Ерлердің ісі бітер ме? ҚОс арнаның тоғысы


ӨТКІР СӨЗ ӨЗЕКЖАРДЫ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН



Pdf көрінісі
бет4/13
Дата22.12.2016
өлшемі0,9 Mb.
#108
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

ӨТКІР СӨЗ ӨЗЕКЖАРДЫ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН 
ҮНДЕСУІ КЕРЕК 
 
              
1.ТӘУЕЛСІЗДІК  ЖӘНЕ ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ТІРШІЛІК 
 
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қоғамдық-саяси өмірімізге жаңа мазмұн 
әкелді.  Тың  көзқарас  үстемдік  алып,  соны  ойлау  мәдениеті  қалыптаса 
бастады. Бұл – қуанарлық жай. 
Бірқалыпты  сарынға  түсіп  алып,  ескі  сүрлеумен  келе  жатқан 
жолаушыңыз кілт тоқтай қалып: «Осыным дұрыс па?» – деген сауалға жауап 
іздей бастады. «Не істедік, не қойдық?!.» 
Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы бес жылы еркіндік эйфориясымен өтті. 
Оны ешкім жоққа шығара алмайды! «Бостандық алдық! Егемен болдық! Өз 
еркіміз  өзімізде!  Бізге  енді  ешкім  бұғау  сала  алмайды!»  –  деп  бөркімізді 
аспанға атумен болдық. 
Одан  кейінгі  он  жыл  «нарықтық  экономиканың  қылбұрауынан  қайтсек 
құтыламыз»  деп  басты  тауға-тасқа  ұрумен  өткіздік.  Кеңес  өкіметі  кезінде 
теперіштің  талай  құқайын  тартқан  Алаш  баласы  бұл  қиындықты  да  жеңе 
білді.  Ол  енді  айтуға  ғана  жеңіл.  Ал  ақиқатында,  өлара  кезеңнен  арқа  еті 
арша, борба еті борша болып шықты. Бірақ қиындықты жеңіп шықты. 
Шаруашылықты  жүргізудің  жаңа  механизмі  қалыптасып  болғанша  ел 
іші жабайы нарықтың өз заңымен өмір сүрді. Амал қанша?.. Басқа түскен соң 
баспақшыл  боласың.  Қорқыту,  үркіту,  тонау,  бұзақылық,  әлімжеттік, 
сыбайласқан  қылмыстық  әрекет  секілді  түсініктердің  ықпалында  өмір  сүру 
қалыпты жағдайға айналды… 
Жетпіс жыл бойына «үкімет өлтірмейді» деген сеніммен өмір сүрген ел 
іші жаңа жағдайдың талаптарына шұғыл бейімделе алмай, далбасалап қалды. 
Жоғарыдан  «енді  өзіңді-өзің  асыра,өз  күніңді  өзің  көре  біл»  деген  талап 
келгенде  бар  жиған-тергенінен  айырылып,  жер  соғып  қалған  ауылдар  әлі 
күнге дейін есін жия алмай жатқаны шындық… 
Ел  ішінде  сол  ауыл-аймаққа  шын  жаны  ашитын  адам  болмағандықтан, 
бір  заманда  сүттей  ұйып  отырған  ауыл  дәулеті  ұстағанның  қолында, 
тістегеннің  аузында  кетті.  Сөйтіп,  көз  алдымызда  халық  жиған  дәулет 
есебінен  байыған  алаяқтар,  ұйымдасқан  қылмыскерлер  тобы  өсіп  шықты. 
Олар  өздерін  бет-аузы  шімірікпестен  «жаңа  жағдайға  бейімделген 
іскерлерміз»  деп  есептеді.  Жетімді  жылатып,  ел  ішінде  әдейі  іріткі  салу, 
ауыл-елдің  бетке  шығар  қаймақтарын  бір-біріне  қасақана  айдап  салу  – 
бұлардың өмір сүру қалпына, дағдысына айналды. 
 
Істің көзін білетін жігіттердің соңынан ит жүгіртті. Сөйтіп, бір заманда 
берекесі шалқып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман кешіп отырған 
ауылды пәтуасыз жұртқа айналдырды да жіберді. 
Осынау  құбылыспен  күресу  естияр  азаматтарға  оңай  соққан  жоқ.  Біз 
өтпелі  кезеңнің  өзіне  ғана  тән  жағдайын  сипаттағанда  «соның  бәрін  – 
ауырлықты  көтеретін  ер-азаматтар  болмай  қалды»  деп  отырған  жоқпыз. 

Қоғамшыл,  көпшіл,  «малымнан  жаным  садаға»  дей  білген  азаматтар  бой 
көрсеткені – шындық. Олар бірақ санаулы еді. Қайсыбірі, ақиқатын айтайық, 
сол  ауырлыққа  шыдас  бере  алмай,  морт  кетті.  Ал  қайсыбірі  қысастық  пен 
қиындықтың қылкөпірінен шаршамай-шалдықпай өтіп, ел құрметіне бөленіп 
отыр. Бұл да бүгінгі күннің ақиқаты! 
Елдік сөз айту – қиын, ал ел басқару өнердің өнері екенін бүгінгі таңда 
берекелі  іске  ел  бастап,  шаршы  топта  сөз  қайрап  жүрген  азаматтар 
тағдырынан  айқын  байқаймыз.  Аманат  жүгін,  ел  сенімін  арқалаған 
азаматтардың жанқиярлық еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінгідей дәулеті 
асқан, мерейі асқақтаған елдер қатарынан көрініп отыр! 
Бұл  –  әрине,  Елбасы  –  біреу,  өзгелері  оған  тіреу  болғанда  ғана  жүзеге 
асқан шаруалар! 
Біз Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елі тарихында бұрын-соңды болмаған 
табыстарға қол жеткіздік. Оны бізден ешкім тартып ала алмайды. Бұл туралы 
күні  кеше  ғана  баспасөзде  жарияланған  «Қазақстан  Республикасы 
Мемлекеттік Тәуелсіздігінің Декларациясында» егжей-тегжейлі айтылған. Ал 
алынбаған асулар, атқарылмаған шаруалар одан да зор. Олар орындалғанда 
«бабалар аманатына адалдық көрсеттік» деп айтар едік. 
Біз  бүгінгідей  мерекелі  күні  жеткен  жетістігімізді  айтып,  мақтана 
аламыз.  Ал  бірақ  сонымен  қоса,  кезек  күттірмес  шешуін  күткен  тиісті 
мәселелерді де қаперден шығармауымыз керек. 
Елбасының  жылма-жыл  халыққа  арнайтын  Жолдаулары  біздің  оң-
солымызды  таразыға  тартатын  безбеніміз  секілді  болып  келеді.  Ілгеріде, 
нарықты  экономиканың  өтпелі,  өлара  кезеңіндегі  бетпе-бет  келген 
қиындықтарды тілге тиек еттік. Міне, сол тұста Елбасы ұстанған бағыт, оның 
халыққа  арналған  Жолдаулары  қиындықтарды  жеңуімізде  шешуші  роль 
атқарғаны сөзсіз. 
Экономикасы мен мәдениеті дамыған өркенді елдер қатарынан көрінеміз 
десек, ең алдымен, өзіміздің ішкі мәдениетімізді жөнге салып, ауызбірлікті ел 
болудың қамын жасауымыз керек. Бұл неден көрініс табуы қажет? Ашығын 
айтайық, ел ішінде сыбайлас жемқорлық, әлі де болса, жалынан ұстатпай тұр. 
Бұл  әлеуметтік  кесел  болып  отыр.  Мемлекеттің  қауіпсіздігіне  қатер 
төндіретін осы дертпен күрестің жаңа механизмдерін жүзеге асыру керек. 
Біздің  ата-бабаларымыз  бейнетқорлықпен  күн  кешкен.  Тіпті  кешегі 
кеңестік дәуірдің өзінде де осы бір атадан балаға мұра болар, асыл қасиеттің 
талай  үлгілері  болғаны  ақиқат.  Ал  бүгінде,  өкінішке  қарай,  осы  қасиет 
көмескіленіп бара жатқан секілді. Жастар арасындағы масылдық пиғыл өзге 
ортаға да шарпуын жайып, меңдеп бара жатқаны жасырын емес. 
Сөзуарлық пен саясатшылдық кейбір азаматтардың өмір сүру ғұрпының 
сәніне  айналды.  Оның  үстіне  іс  басында  отырған  әкімқаралардың 
бюрократизмі, сөзбұйдашылдығы елдің ішін діңкелетіп бара жатқаны – тағы 
шындық. 
Елге жаны ашитын, қоғамшыл азаматтардың бастамаларын тұншықтыру 
секілді жымысқы әрекеттерден әлі толық арылып болған жоқпыз. Мұндайлар 

ұлттық мүдде мен рухани құндылықтар туралы бас қатырып жатпайтыны – 
тағы ақиқат. 
Біз өзімізге өзіміз жанымыз ашыса, ұрпақ қамын ойласақ, осылайша, әр 
нәрсені  өз  атымен  атауымыз  қажет.  Мұның  бәрі  елжандылық  пен 
отаншылдық  секілді  қасиеттерді  бойға  сіңіруге  бағытталған  жұмыстардың 
жеткіліксіздігінен  деп  білеміз.  Ал  оның  орнына  жағымпаздық  пен 
жарамсақтық,  жантықтық,  құлдық  психологиясы  меңдеп  бара  жатқанын 
жасыруға  болмайды.  Құрғақ  даңғаза  мен  әсіренауқаншылдық  байыпты, 
байламды іске тұсау болар дерт – міне, осылар. 
Ел іші осының бәрін көріп-біліп отыр. Жиырма жылдық жанталастан соң 
бүйірі бұлтиған әкім-қаралардың елге мойын бұрарына үмітті. Астана айтуын 
айтады-ақ, ал бірақ айтылған сөз жергілікті жерде жартыпатшалық орнатқан 
дөкейлердің зердесіне жетсе ғой, шіркін!.. 
«Ауыл – алтын бесігіміз!» «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» 
деп  те  ұрандатып  қоямыз.  Бүгінде  атқа  мініп  жүрген  қазақтардың  денінің 
тамыры  –  ауылда.  Ауылға  әл  бітсе  –  елдің  өркендегені,  сондықтан  ендігі 
бетбұрысты ауылға бағыттау керек. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытып, оны 
ел  игілігіне  айналдыру  қажет.  Қазір  күнкөріс  қамымен  қала  базарларында 
қаңғырып  жүрген  қазақтарды  елге  қайтарып,  өздерінің  төл  кәсібінен  нәсіп 
табуға жол ашу қажет. Енді бір бес-он жылда проблеманың көкесі азық-түлік 
тапшылығына  байланысты  болары  сөзсіз.  Сонда,  міне,  ауыл,  елдің 
мұқтажымен тікелей есептесетін жағдаймен бетпе-бет келетін боламыз. 
Ал  ақиқаттан  айналып  өте  алмайтынымыз  рас.  Осы  мәселелер 
төңірегінде БАҚ, әсіресе қазақ тілінде шығатын басылымдар шыр-пыр болып 
жазуындай жазып-ақ жатыр. Айталық, «Экономика» газетінде білікті маман 
Амантай Қалымбергеновтың Қарағанды облысында Ақтоғай агроқалашығын 
ұйымдастыру  жөніндегі  проблемалық  мақаласы  жарияланды.  Алайда  осы 
өркенді  іске  селт  етіп  қуана  қоштай  қойған  не  министрлік,  не  әкімшілік 
болмады.  Жақсы  бастамалардың  бағы  ашылмай,  су  аяғы  құрдымға  кететіні 
бір бұл емес. Ащы да болса, ақиқат – осы. 
Жуырда  Елбасы  «Велотрек  –  Сарыарқа»  спорттық  кешенінде 
Қазақстандағы  аса  маңызды  нысандардың  тұсаукесерін  өткізіп,  жыл 
қорытындысында жақсы жаңалықты жария етті. Соның бірі – біз әлгінде ғана 
тілге тиек еткен ауылшаруашылығының өнімдеріне қатысты нысан. Шығыс 
Қазақстанда  тері  илейтін  зауыт  ашылғалы  отыр!  Семей  қаласында  бой 
көтерген бұл зауытта италиялық қондырғылар орнатылған екен. Енді ауыл-
аймақтың  түкпір-түкпірінде  сасып-бықсып  жататын  мал  терілері  бұдан 
былай ортақ кәдеге асатын болады. Шіркін, осы игілікті іс бұдан бес-он жыл 
бұрын  қолға  алынғанда  ғой  деп  ойлайсың.  Қайтесің  енді,  «ештен  кеш 
жақсы». 
Жер қойнауындағы қазына әйтеуір бір түгесіледі. Бар игілікті сонымен 
ғана байланыстыруға болмайды. Ауыл шаруашылығын өркендетіп, өндірістің 
өркен жаюына күш салуымыз қажет. Ол үшін елін сүйген ерлер керек! 

Ал  ерлер  жоқ  емес,  бар!  Солардың  ынта-жігерін  құм  етпей 
бастамаларының  бағын  ашайық.  Іс  басында  отырған  әрбір  азамат 
адалдықтың, тазалықтың бәйгесінде бақ сынасын! 
Ел  дәулетін,  халық  несібесін  көздің  қарашығындай  сақтайтын,  келер 
ұрпақ үшін аялап-мәпелейтін кез келді! Бүкіл ғалам қазір дағдарыстың екінші 
кезеңінің  алдында  тұр!  Кәрі  құрлық  Еуропа,  азуын  айға  білеген  Америка 
жанталас  үстінде.  Англия  Еуроодақтан  шығудың  қамын  жасап,  қағыну-
сілкіну үстінде. 
Біз  де  етек-жеңімізді  жиып,  қолда  барды  ұқсатып  жұмсап,  ұқыптылық 
пен  үнемділіктің  жолын  таңдайық.  Есеп  пен  бақылау  күшейтілуі  керек.  Ол 
тек қана «Нұр-Отан» атқаратын шаруа емес. Ілгерідегідей бүкіл ел бойынша 
халықтық бақылау қозғалыстарын құрған абзал! 
Бұл  –  зымыранша  жүйткіген  қазіргі  уақыт  талабы!  Ал  оның  үдесінен 
көріну – біздің әрқайсысымыз үшін үлкен міндет! 
Туған топырағымызды сүйейік, Алаш арыстары қасық қанын сарп еткен 
қыран қанат Қазақ елін сүйейік! 
 
                                    2.
Ұлу жылы үмітімізді үкілесін 
 
          
Алаш  баспасөзінің  қарлығашы  саналатын  «Қазақ»  газеті  өзінің 
алғашқы  нөмірі  шыға  бастағаннан–ақ  тікелей  оқырмандарына  арқа  сүйеді. 
Соның  мұңын  мұңдады,  жоғын  жоқтады.  Алатаудан  –  Арқаға,  Алтайдан 
Атырауға  дейін  көсіліп  жатқан  Ер  Түрік  жерінде  Елдік  сананы 
қалыптастыруға,  Ұлттық  мұратты  ұлықтауға  үндеді.  Сөйтіп,  бірде  –  намыс 
найзағайы болып от шашса, енді бірде – бұлт үйіріп күркіреді. Енді бірде – 
«елім» деп еміреніп, елжірей білді.  
 
Ол  осы  бір  үрдісте  жеке-дара  шапқан  жоқ.  Өзімен  қарайлас,  ниеттес 
әріптестерімен тонның ішкі бауындай араласып, мақсатты істе тізе қоса білді. 
«Бір  жағадан  бас,  бір  жеңнен  қол»  шығарып  қимылдады.  Ағалық  танытып, 
егіздің сыңарындай болған «Айқапқа» әр кез көз салып, бағыт-бағдар беріп 
отырған жайы тағы бар еді. «Қазақ» нөмір аралатып болса да, өз беттерінде 
«Сарыарқа»,  «Алаш»,  «Бірлік  туы»  газеттерінде  ел  тынысынан  жазылып 
жүрген мәселелерге байланысты өз пікірін білдіріп отыруды да ұмытқан жоқ. 
Олардың таралымы, шығарылымы, оқырмандарға жетуі жайынан да мәлімет 
беріп тұрды. 
1915 жылы «Айқаптың» қаржы тапшылығынан жабылуына байланысты 
өкініш  білдіріп,  арнайы  мақала  арнады.  Біз  жоғарыда  атап  өткен  қай-қай 
газет  болса-дағы  оқырмандардың  күшімен,  солардың  газет-журналдарға 
жазылуынан түскен қаражат есебінен шығып тұратыны белгілі. Сондықтан өз 
оқырмандарына сөз арнаудан «Қазақ» еш жалықпаған, ауқатты кісілерге сөз 
салған. Алаш баласының намысын қайраған. 
 
Осы бір дәстүрден арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ баспасөзі 
танған емес. Бүгінде ата газет – «Егемен Қазақстан» басы болып, «Ұланға» 

дейінгі  аралықтағы  басылымдар  әр  жыл  сайын  таралым  данасы  біреуге 
көбейсе  де  қуанады.  Алдындағы  малы  егіздеп  төлдегендей  бөркін  аспанға 
атады. 
Өйткені  газет  таралымы  бір  данаға  өссе,  журналист  пақырыңыз  «тағы 
бір  қазақтың  жүрегіне  жол  таптым-ау»  деп  мақтанады,  марғаяды.  «Айтқан 
сөзіміздің  бағасы  болғаны-ау»  деп  серпіледі.  Онысы  –  дұрыс.  Қазіргідей 
жаһандану  дейтін  үрдістің  көмекейіне  жұтылып  кетпей  өзіндік  қалпыңды, 
рухынды сақтап қалуға иненің жасауындай болса да үлес қосуға үндейтін бір 
күш бар болса, ол – газет сөзі. 
Осыны  тереңінен  ұғынған  және  оны  өз  оқырмандарына  ұғындыруға 
тырысқан  «Қазақ  газеттері»  ЖШС-на  қарасты  мерзімдік  басылымдар  Қоян 
жылын ойдағыдай қорытындылап, Ұлу жылына көп үміт артып отыр. Оның 
басты көрсеткіші – үстіміздегі жылдың баспасөзіне жазылу науқанының сәтті 
аяқталғаны. 
Әрине,  бәрі  де  сәтті  болды  дегенімізбен  тақтайдай  жолдың  сайрап 
жатпағаны  –  тағы  шындық.  Газеттер  мен  журналдардың  межелі  тұстан 
көрінуі  бұл  шаруаға  шын  жанашырларымыздың  білек  сыбана  кірісуінің 
арқасында ғана мүмкін болды. 
Осы  шаруаға  Ақтөбе,  Атырау,  Маңғыстау,  Жамбыл,  Алматы 
облыстарындағы  іс  басында  отырған  азаматтар:  «  Бұл  да  –  менің  төл 
міндетім. Егер мен болмасам бұл мәселені кім шешеді» деген ниетпен кірісті. 
Сөйтіп,  олар  бұл  жұмысқа  өзгелерді  қауымдастырып,  қоғамдастырып  тарта 
білді. Нақты нәтижеге жеткенше тыным таппады. Міне, озар елдің өресіндегі 
болар елдің өрендері, осылайша, мінез көрсетті! 
Шыны  керек,  бұқаралық  ақпарат  құралдары  бүгінде  теңдессіз 
идеологиялық,  саяси-қоғамдық  жұмыстың  өріс  алуына  немесе  оны 
тұншықтырып,  жөргегінде  жойып  жібере  алатын  арсеналға  айналды.  Бұл  – 
ақиқат. 
Ал  газеттер  мен  журналдар  осы  бір  мылтықсыз  майданның  жүзі 
лыпыған  ақ  алмасы  екендігіне  шәк  келтіруге  болмайды.  Сондықтан  оның 
тұтқасын  кім  ұстаса,  соның  қаруы  қамал  бұзады.  Бұл  –  ақ  пен  қарадай 
шындық. Және ол біз ашып отырған жаңалық та емес. Бұл – сәт сайын мың 
құбылған бүгінгі ғалам үдерісінің ғибратынан түйген тұжырым. 
Кешегі  өткен  кеңестік  заманның  идеологиялық  қамту  жұмысының  бір 
арнасы  –  осы  баспасөзбен  жұмыс,  оны  тарату,  биліктің  халықпен 
байланысын  баянды  ету  бағытында  БАҚ-ты  мейлінше  тиімді  пайдаланумен 
тікелей байланысты еді. 
Әр  дәуірдің  өзінің  озығы  болады,  тозығы  болады.  Шынын  айту  керек, 
өткен  уақыттың  бәріне  топырақ  шашу  оны  терістеу  парасаттылық  емес. 
Оның тозығын сыпырып тастап, озығын алып замана үрдісіне сай пайдалану 
да – білгірліктің белгісі. 
Баспасөзге  жазылуды  ұйымдастыру,  оны  әрбір  көкірек  көзі  ояу 
азаматтың міндетті ісі ете білу үлкен шеберлікті қажет етеді. Біз сөз басында 
ұлт  үнжариясы  «Қазақ»  газетін  шығарушылардың,  оның  жанашырларының 
баспасөзге  жазылу  мәселесіне  қандай  талап  қойғанын  айттық.  Соның  озық 

үлгісін  кешегі  кеңес  дәуірінде  идеология  майданының  тізгінін  ұстағандар 
шеберлікпен  пайдалана  білді.  Бұл  шаруаға  олар  бұқаралық  сипат  берді. 
Соның  нәтижесінде  бүкіл  ел  көлемінде  идеологиялық  қамту  шаралары 
жүзеге  асты.  Сендіру,  иландыру  мәселесі  жүз  пайыз  болмағанымен  сексен, 
тоқсан  пайыздың  төңірегінде  орындалып  жатқаны  –  ақиқат.  Бұл-ақпарат 
құралдарын  биліктің  тиімді  пайдаланудың  арқасында  ғана  мүмкін  болған 
шаруалар. 
Нарықтық  экономика  басталғалы  бері  газет-журналға  жазылу  әркімнің 
өз  ісі  деген  пиғыл  өріс  алды  да,  бұл  шаруада  иесіздік  пайда  болды.  Соның 
салдарынан  газет-журнал  оқымайтын  ұрпақ  өсіп  шықты.  Абайды,  Сәкен, 
Ілияс,  Мағжанды  білмейтін,  тіпті  бүгінде  билікте  отырған  кісілердің  аты-
жөнін білмейтін күйдіргілердің бар екені жасырын емес… 
«Ештен  кеш  жақсы»  дейді  халық  даналығы.  Сондықтан  бір  жылдары 
экономиканы  жоспарлаудан  ат-тонымызды  ала  қашып,  кейін  айналып 
үйіріліп  индикативті  жоспарлауға  келгеніміз  секілді,  баспасөзге  жазылу 
бағытында  да  міндеттеу,  жоспарлау  саясатын  жүзеге  асыру  қажет.  Бұл  – 
уақыттың өзі талап етіп отырған мәселе. 
Әрине,  ғаламда  БАҚ-тың  электрондық  жүйеге  көшуіне  байланысты 
«газеттер  мен  журналдардың  сайттық  нұсқасын  пайдалану  жөнінде 
тәжірибелер  бар  емес  пе»  деген  сауал  туады.  Рас,  қазір  Астана  мен 
Алматыда,  еліміздің  бірқатар  ірі-ірі  қалаларында  мерзімді  басылымдарды 
оның  сайттық  нұсқасы  арқылы  оқу  етек  алып  бара  жатқаны  мәлім.  Бұл 
жұмысты,  әрине,  өрістете  түсу  керек.  Қазіргі  ғылыми-техникалық 
прогресстің  озық  үлгілерін  пайдалану  –  кезек  күттірмес  мәселе.  Бірақ  бұл 
шаруа түбегейлі шешілгенше, әрбір қазақ отбасы оның мүмкіндігін барынша 
пайдалану  жағдайына  жеткенінше  газет-журналды  жылдар  бойғы 
қалыптасқан  дәстүр  бойынша  жазылу  арқылы  таратудан  бас  тартуға 
болмайды  ғой.  Шалғайдағы  елді  мекендерді  «басылымдардың  электрондық 
нұсқаларымен қамтамасыз етеміз» деп жүріп, тәжірибедегі бар дәстүрден бас 
тартпаған жөн. Қажетінше, бұл шаруаны қатар өрістету керек. 
Қазақ  қоғамындағы  газеттер  мен  журналдардың  бұқара  арасындағы 
тәрбиелеушілік ролі, ағартушылық миссиясы әлі кемімек емес. Бұл бағытта 
атқаратын  шаруалар  шаш  етектен!  Сондықтан  оны  бағалау  қадір-қасиетіне 
жету  –  іс  басында  отырған  кісілердің  азаматтық  парызы.  БАҚ  –  бағалай 
білсеңіз,  қуатты  қару,  ал  оны  уыстап  ұстай  алмасаңыз  осып  түсер  алмас 
қылыш. 
Біз  мақаламыздың  басында  мәселені  тереңінен  түсінетін  кісілердің 
облыстарын  айттық.  Онда  «баспасөзге  жазылу  –  бүкілхалықтық  іс»  деп 
қараушылық  жоғары  екендігін  және  қосып  жаздық.  Ал  бірақ  бұл  мәселеге 
теріс  ыңғайымен  қарайтын  өңірлер  де  бар  екені  байқалып  қалып  отыр. 
Айталық,  Оңтүстік  Қазақстан,  Қызылорда  облыстары.  Бұл  –  тұтастай  өз 
қандастарымыз  тұратын  өңірлер.  Былтырғы  жылы,  мәселен,  Қызылорда 
облыс бойынша  «Ана  тілі»  газетіне  «Қазпошта»  мекемесі арқылы 204  адам 
ғана жазылса, ал екінші жарты жылдықта оған 24 адам қосылып жыл бойына 
228  оқырман  ғана  газетті  қолына  алып  тұрды.  Осы  жағдайды  ескеріп, 

мәселенің алдын алу үшін биылғы жылдың жазылым науқанына байланысты 
ерте  бастан  қамдандық.  Дүркін-дүркін  жазылым  науқаны  кезінде 
тілшілерімізді іс-сапарға жіберіп, осыған орай хаттар жолдадық. Облыстағы 
жағдайдың  сын  көтермейтіндігін  айтып,  облыс  әкімінің  кеңесшілеріне 
хабарластық.  Ержан  Уайспен  ежелден  таныс-білістігіміз  бар  еді,  соны  алға 
салып,  жағдайды  айттық.  Обалы  нешік,  Ерекең  бұл  мәселеге  шұғыл  мән 
беретіндігін  және  дереу  жергілікті  жерлерге  тапсырма  беретіндігін  айтып, 
пәтуаластық. 
Мәселеге облыс әкімшілігінің назарын аударту үшін «Ана тілі» газеті екі 
рет материал жариялады («Құлдыққа бой ұрғандық па? Қызылордада Қытай 
жазулары  бой  көрсетіп  жатыр»  №43,  27  қазан-2  қараша,  2011  жыл,  «Сыр 
азаматтарының  мұнысы  несі?»  №45,10-16  қараша,  2011  жыл).  Осы  екі 
жариялымда да әңгімемізге өзек болып отырған мәселе айтылған. 
Қазір  енді  Республика  бойынша  жазылым  деректерін  қолға  алып, 
сараптап  отырмыз.  Өкінішке  қарай,  Қызылордадағы  жағдай  сол  күйінше 
қалған. Ежелгі Сыр елі мен жыр елінде биыл 243 оқырман ғана «Ана тілін» 
алып тұратын болады. Ащы да болса, ақиқат – міне, осындай… 
Бұл  жерде  біз  Сыр  өңірін  мекен  еткен  жалпақ  жұртты  кінәлап-
күстәналап отырған жоқпыз. Мәселе – жергілікті жерлерде осы бір мәселеге 
мән берілмегендігінде, атқамінерлердің оралымсыздығында болып отыр. 
Әрине,  «Қызылордадағы  жағдай  осындай болған  екен» деп  көш  тоқтап 
қалмайды, өмір үдерісі өз заңымыен алға жылжи бермек. 
Ұлу жылы қазақ тарихында үлкен үдерісті шаруалар қолға алынған жыл 
болып  енген.  Бұл  жылдың  қадір-қасиеті  әуезе-әфсаналардың  өзегіне 
айналып,  оны  құт-береке  жылына  айналдырудың  ырым-жоралғылары 
жасалған.  Сондықтан  да  бізде  биылғы  жылды  жақсы  тілекпен,  оң  ниетпен 
бастасақ деп отырмыз. 
Ұлу жылы үмітімізді үкілесін! 
  2012 
                                            
 
 
 
 
 
                                  
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                                               
АЛАШ ОҚЫҒАНДАРЫ 
 
Оқыған кісі. Оқымысты. Оқыптуған. 
Ертеректе  қазақ  қоғамында  осы  ұғымдар  қазір  екі  күннің  бірінде  тілге 
тиек  етіп  жүрген  зиялы  сөзінің  баламасы  ретінде  айтылған.  Бұлардың  түп 
мағынасы бір болғанмен, зейіндеп қарасаңыз өзіндік жіктелісі бар екені тағы 
мәлім.  Мәселен,  әріден  алғанда  Әл-Фараби  бабамызды  және  оның 
тұстастарын,  ал  берісін  алғанда  Шоқан,  Ыбырай,  Абай  сынды  ұлт 
руханиятының алыптарын оқымыстылар қатарына жатқызған. 
ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы қазақ 
қоғамында  демократиялық  ой-сананың  оянуымен,  өріс  алуымен  қоса  қазақ 
балаларының  оқуға  ұмтылысы,  ілім-білімге  деген  құлшынысы  күрт  өсті. 
Учительдік, тілмаштық, аудармашылық дәреже алатын оқу орындарын былай 
қойғанда  алаш  ұландары  Мәскеу,  Киев,  Петербор,  Қазан,  Омбы,  Том 
қалаларындағы жоғары оқу орындарының аудиторияларынан асып, ғаламның  
әр  шалғайындағы  білім  ордаларына  ат  шалдыра  бастады.  Сондықтан  болар 
бүгінде Каир, Стамбул, Берлин, Варшава университеттерінің дипломдарына 
ие болған қандастарымыз туралы деректер көпшіліктің көз айымына айналып 
отырғаны рас. 
Қазақ сахарасы ілім-білімінің жұлын жүйесін бес саусағындай саралап, 
сараптай білетін оқыптуғандарға да кенде болмаған. Ғаламдық тарихнаманың 
әргі-бергісінен  ой  толғап,  толағай  мұра  қалдырған  Шәкәрім  Құдайбердиев 
пен  Мәшһүр-Жүсіп  Көпеевтің,  Әлкей  Марғұланның  тағдыр  талайы,  ұшан  -
теңіз білімпаздығы осы пікіріміздің айқын дәлелі болса керек. 
ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында қазақ оқығандары алқалы 
топтан оза шауып,  мемлекеттік маңызы бар істерге араласа бастады. Ресей 
мемлекеттік думасына мүше болған Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов,  
Мұстафа  Шоқай,  Мұхаметжан  Тынышбаев,  Ахмет  Бірімжановтар  Қазақ 
Елінің аманатын арқалап, Ресей парламентінің биік мінберінен оның мұңын 
мұңдап, жоғын жоқтады.  
Кешегі кеңес заманындағы сартап идеологияның тұсында осы кісілердің 
есімдері  ара-кідік  қана  айтылып  қалып  жүрсе,  бертін  Қазақ  Елі  өз 
тәуелсіздігіне  қол  жеткізген  кезеңнен  бастап  тарихи  әділеттілік  қалпына 
келтірілді. Бұл тұлғалардың қай-қайсысына болса да, әділ баға беру жолында 
талпыныстар жасалды. Сөйтіп, олар ұлттың тарихи жадынан лайықты орын 
алды! 
Бақытжан  Қаратаевтар  бастаған  қазақ  оқығандарының  тобы  саусақпен 
санарлық  қана  болды  десек,  қателесер  едік.  Ақиқатында,  олардың  қатары 
жүздеп,  мыңдап  саналғаны  анық.  Бірі  ел  ісіне  араласып,  қайраткерлік 
қасиетімен  дараланса,енді  бірі  кешегі  сұрқия  саясаттың  құрбаны  болып,  із-
түссіз кетті... 
Алаш  оқығандары  туралы  дерек  жиыстыру  оны  қалың  көпшіліктің 
игілігіне  айналдыру  соңғы  жылдары  мықтап  қолға  алына  бастағаны  анық. 
Оның бірсыпырасы Алаш тарихына арналған  ғылыми-зерттеу еңбектерінен 
көрініс тапса,  енді  бірі жекелеген тұлғалар туралы ой-толғамдарда кездесіп 

қалып  жатады.  Бұл  ретте  «Арыс»  баспасынан  шыққан  «Алашорда» 
энциклопедиясын  атап  айтуға  болар  еді.  Осы  бір  толымды  еңбектен  қазақ 
оқығандары туралы біраз мәліметтерді алар едіңіз.  
Бұл  энциклопедия  Кеңес  өкіметі  орнағанға  дейін  қазақтардың  2  %  
сауатты  болған  деген  үстірт  пайымның  түбегейлі  терістігін  дәлелдеудің 
нақты құралы болып отыр. Қарап отырсақ, қазақ балалары ілім-білімнің небір 
саласына құлаш ұрған екен. Арасында бірнеше тілді игерген полиглоттар да 
болған. Мәселен, Орал өңірінің тумасы Ғабдулғазиз Мұсағалиев Мысырдағы 
Каир  университетін  1908  жылы  бітіріп,  8  тілді  үйреніп  шыққан.  Ал, 
Мұхаметжан  Берішов  Түркиядағы  Стамбул  университетін  бітіріп,  араб, 
парсы,  түрік тілдерінде емін-еркін сөйлеген.  
Алаш  оқығандары  туралы  деректер  көбіне-көп  қазақ  қаламгерлерінің  
туындыларынан  кездеседі  десек,  ең  алдымен,  классик  жазушымыз  Сәкен 
Сейфуллиннің  есімін  ауызға  алар  едік.    Жазушының  шығармашылығын 
зерттеуші  ғалым  Күләш  Ахмет  атап  көрсеткендей,  С.Сейфуллиннің  1920 
жылы  «Ғабдолла  тірі  екен»деген  мақаладан  бастау  алған  «Тар  жол,  тайғақ 
кешу»  романы  жеті  жылға  жуық  уақыт  жазылып,  1927  жылы  Қызылорда 
қаласында жарық көргені белгілі.  
Қарап  отырсаңыз,  осы  роман  ХХ  ғасырдың  алғашқы  30  жылдығының 
дерекнамасы  десе  де  болғандай.  Кітапта  қазақ  қоғамында  осы  жылдары 
құрылып,  саясат  сахнасына  шыққан  бірлестіктер  мен  ұйымдар,  партиялар 
туралы  мол  мағлұмат  алуға  болады.  Олардың  басшылары  кімдер,  немен 
айналысқан деген сауалға жауап табасыз.  
Газеттер мен журналдар туралы ақпараттық сипаты басым материалдар 
молынан  кезігеді.  Айталық,  «Сарыарқа»,  «Алаш»,  «Бірлік  туы»,  «Ұран», 
«Тіршілік»,  «Қазақ»    газеттерінің  құрылтайшылары,  шығарушылары, 
қызметкерлері туралы деректер аз емес. Ал, анығын айтқанда олардың бәрі 
дерлік  көзі  ашық,  көкірегі  ояу,  оқығандар  қатарынан  саналатын  азаматтар 
болатын.  Бәрінен  бұрын  бұлардың  саяси  көзқарастарын  былай  қойғанда 
олардың  Қазақ  Елін  теңдікке  жеткізсек  деп  басын  тауға,  тасқа  ұрып,  сол 
жолға бүкіл ғұмырын арнағандардың өзі неге тұрады!    
Алаш  тарихнамасын  зерттеуде  қыруар  күш-жігерін,  қажыр-қайратын 
жұмсаған Ғалым Ахмедов, Кеңес Нұрпейісов, Сейіт Кенжеахметов, Рымғали 
Нұрғалиев секілді ағаларымыздың да жазып –сызғандары болашақта да талай 
құнды еңбектердің тұсау кесуіне жол ашары анық.   
Бұл  кісілердің  бәрі  дерлік  бұл  дүниеде  жоқ.  Ал  олардың  мұралары 
кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық болып қалды.  
Көзі  тірісінде  осы  ағалармен  таныс-білістігімізді,  ағалы-інілі 
сыйластығымызды кір шалмаған еді. Мен «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті» 
газеттерінде  Бас  редактор  қызметінде  жүргенде  Ғалым  ағамен  жиі-жиі 
сұхбаттасып,  сырласатынбыз.  Ол  бір  кеудесі  алтын  сандық,    шежіре-сырды 
суыртпақтай білетін қарт болатын.  
Ағамыз  қазақ  зиялы  қауымның    қалыптасу  дәуірінің  білгірі  еді.  Өзінің 
жүріс-тұрысы  да,  іс-қимыл  әрекеті  де  ертедегі  қазақ  оқығандарының  бүкіл 
бітім-болмысының қалыбынан шыққандай әсер қалдыратын. 

Редакцияның  табалдырығын  аттап  басқан  сәтінен  –  ақ  ол  кісі  өзімен 
бірге  үлкен  мәдениет  пен  ғибраттың  шуағын  ілестіре  кіретін.  Ол  айтқан 
әңгімелер кейін «Алаш «Алаш» болғанда» деп аталатын кітабына енді.  Оның 
қаламынан  туған  «Жорық  жылдары»,  «Жем  бойында»  романдары,  «Ескі 
достар»  әңгімелер  жинағы  кезінде  оқырман  қауым  жылы  қабылдаған 
дүниелер  еді.  Екеуара  әңгімеде  қазақ  оқығандары  туралы  көбірек  жазып, 
кейінгі ұрпақ санасына сіңіре беру керектігін айтатын. 
Ғалым  ағаның  аманатындай  болған  шаруаны  қолға  алып,  ел  қаперіне 
жеткізе  беру  жөніндегі  мақсаттың  жүзден  бір  мысқалын  атқаруды  інілік 
парыз көріп отырған жайымыз бар.  
Сейіт  аға  Кенжеахметов  өзінің  шығармашылық  жолын  сатира  жазудан 
бастаса  да,  өмірінің  соңғы  ширек  ғасырын  халқымыздың  дәстүріне,  әдеп-
ғұрып,  салт-санасына  қатысты  материалдарды  жиыстырумен  айналысты.   
Мұның  үстіне  шығармашылығының  бір  арнасы  қазақ  дерекнамасына 
ойысып, ел ішінен, мұрағатардың шаң басқан сөрелерінен қыруар материал 
жинастырып,    оны  Алаш  руханиятының  ортақ  олжасына  айналдыруға  күш 
жұмсап  еді.  Ағамыз  көзі  тірісінде  тұтастай  бір  ғылыми-зерттеу  институты 
атқаратын жұмысты жалғыз өзі-ақ дөңгелетіп жүруші еді. Оның бәрін былай 
қойғанда  ежелгі  Торғай  жерінің  шежірешісі,  әдебиеті  мен  мәдениетінің, 
рухани    құндылықтарының  шын  жанашыры  болатын.      Ал,  академиктер 
Кеңес Нұрпейісов пен Рымғали Нұрғалиевтердің мұралары кезінде мамандар 
мен  оқырман  қауым  тарапынан  лайықты  бағасын  алды.  Алаштану 
ғылымының көкжиегін кеңейтті. 
  
Тарих  ғылымдарының  докторлары,  профессорлар  Мәмбет  Қойгелдиев 
пен  Талас  Омарбековтың,  филология  ғылымдарының  докторлары, 
профессорлар  Диқан  Қамзабекұлы  мен  Тұрсын  Жұртбаевтың,  жазушы-
журналистер  Бейбіт  Қойшыбаевтың,  Мақсат  Тәж-Мұраттың,  Армиял 
Тасымбековтың  қазақ  тарихындағы  ақтандық  жылдар  ақиқатын  ашудағы 
еңбектері  де  ересен.  Осы  қаламгерлердің  туындыларында  қазақ 
оқығандарының  есімдері  аталды.  Олардың  біразына  қоғамға,  елге  сіңірген 
еңбектеріне  орай  әділ  баға  беріледі.  Ал,  біразының  аты-жөні  аталып  қана 
қойған  да  олардың  жоғары  оқу  орнын  бітіргеннен  кейінгі  тағдыр-талайы 
беймәлім күйінде қалған. 
Біз  «Ана  тілі»  газетінің  бетінде  осы  олқылықтың  орнын  толтыру 
мақсатында  қазақ  оқығандарының  тізімін  жарияламақ  ниетпен  қолға  қалам 
алдық. Енді сол тізімге назар салайық: 
Айбасов  Кәрібай  (Баянауыл)  -  Санкт-Петербург    университетінің  заң 
факультетін бітірген. 
Айдарханов  Тұрлыбек  (Омбы)  -  Санкт-Петербург  университетінің  заң 
факультетін  1902 жылы  бітірген. 
Асфендиярова Мәриям Сейітжағпарқызы - Санкт-Петербургтегі жоғары 
медицина академиясын 1908 жылы бітірген. 
Арынғалиев  Ғалиахмет  Сафыұлы  (Ақтөбе)  -  Қазан  медицина 
факультетін 1905 жылы бітірген. 

Айтбақин Әміре Дүрменұлы (Баянауыл) –Том университетнің медицина 
факультетін 1894 жылы күміс медальмен бітірген. 
Атантаев  Нұрғали  (Ақтөбе)  -  Қазан  университетінің  заң  факультетін 
бітірген. 
Әбілқасов Бижан (Орал) - Қазанда мал дәрігерлері институтын бітірген. 
Әзірбаев Нығмет – қайда оқығаны белгісіз. 
Әлиев  Мырзабек  -  Санкт-Петербург  университетінің  шығыс  тілдері 
факультетін  1903 жылы  бітірген. 
Базанов Оразқұл - Қазан мал дәрігерлік институтын 1899 жылы бітірген. 
Басимов Халилула – Санкт-Петербург университетінде оқыған. 
Бекетаев  Мұхамеджан (Омбы) -  Қазан мал дәрігерлік институтын 1898 
жылы бітірген. 
Бектібаев Хұсайын – Москвада оқыған. 
Бегішов  Мұхамеджан  –  Стамбулдағы  Түрік  университетін  бітірген 
(1890). Араб, парсы, түрік тілдерін білген. 
Бисенов  Батырғали  (1889-1937)  (Орал)  -Саратов  университетінің 
медицина факультетін 1914 жылы бітірген. 
Боранбаев  Қанай    (Алматы)  -  Варшава  университетінің  заң 
факультетінде оқыған. 
Ғаббасов Халил (1888-1931) (Семей) - Москва университетінің физика-
математика факультетін алтын медальмен бітірген. 
Ғайсин  Әбдірахман (Орал) 1900 жылы, Шанов Смағұл, Қалбаев Досқали 
1916 жылы – Стамбул қаласынан оқып, бітіріп келген, бірақ қай оқу орнында 
оқығаны белгісіз. 
Домбаев Бірмағамбет – Қостанайдан, юрист. 
Дүйсенбаев  Исхақ  (Алматы)  -  1907  жылы  Санкт-Петербург 
университетінің физика-математика факультетінде оқыған. 
Едігин Асадұлла –қай жақтың адамы екені белгісіз. Қазан университетін 
1896 жылы бітірген. 
Есенқұлов  Омар  (Ақтөбе)  –  Саратов  университетінің  медицина 
факультетін 1914 жылы бітірген. 
Есенбаев Халил – қайда оқығаны белгісіз. 
Ережепов 
Қамбар 
(Шығыс 
Қазақстан) 

Санкт-Петербург 
университетінде оқыған. 
Жақсылықов  Ысқақ  (Жетісу)  –  Том  университетінің  медицина 
факультетін 1902 жылы бітірген. 
Жақыпбаев  Жүсіпбек  (Нүсіпбек)  –  (1890-1932)-  Жетісудан.  Киев 
университетінің медицина факультетін 1916 жылы бітірген. 
Жасмағамбетов  Мұса - Қазан мал дәрігерлік институтын  бітірген. 
Жанболатов  Сахыпкерей  (Орал)    -  Қазан  медицина  факультетін  1914 
жылы бітірген. 
Жұмабеков Ғұсман – Санкт-Петербург университетінде оқыған. 
Ибрагимов Ғали Мәмбетжанұлы (Орынбор) - Қазан университетінің заң 
факультетін  бітірген. 

Исмаханов Батырша Сұлтангерейұлы - Санкт-Петербург университетінің 
заң факультетін 1913 жылы бітірген. 
Иманбаев Әбубәкір  (Қостанай) -  Қазан университетінің заң факультетін 
бітірген. 
Иманбаев  Файзолла  (Қостанай)  -  Қазан  мал  дәрігерлік  институтын  
бітірген.  
Ирмұхаммедов  Ғабдулғазиз  –  Орынбор  гимназиясын  бітіргеннен  кейін 
1909 жылы Қазан университетінде оқыған.  
Күсепғалиев  Қази  -  Қазан  мал  дәрігерлік  институтын  1912  жылы  
бітірген. 
Күшіков Әбілмәжін (Семей) – Варшава мал дәрігерлік институтын 1914 
жылы бітірген. 
   
Көлбаев Досқали (Орал) - Стамбул университетін 1916 жылы бітірген. 
    
Қапсәламов Шаймардан - Санкт-Петербург университетінде оқыған. 
   
Қарабаев  Мұхаммеджан    (1858-1928)  -  Қазан  университетінің 
медицина факультетін 1887 жылы бітірген. 
Қабақов Сейіл - Қостанайдан, юрист. 
Құлманов  Бақтыгерей  (Гурьев)  –  Санкт-Петербург  университетінің 
шығыс тілдері факультетін 1888 жылы ғылым кандидаты атағын қоса алып 
бітірген. Мемлекеттік Думаға мүше болған. 
Қаратаев  Мағзұм  (Бақытжан  Қаратевтың  інісі)  -  Санкт-Петербург 
университетін алтын медальмен бітірген. 
Құлпейісов  Есенғали    -  Қазан  мал  дәрігерлік  институтын  1899  жылы  
бітірген. 
 
Қисықов Ғайса (Торғай) - Қазан медицина факультетін бітірген. 
Қуатов Әлмұхаммед – Қазан университетін 1847 жылы бітірген. 
Қосуақов Дінмұхаммед – Қазан университетінде оқыған.  
Машаев Әбдірахман (Торғай) -  Стамбулда университет бітірген. 
Мұсағалиев Уахит – Киев коммерсиялық институтын бітірген. 
Мыңғашев  Бөжей  –  Том  университетінің  медицина  факультетін  
бітірген. 
Нұржанов    Хамза  (Жамбыл)  –  Киев  университетінің  заң  факультетін 
1915 жылы бітірген. 
Ниязов  Әбдікәрім  -  Санкт-Петербург  университетінің  шығыс  тілдері 
факультетін  1896 жылы  бітірген. 
Ниязов Батырқайыр (Орал) - Қазан университетінің заң факультетін 1901 
жылы бітірген. 
Ниязова  (Танашева)  Мүбинә  Ибраһим  қызы  (1895-1981)  (Атырау)- 
Саратов университетінің медицина факультетін 1916 жылы бітірген. 
Оразаев  Ғабдырахманбек  –  Москва  университетінің  заң  факультетін 
бітірген. 
Оразалин Идрис – 1913 жылы Санкт-Петербург университетінде оқыған. 
Оралбаев  Шүленбай  (Орал)  -  Киевте  политехника  институтының 
агрономия факультетінде оқыған. 

Поштаев  Мұқыш  (Павлодар)  -  Қазан  университетінің  заң  факультетін 
бітірген. 
Поштаев Арынғазы – қайда оқығаны белгісіз. 
Рамазанов  Нұх  (Семей)  –  Москвадағы  Лазаревский  атындағы  шығыс 
тілдері институтында оқыған. 
Саркин Хәкімжан (1870-1927) – Орынборда духовная семинарияны 1890 
жылы, Қазандағы Духовная Академияны 1898 жылы бітірген. 
Сейдалин Сафаржан – Самарада оқыған. 
Сердалин  Мәмбетәлі  (1865-1914)  –  Санкт-Петербург  университетінде 
1886 жылы оқыған. 
Сүйіншіқалиев Сейдахмет (Қостанай) – Қазан университетінің физика – 
математика факультетін 1881 жылы бітірген. 
Сыздықов  Мұхамбетжан  (Омбы  )  –  Қазан  мал  дәрігерлік  институтын 
1897 жылы бітірген. 
Сейдалин  Әбубәкір  Мұқашұлы  (Қостанай)  -  Қазан  мал  дәрігерлік 
институтын  бітірген. 
Саркин Хәкімжан (Қостанай) – Қазандағы Діни академияны 1898 жылы 
бітірген. 
Сабатаева  Таным  Құлкенқызы  (С.Сабатаевтың  әйелі)  –  Москвадағы 
иовивальный институтын (акушерлік) бітірген. 
Серғалиев Төлепберген – Ақтөбенің Ырғыз уезінен. 1907 жылы Санкт-
Петербургтегі Темір жол инженерлері институтында оқыған. 
Сұлтанғазин Дінмұхамбет (Қарқаралы) – Том университетінің медицина 
факультетіне  1880  жылы  түсіп,  кейін  Санкт-Петербург  университетінің  
шығыс тілдері факультетін бітірген. 
Солтанаев  Жанақ  (Жетісу)  -  Варшава  мал  дәрігерлік  институтын  1914 
жылы бітірген.  
Сүйінтұров  Жолмұхаммед  –  Оралдың  Ілбішін  уезінен.  Қазан 
университетінің заң факультетінде оқыған.  
Сейдалин Мұса – Москвада оқыған. 
Танашева  (Ниязова)  Мүбина  Ибраһимқызы  –  Саратов  университетінің 
медицина факультетін 1916 жылы бітірген. 
Танашев Ғұсман Арыстанғалиұлы (Орал) - Қазан медицина факультетін 
1912 жылы бітірген. 
Тұнғаншин Ахмет (Торғай) -  Варшава мал дәрігерлік институтын 1914 
жылы бітірген.  
Тойсарин Бейсембай – Том малдәрігерлік институтын бітірген. 
Теміров  Абдолла  (Торғай)  -  Санкт-Петербург  университетінің  шығыс 
тілдері факультетін 1890 жылы алтын медальмен бітірген. 
Уәлиев - Варшава мал дәрігерлік институтын оқып бітірген.  
Шанов Смағұл ( Орал) - Станбул университетін 1916 жылы бітірген. 
Шалымбеков  Сәдуақас  Тәжіұлы  (Семей)  -  Санкт-Петербург  әскери 
медицина академиясын 1909 жылы бітірген. 
Шымбаев  Мәжит  Мұхамбетжанұлы  (Орал)  -  Қазан  медицина 
факультетін 1903 жылы бітірген. 

Шалымбеков  Әшірбек  (Семей)  –  Варшава  мал  дәрігерлік  институтын 
1914 жылы бітірген.  
Шотаев Мұхамбетқазы – Қазанда оқыған. 
Ізбасаров  Жүсіп  –  1876  жылы  туған.  Қазандағы  мал  дәрігерлері 
институтын 1897 жылы бітірген. 
Ізбасқанов Т.  (Тұреке) – қайда оқығаны белгісіз. 
Юсупғалиев  Батырғали  (Орал)  -  Саратов  университетінің  медицина 
факультетін 1917 жылы бітірген. 
Ямбулатов Сахыпгерей (Орал) -  Қазан университетінің заң факультетін 
1914 жылы бітірген. 
Біздің  мақсат  осы  тізімдегі  қазақ  оқығандарының  жоғары  оқу-
орындарын бітіргеннен кейінгі тағдыры қалай болды, олар немен айналысты, 
қазақ  қоғамына  қандай  еңбек  сіңірді  деген  сауалға  жауап  табу.  Егер  осы 
тізімдегі  кісілердің  туған-туысқандары,  ұрпағы    табылып  жатса,  олар  өз 
білгендерін редакцияға жолдаса құба-құп болар еді.  
Бұны  түптің-түбінде  өзіміздің  тарихымызды  түгендеу  жолындағы  мың 
сан ізденістің бір мысқалы деп білген жөн. Газет бастамасына үн қосып, тілек 
білдіріп, хабар беріп жатқандар болса оған біз дереу үн қатуға даярмыз.  
Алаш оқығандары туралы естеліктер,  мақалалар, фотодеректер олардың 
тағдыр-талайына  қатысты  басқа  да  жәдігерлік  құнды  материалдар  болса 
оның бәрін жедел-қабыл оқырман назарына ұсынбақпыз. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет