Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. Тағы қайталап беремін! Абай көрсеткен, таңдаған бес жақсылық пен бес жамандық қай заманға тән немесе тән емес деп өңеш жыртуға келмейді, бұлар қай заманда да өзекті, өзінің ішкі болмысын өзгертпейтін базалық концептік ұғымдар. Бұлар туралы қалыптасқан түсінік те өзгермейді. Бекер мал шашу, даңғазалық біреулерге молшылықтың, байлықтың, барлықтың көрінісіндей әсер еткенімен, рухани деңгейінің Абай айтқан тұғырда болмағандығын да танытатын көрсеткіш. Көркем мәтіннің мәні өлеңнің ұйқасымен, бунағымен (басты көрсеткіштердің бірі болғанымен) т.б. өлшенбейді, ішкі авторлық таным деңгейімен, адами базалық қасиеттердің келбетін сақтауымен, адам баласының табиғи ішкі болмысының сұлулығына қарай талаптануды арттырумен, бүтін бітімді болуға құштарлықты оятуымен байланысты. Шығарманың мәні бүтін, мазмұны айқын. Мәні - қайталанады, мазмұны - қайталанбайды. Абай шығармаларынан осындай ізді байқадық: әр өлеңнің мазмұны ерекше, бәрінің мәні ортақ. Өлең мазмұны қайталанбайды, әрқайсысы жеке-дара суреткерлік шығарма да, мәні қайталанады, негізгі базалық ұғымдарға қайталай соғып, өзінің әуелгі мүддесінен ажырамай, тыңдаушы жүрегіне жеткізудің сан тарап жолдарын пайдаланып, құлағына сіңіруге, жүрегіне жеткізуге ұмтылады.
Мәселенки, «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлең ердің данасы ғана қиыннан қиыстыра алатын киесі бар сөз өнерінің критерийлерін танытуға арналғандай болып көрінгенімен, ақын үшін негізгі субъекті өлең емес, Адам. [Колшанский «негізгі денотат» терімсөзін қолданады, 1987, с. 39;], Өлең «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деп оның шарттарына бірнеше шумақтарын арнай отырып, өлеңнің тыңдаушыға арналғанын, айтушының өзі оның ішкі мәніне назар сала алмайтындығын ескерте отырады. Қазіргі тыңдаушының көзі ашық, бұл анық. Ол тамағымен емес, жүрегімен ән айтатын әншілерді ұнатады, тыңдайды. Яғни сөзін тыңдау арқылы оның ішкі мәніне бойлағысы келеді. Мәселе әннің әуенінде ғана емес, оның мазмұны арқылы берілетін өлең сөзінің мәнінде де жатыр ғой. Одан әрі өлеңді қалай айту, кімге айту бұл да – сын.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, - болудан сақтанған әнші қазір сиректеу.
Өлеңнің кез келген жолында Абай өз мақсатынан айнымайды, басты мүдде – темірқазықтай, «Адам болам десеңізге» жетелейді. Қазіргі терімсөз сүйгіш ғалымдар үшін антропоцентризм дегеніңіз осы.
Өлеңде әртүрлі мәтіндік үзінділер белгілі жағдайды, әрекетті сипаттайды, алайда мәні ортақ, субъект - біреу. Ол субъект – Адам. Қарапайым, қарапайымдылықтан туған ұлылық. Ізгілік пен рухани биіктік, талғам – басты талап. Енді соңғы шумақтарға назар салалық:
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап, Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап. Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».
Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап – Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «адам болам десеңіз»-дегі ойдың жалғасы. Басқаша мазмұн, басқаша стиль. Бірақ мән ортақ, мән бүтін. Өлеңнің басында айтылған «өлең» туралы ой астарында тұрған «адамның» бір парасының келбеті осындай. Не шара? Шара бар, әрекет керек.
Адами болмыс тек жақсы қасиеттерден тұра ма? Қазіргі көзі ашықтың бәрінің көкірегінде рухани бүтіндік бар дей аласыз ба? Көкірегі надандықпен жабылғандар қаншама. Абай заманынан кейін олар күрт азайып, қазір тек жақсылар қалды десем, сенесіз бе? Ия, бәрінің де көзі ашық, оқиды, жазады, білімі бар, мүмкін қазіргі деңгейдегі ғылымды да меңгерген. Ал көкірек көзі ше ... Өтірік пен өсекті жүндей сабау тоқталды ма... Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап ойлағандар қанша? Кімдер? Барлығы ма?
Бұл жақсылық пен жамандық арасындағы мәңгілік талас. Талас кеше де болды, бүгін де бар, ертең де болады. Бұл ақ пен қараның, жақсы мен жаманның мәңгілік жарысында, қалайда, адамзат баласы өзінің таңдауын өзі жасайды. Абай осы таңдау сәтінде жол көрсетеді, жөн сілтейді.