Этносаяси сөздік қазақстанның қоғамдық келісім және этносаралық толеранттылық саясаты және практикасы терминдері мен ұғымдары



Pdf көрінісі
бет5/44
Дата21.01.2017
өлшемі2,74 Mb.
#2401
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44

ЖЕРГІЛІКТІ ТІЛ (ор. местный язык, ағыл. local language) – белгілі бір 
жерде қолданылатын (локалды) тіл; тілдің заңнамалық актілерде үнемі құп-
тала бермейтін ерекше мəртебесі. Ж.т. көбінесе жазуы жоқ тілдер болып не-
месе қолданылуы Этностық топтардың шеңберімен шектелген жазба тіл-
дер  болып  келеді.  Солай  бола  тұра  Ж.т.  бастауыш  білім  беруде,  жергілікті 
радиохабарда,  теледидарда,  газет-журналдарда  қолданылуы  мүмкін.  Ресми 
түрде мұндай мəртебесі бектілмегенмен, Қазақстанда, мысалы, дүнген жəне 
ұйғыр  тілдерін  Ж.т.  жатқызуға  болады  (қар.  Автохтон,  Автохтондық  тіл, 
Тұрғылықты  этнос,  Тұрғылықты  тіл,  Этностық  тіл,  Тіл,  Диаспора  тілі, 
Қазақстан тілдері, Тілдік құқық ).

36
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
ЖИХАД (араб. ﺍﻝﺝﻩﺍﺩ‎‎ – тырысу, ор. джихад, ағыл. jihad)  ислам доктри-
насында Ж. туралы əр түрлі қағидалар бар. Солардың ішінде Ж. күресінің 
мынадай жолдары көрсетіледі: 1. өз кемшіліктеріне қарсы Ж. – əр мұсыл-
манның өз кемшіліктерімен жеке күресі, Ж.-тың ең қиын формасы, өйткені 
өзі күнəға жататын құмарлығы мен рухани кемшіліктерін жеңбей, адам дін 
идеалдарының жеңісі үшін күрес жүргізе алмайды; 2. өз танымы үшін Ж. 
ету – адам тұлғасының жетілуіне жəне надандыққа қарсы тұруға жетелейтін 
түрлі ғылымдарды оқу, білімдарлық, ғалымдық; 3. материалдық байлыққа 
қарсы Ж. – осы дүниедегі проблемалардың көбін ақша, мүлік, жылжымай-
тын мүлік арқылы шешу жолына қарсы күрес; 4. Ұрыс майданындағы Ж – 
адамдардың өмірі мен мүлкін қорғау, мемлекетті басқыншылықтан қорғау 
үшін соғыс жүргізу исламда парыз (фард) болып саналады. Соғысқа қаты-
сатын мұсылмандар – муджахидтер, ал мұндай соғыстарда қаза тапқандар 
шахидтер деп аталады. Оларға Алла ең жоғарғы орындарды беріп, жұмаққа 
кіргізеді. Соғысқа қатысқан тірі адамдарды ғазия деп атайды. Басқа мұсыл-
мандардың ар-намысын қорғай алатын болса, Ж.-ты жүргізу міндеті мұсыл-
мандардың белгілі бір бөлігіне ғана жүктелуі мүмкін (фард аль-кифая) жəне 
қажет  болса  əр  мұсылманға  жеке  жүктелуі  де  мүмкін  (фард  аль-айн).  Ж.-
тың мақсаты ақиқат орнату мен кез келген əділетсіздікті жою. Ж. кек алу, 
өлтіру, басқа адамдарды тонау немесе түрлі халықтарды жаулап, тəуелді ету 
мақсатында  жүргізілмейді.  Оны  қоғамдағы  кемшіліктерді  жойып,  əділет-
тікті  орнату  үшін  жүргізу  қажет.  Сонымен  қатар  Ж.  исламды  мəжбүрлеп
қабылдату  үшін  де  жүргізілмейді,  өйткені  адамдарды  дін  қағидаларымен 
таныстыру керек жəне адамдарға исламды тек өз қалауымен ғана қабылдау-
ға жағдай жасау керек.
- И -
ИДЕОЛОГИЯ  (грек.  idea  түсінік + logos  ілім;  ор. - идеология,  ағыл. 
ideology) – қоғамдық  сананың  түрлі  формаларынан  көрініс  табатын  дүние-
таным, дүниені қабылдау, көзқарас, идея, сенім мен бағдарлардың жүйесі. И. 
– қоғамның құрылысы мен қызметтік қағидаты жөніндегі, сондай-ақ қоғам-
ның осы идея иелерінің мүддесіне сай жағдайға жету жолы жөніндегі өзара 
байланысты идеялар, түсініктер, тұжырымдамалар мен доктриналардың са-
лыстырмалы түрде жүйеленген жиынтығы. Осы жиынтықты ұстану мақсат
болуы да, болмауы да мүмкін, алайда дəл осы жиынтық саяси қарекетті ұйым-
дастыруға тірек болады. 
 И. өзінің міндеттерін атқаруы үшін қажет ғылымның мəліметтерін, фи-
лософияның  қағидаларын,  діни  жəне  этикалық  постулаттарды,  мифтерді, 
рəміздерді т.б. пайдаланатындықтан И. синкретикалық сипатқа ие болады əрі 
өткеннің мұрасын жеткізу мүмкіндігі мол болады. И. құндылықтарды, іс-əре-

37
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
кеттің мақсаттары мен міндеттерін ұсыну, тіпті таңу арқылы, оқиғаларға баға 
берудің межелеуіштерін нұсқау арқылы, саясатта нені қалауға, неге жол беру-
ге, неден бас тартуға болатынын анықтау арқылы саяси үдеріске анағұрлым 
айқын əсер етеді.
 Кең ауқымда алғанда, И. құрылымы идеялардың жүйесін, идеологиялық 
қатынастарды,  идеологиялық  қарекетті,  идеологиялық  мекемелерді,  идео-
логиялық  үдерістерді  түзеді.  Ал  тар  ауқымда  алғанда,  И.  мазмұндық  жəне 
құрал-тəсілдік  элементтерден  тұрады.  Мазмұндық  элементтерге  рухани 
өмірдің  түрлі  салаларынан  алынған  элементтер  (үлгілер,  теориялар  т.с.с.) 
жатқызылса,  құрал-тəсілдік  элементтерге  мазмұнды  бейнелейтін  тəсілдер 
(ұғымдар, бейнелер, стереотиптер, мифтер, рəсімдер, ұрандар т.б.) жатады. 
Саяси  ғылымда  И.  феноменін  ұғынудың  Маркс  пен  Мангеймнің  еңбек-
терімен байланысты ықпалды дəстүрі бар. Ол бойынша, И. – сананың тұтас-
тай алғандағы шындықтың əлеуметтік-тарихи жағдайларға орайластырылып 
бұрмаланған жəне жартылай бейнесін беретін формасы; ал, нақтылай алған-
да,  шындықты  танудың  ерекшеліктерімен,  танушы  субъектінің  шындықты 
санада жаңғырту ерекшеліктерімен, оның мүддесімен орайлас сана форма-
сы (осыдан келіп идеологияның «жалғандығы», «қиялилығы» туралы түсінік 
шыққан). 
 «Идеология» терминін енгізген А.Л.К. Дестют де Траси (1754–1836) мұны 
адами идеялардың сезімдік тəжірибеден шығу заңдары туралы ғылым ретін-
де парықтаған. Саяси идеология саяси ойлардың теориялық формаларының 
қатарына енетіндіктен айқын бағдарланған сипатта болады.
 Саяси И. міндеті – саяси əрекеттердің нақты стратегиясын саяси қолдауды 
жалғастыру мақсатында, белгілі бір топтың биліктен немесе билікті пайдала-
нудан дəмеленуін негіздеу мақсатында қазіргі əлеуметтік-тарихи жағдайдағы 
саяси  шындық  феномендерін  түсіндіру,  ақтау  немесе  сынау.  И-ның  өзіндік 
ерекшелігі  қалыптастырудағы  мақсаткерліктен,  тірек  болар  қағидаттардың 
аксиомалығынан,  эмоционалдық  жігерлі  реңкінің  ашық  көрінуінен,  құн-
дылық ыңғайында болуынан, бейтəжірибелілігінен (айғақтардың өзіне емес, 
оны парықтауға ден қойылады), өте бейімделгіштігінен көрінеді. Бейімдел-
гіштігі сонда, іргелі тұрақтылық пен ахуалға ыңғайлануы, үйреншіктілік пен 
теориялық ойлау қағидаттары сабақтасып жатады, постулаттар стереотипті 
түрде пішімделеді. 
  Саяси  идеология  билікке  талпынуды  заңдастырумен  қатар  нормативтік 
бағдар беруші, түсіндіруші, интеграциялық қызметтерді, бақыланатын əлеу-
меттендіру, жұмылдыру қызметтерін т.с.с. қоғамдық сананы басқаруға қатыс-
ты бірқатар міндеттер атқарады. 
 Саяси идеологиялардың тұрпаттамасы (типологиясы) деген мəселе талас-
ты тақырыпқа жатады. Мəртебесі, тараған ортасы мен саяси ықпалы бойын-
ша  идеологиялар  қоғамдық  жəне  мемлекеттік  болып  бөлінеді.  Қоғамдық
идеология əртүрлі саяси партиялар мен қоғамдық-саяси қозғалыстардың идея-

38
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
лық  тұғырнамасы  ретінде  азаматтық  қоғам  арасында  қалыптасып,  соның 
ішінде əрекет етеді. Мемлекеттік идеологиялар – жалпы ұлттық мүдделерді 
білдіруге жəне қоғамды біріктіруге, таптар мен топтардан жоғары тұруға тал-
пынады. 
Саяси мақсатқа жету стратегиясы бойынша идеологиялар реформизммен 
жəне  саяси  қарсыластарымен  үнқатысуға  бағытталған  ұстамды  жəне  өз 
жақтастарын саяси идеалдар үшін белсенді күреске, тіпті қарулы қарсылыққа 
шақыратын  радикалды  болып  бөлінеді.  Хронологиялық  өлшемге  сəйкес, 
идеологияны ХІХ ғасырда қалыптасқан классикалық (либерализм, консерва-
тизм, социализм) жəне ХХ ғ. пайда болған немесе белсенділік көрсетіп отыр-
ған  баламалы  идеологияларға – коммунитаризмге,  феминизмге,  альтергло-
бализмге т.б. жіктерге бөлу де дəстүрге енген (қарҰлттық идея, Мемлекет, 
Қазақстан – 2050 Стратегиясы). 
ИММИГРАЦИЯ  (лат.  immigro – қоныстанамын,  ор.  иммиграция
ағыл. immigration) – 1. Өз отанын тастап шыққан адамдардың я топтардың 
тұрақтап  тұру  ниетімен  басқа  бір  елге  келуі  (қар.  Көші-қон,  Этностық 
көші-қон, Эмиграция, Эмигрант). 2. Мигранттар келген елге деген қатына-
сына қарай қарастырылатын халықаралық Көші-қон түрі. И-ның жұрттың 
дамуына, санының өсуіне, жастық-жыныстық жəне этностық құрылымына 
елеулі  əсері  бар.  Жұрттың  И.  қарқынына  ықпал  ететін  тікелей  факторла-
ры төрт топқа жинақталады. Олар: 1) демографиялық жаңғырудың режим-
дерінде бір елдердегі жұрттың қартаюына, ал екінші бір елдердегі жұрттың 
құрамының жасаруына алып келетін айырмашылықтар; 2) өмір деңгейі ке-
реғарлықтарының  елеулі  болып  күшейе  беруі; 3) көбінесе  əлемнің  мешеу 
өңірлерінде  халықтың  тығыз  орналасуы; 4) еңбекке  қабілетті  жұрттың 
жұмыспен  қамтылу  дəрежесіндегі  айырмашылықтар  жəне  бəрінен  бұрын 
еңбек  көші-қонына  ұшырататын  жұмыссыздық  деңгейінің  өсуі.  И.  дүние 
жүзінің  кей  бөліктеріне  қоныстандыруда  елеулі  рөл  атқарады,  ал  кейде 
жаңа мемлекеттерді жасақтауда, тіпті шешуші рөл атқаратыны да бар (қар. 
Көші-қон /миграция/).
ИНДИКАТОР  (лат.  Indicator – көрсеткіш,  ор. – индикатор,  ағыл. 
indicator) – параметрлердің өзгерісін көрсететін нысан. Қоғамдық ғылымдар-
да, əлеуметтануда зерттелетін нысанның бақылау мен өлшеуге келетін, осы 
нысанның тікелей зерттеуге келмейтін басқа сипаттары туралы пайымдауға 
мүмкіндік беретін сипаттамасы. Индикаторлардың жүйесі олар айқын пішім-
делетіндей, болашақта заманауи үдерістермен толықтырылуға мүмкін бола-
тындай түзілуі қажет (қар. Этносаралық ахуалдың мониторингі).
ИНКУЛЬТУРАЦИЯ  (ор.  инкультурация,  ағыл.  inculturation) – адамды 
нақты  бір  мəдениеттің  дəстүрлері  мен  нормаларына  оқытып-үйрету  деген-

39
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
ді білдіреді; адам мен оның мəдениеті арасындағы алыс-берістік қатынастар 
үдерісі. Бұл қатынаста, бір жағынан, мəдениет адамның жеке басының сипат-
тарын белгілесе, екінші жағынан, адамның өзі мəдениетіне ықпал етіп оты-
рады. Мұндайда жеке адам туған мəдениетімен етенелесіп тəрбиелі адамға 
айналады.
 Гуманитарлық ғылымдардың əр түрінде бұл үдеріс «өз мəдениетінде əлеу-
меттену»  немесе  «этностық  əлеуметтену»  деген  ұғымдармен  де  беріледі.
«Инкультурация»  мен  «əлеуметтену»  ұғымдары  мазмұны  жағынан  көп 
жағдайда үйлесіп тұрады, өйткені екеуі де адамдардың қандай да бір қоғам-
ның мəдени нормаларын меңгеруі деген мағынаны білдіреді. Алайда бұларды 
бірдей деп есептеп, шатастыруға болмайды. Əлеуметтену дегенде біз адам-
ның əлеуметтік ортаға үйлесіп кірігуін, мүшесі ретінде табысты тірлік ету-
ге мүмкіндік беретін осындай қоғамның құндылықтары жүйесін меңгеруін 
ұғынамыз. «Əлеуметтену» термині адамдардың қоғамда өздерін қалай ұстау 
керектігінің ережелеріне баулитын үдерістер мен механизмдерге байланысты 
қолданылады. 
Ал «инкультурация» термині əлеуметтену үдерісінің өнімдеріне – адамның 
даму үдерісінде меңгерілетін мəдениеттің субъективті, ішкі психологиялық 
аспектілеріне байланысты қолданылады. «Мəдениет» пен «қоғам» ұғымда-
рының айырмашылығы жəне ұқсастығы қандай болса, «мəдениетке қосылу» 
мен «əлеуметтену» терминдерінің айырмашылығы мен ұқсастығы сондай.
 Инкультурация – адамның белгілі бір этностың тірлігі мен дамуына орай-
лас  белгілі  бір  тарихи  кезеңге,  белгілі  бір  мəдениет  типіне  тəн  дағдылар, 
əдеп-əдет, мінез-құлық нормаларын бірте-бірте қалыптастыруы. Бұл – адам-
ның амал-тəсілдерді, нормаларды, тəжірибелік нұсқау-кеңестерді күнделікті 
өмірде ұзақ уақыт бойы бірте-бірте игеруі. 
Инкультурация ұғымымен жеке адамның өзі өмір сүретін қоғамның стан-
дарттарына қатысты жалпы мəдени құзыреттілікті алуының үдерісін де бел-
гілеуге болады. Бұған, ең алдымен, қоғамда қабылданған құндылықтардың 
басымдықтары  мен  бағдарларының  жүйесін  игеру,  сонан  соң,  өмірді  түрлі 
жағдайларында  өзін  ұстаудың  этикеттік  нормалары,  түрлі  құбылыстар  мен 
оқиғаларды бағалаудың баршасы дұрыс көретін ыңғайлары, əлеуметтік-сая-
си құрылыс негіздерімен таныстығы жатады. Бұған ұлттық жəне сословиелік 
дəстүрлер, үстем мораль, адамгершілік, дүниеге көзқарас, əдет, салт, əлеумет-
тік жəне гуманитарлық білімдер бойынша əдепкі зерде т.с.с. жөнінде белгілі 
бір танымның болуы қажет. 
Сондай-ақ бұған үстем болып тұрған сəн, стиль, рəміз, регалия, ұлт ішінде 
беделі бар адамдардың мəртебелік рөлі, заманауи зияткерлік жəне эстетика-
лық ағымдар, сол халықтың саяси жəне мəдени тарихы, ұлттық абырой, на-
мыстың негізгі нышандарымен т.с.с. таныстық та жатады. Санамалап шыққан 
мұндай мол білімді жеке адамның игеруі үй тəрбиесі мен жалпы білім алуға, 
сондай-ақ  жеке  адамның  өз  ортасымен  əлеуметтік  түйісулерінің  түгелдей 

40
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
жиынтығымен  байланысты  (қар.  Аккультурация,  Мінез-құлықтағы  этнос-
тық императив, Этномəдени бірлестіктер, Этнопсихология).
ИНТЕГРАЦИЯ (лат. integratio – бірігуор. интеграция, ағыл. integration 
–  біріктіру,  бірігу) 1. Өзі  мойындайтын  сенімдерге,  құндылықтарға,  нор-
маларға  сүйенген  жеке  адамның  белгілі  бір  əлеуметтік  топқа  я  ұжымға 
жататындығын  сезінуінің  дəрежесі. 2. Жекелеген  арнайы  элементтерді 
өзара  тəуелділікке  негіздеп  бірлік  пен  тұтастыққа  жеткізу  үдерісі  (қар. 
Сепаратизм).  И.  проблемалары  жүйенің  ажыратылуы  мен  күрделенуі-
не  қарай  ұлғая  түседі.  Осыған  байланысты  жүйені  одан  ары  дамыту  мен 
тұрақтылығын  сақтау  үшін  И.  тетіктерін  дамыту  қажеттігі  келіп  шығады. 
Солай бола тұра, И. жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес, тіпті, мұның өзі 
зиянды да, өйткені жүйені ширақтығы мен икемділігінен айырады. Керісін-
ше, жүйенің ең өміршең түрі əралуандықтың бірлігінен, жекелеген мақсат-
тарды тоғыстыру арқылы тұтастық қалыптастырудан жасалады. 3. Қоғам-
ның  басқа  ішкі  жүйелерінің  үйлестірілген  қосымша  қызметін  қолдайтын 
арнаулы мекемелердің болуы. И. осы түрінің институттарын дамыту (жазба 
тіл, формалды-құқықтық жүйелер) – бүкіл əлеуметтік жүйелердің функцио-
налдық  алғышарттарының  немесе  функционалдық  императивтерінің  бірі, 
əлеуметтік дамудың кілті.
ИНТЕРНАЦИОНАЛИЗМ  (лат.  inter - ара + natio – халық,  ор.  интер-
национализм  (пролетариаттың  халықаралық  ынтымағы;  барлық  ұлттардың 
теңдігін мойындау), ағыл. Internationalism) – ұлтаралық қатынастардың ха-
лықтардың нəсіліне, ұлтына қарамастан бəрінің тең құқығы болуына, өзара 
құрметіне,  ұлттар  мен  этностық  топтардың  жан-жақты  əріптестігіне  негіз-
деліп орнатылатын типін мақұлдайтын көзқарас. Интернационализм қоғам-
дық  дамудың  объективті  үрдісі  мен  қажеттіліктерін  білдіреді,  ұлттардың 
жақындасуына жəрдемдеседі, ұлтшылдыққа да, ұлттық нигилизмге де қарсы 
қойылады. И., кең мағынада, қандай да бір əлеуметтік жəне саяси күштердің, 
сондай-ақ  мемлекеттердің  түбегейлі  мүдделерінің  ортақтығына  негізделген 
идеялар  мен  саясатты,  олардың  ортақ  мақсатқа  жету  үшін  бірлесе,  ынты-
мақтаса қимылдауға дайындығын білдіреді. 
Ұғым ретінде И. мынадай бірнеше мағынада қолданылады: ұлт жасақта-
луының тарихи үдерісіндегі көптеген аспектілердің атрибуттық ортақ сипат-
тарының  бар  екенін  белгілеуші;  бүкілəлемдік  социумның  дамуының  ортақ 
заңдылықтары  бойынша  адами  қоғамдардың  күннен-күнге  күшейіп  келе 
жатқан өзара байланыстылығы мен өзара тəуелділігінің объективті үдерісінің 
бейнесі;  халықтардың  өмірінің  түрлі  жақтарындағы  ортақтық,  бірлік;  ұлт 
үшін анағұрлым маңызды, мəнді, ұлттық нəрсеге анағұрлым тəн, жеке алған 
бір ұлттың ешқайсысы қоса алмайтын жаңа құбылысты қосуға мүмкіндігі бар 
ұлттық қауымдастықтарда қайталанып отыратын құбылыс; дүниеге көзқарас 

41
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
түзетін  элемент  ретінде  жеке  адамның  іс-əрекеті  мен  мінез-құлқына  ықпал 
ететін құбылыс. 
И.  социалистік  И.  тұсында  тиісті  маңызынан  айрылды.  Социалистік  И. 
бойынша, бұл еңбекшілердің капиталистік құрылысты жойып, ұлттар мен ха-
лықтардың түпкі мүдделерінің ортақтығына сүйенетін коммунистік қоғам құ-
ру жолындағы халықаралық бірлігі ретінде түсіндірілді. Бұл идея халықара-
лық  коммунистік  қозғалыспен  бірге  өмірге  келіп,  алғаш  рет  осы  қозғалыс-
тың негізін салушылар К.Маркс пен Ф.Энгельс «Барлық елдердің пролетарла-
ры, бірігіңдер!» деген ұран түрінде жария етті.
 Адамзат дамуынң қазіргі тарихи кезеңінде И. мемлекеттер мен халықтар-
дың  халықаралық  лаңкестікке,  өңірлердегі  қарулы  қақтығыстарға,  кедей-
шілік пен қанауға қарсы күресте күш біріктірулерінен, ғаламдық сипаты ор-
тақ шешім жасауды қажет ететін экологиялық жəне басқа түйткілдерді бір-
лесе шешуден көрініс табады (қар. Еуразиялық интеграция, Космополитизм, 
Ұлтшылдық, Ұлттық келісім, Ұлттық қауіпсіздік, Толеранттылық).
ИРРЕДЕНТА (итал. irredenta – босатылмаған, бөтен біреудің иелігінде, 
ор. ирредента, ағыл. irredent) – этностың осы мемлекеттің шегінде жұрт-
тың аз бөлігін құрайтын, бірақ өздеріне жақын я өздерімен бірдей этнос ба-
сым көпшілігін құрап, ықшам тұратын мемлекеттің іргесіндегі бөлігі (қар. 
Диаспора). И. өз елінен тысқары жерде соғыс, аннексия, даулы шекара не-
месе  отарлау  үлгілері  кешенінің  салдарынан  қалып  қояды.  И-ның  негізгі 
ерекшелігі ішкі шоғырлану деңгейі салыстырмалы түрде төмен бола тұра, 
бұлардың саны көп болады. Қазіргі көпэтносты мемлекеттердің көбінде И. 
тарихи, саяси себептермен қалыптасқан. Көбінесе шекаралас, көрші көпэт-
носты мемлекеттерде өзара И. жиі болады. Диаспора сияқты, И. да өздерінің 
ортақтығын  сақтау  мен  дамыту  үшін  де,  көршілес  көпшіліктерімен  жəне/
немесе басқа И-мен байланысын сақтау үшін де əлеуметтік институттар то-
рабын құруға талпынады. Мұндайда өздерін сол аумақтың байырғы тұрғы-
ны деп есептейтіндіктен И., əдетте, өз құқықтарына көпшіліктің үкіметінің 
қол  сұғуын  күйзеліспен  қабылдайды.  Ал  егер  кемсіту  оқиғалары  жүйелі 
түрде  қайталанатын  болса,  И.  ішінде  этностық  көпшіліктердің  аумағына 
қосылуды  көздейтін  ағым,  ирредентизм,  пайда  болады.  Алайда  экономи-
калық жəне басқа себептерге байланысты И. өз көпшіліктерінің аумағына 
қосылуға əрдайым талпына да бермейді (қар. Диаспора).
- К -
КЕМСІТУШІЛІК /ДИСКРИМИНАЦИЯ/ (ЭТНИКАЛЫҚ, ҰЛТТЫҚ, 
НƏСІЛДІК) (ор. дискриминация (этническая, национальная, расовая), ағыл
discrimination, ethnic, national, racial) – этностық, ұлттық немесе белгісіне қа-

42
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
рай адамның құқықтары мен міндеттерінде болатын қисынсыз айырмашылық 
(құқыққа нұқсан келтіру немесе қосымша міндеттер жүктеу). Этностық кем-
сітушілік – дискриминацияның ең қатерлісі. Мұның салдарының қауіптілігі 
сондай,  мемлекеттен,  азаматтық  қоғамның  барлық  институттарынан  жəне 
азаматтардан  идеология,  құқық,  сот,  мемлекеттік  басқару,  көші-қон,  еңбек, 
білім, тіл, мəдениет, тұрмыс салаларында, игілікті бөлу мен адамның қажет-
тіліктерін өтеу сияқты мəселелерде ерекше зейін қоюды, шешімді əрекеттер 
жасауды қажет етеді.
Қазақстан  Республикасы  К.  қай  түрін  болса  да  тойтарады  жəне  заң  ал-
дында  бүкіл  адамдардың  тең  болуын  конституциялық  тұрғыдан  бекіткен. 
ҚР  Конституциясы 14-бабының 1- жəне 2-тармақтарына  сəйкес  «Заң  мен 
сот алдында жұрттың бəрi тең. Тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiк-
тiк  жағдайына,  жынысына,  нəсiлiне,  ұлтына,  тiлiне,  дiнге  көзқарасына,  на-
нымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар 
бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Сондай-ақ ҚР Конститу-
циясының 5-бабының 3-тармағында, 20-бабының 3-тармағында, 39-бабының 
2-тармағында К-ке қарсы бірқатар кепілдіктер берілген.    
Қылмыстық заңнамада нəсілдік жəне ұлттық төзімсіздікке қатысты уəж-
дермен  қылмыс  жасағаны  мен  құқық  бұзғаны  үшін  жауапкершілік  қарас-
тырылған.  Қылмыстық  жауапкершілікті  ауырлататын,  жазаны  күшейтетін 
жағдайға ұлттық, нəсілдік жəне діни уəждермен жек көру һəм жауласу жата-
ды.
Мемлекеттік этносаясат қазақстандық этностардың бəрінің сақталуына 
жəне дамуына бағытталған қажет жағдайлардың бəрін жасаған. 1998 жыл-
дың 29 маусымындағы  №245  ҚР  Заңы  бойынша  Қазақстан  Нəсілдік  кем-
сітушіліктің барлық түрін жою туралы Халықаралық конвенцияға қосылды. 
ҚР Президентінің 2008 жылдың 21 наурызындағы №558 Жарлығымен Ха-
лықаралық конвенция талаптарына орай Қазақстан Нəсілдің кемсітушілікті 
жою жөніндегі комитеттің құзыретін таныды.
2012  жылдың  қазан  айында  БҰҰ  Комитетіне  Пакт  талаптарының  орын-
далғаны  туралы  Қазақстан  Республикасы  кезеңдік  алтыншы  жəне  жетінші 
есептерін берді.
КОНФОРМИЗМ (кейінгі лат. conformis — сияқты, ұқсас, сəйкес, ор. кон-
формизм,  ағыл. conformism) – қазіргі  əлеуметтік  тəртіптерді,  саяси  режим-
дерді т.с.с. жайбарақат қабылдауды, көне салуды, бейімделе қалуды, қоғамда 
кең  тараған  жалпы  көңіл-күймен,  үстем  пікірлермен  келісе  салуға  дайын 
тұруды білдіретін моральдық-саяси жəне моральдық-психологиялық ұғым. 
 Конформизм іштей наразы бола тұра басым үрдістерге қарсы келмеушілік; 
əлеуметтік-саяси жəне экономикалық жағдайлардың бір қырларын сыннан өз 
бетінше  шет  қалдыру;  өз  пікірін  білдіргісі  келмеу;  істелген  əрекеттер  үшін 
жеке жауапкершіліктен бас тарту; қоғам, партия, басшы, діни ұйым, патриар-

43
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
халды қауым, отбасы т.с.с. тарапынан болған кез келген талаптар мен ұйға-
рымдарға байыбына бармастан бағыну, еріп кету ретінде бағаланады (бұлай-
ша бағыну ішкі сенім ғана емес, діл, дəстүрге де байланысты болуы мүмкін). 
  Конформизмнің  фанатизммен,  догматизммен,  беделді  ойға  бас  ұрумен 
асқындауы діни секталарға тəн болып келеді де, өз тұғыры мен ұстанымының 
жоқтығын  я  олардың  тұншықтырылғандығын,  сондай-ақ  түрлі  күштердің, 
жағдайлардың,  шарттардың  қысымымен  ол  тұғыр  мен  ұстанымдардан  бас 
тартқандықты байқатады. Мұндайда басым көпшіліктің пікірі, бедел, дəстүр-
лер т.с.с. қатты ықпал етуі мүмкін. 
Конформизм  көп  жағдайда  мемлекеттің  халықты  бақылауда  ұстап  тұру 
қажеттігінен  келіп  шығатын  объективті  мүддесіне  сай  келеді,  тіпті,  билік 
құрылымдарының  сенімділік  жөніндегі  түсініктеріне  лайық  болып  келеді. 
Сондықтан да бұл қоғамда тəрбие жүйесіне қызмет ететін үстем идеология, 
насихаттық қызмет, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жиі орнатыла-
тын əрі таратылатын құбылыстардың қатарына кіреді. Бұған бəрінен бұрын 
тоталитарлық тəртіптегі мемлекеттер бейім болады.
Жеке адамның мінез-құлығын басым көпшілік тарапынан болатын əлеумет-
тік нормалар мен талаптарға қатаң бағынуды ұйғаратын ұжымдық сананың 
қай түрі болсын шын мəнінде конформизмге жатады. Солай бола тұра, инди-
видуализмге табыну тəн «азат əлемде» де пайымдардың біркелкілігі, қабыл-
дау мен ойлаудың стереотиптілігі қалыпты норма болып табылады. Сыртқы 
плюрализміне  қарамастан,  қоғам  өз  мүшесіне  «ойын  ережесін»,  қолданым
стандарттарын, өмір мəнерін таңып бағады. Оның үстіне, қазіргі ғаламдас-
тыру, мəдениеттің бірыңғай интернационалдық түрлерін тарату кезінде Жер 
бетінің  барлық  жерінде  конформизм  іс  жүзінде  «бүкіл  əлем  осылай  өмір 
сүреді» дейтін тұжырымнан көрінетін саналы стереотип ретінде ықпал етеді.
Кезінде А. де Токвиль «демократиялық деспотизм» жағдайында адамдар 
күн сайын өз бостандығының жаңа бір бөлігін мемлекетке құрбан етіп оты-
ратынын байқаған болатын. 
Əлеуметтік  психологияда  «конформизм»  ұғымымен  қатар  «конформа-
лылық» дейтін де ұғым бар, ол жеке адамның пікірлері мен мінез-құлқын топ-
тың я оның көпшілігінің пікірлерімен, мінез-құлықтарымен келістірудің əм-
бебап механизмі жəне жеке адамның əлеуметтенуінің көрінісі ретінде немесе 
топтың мақсаттарына, құндылықтары мен нормаларына деген саналы қаты-
нас  негізінде  өзіне  белсенділікпен  орын  табу  жəне  нонконформалылықпен 
(негативизммен)  бірге  индивид  пен  топтың  өзара  қарым-қатынасының  бір 
аспектісі ретінде түсінідіріледі.
Белгілі бір шамада топтың қысымын бұлайша конформистікпен қабылдау-
ды референттік топқа енудің бірінші сатысы – бейімделу сатысындағы, жеке 
басы үшін қажет «аман болсақ, көппен бірдей болып көрінсек, болды» дей-
тін міндетті орындайтын көп адамның əрекеттерінен көруге болады. Конфор-
мизм, əсіресе, тоталитарлы қоғамдық құрылыста – жеке адам психологиялық 

44
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
қысымнан ғана емес, нағыз репрессиялар мен тірлігіне төнетін қатерлерден 
қауіптеніп үстем, билеуші элита мен оған бағынышты көпшілікті қарама-қар-
сы қоюға қорқатын құрылыста айқын көрінеді.
 Жеке тұлға деңгейінде конформизм əлеуметтік психология дəстүрінде 
конформалылық  деп  аталатын  сипаттан  жиі  байқалады.  Мұндайда  жеке 
тұлға топтың нақты қысымына да, топ қысым жасайды дейтін долбарға 
да берілуге дайын тұрады, мұндайға ұмтылмайды деген күннің өзінде өз
тұрғысын һəм көзқарасын өзгертуге, оларды көпшіліктің пікірімен үйлес-
пейді  деп  санап  тұруға  бейім  болады.  Мұндай  «көнгіштік»  бір  жағдай-
ларда  өз  тұрғыларын  нақты  қайта  қараумен  байланысты  болса,  екінші 
бір  жағдайларда  өзін  мейлі  шағын,  мейлі  үлкен  топ  болсын  нақты  бір 
қоғамдастыққа қарсы қойып, жағымсыз шараларға тіреліп, істің насырға 
шабуын болдырмауға сырт қылығымен ұмтылуына байланысты болаты-
ны – түсінікті жағдай. Осыған орай, сыртқы жəне ішкі конформалылық 
деп  бөліп  айту  дəстүрі  бар ( қар.  Ұлттық  келісім,  Ұлттық  психология, 
Пассионарлық). 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет