«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 235
Қайтқанын намыс көргенге ұқсайды.
Онда тұрып Биғазы:
Ақыраған ат мінген,
Аббар көшіп, шет қонған,
Жау алдына бет қонған
Естерек ұлы Ер Шобан,
Жиыныңның ішінде
Кімдер бар да кімдер жоқ,
Ашып айтшы сен маған?-дейді.
Сонда Ер Шобан сес көрсетіп, өз тобының ішінде ноғайлының атақты
батырлары бар екенін айтып, әрбірінің батырлық қасиеттерін танытатын эпитет, теңеу,
метафораларды қолданып суреттеп шығады. Мұншама батырға амал-айла болмас деп,
Биғазы қайтып кетеді. Дұрысында Шобанның қасында атаған батырларының
ешқайсысы жоқ екен. Жыраулар поэзиясындағы дәстүрге айналған бір көркемдік тәсіл
– санамалап дақпа-дақтап суреттеу, жеке-жеке мінездеу. «Ер Шобан» толғауындағы
әрбір батырды мінездеу тәсілі қаншама ақындарға үлгі болды [4, 85].
Шалкиіз ақынның гуманистік, адамгершілік қасиеттерді насихаттайтын
жырларының мәні бір бөлек. Ата-ананы сыйлау, өзге адамдарға жақсылық жасау,
құлағанға сүйеу, демеу болу Шалкиіз өлеңдерінің негізгі тақырыбының бірін құрайды.
«Мекке менен Мәдина үйдің іші, Алыс сапар дейді ғой барған кісі» деп басталатын
өлеңінде осы ата-ананы сыйлау деген нәрсеге үлкен ден қояды. Оның өлеңдерінде
«Тәңір» сөзі өте жиі ұшырасады және ол Алла сөзімен қатар жүреді. Ол Ислам дінінен
хабардар болған және оның діни көзқарастарының пәлсапасы өте жоғары. Шалкиіз
ақын өмірдің өткінші екендігін, жалған дүниедегінің бәрі күйбең тіршіліктен
тұратынын айтады. Сондай-ақ, өмірде кездесетін сәтсіздіктердің бәріне бой алдырмай,
онымен күресіп, қарсы тұру да қажеттігін алға тартады.
«Мынау жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған?» деген сөзі осыны аңғартса
керек.
М.Мағауиннің айтуынша, Шалкиіздің шығармасы 12 рет басылып шыққан.
М.Мағауин Қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орнын, қазақ жырау поэзиясын дәл
және нақты дәйексөздермен және жан-жақты көркем талдаумен негіздеді. Жыраудың
өмірбаянында Шалкиіз поэзиясының не бергені, бірінші-екінші көркем көріністермен
байланысы туралы талассыз және қисынды тұжырымдар кеңінен жасалған. Ғалым
Шалкиіздің шығармаларын көркемдік тұрғыдан талдап, сөздерді қолдану тәсілін
ерекше бағалайды.
Сөзімізді қорытындай келе, Шалкиіз ақынның қазақ жыраулар поэзиясындағы
орны ерекше. Оның жырларындағы небір көркемдік тәсілдерден өзінен кейінгі
ақындар үлгі алды. Өзге жыраулармен салыстырғанда Шалкиіздің жырларының саны
өте көп және құндылығы, көркемдігі өте жоғары. Ол өз кезегінде азаматтық лириканы
қалыптастырған импровизатор жырау.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы: 2000
2. Мағауин М. Алдаспан. – Алматы: 1970
3. Сыдиықов Қ. Шалкиіз жырау. – Алматы: 2008
4. Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті. Ұжымдық монография. – Алматы: 1983