«Ғылым» ұғымының бірнеше негізгі мағынасы бар.
Ғылым – табиғат, қоғам, қоршаған ортаны ойлау және тану туралы жаңа білімді жүйелендіруге және әзірлеуге бағытталған адам қызметінің саласы.
Ғылым – бұл қызметтің нәтижесі, яғни алынған ғылыми білім жүйесі.
Ғылым – қоғамдық сананың бір түрі, әлеуметтік институт. Бұл мағынада ол ғылыми ұйымдар мен ғылыми қоғамдастық мүшелерінің арасындағы өзара байланыс жүйесін білдіреді, сондай – ақ ғылыми ақпарат жүйесін, ғылым нормалары мен құндылықтарын және т.б. қамтиды.
2. Ғылымдардың жіктелуін, ғылыми зерттеу түрлерін білу.
Ғылымның жіктелуі – белгілі бір қағидалардың өзара байланысын ашуға және логикалық келісімдер түріндегі қатынастарға негізделген. Ғылымның жіктелуі жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік ғылымдар мен философияның өзара байланысын ашып көрсетеді. Қазіргі уақытта ғылым тақырыпқа және таным әдісіне қарай бөлінеді:
1) табиғат туралы – жаратылыстану;
2) қоғам туралы – гуманитарлық және әлеуметтік;
3) ойлау және таным – логика, гнеосология, эпистемология және т.б.
туралы.
Жоғары кәсіптік білім беру салалары мен мамандықтарды жіктеудегі білім беру бағдарламалары тізімі төменде көрсетілген:
1) жаратылыстану ғылымдары және математика (физика, химия, география, механика, биология, геология, экология және басқалар);
2) гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ғылымдар (филология,философия, тарих, саясаттану, мәдениеттану, журналистика, психология, әлеуметтану, экономика, өнер, дене шынықтыру және басқалар);
3) техникалық ғылымдар (құрылыс, сәулет, электроника, геодезия, телекоммуникация, металлургия, тау-кен ісі, радиотехника және басқалар);
4) ауыл шаруашылығы ғылымдары (агроинженерия, орман ісі, агрономия, зоотехника, ветеринария, балық шаруашылығы және т.б.).
Таным әдісі бойынша ғылым келесідейтүрлерге жіктеледі:
- материалдық тәжірибе нәтижесінде немесе шындықпен тікелей байланыс арқылы алынған білімді терең зерттейтін эмпирикалық ғылымдар. Эмпирикалық ғылымның басты әдістері –бақылау, өлшеу және тәжірибелер болып табылады. Эмпирикалық деңгейдегі ғылым фактілерді жинаумен, оларды бастапқы жинақтаумен және жіктеумен айналысады. Эмпирикалық таным ғылымға фактілерді береді, сонымен қатар бізді қоршаған әлемнің тұрақты байланыстары мен заңдылықтарын анықтайды;
- эмпирикалық деректерді қорытудың нәтижесі болып табылатын теориялық білім. Теориялық деңгейде ғылым заңдары қалыптасады, олар эмпирикалық жағдайларды түсіндіруге және болжауға, яғни құбылыстардың мәнін тануға мүмкіндік береді. Әрқашан теориялық кезең эмпирикалық шындыққа сүйенеді.
Ғылым тәжірибеге қатысты іргелі және қолданбалы болып бөлінеді. Іргелі ғылымның мақсаты-табиғаттың, қоғамның және ойлаудың негізгі заңдарын тану, ал қолданбалы – ғылымның іргелі салалары қызметінің нәтижелерін тәжірибелік іске асыру.
Ғылыми зерттеу– бұл нысанды (объектіні), процесті немесе құбылысты, олардың құрылымы мен байланыстарын жан-жақты зерттеуге, сондай-ақ адам үшін пайдалы нәтижелерді алуға және практикаға енгізуге бағытталған қызмет. Оның нысаны – материалдық немесе идеалды жүйелер, ал пәні – жүйенің құрылымы сондай-ақ, оның элементтерінің өзара әрекеттесуі, әртүрлі қасиеттері мен даму заңдылықтары және т.б. болып табылады.
Ғылыми зерттеулер әртүрлі негіздер бойынша да жіктеледі. Қаржыландыру көзі бойынша бюджеттік, шаруашылық шарттық және қаржылық емес ғылыми зерттеулер болып бөлінеді. Бюджеттік зерттеулер мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылады. Шаруашылық келісім- шарт зерттеулерін шаруашылық келісім – шарт бойынша тапсырыс беруші ұйымдар қаржыландырады. Қаржылық емес зерттеулер ғалымның бастамасы негізінде оқытушының жеке жоспары бойынша орындалуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |