«Егемен Қазақстан» газеті. 2003. 5 мамыр. 3-б.
399
МАХАМБеТТіҢ МӘҢгіЛіК МұҢЫ
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы Кеңес
өкіметі кезінде Компартияның идеологиялық ұстанымдарына
қарай зерттелді. оның өзін де поэзиясын да таптық тұрғыдан
бағалап, Жәңгір хан мен ел билеуші топқа қарсы қойдық, бұқараны
езуші таптың бітіспес дұшпаны етіп көрсеттік. Ақын өмірінің тек
көтеріліс кезеңіне ғана көңіл бөлдік те оның көтеріліске дейінгі
ғұмыры мен істері, көркем шығармашылығы назардан тыс қалып
жатты. Соның салдарынан Махамбеттің өмірі түгелімен ерлік
күресте өткен болып, ал поэзиясы тек жұртты соғысқа шақыруға,
ұрыстың өзіне, сондай-ақ, хан мен сұлтандарды әшкерелеуге
арналған сияқты болып көрінді.
Ақынның мұрасы – әдебиеттану ғылымының обьектісі де
болды. Алайда, зерттеу еңбектерде, негізінен, идеологиялық схе-
матизм мен орыс әдебиетінің үлгісімен талдау орын алды. Сөйтіп,
Махамбеттің шығармалары реализм, романтизм, оптимизм, пес-
симизм деген «измдер» тұрғысынан зерттелді. Белгілі бір аспектіде
бұл да қажет шығар. Бірақ көп жағдайда қазақтың ұлттық көркем
ойының даму заңдылықтары ескерілмеді. Соның салдарынан
Махамбеттің өзіндік ерекшелігі тар аяда, тек күрескер ақын деп
танылды. Ал оның өзіміздің көркем ойымызға қосқан үлесі және
өлең сөзді ойнатудың шеберлігі толық ашылмады. ол өзінен
бұрынғы поэзияны қалай пайдаланды, оған өзі не әкелді, ақын
қандай қоғамдық мәні бар проблемаларды шығармашылығында
қамтыды деген мәселелер, өкінішке қарай, тиісті дәрежеде сөз
болған жоқ.
Біздің мақсатымыз – осы бағыттағы алғашқы талпыныстың
бірі болғандықтан, аталған мәселелердің кейбіреуін қозғап, ой
бөлісу.
Ақын поэзиясында бейбіт өмірдің әдеткі тұрмыс-тіршілігі,
тыныштықта ойға шомған хал-жағдай жоқ, ол жайбарақат
өмірді білмейді де қабылдамайды. Махамбет – лаулаған от,
қызуы қатты шоқ. тиіп кеткен жерін өртейді. оған тиіскен
адам да жанады. Сол себепті оның өлеңдеріндегі образдар өте
жарқын әрі өте ірі. олар бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас
желіні құрайды. Ал, осы образдық желінің ар жағында дүниеге,
қоғамға деген ақынның көзқарасы, азаматтық позициясы және
саяси-әлеуметтік, философиялық дүниетанымы айқын көрінеді.
400
Өз кейіпкерлерін ол осы тұрғыдан бейнелеп, бағалайды. оның
кейіпкерлері – түгелімен тарихи тұлғалар, сондықтан ақын олар-
ды барынша нақты әрі өмірге сәйкес етіп көрсетеді. Әлбетте,
поэзия болғандықтан мұнда әрбір адам сол бойында, фотосурет
сияқты емес, ақындық эмоция мен өнердің шарттылығы негізінде
суреттеледі. осы тұста Махамбет көркемдеудің небір ұтымды
амалдары мен әдістерін, тәсілдерін пайдаланады. Әсіресе, ол па-
фос, гротеск, сарказм, кейде әсірелеу сияқты құралдарды өте
шебер қолданады. Мақтаса – аспандатып, әуелетіп, жамандаса
– жерге тығып, таптап, күйінсе – күйдіріп, күңірентіп, қуанса
– сүйіндіріп, сүйсінтіп айтады. онда орташа жағдай, бей-жай,
немқұрайлы күй болмайды. Міне, Махамбеттің Жәңгір ханға,
Баймағамбет сұлтанға айтқандарын осы тұрғыдан түсінгеніміз
абзал. ол шығармалар –нағыз поэзиялық өнердің туынды-
сы. ол өнерді түсіне білу керек. Ендеше, өмірдегі Жәңгір де,
Баймағамбет те, Махамбет суреттегендей емес, Махамбеттің
жасаған поэзиялық образдары екенін ескеру қажет.
Жалпы, Махамбеттің бұл шығармалары – көтеріліске
қатысты туғанымен, екі жақтың бітіспес өшпенділігін паш ету-
ге арналған дүниелер ғана емес. Әміршіге қарата сөз айту –
қазақ поэзиясында ежелден келе жатқан дәстүр. Асан қайғының
Жәнібек ханға, Шалкиіздің Би темірге, Жиембеттің Есім ханға,
Бұқардың Абылай ханға, Сүйінбайдың тезек төреге айтқандары
қазақ қоғамында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген
қағиданың ертеден орнығып, сөз бостандығы мен ой азаттығы
әрқашан іс жүзінде болғанын айғақтайды. Рас, бұрынғы жы-
раулар осы қағиданы негізге ала отырып, әміршіге деген өзінің
оппозициялық ойын айтумен ғана шектелген. Ал, Махам-
бет тек айтып қана қоймай, ашық күреске шығады, өйткені ол
әділетсіздікке төзе алмайды. оны қарулы қарсылыққа шығарып
отырған нәрсе – тек қана бұл емес-ті. Көтеріліс жасаудың
коғамдық-саяси сәті түскенін айту керек. Егер Асан мен Бұқар
жыраулар қазақ елінің жеке мемлекет болып тұрған кезінде өмір
сүріп, хандықтың мықты болуын көздеп, этатикалық идеяны
қолдайтындықтан әміршімен ашық күреске
шыға
алмаса, Махам-
бет заманында жағдай мүлде басқаша еді. Қазақ халқы біртұтас
мемлекеттіктен айырылып, Ресейге бодан болған шақтағы
ханның халі – вассалдық қана болатын. ол Ресей патшасының
бұйрығымен тағайындалып, қазақ жерінде Ресейдің мүддесін,
401
оның саясатын жүзеге асыруға міндетті еді. Мұндай жағдайда
қазақтың өз мемлекетін сақтау, күшейту керек деген идея
мен көзқарас қазақ қоғамында болған жоқ. Сондықтан ханға
қарсы күрес – қазақ мемлекеттігіне қарсы қарсылық деп
қабылданбайтын түсінік қалыптасты қоғамда. Керісінше ханмен
күрес – елдің азаттығы мен әділеттілік үшін күрес деп ұғынылды.
Міне, осындай жағдайда Исатай мен Махамбеттің бастаған
көтерілісінің бұрқ етуі таңғаларлық нәрсе емес. Өйткені, ол
кездегі хан қазақтың дербес мемлекеттігінің символы да, кепілі
де емес-тін. Сол себептен көтерілістің басшылары да, сарбазда-
ры да өздерін қазақ мемлекеттігіне қарсымыз деп ойламған. олар
Ресей басшылары мен ханның бірігіп, қазаққа қарсы жасаған
әділетсіздіктерін жою үшін көтеріліске шықты.
Жалпы Махамбет поэзиясынан оның өмірі мен шығарма-
шылық жолының бірнеше кезеңнен тұратынын байқауға болады.
Айталық, алғашқы кезеңі – Жәңгір ордасына келгенге дейінгі
және ордада жүрген мезгілі. Жылмен есептесек, бұл 1821–1827
жылдарға сәйкес келеді. осының соңғы 4-5 жылы ордада жүрген
уақыты деп шамаланады. Екінші кезеңі – Махамбеттің орда-
дан аласталып, елді көтеріліске үндеген шағы деуге болады бұл,
1829–1835 жылдар шамасы. Үшінші кезеңі Махамбеттің тікелей
көтеріліске қатысып, оның идеологы болған тұс, яғни 1836–1838
жылдар. төртінші кезеңі – көтеріліс жеңіліп, Махамбеттің
қуғынға түсуі. Әлбетте біздің бұлай төрт кезеңге бөлуіміз –
белгілі бір дәрежеде шартты, өйткені, Махамбеттің бүкіл өмірі
туралы нақты құжаттар мен басқа деректер жеткілікті емес. Бар
сүйенгеніміз – ақынның шығармалары мен көтеріліске қатысты
Махамбет туралы ақпарлар.
Өкініштісі сол – Махамбеттің алғашқы кезеңдегі туын-
дылары бізге жетпеген. дей тұрғанмен, оның кейбір өлеңдері
көтеріліске дейін туғанға ұқсайды. олардың бәзбіреулері,
мазмұнына қарағанда Махамбеттің хан ордасына барғанға
дейін айтылған сияқты көрінеді. Зады, Жәңгір хан Махамбетті
өз ордасына тегіннен-тегін шақырмаған тәрізді. ордаға дейін-
ақ Махамбет – өр мінезді, өжет жігіт, от тілді, қадірлі болмаса,
Жәңгір оны несіне шақырсын? Қазақ мемлекетінде ертеден
қалыптасқан дәстүр бар-ды. Атақты жырауларды хандар өз орда-
сына шақырып, қасында ұстаған. Жәңгір де осы салтты сақтап,
Байтоқ сияқты белгілі жырауды, Махамбеттей азулы ақынды
402
жанына алған. тек Байтоқ пен Махамбет екі түрлі ұстанымдағы
адамдар болып, Байтоқ бұрынғы жыраулардың панегирикалық
поэзиясын ғана жалғастырса, Махамбет баяғы классик жырау-
ларша әміршіге оппозицияда болып, қарулы қарсылық көрсетті,
көтерілісті басқарды. Сөйтіп жыраулардың жауынгерлік поэзия-
сын дамытты және қазақ әдебиетінде ұлт-азаттық поэзиясының
(повстанческая поэзия) негізін қалады.
XV ғасырда құрылған Қазақ хандығы үш ғасыр бойы сыртқы
дұшпандардан қорғанып, үнемі соғыс жағдайында болғаны
белгілі, картаға мемлекеттің тағдыры қойылғандықтан, ханнан
бастап, би мен батырларға шейін, бүкіл ел жақсылары, солардың
ішінде жыраулар да қоғам алдында тұрған өзекті мәселе – ең ал-
дымен мемлекетті сақтап қалу деп білген. Сол себептен олардың
барлық ісі соған бағытталған, ал, жыраулар өз шығармаларында
жырлап, жауынгерлік поэзияны алға шығарған.
XIX ғасырдан қазақ қоғамы үшін енді сыртқы жаудан қорғану
үшін емес, қазақ мемлекетін жойып, халықты отарлаған Ресей
қақпанынан құтылу – ең ауыр мәселе болып, әдебиетте ұлт-
азаттық идеясы орнықты. Міне, Махамбет осы жаңа бағыттағы
поэзияның көшбасшысы болды. одан кейінгі әдебиетте ұлт-
азаттық идеясы тағы бірнеше бағытта көрінді. Айталық, халықтың
мұңын жоқтау, елді отырықшылыққа шақыру, оқу мен білімге
үндеу сияқты. Ал, Махамбет болса, қолға қару алып күресу, сөйтіп
азаттық алу, әділеттілік орнату қажеттігін жырлады. осы жағынан
алғанда, Махамбет – күрес (повстанческая) поэзиясын, содан
туындайтын саяси – азаматтық лириканы қалыптастырушы де-
сек те орынды.
Егер хан ордасынан кеткенге дейін шығарылған болу керек
деп санайтын Махамбет өлеңдеріне шолу жасасақ, оларда сая-
си ой жоқ екеніне көз жеткіземіз. Мұндай шығармаларда күрес
сарыны әлі айқын емес, көбінесе тіршіліктің әртүрлі құбылыс –
жағдайлары туралы жырауларша толғау басымырақ. Махамбеттің
өзінен бұрынғы жасаған жыраулардың өлең-толғауларын түгелге
жуық жатқа білгені ақынның туындыларынан айқын көрінеді.
тіпті, шығармашылық өмірінің алғашқы кезеңінде, жастау
шағында, соларға еліктеген де секілді. Мәселен, Қазтуған сияқты
(«Бұдырайған екі шекелі») Махамбет те өз портретін жасап,
көркем суреттеген:
403
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі.
Жараған теке мүшелі,
Жаурыны жазық,
Мойыны ұзын,
оқ тартарға қолы ұзын. –
деп келеді де, осыған қоса өзіне мінездеме беріп, өзінің қандай
адам екенін айтады:
дұшпанына келгенде,
тартынбай сөйлер асылмын.
Құла бір сұлу ат мінген,
Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
дуылғалы бас кескен,
ту түбінен ту алған,
Жауды көріп қуанған,
Мен Өтемістің баласы,
Махамбет атты батырмын
(«Еңселігім екі елі»)
Былай қарағанда, бұл өлең Махамбеттің батыр ретінде жұртқа
танылып, әбден толысқан кезеңінде туған сияқты көрінеді. Алай-
да, кемеліне келген адам өзін «батырмын» деп айта қоймас.
Керісінше алда арманы көп, албырт шағында адам өзін барын-
ша артық бағалап, максималист болады. Махамбет те сол бозба-
ла тұсында өзін елден асып туған батыр сезінген. Сондай болу-
ды көздеген. Сол ойын ашық айтып, өзінің образын сомдаған.
ол өзінің бет әлпетін, дене құрылысын, суреттеумен қатар, өзін
жұртқа таныстырады. Сөйтіп өзінің кім екенін, қандай адам
екенін, нені көксейтінін, нені жақсы көретінін хабарлап, тіпті
өзінің мінезін, әрі өзінің астындағы атын да сипаттаған. осы
өлеңнің өзінен-ақ Махамбет ертеден қалыптасқан «ер азығы –
жолда» дейтін шартпен жүретін жортуылшы номадтың идеялын
– ұзақ та, қауіпті жолға жалғыз шыға беретін, қанша жүрсе де
талмайтын, шаршамайтын, ештеңеден тайсалмайтын, ешнәрсені
талғамайтын, ер-азаматты қалайтынын көру қиын емес.
Жалпы, Махамбеттің бізге жеткен шығармасының саны –
80-ге жуық болса, соның 20 шақтысы көтеріліске дейін туғаны
сезіледі. Солардың біразын жас ақын жыраулық дәстүрді
404
ұстанғаны көрінеді. ол бірде ежелден қалыптасқан, көп жырау
қолданған тіпті эпосқа да кірігіп кеткен тұрақты формулалар мен
шумақтарды пайдаланса, бірде көрген-түйгені мол мосқал адамша
нақылдап сөйлейді, ендігі кезекте ақыл айтып, көп нәрсені қорыта,
жинақтай баян етеді. Мәселен, көтерілістен бұрын шыққанға
ұқсайтын бір өлеңі – «Арғымақтың баласы». Мұнда да Махамбет
бұрынғы жыраулық үрдісті сақтап, нақыл айтады дүниедегі текті
адамдар мен асыл жануарлардың, басқа да нәрселердің басты-
басты қасиеттерін сипаттап, неге солай деген сұраққа өзі жауап
береді:
Арғымақтың баласы
Арығанын білдірмес,
Арқамнан қосым қалар деп.
Хас жақсының баласы
Арада тұрып сөйлемес,
Жауым таба қылар деп...
(«Арғымақтың баласы»).
Ақынның осы өлеңі – жоғарыдағы біздің ойымызды толық
дәлелдесе керек. Шынында да Махамбет өзінен бұрын өмір
сүрген жырау мен ақындарды үлгі тұтқан, өзі соларға ұқсауға
тырысқан, ал шығармашылығында олардың жыр-толғауларын
қажетінше пайдаланып отырған. Бұл жерде Махамбет біреудікін
алды немес пайдаланып кетті деген ой тумауға тиіс. Себебі орта
ғасырларда, Махамбет заманында да әдебиеттегі авторлық ту-
ралы ұғым басқаша болған. Әсіресе, ауыз әдебиетінде ақын
– жыраулар өзіне дейінгілердің өлең-жырларын сақтай оты-
рып, өз жанынан да қосып отырған. оның үстіне ауызша туып,
ауызша орындалып, ауызша тараған поэзияда бір тіркестер
тұрақты формаға айналып бірден бірге көшіп жүреді. Бұл – ауыз
әдебиетінің өз заңдылығы. Ауыз әдебиетінде бір шығарманың
екі-үш варианты болуы да осыдан. Соған қарамастан, әр ақын,
егер арнайы түрде өзінен бұрынғы ақынның шығармасын орын-
дайтын болса, оның сөзін ұстазынан үйренген, я болмаса басқа
біреуден естіген күйінде айтуға тырысқан. Ал ондай мақсат
болмаса оған өз сөзін де қосып жіберетін болған. Махамбет те
осы дәстүрді ұстанғанға ұқсайды. оның кейбір өлеңдерінде
Қазтуғанның, Шалкиіздің, доспамбеттің Ақтамбердінің бірен-
саран тармақтарының кездесуі осы дәстүр тұрғысынан түсінген
405
жөн. Махамбет байырғы жыраулар сөзін түрлендіре, ойына ой
қоса қолданады. Жоғарыдағы үзінді келтірілген «Арғымақтың
баласы» деп аталатын шығарма Қазтуғанның «Белгілі биік көк
сеңгір» деген толғауына өте жақын, бірақ Махамбеттің өзіндік
сөз қолданыстарының арқасында жаңа туынды болып шыққан.
Хан ордасында жүрген кезінде Махамбет босқа жүрмегені ай-
дан анық. Әу-баста ханмен де оның адамдарымен де белгілі бір
қатынаста болғаны күмәнсіз. талай ақыл-кеңес айтып, орда-
да беделді болған да шығар. Әйтпесе, Жәңгір хан оны баласы
Зұлқарнайынға тәлімгер етпес еді. Сонымен қатар жас кезінен
қанына сіңген тектіліктің жолы естігендері мен көргендері,
көңіліне түйгендері оған өзін тәуелсіз ұстауға да негіз болғаны
шүбәсіз. Мұны біз Махамбеттің шығармаларынан байқаймыз.
Мысалы, «Арғымақ, сені сақтадым» атты толғауында ол көпті
көрген дана жырауша адалдық пен арамдық жөнінде, жақсы адам
мен жаман адам туралы ой толғап, маңызын ешуақытта жоймай-
тын, ескірмейтін мәселені қозғайды:
Жақсыменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң.
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлек деп,
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Жәңгірдің маңайындағы, сарай ішіндегі кейбір беделді
адамдардың әділетсіздігін, опасыздығын көрген Махамбет өзіне
қатысты да кейбіреулердің осылай істегенін сезген болар. Өзімен
жақын, дос боп жүрген адамдардың екіжүзділігіне көзі жеткен
ақын жақсы – жаманды бинарлық оппозиция түрінде беріп,
адалдық пен арамдықты, өмір мен өлімді қарсы қою арқылы елді
адал болуға, тіршілікте пайдалы іс атқаруға, өлімнен қорықпауға
шақырады («Өлім – хақтың пәрмені»). Сондай-ақ бұл өмірдің
өткіншілігін қарт абыздай еске салып қояды. («Өте шыққан қызы
гүл – бұл дүниенің жалғаны»). осылайша бірте-бірте ақын са-
406
рай адамдарымен, бірінші кезекте ханның өзімен қайшылыққа
келеді. Өзінің өмірге, адамдарға деген ұстанымы мен болып
жатқан оқиғаларға көзқарасының сарай адамдары мен ханның
ұғым-түсініктерінен мүлде алшақ екенін байқаған Махамбет
алғашында жай сөзбен ескертіп, ойын жыр-толғау арқылы
жеткізуге тырысқан сияқты. олай дейтініміз Жәңгір өзінің
орынбордағы басшыларына жазған бір хатында Махамбетті «не-
годяй», айтқанға көнбейтін «бұзық» дейді. Соған қарағанда, екеуі
кетіскенге дейін бір-бірімен біраз уақыт ортақ тіл табыса алмай,
әуре – сарсаңға түскен тәрізді. Қалай болғанда да, Жәңгір мен Ма-
хамбет бірден шарт кетіспегені анық. Екеуі де бір-біріне бас игісі
келмеген, әрқайсысы өз позициясын жөн деп білген. Жәңгір өзін
ақсүйек ханмын десе, Махамбет өзін елге беделі асқан, ардақты
ақынмын, қайтпас батырмын деп есептеген. Ендігі жерде ханмен,
би-қожаларымен бірге болудың еш мүмкін еместігіне көзі әбден
жеткен соң, Махамбет Жәңгір ордасынан кетуге бел байлап, хан-
мен ашық шекіседі де, оның сарайынан кетеді. Кетерінде ақын
оларға былай дейді:
он екі төбет, шұнақ хан,
Шабатының ел екен,
Күндейтінің мен екем,
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу –
Мендей ерге жөн екен!
(« Махамбеттің ордадан кетерде ханға айтқаны»).
Бұл – 1826–1827 жылдар шамасы. осыдан бастап, Махам-
бет бірнеше жыл бойы халықтың қалың ортасында болады, Иса-
таймен бірігіп, өзінің «хан ұлына қас болу, қара ұлына бас болу»
мақсатын жүзеге асыру бағытында аянбай еңбек етеді. Сол екі
арада 1829–1831 жылдары Калмыковка абақтысында отырып
шығады. Қамалу себебін Махамбет 1836 жылғы 10 желтоқсан
күні берген жауабында осыдан алты-жеті жыл бұрын орал ше-
карасынан жасырын өткенім болды деп айтады. Біздіңше, Ма-
хамбет шынайы айтпай, тергеушіні алдап соққан. Ақиқатында,
1828–1829 жылдары Қайыпқали Ешімов бастаған көтеріліске
қатысқан болу керек. ол толқу да Жәңгірге қарсы болатын,
себебі Қайыпқали сұлтан ретінде хан тағынан дәмелі еді. осы
жағдайдың бәрі Махамбетті ширықтыра, оның ханға деген
407
өшпенділігін арттыра түседі. Бұдан былай ол елді көтеріліске
үндеуді күшейтіп, біралуан өлең-жыр шығарады. Сондай
шығармасының бірі – «Беркініп садақ асынбай» атты өлеңінде
«Үйде жатқан жігітке төбеден тегін атақ болар ма?» – деп, аза-
маттарды тәуекелге, қимылға шақырады. Жаумен шайқасуға
даяр болуды айтады. осы жолда небір қиындықтар болатынын,
бірақ қиналмай, шаршап-шалдықпай нәтижелі іске, жеңіске
жету мүмкін еместігін ескертеді, нендей ауыртпалыққа болса да
шыдау керектігін, үлкен мақсат жолында жан тыныштығын ойла-
май, «ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып... түн қатып
жүру» қажет екендігін баса айтады. осындай жүрісте «атақты
ермен бірге өлсе, жігіттің болмас арманы!» – деп, адамдарды
қайраттандырады, қарындастың қамы үшін, қатын менен бала
үшін» жанды пида етуге әзір болуды паш етеді. Міне, осындай
шешіммен, тәуекелді көңіл-күймен Исатай бастаған көтеріліске
жай ғана қатысып қоймай, оның басты идеологы, жаршысы әрі
ержүрек сарбазы болады. осыдан былай Махамбет өмірінде
үнемі жортуыл мен жаугершілік кезеңі басталады. Ақынның он
бестей шығармасы осы шақта туған деуге болады.
Көтеріліс барысында туған Махамбет жырлары қолмен ұстап
көретіндей көрнекі, нақты, аса әсерлі, әрі шыншыл, олар ешқандай
күмән туғызбайды. Көтерілісшілер үшін бұл шығармалардың
маңызы орасан зор болғаны – айдан анық. Ақынның қолма-қол
шығарып, жұрт алдында айтқан өлең-толғаулары сарбаздардың
көңіл-күйіне, рухына ғаламат әсер етіп, олардың жігерін қайраған,
намысын қозғаған, ерлік сезімін оятқан. Бұл кезде Махамбет
– нағыз жауынгер ақын, ержүрек батыр. Сонымен қатар оның
поэзиясынан біз талантты да жалынды үгітшіні, дана тәлімгерді,
қажымас сарбазды көреміз. ол өте батыл болуымен бірге барын-
ша тәуекелшіл. осы қасиетімен Махамбет көне түркілік өмірдің,
түркілік мінездің ерекшеліктерін еске түсіреді. Қандай жағдайда
болса да ат үстінде жүретін, әр сәтте дұшпанмен шайқасқа дайын
тұратын, алған бетінен қайтпайтын, өштессе өлгенше қоймайтын,
қай кезде де өзін еркін ұстайтын түркі азаматы осы Махам-
беттен көрінеді. Ежелгі дәуірдегі қаталдық та, қатыгездік те,
бірбеткейлік те, көзсіз батырлық та Махамбеттің өзінде де, оның
кейіпкерлерінде де бар. оның көтеріліс кезеңіндегі поэзиясының
өзі – ескі түркілердің жауынгерлік әдебиетінің қазақ қоғамын-
дағы жаңғырған түрі десе де болады. Сол Күлтегін, Білге қаған
408
жазбаларындағы сияқты Махамбеттің көтеріліс тұсындағы
өлеңдері оқиғаны нақтылап суреттеуімен ерекшеленеді. оның
ең басты себебі – Махамбет көтерілістің қай кезеңінде болса да
сарбаздардың қалың ортасында, шайқастың майданында болуы,
бәрін көзімен көруі және көтерілісшілердің тағдырын бөлісуі.
Көтеріліс тұсындағы сәтті де, сәтсіз де әрекеттер ақынды
бей-жай қалдырмаған. ол әрбір маңызды оқиғаны өлең етуге
тырысқан, сарбаздарына рух беріп отыруға күш салған. Көтеріліс
барысында бірнеше қақтығыс болғаны белгілі. Солардың
бірінде, бәлкім, сәтсіз қақтығыстан кейін болар, Махамбет өзінің
серіктерінен қайсар болуды талап етіп, көтерілістің қиын екенін,
көп ауыртпалық болатынын еске салады:
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске!..
(«толарсақтан саз кешіп»).
тағы бір өлеңінде:
Қанды көбік киініп,
Бір Аллаға сиынып,
Ұрандап жауға тигенде
Кім жеңері талай-ды,
Жолдастарым, мұңайма! –
(«Мұңайма»)
деп, сарбаздарды рухтандырады, шайқас кезінде жеңіске жетуге
болатынына сендіреді.
Жалпы, көтерілістің алғашқы кезінен бастап, соңына дейінгі
аралықта болған үлкен ұрыстар да, күтпеген жерден жауға тап
болып шайқасқан сәттер де Махамбет поэзиясында қамтылып
отырған. Айталық, алғашқы ұрыстардан кейін «толарсақтан саз
кешіп», «Мұңайма» секілді өлеңдер туса, жауға тап болған шақта
«Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын» деген өлең айтылған
сияқты («Кезенген жауға кез келдік жалаң найза»). Ал Исатайдың
хан ордасын шаппай, көтерілістің іркіліп калған шағында туған
«Исатай деген ағам бар» атты толғауы үлкен сәтсіздікке ұшыраған
әрекетті баяндайды.
409
осы, тағы басқа біраз өлең-жырында Махамбет шайқас
эпизодтарын, ұрыстың барысын нақтылап суреттейді. Мыса-
лы, атақты «Соғыс» өлеңін алайық. Мұнда ақын кәдімгі ұрысты
көрсетеді. оның қай жерде, кіммен болғанын және қалай өткенін
тәптіштеп, детальдап айтады. Шағын ғана шығарма бірнеше
эпизодты қамтыған: қолдың жиналғаны, оның – Бекетай құмға
барғаны, басшысы – Исатай, қосшысы – Махамбет болғаны,
әскердің Бекетай құмындағы ағаш үйлерге түнеп, түнімен
дайындалғаны, таң атқан соң қас жауды көргені, орыс әскерінің
мылтық пен зеңбіректі қолданғаны, Ерсары мен Қалдыбайдың
бірдей оққа ұшқаны, сарбаздардың бытырағаны...
Қазақ әдебиетінде бұрын соғыс сахнасын дәл осылай көрнекі
әрі нақты етіп ешкім суреттеген емес-ті. тек батырлық жыр мен
кейбір жыраулардың өлеңдерінде шайқастың барысы баяндала-
ды, бірақ оларда әрбір эпизод мұншалықты жинақы, әрі жүйелі,
бірінен соң бірі көрсетілмейді. Рас, Махамбет бұл өлеңінде
эпостың дәстүрінен де кашпайды, оны ұтымды пайдаланады.
Әсіресе, көтерілісшілердің қалың қол болып жиналғанын, ұрыс
алдындағы Исатайды, оның астындағы атын бейнелеген тұста
эпос стилі үстемдік еткен:
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер білінді,
Исатай – басшы, мен – қосшы,
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды.
Астына мінген Ақтабан
Ақ бөкендей ойнайды.
Артына ерген көп әскер
Маңыраған койдай шулайды.
(«Соғыс»).
Міне, Исатай – кәдуілгі эпос батыры. ол қалың жаудан беті
қайтпайтын ержүрек қолбасшы, ал оның мінген аты – нағыз
батырға лайық тұлпар. оның Ақтабан аталуы, ақ бөкендей ойна-
уы – батырлық жырдың әсерін қабылдау белгісі.
Көтерілістің әр кезеңінде туған Махамбеттің өлеңдері бір
ұрыстың өзін ғана емес, әр ұрыстан бұрын, я болмаса одан
410
кейін болған жағдайларды суреттеуге арналған. Көбісінде ақын
сарбаздардың, өзінің иен далада түн қатып жүргенін, ойлағаны
іске аспай, шаршаған жолдастарының көңіл-күйін көрсетеді
де, оларға арнап жалынды сөздер айтады, істің нәтижемен
аяқталатынына, Жәңгір ханды мұқататынына сенім білдіреді.
осындай шығармалар қатарына: «Әрайна», «Мұңайма», «Алты
күндей алаулап», «Құлжа қуған текешік» атты толғауларды қосуға
болады.
Махамбет Өтемісұлының көтеріліс жеңілгеннен кейінгі өмірі
мен тағдыры – сан жағынан алғанда, ең көп шығармасының
арқауы. Ақынның бұл кезеңдегі туындылары ой тереңдігімен,
философиялық түйіндерімен, лирикалық нәзіктігімен, психоло-
гиялық тебіреніс, толғамдарымен ерекшеленеді.
Алғашқы ірі қақтығыста көтерілісшілер жеңіліп, Махамбет
пен Исатай аз ғана топпен Жайықтың сол жағына өтіп, жұбы жа-
зылмай отырған Әлім мен Адай жұртына келеді де, қайтадан қол
жинап, көтерілісті жалғастырады. Алайда, бұл жолғы шайқас та
сәтсіздікке ұшырайды. Исатай қаза табады. Көтерілістің осы екі
кезеңі де Махамбет поэзиясында көрініс тапқан. Ақын бірінші
шайқастың барысын «Соғыс» атты өлеңінде тап-тұйнақтай етіп,
жинақы әрі толық суреттесе, одан кейін Жайықтың бергі жағына
өтудің қажет болғанын айтып, Исатайды үгіттегені көрінеді:
уа, Иса-еке, Иса-еке,
Кел, кетелік, кетелік,
Кетіп, бір Жайық өтелік.
(«Кел, кетелік»).
Жайықтан өткеннен кейінгі жағдайды ақын бірнеше
шығармасында баяндайды. Солардың ең басында «Әй, Махамбет,
жолдасым» деген Исатай атынан айтылған өлең тұр. Ақын өзінің
бүкіл ойын, бірінші рет Жәңгір ордасын қамап алып, ханның
«бекзаттығына» сеніп, кері қайтуының қате болғандығын, сөйтіп
көтерілістің жеңіліске ұшырағанын, содан соң Жайықтан өтуге
мәжбүр болғанын Исатайдың өз сөзі етіп, мойындата сөйлетеді.
Жайықтан өткеннен кейінгі Исатайдың көңіл-күйін айту арқылы
Махамбет өз жағдайын да көрсетеді:
Әскерім кетіп қасымнан,
Жапанда жалғыз қалғасын.
411
Өкінгенмен пайда жоқ,
Құдайым басқа салғасын...
Бір уақыттар болғанда,
Көктей өтіп Жайықты,
Бір қасық ішкен қара су
Жұмасына ас қылдым...
(«Әй, Махамбет, жолдасым»).
осы өлеңінде Махамбет көтерілістің басшысы Исатайдың
жаудан қашып, өзінің серіктерінен айырылып, жалғыз қалған
сәттегі жан дүниесін, сол арқылы өзінің де қиналысын сипат-
тайды. Исатайды елмен, досымен қоштасқан етіп суреттеуі оған
жаңа өспірім Жақияны Махамбетке тапсыртуы – бір жағынан
Махамбеттің көкейінде жүрген арманы болуы керек. Кейін
Жақияны ұстап берген Шүрен деген кісіні «Мен нарыннан
кеткенмін» деген өлеңінде мұқатып, «Жақияны ханға бергендей,
// Шүрен саған не еткенмін?» – дейді.
Исатай қаза болғаннан кейінгі Махамбет өмірі екі кезеңнен
тұрады. Біріншісі – сол Жайықтың бергі жағына шығып, қайта
қол жинауға күш салып, көп әрекеттенген кезі. Екіншісі – ол
ойы жүзеге аспай, сегіз жыл сергелдең қуғында болуы және
сатқындықпен өлтірілуі.
Адай мен Әлім жұртынан қол жинап, елді қайта көтерем деген
ниеті мен осы бағытта атқарған істері барысында Махамбеттің:
«Әй, Шонты би» «Айныман», «Жайықтың бойы көк шалғын»,
«Алтын жақса, жарасар», «Аймақ көл», «Біз неткен ер» секілді
шығармаларынан аңдауға болады. осы өлеңдердің біразы
елдің игі жақсыларына азаматтарға арналған да, ақын оларды
әділдік үшін, елдің қарапайым жұрт пен кәдімгі бала қамы үшін
көтеріліске шығуға шақырады. Бірақ, алғашқы жойқын соққыдан
шығын шегіп беті қайтқан жұрт оның артынан ере қоймайды.
Махамбет аз ғана сенімді серіктерімен жалғыз қалады. осы ме-
зеттен бастап, оның сергелдеңі басталады. Өшігіп алған жаула-
ры оған тыным бермейді. Ақын қайда барса да, соңында тыңшы
жүреді.
Сөйтіп, Махамбет жалғыздықты сезініп, өзінің ойлағанын
жүзеге асыра алмағанына, өзін көпшіліктің түсінбегеніне
күйініп, қапаланып, өлең-толғаулар шығарады. Бұл – Махамбет
өмірі мен шығармашылығы жолындағы ең ауыр жан күйзелісіне
толы кезең. оның мұңға толы бай, көркемдігі кемел өлеңдері
412
мен толғаулары осы мезгілде туған. олар – ескермейтін, сыры
мен сыны бұзылмайтын, таза поэзия үлгілері. Өйткені мұнда
«әлемдік мұң теориясына» («теория все скорби») лайық терең де
тұнық сезім, шынайы да мәңгілік тұлғаға айналған әр адамның
басында жүрегінде болатын мұң, күйік, тарығу, жабығу – жал-
пы айтқанда, өз заманынан, қоғамынан озған сол себепті түңілген
ойшыл жанның жалғыздықтан шеккен жан азабы бар. Мұндай
әлемдік мұң Гейне, Байрон, Пушкин, лермонтов, Абай, Мағжан
сияқты ұлы ақындар поэзиясына тән. Сол себепті олардың
мұрасы өміршең, әр дәуір, әр ұрпақ, кез-келген ұлт пен қоғам
оларды жай ғана оқып қоймайды, қадірлейді, қастерлейді. Міне,
Махамбеттің көтерілістен кейін туған шығармаларының дені
осындай. Мысалы, «Мінкен ер», «Мұнар күн», «Аспанда ұшқан
ақ сұңқар», «Қайда бар?»; «Абайламай айырылдым», «Істеген
ісім кетті далаға», «Өлең айтып, толғадым», «Қаршыға деген бір
құс бар», «Қалы кілем, қара нар», тағы басқа да бір топ туынды –
Махамбетті ойшыл да лирик ретінде танытады.
Махамбеттің бұл тұстағы шығармаларының айрықша қасиеті
–философиялық ой-толғамға, психологиялық параллелизм-
ге құрылып, ақын өз тағдырын жалпыға ортақ байлам, ақиқат
түрінде және табиғаттың құбылысына, аң-кұстың мінез-құлқына,
ісіне баламалап, әсерлі сипаттайды, сондықтан оларда сезім мол,
сезімнің әр алуан түрі бар. Бірде шаршаған, бірде жалыққан, бірде
ашынған, бірде тарыққан, енді бірде өткендегі жақсы күндерді
сағынған, соларды армандаған ақынды көреміз. Өкініш те, күйіну
де, жабығу да, тіпті түңілу де – бұл шығармаларда орын алған.
«Қайда бар?» атты өлеңінде осы кездегі өз жайын ақын былайша
баян етеді:
Қатын, бала, қара орман,
Баршасын жауға алдырған,
Құрулы жатқан жебеге,
Құрсағынан шалдырған,
Асыра келіп ойласам,
Бұ заманның шағында,
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар?
Бұл мұң – қара басының қамынан туған емес. Бұл – жалпақ
жұрттың түсінбегенінің, жаудан жеңілгенінің мұңы емес,
413
керісінше – қайраты, абройы-атағы беделі дұшпаны бола тұра
оған тиісті дәрежеде төтеп бере алмаушылықтың мұңы. Бұл
– өзімен бірге күреске шығып, қаза болғандарды сағыну, со-
лармен өткен күндерді аңсау. Ең ақыры, бұл – өзінің алдында
құрдай жүгіріп, айтқанына еріп, айдағанына көнген жандардың
қуғындауы, пұшайман болуы мен қорлануының күйкі тағдырға
налуы. «Ертеден кешке шейін зарықтырып Бермей ме екен
құдайым // Біздей тарыққанның тілегін», –деп мұңаяды ақын.
«тілек», «нарында», «Біткен істің міні жоқ», «Арғымаққа
оқ тиді», «Мен – ақсұңқардан туған құмаймын», «Мен – тауда
ойнаған қарт марал» «Мен едім», «Менің атым – Махамбет»,
«Қызғыш құс», «Желден де желгір ақ бөкен» секілді шығармалары
Махамбеттің азаматтық «мені» мен ақындық «мені» ажырамас,
біртұтас ұғым категорияға айналғанын көрсетеді. Бұл ақынның
Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінде айқын бедерленіп тұр.
Бұларда мұңаю да, айбат шегу де, өкіну де, үміт те бар. Алуан түрлі
сезім бір бойда тоғысып, буырқанып, бұлқынып тұр. «Құсалықпен
өтті ғой Махамбеттің көп күні» – деп, аһ ұрғанымен, ақын өзін
жеңілдім, соған көндім деп, құлдық ұрмайды. оның рухы биік
жалғыз қалса да ол айбарлы, реті келсе, кегін алуға даяр:
Жалаулы найза майрылып,
Жау тауымды шаққанын,
дұшпан қайта қайрылып,
туымды менің жыққанын,
Енді қайтіп ұмытармын?!
Алайда бір шендессем,
Ауыр жүкке кездессем,
Қара нардай-ақ
Саздауға қарсы жұлқармын! –
дейді Махамбет «Қылыштай қиғыр алмас ем» атты өлеңінде.
Махамбет – тек көтерілісті жырлап, жауды жеңуді ғана
көксеген ақын емес. оның қоғам туралы, оны кім түзете ала-
тыны жайында әділеттілік жөнінде, азаматтық идеалы жүйелі
түрде болмаса да әртүрлі шығармада там-тұмдап айтқан ой-
пікірлері бар. Бұл жерде Махамбет өзін – ойшыл ақын ретінде
танытады. Мысалы, оның ел билеген адам елдін бәріне бірдей
әділетті және қайырымды болуға тиіс («Алтын тақты хандардың
// Хандығынан не пайда, // Қаріп пенен қасірге // туралық ісі
414
болмаса»), ал ханның тағдыры халықтың қолында болуы қажет
(«Халық қозғалса // тұра алмайды хан тағында-ай»). Сол сияқты
қамын жейтін тұлға болмаса, тобырдың тындыратыны шама-
лы («Ханнан қырық туғанша, // Қарадан бір-ақ тусайшы, //
Халықтың кегін қусайшы»). тектілік пен тексіздік тұрмысқа бай-
ланысты емес қарада да қара бар // Хан ұлы басып өткісіз деген
тұжырымдар Махамбеттің көп мәселеге бөлгенін және көп ойла-
нып, өмірден не түйін жасағанын дәлелдейді. тіпті кей тұсында
Махамбет жалпы адамзаттық мәні бар проблемаға да қатысты ой
білдіреді. Мәселен, қайткен жағдайда жігітті ер деу керек және
оның ойлаған ісі қандай шақта жүзеге асатынын санамалап келіп
ақын «Өзіңнен туған жас бала // Сақалы шығып жат болмай», –
дейді. Егер осы сөздің байыбына бара алсақ мұнда кәдімгі әлемге
әйгілі «жат болу» «безіну теориясының» («теория отчуждения»)
идеясы жатыр. Бұл – универсалды теория. оның бір қыры –
табиғаттағы да, қоғамдағы да жаңа құбылыс (т.б.) алғаш пайда
болғаннан кейінгі даму барысын да өзінің шыққан төркінінен
(тегінен) бөлектеніп жекеленіп ғұмыр кешеді (дифференциа-
ция) оның жетілгенінің белгісі. Адам баласы да осындай алғашқы
шақта ата-анасының кұшағында болған. Жасөспірім есейе келе,
ержеткен соң ұшқан ұясынан бөлектеніп, өзінше өмір сүреді.
ол енді өз бетінше тіршілік құрып, алуан-алуан іс атқарады. Ма-
хамбет осыны меңзеп отыр. Бұдан шығатын қорытынды – келе-
шекте Махамбетті тек көтеріліс жаршысы, семсер ақын деп тар
аяда қарамай, оның шығармашылығын әр тараптан, әр тұрғыдан
зерттеу қажет. Сөйтіп қана Махамбетті жаңаша зерделеп, қайта
тануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |