Организмге сіңірілуі.Алкоголь кілегейлі қабықтар арқылы өте тез сіңіріледі:5-10 минуттан кейін-ақ орталық жүйке жүйесіне алкоголдің алғашқы әсері байқала бастайды.Организмде ол қышқылданады.Алкогольдің қышқылдануы денеге сіңгеннен кейін бірден басталады,бірақ ол баяу жүреді және оның организмдегі жалпы көлеміне байланысты болмайды (адам организмінде 1 сағаттың ішінде 10,0 шамасында ғана алкоголь жанады).Алкогольдің қабылданған мөлшері көп болған сайын, организмде ұзақ тұрақталады да, оның едәуір мөлшері уытты қосылыстарға айналады.Емдік мақсатпен берілген алкогольдің 90-95 % -ды организмде ыдырайды, ал қалған 5-10 %-дық шамасы ешқандай өзгеріссіз өкпе, сүт және тері бездері арқылы сыртқа шығарылады.
Резорбтивті әсері.Жоғары мөлшерінде берілген алкогольдің әсері наркоздық заттарға ұқсас келеді.Оның ерекшелігі сол, ол суда тез еритін зат ретінде тек липидтерге бай ұлпаларда ғана жинақталып қоймай, бұлшық еттерде және паренхиматозды мүшелерде де жинақталады.Сондықтан да алкогольдік наркоз алу үшін, наркоздық заттарға қарағанда алкоголдің едәуір көп мөлшері қажет.
Толық наркоз сатысында тыныс алу орталығы әлсіреп, тыныс алу нашарлайды.Мұндай кездерде мөлшердің шамадан тыс берілуі жануарлардың өліміне әкеп соқтыртады, сондықтан да алкогольді толық наркоз алу үшін қолданбайды.
Алкогольдің жүрекке уыттылығы онша емес.Жеке бөлініп алынған жүрек жұмысын тоқтату үшін, хлороформға қарағанда алкогольдің 200 есе көп концентрациясы керек.Жануарларда алкогольдің әсерінен жүректің жиырылуы жиілеп, көп жағдайларда күшейеді.Едәуір мөлшерде бұл оның рефлекторлық әсерінен, ал көп жағдайларда жүрек тамырларының кенеюінен болады.
Рефлекторлық әсердің нәтижесінде алғашқыда қан қысымы жоғарылайды, сонан соң тамырды тарылтатын импульстердің әлсіреуіне байланысты жайлап төмендей бастайды.
Алкогольдің әсерінен зат алмасу айтарлықтай өзгереді.Бір жағынан, алкоголь мүшелердің қызметін нашарлатып, органикалық заттардың ыдырауын шектесе, екінші жағынан ол СО2 және Н2О-ға дейін тотығып, энергия көзі бола алады.Тотығу кезінде едәуір мөлшерде жылу бөлінеді.
Алкоголь азықтық заттарға қарағанда едәуір оңай ыдырап, қоректік заттардың организмге жинақталуына септігін тигізеді.
Аурудан сау, қонды мал үшін алкогольдің зат алмасуға әссерінің онша маңызы болмағанымен, азықтық заттарды қорытуы нашарлаған ауру және арық мал үшін оның энергетика көзі ретіндегі маңызы ерекше.
Алкогольдің ыдырауы кезінде бөлінген энергия мүшелердің қызметін арттырады.Мұны әсіресе олардың қызметі нашарлағанда айқын байқауға болады.Нашарлап әлсіреген организм өзіне керекті бүкіл энергияның 25 % -ға жуығын алкогольдің ыдырауы арқылы ала алады.
Ауру малға күре тамыры арқылы енгізілген алкогольдің аз ғана мөлшерінің өзі организмнің жалпы жағдайын жақсартады, қан айналу қалпына келеді, тыныс алу жиілейді, зат алмасу жақсарып, организмнің төзімділігі артады.Кейбір жағдайларда күре тамыры арқылы қолданылған алкоголь өкпенің іріңді және шіріме жаралар кезінде бұл құбылыстың өкпенің басқа бөліктеріне таралуына жол бермейді.Вена тамырына 20 %-ды алкогольді хлорды натрийдің изотониялық ерітіндісінде егу де жақсы нәтижелер береді.