ӘӨЖ 94(575+574) : 39 Қолжазба құқығында


ІІІ. ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ОТАНҒА ОРАЛУЫ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ



бет15/18
Дата06.01.2022
өлшемі0,63 Mb.
#13038
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
ІІІ. ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ОТАНҒА ОРАЛУЫ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
3.1 «Қазақстан - 2050» стратегиясы және қазақ диаспорасы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы шетелдегі қазақтардың арасында кең талқыланды. Жолдаудағы алға қойылған ең басты міндет - 2050 жылы Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу болды [98].

Елбасының алға қойған бұл асқақ та ауқымды мақсатының жүзеге асуы анық. Бұған Қазақстанның әлеуеті де, экономикалық мүмкіндігі де толық жетеді. Енді осы үлкен міндетті бүкіл халқымыз айқын жоспар, нақты іспен қолға алуға тиіс. Бұл ретте қолдағы бар мүмкіндік пен ресурсты толығымен тиімді пайдаланудың маңызы айрықша. Мұндай маңызды ресурстарымыздың бірі - шетелдердегі 5 млн. қазақ диаспорасы. Сырт жерлердегі диаспорасын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты пайдалану - өркениетті елдердің бәрінде де кездеседі. Мысалы, Израиль мемлекетінің қазіргідей биік деңгейге көтерілуі - шетелдегі диаспорасының жаппай көмек беріп, қолдау жасауының нәтижесі. Соңғы кезде Қытай мемлекеті де ел экономикасын өркендетуге сырт жерлердегі диаспорасын барынша тиімді пайдалануда.

Біз де бұл мәселені ешқашан естен шығармағанымыз жөн. Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап шетелдегі ағайындармен байланыс жасауға айрықша көңіл бөлуінің басты себебі де, міне, осыған байланысты еді.

Осыған орай, тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде Қазақстанның бүгінгідей биік деңгейге көтерілуіне шетелдегі қазақ диаспорасының да үлкен үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, тоқсаныншы жылдарда Қазақстаннан сырт жерлерге бірнеше миллион халық көшіп кетті. Сөйтіп, көптеген елді мекендердің тұрғындары азайып, жұмыс қолы кеміп, экономикамыз құлдырады. Осындай қиын жағдайда сырт жерлерден этникалық қазақтардың көптеп келуі Қазақстанға үлкен демеу болды. Бос қалған елді мекендер оралмандармен толықты; экономикамыздың түрлі салаларында, шағын және орта кәсіпкерлікте, ауылшаруашылығында істің көзін тауып, аянбай жұмыс істейтін азаматтар көбейді. Ана тіліміздің, ұлттық болмысыздың қайта жаңғыруына да оралмандардың қосқан үлесі мол. Демографиялық жағдайымыздың жақсарып, халқымыздың санының өсуіне де оралман ағайындар ерекше ықпал етті.

Бұл игілікті бастама болашақта да тоқтамай жалғаса беруге тиіс. Соған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға шетелдердегі қазақ диаспорасын қатыстырудың тұжырым-дамалық бағдарламасы дайындалды.

Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясына шетелдегі ағайындар да айрықша қызығушылық танытып отыр. Өйткені, шетелдегі қазақтар - қай елде тұрса да қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Яғни, қазақ халқының бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез-келген іс-шара оларға да тікелей қатысты. Сондықтан да, шетелдегі қазақтар Қазақстанның атақ-абыройының асқақтап, экономикасының дами беруіне барынша тілектес. Олар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың көшбасшы ретінде бағалап, қадір тұтады; Елбасы қолға алған әрбір игілікті бастамаға өздері де үлес қосуды армандайды. Және олардың бұған мүмкіндіктері де толық жетеді. Өйткені, шетелдегі ағайындардың көбі өз мамандықтарын жетік меңгерген, еңбек сүйгіш, ешкімге алақан жаймай, жанын салып жұмыс істеуге бейім. Оның үстіне ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты өте жақсы біледі.

Демек, шетел қазақтары «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген мақсат-міндеттерді, яғни экономикалық дамудан бастап, ана тілімізді, ұлттық ерекшілігімізді өркендетуге дейінгі мәселелерге жан-жақты үлес қосып, ұшан-теңіз пайда тигізе алады.

Осыған орай, шетел қазақтарының Стратегияны жүзеге асыруға төмендегідей төрт жолмен қатыса алатынын айта кеткеніміз жөн:

Бірінші жол - Қазақстанға біржолата қоныс аударып, оралман ретінде Қазақстан азаматтығын алып, атамекенде біржолата тұрақтап қалу.

Екінші жол - Қазақстанға уақытша келіп, тұрақты тіркеліп, не Ықтияр хат алып, түрлі салада жұмыс істеу.

Үшінші жол - шетелдерде тұрып, Қазақстанмен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасап, жер бетіндегі бүкіл қазақ халқының бір тұтас ұлт ретінде өсіп - өркендеуіне үлес қосу.

Төртінші жол - Қазақстанға келіп оқып, білім алу.

Шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасауының осы төрт жолын тиімді пайдалана білсек өзімізге де, шетелдегі ағайындарға да пайдалы көптеген мәселелерді жүзеге асыратынымыз анық.

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық мәселеге айрықша көңіл аударған. Бұл ретте, бүкіл әлемде адамзаттың қартаюы етек алып бара жатқаны атап көрсетілген. Бір қуанарлығы, Қазақстанда бұл жөнінде үлкен проблема жоқ; біз халқы жас мемлекет болып саналамыз. Дегенмен, демографиялық жағдай Қазақстан үшін әрқашан да маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Оның себебі - жеріміз ұлан-байтақ кең, ал халқымыздың саны онымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Оның үстіне, халық санының өсуі әр облыста әртүрлі. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы мен оған көршілес өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Бұл - алаңдататын жағдай. Өйткені, кез-келген елдің экономикалық жағдайы жақсарып, тұрмыс деңгейі жоғарылаған сайын сырттан келушілер көбейе түседі. Айталық, Еуропаның Ұлыбритания, Франция сияқты дамыған елдеріне соңғы жиырма-отыз жылда сонау Африкадан бастап әлемнің әр түкпірінен нешетүрлі ұлттың өкілдері көптеп қоныс аударды. Соның салдарынан жергілікті ұлт өкілдерінің пайыздық мөлшері барынша азайып, ол елдерде кәдімгідей алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл жағдай бүгін болмаса ертең Қазақстанда да орын алуы әбден мүмкін.

Яғни, Қазақстан өркениетті елдердің қатарына жақындаған сайын сырттан келушілер көбейе береді. Жасыратыны жоқ, мұның астарында мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі де бар. Сондықтан да қазір Ресей бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, жергілікті халықтың санын көбейтуді қолға алуда. Осыған орай, бізде де қазақ халқының санын көбейте беру үнемі назарда болуға тиіс. Бұл ретте, шетелдік қазақтардың басым көпшілігінің көп балалы екендігін де ескерген жөн. Яғни, олардың Қазақстанға әкелер ең үлкен байлығы - адам.

Осыған орай, алдағы уақытта этникалық көші-қон жұмыстары қолға алынғанда Қазақстан үкіметі облыстық әкімшіліктермен бірлесе отырып, демографиялық өсімі төмен, бірақ ауылшарушылығымен, басқа да түрлі кәсіпкерлікпен айналысуға ыңғайлы елді мекендерді анықтап, көп балалы оралмандарды сол жерлерге орналастыру жөнінде арнайы бағдарлама не басқадай бір жоспар жасағаны дұрыс.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс деп отырмыз. Ал сонда көздеген мақсатымызға жету үшін не істеу керек? Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясында бұл мәселеге жан-жақты тоқталып, нақты әрі айқын жауап берген. Яғни, Елбасы ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуда бәсекелестіктің барынша қатал болатынын, соған орай «ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс» деп атап көрсетіп, осы жолда жеңіске жету үшін қажетті бірнеше мәселелердің басын ашып берген.

Солардың бірі - ұлттық экономиканың жетекші күші - кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету. Міне, осы мәселеге келгенде ойландыратын біраз жағдай бар. Біздің халқымыздың экономикалық тайталас пен бәсекелестікке әлі де толық бейім еместігін мойындаған жөн. Мысалы, дүниежүзінің барлық елінде кез-келген халық егін егіп, мал өсіретін жер мен су болса ешкімге алақан жаймай, аянбай жұмыс істеп, жақсы өмір сүреді. Біздің Қазақстанда жер де, су да жетеді. Бірақ көптеген ауылдар жер мен суды дұрыс пайдалана алмай отыр. Ал шетел қазақтары аянбай жұмыс істеуге әлдеқайда бейім. Мысалы, сонау тоқсаныншы жылдарда Ауғанстан, Иран және Түркиядан бірнеше мың қазақ отбасы Қазақстанға қоныс аударды. Осы ағайындардың ешқайсысы да «Оралман едік; бізге жағдай жасаңдар» деп ешкімнің алдына барған да жоқ; ешкімге алақан жайған да жоқ. Күні-түні тынбай еңбек етті. Түрлі кәсіппен, шағын саудамен айналысты. Қазір олар өздері орналасқан жерлердегі бұрынғы тұрғындардан артық болмаса кем өмір сүрмейді.

Еліміздің кез-келген жеріне барып, зерттеп көрсек, оралмандар жөніндегі мұндай жақсы мысалдарды көптеп табуға болады. Осыған байланысты, «Қазақстан - 2050» стратегиясының экономика саласындағы міндеттерін жүзеге асыруда шетел қазақтарының мүмкіндігін жан-жақты пайдалану ескерілуге тиіс. Әсіресе, жергілікті әкімдер жаңадан келген оралмандар қандай шаруаға бейім, не кәсіппен айналысқысы келеді дегенді анықтап, қажетті жағдай жасауды ойластырғаны жөн. «Қазақстан - 2050» стратегиясы бойынша жергілікті әкімдер халықтың қалауымен сайланады. Осыған орай, халық сайлаған әкімдер өз ауылдарының көркеюіне оралман ағайындарды дұрыс, тиімді пайдалануға айрықша назар аударатыны анық.

Шетел қазақтарының арасында Қазақстанға белгілі бір мерзімге келіп, қаржы салып, түрлі кәсіппен айналысқысы келетіндер де аз емес. Бірақ оларға Қазақстан тарапынан ешқандай қолдау жасалмайды. Керісінше визасын созбай, тұрақты тіркелуге, жұмыс істеуге рұқсат бермей, әуре-сарсаңға салып, ақыр соңында оларды кері қайтып кетуге мәжбүр ететін жағдайлар жиі кездеседі. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Көші-қон комитеті сияқты құзырлы орындар бірлесе отырып осы мәселені реттеулері керек.

Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең - ауылшаруашылығынан мол өнім алып, әлемнің алдыңғы қатарына шығуына толық мүмкіндігі бар. «Қазақстан - 2050» стратегиясында бұл мәселеге де нақты көңіл бөлінген. Яғни, Елбасы «елімізді әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауылшарушылығы өндірісін арттыру» міндетін күн тәртібіне қойып, бұл салада қолға алынатын негізгі мәселелерді анықтап берген. Соған орай, Елбасы «жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми-технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шарушылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажет» деп атап көрсеткен.

Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруға шетел қазақтарының да үлес қосуға үлкен мүмкіндіктері бар. Мысалы, Қытай мен Өзбекстанда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған. Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да барынша дамыған. Енді сол қазақтар осы диханшылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкелсе көп іс тындырар еді. Қазірдің өзінде олардың біразы шағын тракторлары мен басқа да құрал-жабдықтарын Қазақстанға әкеліп, егін егіп, көкөніс өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетуде.

Міне, осы ағайындарға Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалуда?!. Оған нақты жауап қайтару қиын. Керісінше, шекарадағы кеденшілер олардың әкеле жатқан техникалық құрал-жабдықтарына кеден салығын барынша көбейтіп, басқа да тосқауылдар қойып, ойлаған мақсаттарына жетуге кедергі болуда.

Диханшылықты жақсы менгерген ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанға келгеннен кейін жекеменшікке жер ала алмай, әркімнің қараусыз жатқан бос егістіктерін жалға алып, уақытша жұмыс істеуде. Бұл да олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне қиындық келтіруде.

Елбасының «мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту керек» деген тапсырмасы да шетелдегі ағайындар үшін айрықша маңызды. Өйткені, Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малы жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да малды әкелсек деп армандайды.

Соған орай, Қазақстан үкіметі Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген тапсырмаларды орындауға кіріскенде Моңғолия мен Қытайдағы қазақтарды өздерінің ежелгі төрт түлігімен әкелу мәселесін де ойластырса деген тілегіміз бар. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып осы мәселені шешуі қажет.

«Қазақстан - 2050» стратегиясында мемлекеттік тіл мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Яғни, Елбасы «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз» деп атап көрсеткен. Соған орай, Стратегияда мемлекеттік тілдің позициясын нығайтудың жолдары жан-жақты сараланған. Бұл ретте, Елбасының «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деп көрсете келіп, «Қазақ тілі шын мәніндегі мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп мәселені нақты қоюы шетелдегі қазақтар үшін де аса маңызды [99]. Яғни, шетелдегі ағайындар да жалпы қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі болғандықтан қай жерде тұрса да өз ана тілін білуге тиіс. Бұл ретте Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзі тек қазақстандық қазақтарға ғана емес, шетелдердегі, яғни жер бетіндегі бүкіл қазаққа ортақ.

Демек, Стратегиядағы тілге қатысты мәселелер қолға алынғанда ана тіліміздің дамуына шетелдердегі ағайындардың да үлкен үлес қосатынын ешқашан ұмытпауымыз керек. Шетелдерде, әсіресе, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қазақтарында қазақтың бай да құнарлы тілі жақсы сақталған. Шетелдегі қазақтардың болашақта да өз ана тілін осындай таза қалпында сақтап, дамыта беруіне Қазақстан тарапынан тиісті қолдау жасалынуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі сырт жерлердегі өз диаспорасына осындай қамқорлық көрсетеді. Мысалы, Ресей Кеңес Одағының құрамында болған республикалардағы орыс тілінің жағдайына қазір айрықша көңіл бөліп, қолдау жасауға кірісті. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстандағы орыс халқының өз ана тілінде оқып, білім алуына барлық жағдай жасалып отырғанын атап айтқан жөн. Осымен салыстырғанда, Ресейдегі 1 миллионға жуық қазақтардың қазақ тілінде оқытатын бір-екі ғана мектебі бар екендігі ойландырады әрі алаңдатады. Қазір екі ел арасындағы қарым-қатынас өте жақсы; осыған орай, Ресейдегі қазақтардың өз ана тілінде оқып, білім алуына қолдау жасауға толық мүмкіндік бар.

Ана тілін дамытуға байланысты мұндай қолдауға өзге елдердегі ағайындар да өте зәру. «Қазақстан- 2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысында ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі осы мәселеге де назар аударуы қажет.

«Қазақстан - 2050» стратегиясында Елбасы «2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қаріпіне, латын әліпбиіне көшіруіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсетті. Бұл шетел қазақтарының көптен күткен жаңалығы еді. Өйткені, шетелдердегі ағайындардың біраз бөлігі, дәлірек айтқанда, Түркия мен Еуропаның бүкіл қазақтары латын жазуын қолданады. Өзбекстан мен Түрікменстан да латын жазуына көшкен. Яғни, бұл респуликалардағы қазақтар үшін латын жазуы өте маңызды. Қытай қазақтары да өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары біраз уақыт латын жазуын пайдаланған. Қазір ағылшын тілі бүкіл дүниеге кеңінен тарауда; латын жазуын оқи алмайтын адам, әсіресе, жастар жер бетінде жоқ деуге болады. Сондықтан, латын жазуына көшу жер бетіндегі бүкіл қазақтың басын қосуға, шетелдегі ағайындардың атажұртпен байланыс жасауына, оралман болып көшіп келгенде жаңа ортаға тезірек бейімделуіне оң ықпалын тигізері анық.

Яғни, шетелдік ағайындар Қазақстанның латын жазуына көшуіне ерекше ынталы, бұл жөнінде қолға алынатын іс-шараларға әрқашан да өз үлестерін қосуға дайын. Сондықтан да Стратегияның латын жазуына көшу жөніндегі жұмыстары қолға алынғанда оған шетел қазақтарын да қатыстыру ұмыт қалмағаны дұрыс.

Стратегияда ұлттық мәдениетімізді дамыту, ұлттық интеллигенцияның рөлін нығайту мәселесі де көтерілген. Бұл да шетел қазақтарына тікелей қатысты. Өйткені, қазақ халқының ұлттық мәдениетін қазақстандық немесе шетелдік деп бөлуге болмайды. Яғни, жер бетіндегі барлық қазақ халқының ұлттық мәдениеті - ешқандай шекарамен бөлінбейтін біртұтас қазына байлық. Қазіргі таңда шетелдерде, оның ішінде, әсіресе, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Иран, Түркия, Түрікменстанда қазақ халқының ұлттық бай мәдениеті, сапалы білімді ұлттық интеллигенциясы қалыптасқан. Тәуелсіздіктен кейін бұл елдермен мәдени-рухани саладағы байланысымыз да жаңа деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде, елімізге мәдениет пен өнердің жаңа бір тегеуірінді толқыны келіп қосылды. Ұлттық әдебиетіміз бен ғылымымыз да соңғы жылдары шетелдерден келген дарынды қандастарымызбен толығып, ұлттық интеллигенциямыздың қатарын нығайта түсті.

Осы жақсы дәстүр одан әрі жалғаса беруі үшін шетелдердегі Қазақ мәдени орталықтарына тұрақты түрде қамқорлық жасау керек. Өйткені, шетел қазақтарының болашақтағы мәдени-рухани жағдайы сол елдердегі Қазақ мәдени орталықтарының жұмысына тікелей байланысты. Егер ол орталықтар неғұрлым жақсы жұмыс істесе, ағайындардың ұлттық-рухани мәселелері де солғұрлым нәтижелі шешіледі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы алдағы уақытта шетелдердегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек.

«Қазақстан - 2050» стратегиясында оқу-білім мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Яғни, Елбасы алдағы уақытта білім беру ісін жаңа деңгейге көтеріп, жан-жақты дамыта берудің жолдарын анықтап, белгілеп берген.

Стратегияның оқу-білім жөніндегі бұл міндеттері де шетелдік қандастарымыз үшін өте маңызды. Өйткені, қазіргі кезде шетелдегі ағайындардың жас ұрпағы атамекенге келіп, білім алуға өте ынталы. Мысалы, соңғы кезде Англияның Лондон қаласындағы қазақ балалары өз күштерімен Алматыға келіп, оқуға түссек деп талаптанатын болды. Жұрт қазір балаларын шетелге, әсіресе Англияда оқытуға құмар. Ал осындай жағдайда Англиядағы қазақ жастары Қазақстанға келіп оқимыз десе бұл бәрімізге ортақ абырой емес пе? Егер нақты қамқорлық жасалса шетелдерден келетін қазақ жастарының барынша көбейетіні анық.

Оның үстіне, алыстағы ағайындардың Қазақстанға келуінің ең оңай әрі тиімді жолы - оқуға түсу. Өйткені, салтбасты келген адам Қазақстандағы жаңа ортаға тез бейімделеді. Оқып, білім алғаннан кейін ешкімге салмақ салмай, одан әрі тұрақтап, жұмыс істеп кетуі де оңай. Бұған тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға едәуір мөлшерде көптеп келе бастауы айқын дәлел. Бұл ретте, тоқсаныншы жылдардың ортасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолға алуымен Жамбыл облысының Қаратау қаласынан 40 балаға арналған тұңғыш дайындық бөлімінің ашылуы айрықша маңызды болды. Шетелдегі қазақ жастарын жоғары оқу орындарына дайындайтын бұл бөлімдерге түсушілердің саны қазір 1400 балаға жетті. Ендігі жерде осы Дайындық бөлімдеріне түскендерді әр облысқа шашыратып жібермей, арнайы бір оқу орынында оқытуды жүзеге асырған дұрыс.

Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттардың 2 пайызы шетелдік қазақ жастарына арналып отыр. Алдағы уақытта шетелдік қазақ жастарына арналған мұндай қолдаулар қазіргіден де ұлғая берсе дейміз. Әсіресе, шетелдік қазақ жастарын кәсіптік мамандық беретін орта және арнаулы орта оқу орындарына арнайы гранттар бөліп қабылдау ескерілгені жөн.

Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясында «Бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет» деп атап көрсете келіп «Үкімет 2013 жылы көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуге тиіс» деп тапсырма берді [100]. Бұл да шетелдегі қазақтарды үлкен үміт пен сенімге бастайды. Яғни, көші-қон жөніндегі бұл кешенді жоспарда этникалық көші-қон, яғни оралмандар мәселесіне де айрықша көңіл бөлінетініне күманданбаймыз. Қазақстан тәуелсіздік алысымен арнайы заң қабылдап, қаржы бөліп, әлемнің әр түкпірінде жүрген қандастарды атажұртқа жинауға кірісті. Қазір Қазақстан бұл жөнінен Германия, Израиль сияқты санаулы елдердің қатарынан орын алады. Алдағы уақытта оралмандардың осы көшін тоқыратып алмай, жал­ғастыру қажет.

Бұл ретте, Елбасының Әлем қазақтарының Астана қаласында өткен үшінші құрылтайында айтқан «Оралмандар елге не аламын деп емес, не беремін деп келулері керек» деген ұлағатты сөзі бірінші кезекте ескерілгені жөн. Яғни оралмандардың атажұртқа қоныс аударуына барлық қамқорлық жасалумен қатар, олардың жаңа ортаға тез бейімделіп, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өміріміздің әр саласында жұрт қатарлы еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуы ескерілетін болуға тиіс. Және мұның нақты шарт-талаптарын да қалыптастыру керек.

«Қазақстан - 2050» стратегиясында этникалық көші-қонға тікелей қатысты деп есептеуге болатын және бір мәселе бар. Ол - Елбасының шекарамен шектес аумақтарға ерекше назар аударуы.

Яғни, Елбасы «Шекаралас өңірлердің әлеуеті әлі толық ашылған жоқ; оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеу керек» деп атап көрсетті. Бұл тапсырманың да астарында халқымыздың көбеюіне, шетелдегі ағайындардың атажұртпен байланысын жақсартуға бастайтын үлкен мәселелер жатыр. Өйткені, шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі Қазақстанмен шекаралас Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркіменстан, Қырғызстан және Моңғолия мемлекеттерінде орналасқан. Сондықтан да Қазақстан үкіметінің шекаралас аудандарға айрықша көңіл бөлуі көршілес елдерде тұратын ағайындардың осы өңірге тұрақты қоныс аударуына, немесе уақытша келіп жұмыс істеуіне ерекше жол ашатыны анық.

Бүгінгі таңда бүкіл дүниежүзі бойынша еңбек көші-қоны ерекше көбейіп, халықаралық сипат алды. Яғни, қай елдің экономикасы дамыса сол елге барып жұмыс істейтіндердің көбейеді. Демек, болашақта Қазақстанға да еңбек көші-қонымен келушілердің саны арта түседі. Осыған орай, еңбек көші-қонына шетелдік қазақтарды тартуды да қазірден бастап ойластырған жөн.

Яғни, шетел қазақтарының Қазақстанға белгілі бір мерзімге келіп, өндіріс пен ауылшаруашылығының түрлі салаларында жұмыс істеуіне жеңілдіктер беру керек. Мысалы, қазір елімізге Қытайдан бастап, көптеген мемлекеттердің үлкенді-кішілі компаниялары келіп, мұнай мен газ өндіру, жол салу сияқты жұмыстарды жүргізуде. Олар өздерімен бірге қажетті мамандар мен жұмыс күшін де ала келеді. Міне, осы мамандар мен жұмысшылардың арасынан сол елдерде тұратын ұлты қазақ азаматтарды көбейтуге әбден мүмкіндік бар. Соған орай, шетелден келіп жұмыс істейтін мамандар мен жұмысшылардың арасындағы ұлты қазақ азаматтарға жұмыс істеу мен тіркелуге байланысты жеңілдіктер жасалуға тиіс. Бізде мұндай жеңілдіктер жасау тәжірибесі бұрын болған еді. Мысалы, 1992 жылы Әлем қазақтарының алғашқы құрылтайы қарсаңында Қазақстан үкіметі «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету жөнінде» №791 қаулы қабылдады. Осы Қаулының негізінде шетелден келген қазақтарға арнайы куәлік беріліп, олардың азаматтық алмай-ақ Қазақстанның кез-келген жерінде еркін жүріп-тұрып, жұмыс істеуіне, басқа да кәсіпкерлікпен айналысуына рұқсат берілетін. Кейін осы жақсы Қаулының күші жойылды. Шетел қазақтарының Қазақстанға келуіндегі қиындықтардың басым көпшілігі қазір осыдан туындап отыр.

Осыған орай, шетел қазақтарын Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ететін Қаулының бүгінгі уақыт талабына бейімделген жаңа нұсқасы дайындалса екен дейміз. Мұндай жеңілдіктер бірінші кезекте шетелдерден тарихи отанына келіп өндіріс пен ауылшаруашылығының түрлі саласында жұмыс істеп, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін ағайындарға берілуге тиіс.

Шетел қазақтарының «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асыруға қатысуының заңнамалық негіздері толығымен қалыптасқан деуге болады. Бұл ретте, Қазақстанда «Халықтың көші-қоны туралы заң» бар; кезінде екі рет «Шетелдердегі отандастарды қолдаудың Мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, басқа да маңызды құжаттар дүниеге келген.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткен Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайында да Қазақстанның шетел қазақтарымен байланысы жан-жақты сөз болды. Әлемнің әр түкпірінен келген Құрылтай делегаттары, Қазақстаның үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары түгел жиналған бұл алқалы жиындарда Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев арнайы баяндама жасап, шетелдегі ағайындардың атажұртпен байланыс орнатуына, көшіп келуі мен оқып-білім алуына, жұмыс істеуіне қажетті жағдайлардың бәрі жасалады деп атап көрсетті.

Елбасының бұл сөзін жүзеге асыруға Қазақстанның жағдайы толық жетеді - жері кең, қазба байлығы мол. Соған орай жылына 15-20 мың отбасын қабылдауға квота беріліп, қаржы да бөлініп келді. Бірақ, қазір оралмандар көші біраз саябырсыды. Оның басты бір себебі - шетелдік ағайындардың атажұртпен байланыс жасауы мен уақытша не тұрақты көшіп келуіне қатысты заңдық-құқықтық мәселелердің бір жүйеге түспегендігі.

Мысалы, Көші-қон мекемелері шетелден келген қазақтардың оралман мәртебесін алуы үшін ең алдымен бір үй тауып, сол үйге тұрақты тіркелуді талап етеді. Ал бірақ қазіргі кезде Қазақстандағы ең қиын мәселелердің бірі - біреудің үйіне тіркелу. Тіпті, Алматыдан Астанаға барған қазақстандық азаматтар да ағайын-туыс, таныс-білісін жағалап, тіркелетін үй таба алмай жүреді. Осындай жағдайда Қазақстанға жаңадан келген шетелдік қазақ тұрақты тіркелетін үйді қайдан табады; бүгінгідей бәрі есептеулі заманда шеттен келген біреуді үйіне кім тіркеуге тұрғызады?!. Бұл мәселе көші-қон мекемелерін мүлдем ойландырмайтын сыңайлы.

Соңғы кезде оралмандарға Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрыңғы тұрған елдің азаматтығынан шыққандығы туралы куәлік пен сотталмағаны жөнінде анықтама әкелу керек деген талап қойылатын болды. Бұл талаптың да дұрыс екендігі көңілге күмән келтіреді. Мысалы, соңғы он бес - жиырма жылда бірнеше миллион адам Қазақстаннан сырт жерлерге көшіп кетті. Міне, осы сан миллион адамның ең болмаса біреуінің қайта келіп ҚР Ішкі істер министрлігінен Қазақстан азаматтығынан шыққандығы жөнінде куәлік, сотталмағаны туралы анықтама сұрап жүргенін көрген де, естіген емеспіз. Ал сонда біз өзге ешқандай елде жоқ әлгіндей талапты қайдан ойлап тапқанбыз?!.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазір шетелден келіп, Қазақстандағы оқу орындарына түсіп жатқан бауырларымыз да баршылық. Бірақ олар да құжат жөнінен түрлі қиындықтарға кездеседі. Мысалы олар әуелі «жай визамен» келсе, оқуға түскеннен кейін ол визаны келген еліне қайта барып, «оқу визасымен» ауыстыру керек деген талап қойылады. Соның салдарынан «оқу визасын» аламын деп қайта кетіп, бірақ виза да жоқ, оқу да жоқ, Қазақстанға жете алмай қалған бауырларымыз да көп. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет депертаменті, Ішкі істер министрлігінің Көші - қон полициясы комитеті және басқа тиісті орындар бірлесіп қолға алса мұның бәрі оп-оңай шешілетін мәселе екені анық.

 Жоғарыда айтылған жұмыстардан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да шет қала алмайтыны айтпаса да түсінікті. Соған орай, Қауымдастықтың негізгі міндеті - шетел қазақтарымен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасау екендігін атап айтқымыз келеді.

Сондай-ақ, Қауымдастық этникалық көші-қон мәселесіне де атсалысады. Бұл ретте, Қауымдастық шетелдегі ағайындардың атажұртқа қоныс аудару жөніндегі өтініш-тілектерін Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп отыруға күш салады.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қауымдастық шетел қазақ-тарымен байланыс жасайтын еліміздегі ең басты ұйымға айналды. Қауымдастық алдағы уақытта өз жұмысын қазіргіден де жақсартып, жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр. Бұл жоспарды жүзеге асыруда Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы» атты Жолдауына айрықша көңіл бөлінбек. Стратегиядағы көтерілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға шетел қазақтарын кеңнен қатыстыруға Қауымдастық өз тарапынан жан-жақты атсалысатын болады.

Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы бүкіл халықтың алдына қойылған айрықша міндет. Қазақ елінің бұл биікке абыроймен көтеріліп, көздеген мақсатқа кідірмей жетеріне шетелдегі қазақ бауырларымыз да сенеді. Бұл тарихи кезеңге шетелдердегі қазақ диаспорасы да өздерінің лайықты үлестерін жан-жақты, толық қосуға дайын екенін білдіріп отыр.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет