұрмалап, жалған талдаған», «Абайдың ақындық мектебін ойлап тапқан», Абайға «исламият туралы өлең жаздырып» (солай демеске лаж да жоқ), оны жинаққа кіргізген, Абайға рухани опасыздық жасаған және оны зерттеуге дәрменсіз адам – Мұхтар Әуезов ілінді. Бұл науқан үш жыл қатарынан жүргізіліп келе жатты. Сонда да «алып бәйтерек» шайқалса да құламай, теңселіп тұрған. Басты әшкерелеушілер – сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің «жеке дұшпаны» (өз сөзі) Қажым Жұмалиев және орталау мектептің білімімен «Абай шығармаларының алғашқы кезеңі» деген абайтану ілімінің «шаңын шығарған» кандидаттық диссертация қорғап, онысы кейін әшкереленген жалаңтөс С.Н.Нұрышев – жиырмасыншы жылдардың соңында «Абайдың буржуазиялық-ұлтшыл философиясының тамырына балта шауып, қазақ руханиятын қоқыстан тазартайық» деп шу шығарған І.Қабыловтың мақаласының атын сәл өзгертіп алды да «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» деген тақырыпта баяндама жасады.

Кейіннен анықталғанындай және өзінің мойындауынша, бұл білімсіз жалаңтөстің айтақшысы – жазалау қызметін бағыттап отыратын Орталық комитеттің идеология бөлімі мен партиялық бақылау комиссиясы, қауіпсіздік мекемесінің идеологиялық қарсы күрес бөлімі, «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі А.Черниченконың маңына топтасқан «жұмыс тобы», оның ұйымдастыруын қадағалаған Сақтаған Бәйішев, орындалуына жауапты адам Қажым Жұмалиев екені анықталды. Қазақстандағы «қызыл науқанды» «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев, сын және библиография бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.Озеров бақылап, кеңес беріп отырған. «Гүлденген Қазақстанның саяси-экономикасының идеологиялық негізін қалаған», ерекше бөлімнің әскери комиссары, 1946–1954 жылдардың арасындағы саяси қысымның бас идеологі, 1947 жылы «Профессор М.Әуезов өткеннің шырмауында» деп мақала жазып, ашық күнде найзағай ойнатқан С.Бәйішевке қарсы М.Әуезов ешқандай уәж айта алмайтын. Ол кеңес идеологиясына қарсы шығумен бірдей болатын.

Ал Мұхтар Әуезовтің қара тілдің шешені, азулы Қажым Жұмалиевке жалын тістеткенімен, үйіріне жолатпайтындай айбары бар болатын және оған қарсы нәтижелі түрде күресе білді. Жек көрініштің тамыры қайда жатқанын кім білсін, адам ретінде де олар бір-бірінің тіршілігін тілемеген, Абайдың ақындық мектебі олар үшін айқас алаңы ғана болған сияқты. Ауыр сөз, бірақ, шара қайсы. Бұл – талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін, шиін шығармай қалдыратын тылсым тақырып.

Ал ешқандай білімі мен ғылыми салмағы жоқ С.Нұрышев «күштінің қолжаулығы», бар ғылыми мақсаты: «Мен Әуезовтің өзін былай сүмірейткемін!»,– деп (Қ.Мұхамедханов) атын шығаруға ұмтылған қазақтың Геростраты ғана. Мүмкін, өмірінің жалғыздықпен аяқталуына да сол жанығудың зауалы тиген шығар, кім білсін.

Әуезовтің қара басын қарауылға алған баяндаманы толық келтірудің, тіпті ішінара келтірудің ретін таппадық. Үш жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйірген С.Нұрышевтің ұстанған пікірін тұжырымдап қана түйіп береміз және ойымызды ширақтай дамыту үшін қосымша баяндамадан бастадық.

С.Нұрышев: «1. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін буржуазияшыл ұлтшылдар, пантюркистер, панисламистер Абайдың атын бетқап етіп жамылып өздерінің дұшпандық, кеңеске қарсы көзқарастарын қазақ әдебиеттануына бүркемелеп енгізді. Мұндай саяси, идеологиялық ұлтшыл қоқыстан арылтпай Абайды зерттей алмаймыз».

Сонда «Абайдың атын жамылып бетқап киген» кім? Әуезов пе, әлде өзі ме? Сірә, өзі шығар.

С.Нұрышев (жалғасы): «2. Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек».

Абайды қалай тазартпақ? Оның да жолын тапты. 1954 жылғы жинақ күзеліп, түзеліп шықты.

С.Нұрышев (жалғасы): «3. Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек. Ол үшін»:

Иә, не істеу керек? «Шәкіртсіз ұстаз тұл» емес пе еді?

С.Нұрышев (жалғасы): «4. Өткендегі буржуазияшыл, ұлтшыл, феодалдық, пантюркистік, панисламистік идеясын бүгінге дейін бүркемелеп келген; 5. Абайтанудан дәріс өтетін, «Ақын аға» атты романы арқылы теріс тұжырымды насихаттаған; 6. Алаш идеясын «Абай» журналы арқылы насихаттаған; 7. Контрреволюцияшыл «алашордашыл жастардың көсемі»; 8. Орыстарға қарсы үгіттейтін «зар заман» теориясы мен «Хан Кененің» авторы; 9. Абайдың буржуазиялық-панисламистік, шығыстық реакциялық шығармаларын бұрмалап талдаушы; 10. Пушкинді, Лермонтовты еркін аударды деп Абайдың орыс әдебиетінен үйренгенін жоққа шығарушы, сөйтіп, Абайдың жалақоры болып отырған, онымен де шектелмей, 11. Әдебиет тарихын зерттеуде контрабандалық жолмен айналысып, А.Байтұрсыновтың «Қаздар» атты мысалын Абайдың атынан жариялатқан; 12. «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихына» Кенесары туралы талдауларды «сана ағымын» ұстана отырып енгізген; 13. Өзінің ғылымға жат, дұшпандық идеологиялық, марксизмге қарсы ұстанымын М.Дүйсенов, қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәрежесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірттері арқылы өткізіп жіберуге тырысқан; 14. Сөйтіп, қоғамдық ойды адастырған; 15.З.Кедринаға өзі туралы зерттеу жаздырып, одақтық деңгейдегі әдебиеттану ғылымын жалған жолға салған; 16. Абай мұражайына жалған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған –



бұл айтылғандардың барлығы да оның отыз жылдан бері әдебиет саласына енгізген бұрмалаулары мен саяси қателігін, оның нағыз бүркемеленген бет-бейнесін толық ашып бере алмайтын М.Әуезовтің ұлтшыл-буржуазиялық, дұшпандық ұстанымын әшкерелеп, әдебиеттану ғылымын ұлтшыл көзқарастан тазартқанда ғана ілгері баса аламыз,– деген мазмұнда айып тақты.

Мұндай тармақ-тармаққа бөлініп, уытты тілмен тұздықталған, «неғылайынсыз әшкерелеулер» М.Әуезовтің тергеу ісінде де кездеспеген. Қазір езу тартқызғанмен, ол кезде жағыңды айыратын айыптар еді.

Үш жыл бойғы талқы осы бағытта өрбіді. Талқылау мен сілкілесу барысында бұл тармақтардың өзі бұдан да ұсақ және шетін тақырыптарға бөлініп кетті. Біз сол кездің ауа райын аңдату үшін ғана үш жылға созылған бұл айтыстардың жекелеген тұстарындағы шарпысуларды жинақтай қамтып, қорытынды отырыстағы хаттаманы ықшамдап назарға ұсынамыз.

Дилетант С.Нұрышев негізгі идеологиялық дұшпандықтың бағыттарын тұжырымдап берсе, академик Қ.Жұмалиев енді соны жіліктеп, мүшелей әшкерелеуге көшті. Соның ішінде Әуезовтің шәкірттері арқылы Абайдың шәкірттерін «халық жауы» етіп шығарды.

Қ.Жұмалиев: «Мұхамедхановтың диссертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге?

Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуылған болатын. Диссертанттың пікірі бойынша, Абайдың екінші шәкірті – коллективтендіруге қарсы шығып, Шыңғыстауда қарулы бандылар көтерілісін басқарып жүргенде қызыл армия бөлімдерімен атыс кезінде өлген Шәкерім Құдайбердиев екен, ал оны Әуезов 1933 жылы-ақ Абайдың шәкірті есебіне қосқан болатын (Абай шығармалары, 1933 жыл, 383-бет).

Мұхамедханов: Абайдың ең жақын досы және талантты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыстарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, – деп есептейді.

М.Әуезов өзінің 1933 жылы ұстанған Көкбай туралы қате пікірін тұрақты түрде табандап қорғап келеді және Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы большевик партиясының орталық органы «Правда» газетіндегі мақаладан соң да, ҚК(б)П Орталық комитетінің ол туралы шешімінен кейін де бізге жат осы тұжырымды Мұхамедхановтың диссертациясы арқылы өткізіп жіберуге тырысып келеді. М.Әуезов Абай мектебінің үздік өкілі деп бағалаған Көкбайдың «Кенесары – Қаншайым» дастаны қандай екен, тыңдаңыздар:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   181   182   183   184   185   186   187   188   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет