1. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалаудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін арнайы жағдайлар жасау мақсатында «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ерекше білім беруді қажет ететін адамдар (балалар) – тиісті деңгейде білім алу және қосымша білім алу үшін арнаулы жағдайларға тұрақты немесе уақытша қажеттілік көріп жүрген адамдар (балалар);
2) мүмкіндігі шектеулі бала (балалар) – белгiленген тәртiппен расталған, туа бiткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулардан немесе жарақаттардың салдарынан тiршiлiк етуi шектелген, дене және (немесе) психикалық кемiстiгi бар он сегiз жасқа дейiнгi бала (балалар);
3) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау – білім алу үшін қажетті арнаулы жағдайларды айқындау;
4) білім алу үшін арнаулы жағдайлар – ерекше білім беруді қажет ететін адамдардың (балалардың), сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың оларсыз білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, оқу, сондай-ақ арнаулы, жеке дамыту мен түзеу-дамыту бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық, оқу және өзге де құралдарды, тыныс-тіршілік ортасын, психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды, медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайлар;
5) бейімделген оқу бағдарламасы – білім алушының жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жалпы білім беретін және арнайы үлгілік оқу бағдарламасы негізінде жасалған оқу бағдарламасы;
6) жеке оқу бағдарламасы – білім алушының жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жасалған, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына бағдарланбаған оқу бағдарламасы.
7) әлеуметтік осал топтағы отбасылар.