Катаболикалық синдром – әлсіздіктің үдеуі мен тәбеттің жоғарылаған көрінісінде дамитын өршімелі түрде дене салмағының төмендеуімен сипатталады (кейде 10–15 кг-нан астам, әсіресе дене салмағы артық науқастарда). Науқастардың терісі ыстық, кейде айқын гипергидроз байқалады. Науқас бөлмедегі төмен температураға қарамастан үнемі ыстықтап жүреді. Кейбір науқастарда (егда жастағы) кешкі уақыттарда субфебрилитет анықталуы мүмкін.
Жүйке жүйесі жағынан өзгерістер психикалық тұрақсыздықпен сипатталады: агрессия эпизодтары, қозғыштық, хаотикалық продуктивті емес әрекеттері жылаумен, астениямен ауысады (тітіркендіргішті әлсіздік). Көптеген науқастар өздерінің күйлерін дұрыс бағаламай, ауыр соматикалық жағдайына қарамастан белсенді өмір салтын сақтауға тырысады. Ұзақ уақыт бойы дамыған тиреотоксикоз науқас психикасы мен тұлғалық қасиеттерінің тұрақты бұзылуына әкеледі. Тиреотоксикоздың жиі, бірақ спецификалық емес симптомына майда тремор жатады: науқастардың басым көпшілігінде қолды созған кезде қол ұшында майда діріл анықталады. Ауыр тиреотоксикозда тремор науқастың барлық денесінде анықталып, тіпті сөйлеуді қиындатуы мүмкін.
Тиреотоксикозға бұлшықеттік әлсіздік пен бұлшықет көлемінің азаюы тән (әсіресе аяқ-қолдың проксимальды бұлшықеттерінің). Кейде айқын миопатия анықталады. Сирек кездесетін асқынулардың бірі (ГА көрінісі ретінде болуы мүмкін) тиреотоксикалық гипокалиемиялық кезеңді салдану болып табылады, бұл кенет кезеңді түрде дамитын бұлшықет әлсіздігінің ұстамаларымен көрінеді. Зертханалық зерттеу барысында гипокалиемия, КФК деңгейінің жоғарылауы анықталады. Жиі азиатты ұлт нәсілдерінде көрініс береді.
Сүйек резорбциясының интенсификациясы остеопения синдромыныңдамуына әкеледі, ал тиреотоксикоздың өзі остеопороздың дамуына әкелетін қауіп факторы ретінде қарастырылады. Науқастар жиі шаштың түсуіне, тырнақтың сынғыштығына шағымданады.
Асқазан-ішек жолы жүйесінің өзгерістері сирек дамиды. Егде науқастарда диарея дамуы мүмкін. Ұзақ уақыт дамыған ауыр тиреотоксикоз нәтижесінде бауырда дистрофиялық өзгерістер дамиды (тиреотоксикалық гепатоз).
Менструальды циклдің бұзылыстары сирек кездеседі. Гипотиреоздан ерекшелігі, шамалы айқындылықтағы тиреотоксикоз кезінде фертильдік төмендемей, жүктіліктің болуы да мүмкін. ТТГ рецепторларына қарсы антиденелер плацента арқылы өтуі мүмкін, сондықтан ГА сырқаттанған әйелдерден туылған мұндай балаларда (1%) (кейде радикалды емнен бірнеше жылдардан кейін) транзиторлы неонатальды тиреотоксикоз дамуы мүмкін. Ер адамдарда тиреотоксикоз эректильды дисфункциямен сипатталады.
Ауыр тиреотоксикозбен сырқаттанған науқастарда тиреогенді (салыстырмалы) бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі симптомдары дамуы мүмкін, сондықтан оны шынайы бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігінен ажырата білген жөн. Бұл кезде жоғарыда айтылған симптомдарға ашық жерлеріндегі терінің гиперпигментациясы (Еллинек симптомы), артериялық гипотензия қосылады.
Көп жағдайларда ГА ҚБ жайылмалы түрде ұлғаяды, кейде оның көлемі едәуір үлкен болады. Бірқатар жағдайда ҚБ үстінен систолалық шуылды естуге болады. Дегенмен, жемсау ГА-ның міндетті түрде болатын белгісі емес, себебі жемсау науқастардың 25–30 %-да анықталмауы да мүмкін.
ГА диагностикалауда басты маңыздылыққа 3.5 бөлімде талқыланған, ГА-ның «визитті картасы» болып табылатын көздік симптомдар деуге болады, себебі көздік симптомдардың анықталуы басқа ауруларда емес, әсіресе Грейвс ауруының дамығанын білдіреді.