Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі
А. Байтурсынов атындағы Қостанай аймақтық университеті
Педагогика кафедрасы
ЭССЕ
Тақырыбы: «Тәрбие- жалпы және мәңгілік категория...»
Жоғарғы мектептің педагогикасы
Мамандық: 7М01503-Химия
Орындаған: Маханбетжан М.А.
1 курс магистратура білім алушысы
Тексерген: Беркенова Г.С., доцент
Қостанай, 2020
Жоспар:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1. Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс
2. Тәрбие мәні мен өзіндік ерекшеліктері
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Тәрбие- жалпы және мәңгілік категория...
Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деп ұлы шығыс ғалымы, ғұлама - философ әбу Насыр әл – Фараби бекерден айтпаған болса керек.
Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Сондықтан да біз тәрбиені шығармашылық жұмыстарының жемісі деп білеміз. Тәрбие, сонымен бірге педагогикалық әрекетте
- мәдени құбылыс;
- педагогикалық ықпал ету;
- балалардың әрекетін ұйымдастыру;
- қарым – қатынас құралы ретінде жан – жақты қарастырылады.
Тәрбие педагогикада бірнеше қырларымен танылған:
- әлеуметтік мағынада – бұл аға буын жинақтаған тәжірибені жас ұрпақ өкілдеріне өткізу. Тәжірибе дегеніміз – адамзаттың өз тарихи даму барысында жасаған рухани мұрасы, дәлірек айтсақ: адамдарға белгілі болған білімдер, ептіліктер, ойлау тәсілдері, құқықтық, адамгершілік және т.б. нормалар.
- педагогикалық мағынада – бұл тәрбиеленушіге ықпал жасау үшін ұйымдастырылған арнайы іс - әрекет, тұлға қалыптастыруға бағытталған мақсатты процесс.
Тәрбие қоғамдық талаптарға сәйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тәрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен қылық - әрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге әлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да әсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.
Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік – мәдени (өмір және әрекет – қылық кейпін таңдау және іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкершілікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тәрбие технологиялық икемшілдігіменен (адамның қабылдау және психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл – күйге сәйкестігімен (көңіл – күй тәжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тәжірибесін құрастыру үшін), жағдайға қарай орындалуымен (негізгі құралы – тәрбиелік жағдай), болашақта бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді.
Тәрбиенің мәні мен өзіндік ерекшеліктері
«Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» - дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Тәрбие кездейсоқ оқиға емес, ол қоғамның пайда болуына тән қасиет. Ол жеке тұлғаның санасына, мінез – құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ететін құрал.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым – қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру құралы.
Тәрбиелеу – халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту (Әл – Фараби).
«Тәрбие – біз кімдерді тәрбиелейміз, солардың жүрегіне ықпал ету... Тәрбие – бізге мәлім адамгершілік әдет – ғұрыптарын меңгеруді мақсат көздеп, бір адамның екінші адамға ықпал етуі»(Л.Н.Толстой).
«Тәрбие – кең мағынасында – бұл рухани жағынан үнемі жетілу және баюда көпсалалы процесс» (В.А.Сухомлинский).
Олай болса, тәрбие процесінде жеке тұлғаның сана-сезімі мен ақыл-ойына жүйелі түрде әсер етіп, оның дүние танымының дамуына, ерік – жігері мен моральдық бейнесінің қалыптасуына оң ықпал етеді.
Сонымен қатар тәрбие – адамдарды қоғамда еңбекке және басқа да пайдалы әрекеттерді орындауға, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқаруға дайындаудың табиғи заңдылық процесі.
Н.К.Крупская «Тәрбие» атты мақаласында (1929ж.): «Тар мағынада алып қарағанда, «тәрбие» деген сөз арқылы балалар мен жеткіншектердің мінез – құлқына әдетте ересек адамдардың алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде жасайтын белгілі бір ықпалы», ал кең мағынасында «... қоғамдық мекемелер, айналаны қоршаған бүкіл жағдай, бүкіл қоғамдық құрылыс тәрбиелейді» - деп түсіндіреді.
Тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Соған сай тәрбие туралы ұғымға тар мағынада емес, кең мағынасында, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата – аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде қараған жөн.
Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін – оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым – қатынас жасай білуге үйрету.
Тәрбие қоғамдық құбылыс. Себебі, қоғамның материалдық жағдайының өсуі, идеологиясының өзгеруімен байланысты тәрбиенің мақсат – міндеттері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері де толығып, жаңа жағдайға сәйкес жақсарып отырады. Әрине адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Ал қоғам дегеніміз – адамдардың тіршілік ету, өмір сүру үшін топтасқан ортасы.
Тәрбие мақсатты процесс. Тәрбие мақсаты айқын әрі нақты өмір жағдайына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін дұрыс береді. Оны тәрбиеші – лердің өз қалауымен анықтауға болмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл – ауқаты және оның саясатымен әрқашан тығыз байланысты болады.
Тәрбие – біртұтас процесс. Себебі тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді. Сондықтан жеке тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру жеке – дара атқарылмайды, керісінше бір мезгілде, бірыңғай жағдайда жүзеге асырылады. Өйткені тұлғаның қалыптасып, дамуы тұтас процесс.
Тәрбие ұзақ әрі күрделі процесс. Жеке адамның қалыптасуы бүтіндей бір ұзақ дәуірді қажет етеді. Адам баласы туғаннан бастап, есейіп ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейінгі уақытта ол өзін - өзі тәрбиелеу процесімен жалғасып отырады.
Екіншіден, тәрбиелеу барысында қойылған мақсаттың нәтижесін көбінесе жуық арада байқауға болмайды. Өйткені әрбір жеке тұлғаның мінез- құлқында дара ерекшеліктері, қабілеттері, дүниетанымы бірыңғай қалыптасып дамымайды. Оған ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлардың да әсері мол.
Тәрбие - көпжақты процесс. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу процесі қоғамның барлық азаматтарының міндеті, отбасы, мектеп пен жұртшылықпен бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты. Дегенмен де ата – аналар мен жұртшылық әрекетін қадағалап, бағыт – бағдар беріп, олардың бала тәрбиесіндегі жұмыстарын бірыңғай бағытта ұйымдастырып отыратын ол – ұстаздар тобы. Оның орталығы – мектеп.
Тәрбие процесін табысты, нәтижелі ұйымдастыру тәрбиешілерге, алдымен тәрбие заңдылықтарын жете түсінуді қажет етеді.
Тәрбиенің заңдылықтарына:
Баланың үнемі жетілуі, даму жағдайында болуы, бұл – табиғи заңдылық;
Баланың өзінің түрлі әрекетінсіз және оның сыртқы орта мен табиғи қарым – қатынасынан тыс тәрбиенің болмауы жағдайы;
Тәрбие мен дамудың бірлігі және өзара байланыстылығы;
Тәрбие мен өзін - өзі тәрбиелеудің бірлігі және өзара байланыстылығы;
Тәрбиеде бірыңғай дайын рецептің болмауы және оны қолдану мүмкін еместігі;
Қоғамның үнемі өркендеп дамуы, онда өмір сүріп отырған әрбір жеке адамның күш - қуатымен өмірлік ұстанымына тәуелді екендігінде, сондықтан да тұлға тәрбиесі, бұл заңды құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |