12.5 Өктемдік жүргізу мәнді етістіктер: әмір жүргізу, билік ету, бір шыбықпен айдау, бас ию, ырқына көну, құлақ асу, тізе бүгу, ауанына көшу, т.б.;
12.6 Көмектесу мәнді етістіктер: қол ұшын беру, жәрдем қылу, болысу, сөзін сөйлеу, аузына ақ тамызу, қамқор болу, т.б.;
12.7 Жауласу және достасу мәнді етістіктер: тайталасу, керісу, қызыл шеке болу, алқымынан алу, кесе көлденең тұру, дұшпан болу, елдесу, ауыз жаласу, татуласу, т.б..
Етістік – қимылды білдіретін грамматикалық мағынаға ие. Етістіктің бұл мағынасы – оны жеке сөз табы ретінде тануға негіз болатын мағына. Алайда етістік сөйлемде ешқашан таза етістік мағынасымен қатыспайды, үнемі басқа грамматикалық мағыналармен қоюланып қолданылады. Ал бұл грамматикалық мағыналарды етістіктің негізіне (лексикалық мағына беретін бөлігіне) қосылатын сөз түрлегндіруші түрлі морфологиялық тұлғалар ғана үстей алады. Ендеше етістік – сөйлемде түрленбей қолданылмайтын сөз табы. Бұл – етістік түбірінің бірінші ерекшелігі. Яғни, басқа сөз таптары сөйлемге түрленіп те, түрленбей де қатыса беретін болса, етістік түрленбеген жағдайда, сөйлемнен орын ала алмайды.