Өзін-өзі тексеретін сұрақтар: Дарын иесінің шығармашылық əлемін
Негізгі əдебиет: 1. [1.7:1]; 2.[1.7:15]. Қосымша əдебиет: 1. [1.7:1]; 2.
[1.7:16].
№11 лекция тақырыбы: Қазақ прозасындағы адамды жатсыну мəселесі.
Қарастырылатын сұрақтар: Замандас образын жасау деген күрделі
тақырып жайында пікір өрбіткенде көркемдік-эстетикалық принциптерге,
шеберлік мəселелеріне тоқталып өту қажет. Бұл орайда əр буынның қабілетті
өкілдерінің өзіндік табыстары баршылық екенін еске алу лəзім. Осы
табыстарды тілге тиек ете отырып, жазушылар творчествосына үңілу –
жалпы прозамыздағы кейбір жайларға тоқталуға мүмкіндік береді.
Дəрістің мақсаты: қазақ прозасындағы жаңа ағым-бағыттар, көркем
əдебиеттегі шеберлік туралы талдауға үйрету
Дəріс мазмұны:
Замандас образын жасау деген күрделі тақырып жайында пікір
өрбіткенде көркемдік-эстетикалық принциптерге, шеберлік мəселелеріне
тоқталып өту қажет. Бұл орайда əр буынның қабілетті өкілдерінің өзіндік
табыстары баршылық екенін еске алу лəзім. Осы табыстарды тілге тиек ете
отырып, жазушылар творчествосына үңілу – жалпы прозамыздағы кейбір
жайларға тоқталуға мүмкіндік береді.
Талантты жазушыларымыздың өзіндік қолтаңбасынан даралай түсуге
деген ниет-талабының жемістері де ілтипат білдіруге тұрарлықтай. Мəселен,
Сайын Мұратбеков əңгімелеріндегі ауыл көріністерінің табиғи əсерлігі мен
нақтылығы,
шынайы
типтік
образдар
галереясы,
Əбіш
Кекілбаев
повестеріндегі қоршаған əлеуметтік орта мен қоғамдық жағдайға сəйкес
туындайтын кейіпкер əрекеттеріндегі психологиялық шиеленістердің
философиялық-əлеуметтік, логикалық шешімін табуға деген қуатты
талпыныс бірден назар аударады. Оралхан Бөкеев шығармаларындағы
психологиялық шалымды жітілік, болмыс пен жеке адамның байланысы,
көкейкесті
күрделі
мəселелер
тереңіне
ұмтылу,
Дулат
Исабеков
повестеріндегі тіршілік толқындарының бағытын пайымдауға, типтік
тұлғаларды табу, талдау жасаудағы жемісті табыстары да айрықша атап айта
кетерліктей. Сондай-ақ Төлен Əбдіковтің «Ақиқат» атты кітабы да автордың
жақсы ізденісін, өзіндік бетін байқатады.
Саңлақ суреткерлер адамның өзін қоршаған орта мен болмыстың қат-
қабат, қалтарыс-қатпарларынан қобалжымай тереңдеп енуге, адам мен қоғам,
адам жəне табиғат, адам жəне уақыт арасындағы мəңгі-бақи ажырамас
байланыстардың қажеттілігі, ділгірлігі мен маңызы секілді күрделі
мəселелерге баса назар аударып отыр. Əсіресе, психологиялық талдаудың
тереңдеуі мен мазмұндық-түрлік құбылуы, проблематикалық күрделілігі мен
өткірлігі, бейнелеу құралдары мен мүмкіндіктерінің молаюы жəне оны аса
дəлдікпен, орнымен ғана мұқият, ұқыпты пайдалануға ұмтылуын атап айтар
едік.
Өмір
құбылыстарын,
сырларын
адамдардың
өзара
қарым-
қатынастарының өзекті мəн-мағынасын, қам-қарекетін суреттеуде Дулат
Исабековтің жазу мəнері қызықты. О.Бөкеев шығармаларындағы ұнамды
кейіпкердің көбіне өзіндік өзгеше бір қыры бар, соған лайық сыры бар, əрі
көбіне шиыршық атқыза суреттелсе, Д.Исабеков қарапайым құбылыстардан,
елеусіз əрекеттерден үлкен жинақтаулар жасауға үйір. Оның «Тіршілік» атты
повесі осы айтқанымызға айғақ бола алады. Дулат шығарма обьектісін
мөлшерімен ғана, бояуын қалыңдатпай, бір қалыпты күйінен жаңылмай,
ұстамды əңгімелейді. Асығып, аптығу оған жат. Тіпті символикалық сырлы
əңгімесі «Өжет құстарда» да аспандап кетпейді. Оның өзіндік ерекшелігі,
қуаты – алған обьектісіне зерттегіш көзбен үңіліп, типтік жағдайлардан
туындайтын құбылыстар мен əрекеттердің философиялық, эстетикалық
межесіне жетуге, сыр-сипатын ашуға ұмтылуында.
«Сүйекші» повесінде Тұңғыштың өмірбаяны, хал-ахуалы түгелдей
оқушының көз алдынан өтіп отырады. Елеусіз адамдардың бірі – Тұңғыштың
да тірі пенде екендігіне, оның да өмір сүргісі келетінін, оның да өз құны мен
қуанышы, қалауы мен қайғысы, күлкісі мен көз жасы барын ешбір
əсірелеусіз суреттейді. Еріксіз Тұңғышты біз де бір жерден көрген секілді
едік, неге тоқталып қарамағанбыз, оның да бір тағдыр иесі, жан иесі екенін
неге тереңірек бағамдамағанбыз деген халді бастан кешіресіз. Тұңғыштың
кескін-кейпі, тірлігі оқушының ойын оятып, айналаға сергек қарауға ықпал
жасайды. Повестің негізгі ұтқан жерінің бірі осы.
«Сүйекші» повесіндегі ойлы, мұңды сарын кешегі кешегі уақытқа,
дəуірге өзгеше көзқараспен үңілуден туған. Мұнда озбарлар мен
ашынғандардың асқынып барып, шарт етіп оқыс тұтанған алапат айқастары,
ір тайталас-тартыстары суреттелмейді. Оның есесіне өткен күнді бүгінгі
күннің философиялық көркемдік елегінен өткізу бар. Концепциялық ой
таразысымен салмақтау, кішкене қақтығыстың ірі салдары бар. Үндемес-
Тұңғыш сол уақыттың қайғылы құрбаны. Азап пен мазақтың, бақыт пен
сордың мəнін парасатпен парықтаудан кеткен; қуану мен торығу, үміттену
мен армандау, күйіну мен сүйіну, сезімдері əлсіреген бейшараның бейамал
тірлігі оқушыны бейтарап қалдырмайтыны хақ.
Жалпы, бұл повесте өткенге бүгінгі тұрғыдан қарап, философиялық ой
жіберу, яғни автордың өз көркемдік концепциясына ден қоюы басым. Бір
айта кетерлік жайт, əр уақытта, түрлі қоғамда, əр қилы стильдегі жазушылар
суреттеген кейіпкерлер табиғатындағы ұқсастықтар əлемдік əдебиеттануда
əлі түпкілікті теориялық шешімін тапқан жоқ. Бұл мəселені терең тексеріп,
талдау жасау – жазушылардың творчестволық практикасына ықпал етіп қана
қоймай, характерді суреттеудегі көркемдік-эстетикалық принциптерді
қоғамдық сана дамуына сəйкес салыстыруға, эстетикалық категориялар
межесі, салмағының əдеби шығармаларға əсерін тереңірек байыптауға,
əлемдік əдеби процеске ортақ құбылыстар мен ерекшеліктерге дəйекті
тоқталуға, теориялық өзекті тың ойлар қорытуға мүмкіндік береді.
«Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене» повестерінде автордың суреткер
ретінде толыса түсіп, түйген ойы, екіншісі бір концепциясы бар. Табиғаты
бір-біріне жақын, үшінші жақтан баяндалатын көлденең екінші бір кісінің
тағдырына тікелей авторлық талдау арқылы айтылатын ойлар – аумалы-
төкпелі дүние, өмір мен өлім арақатынасы, тіршілік сыры, жеке адам жəне
тағдыр салмағы, ұрпақ жалғастығы жайында.
Алғашқы үш шығармада өмірден өзін іздеп жүрген жандар өмірі
əңгімеленсе, кейінгі үш шығармада жасы жетіп, тəні ғана емес, жаны да
тозған адамдардың тағдыры талданады. Əсіресе «Сүйекші» мен «Тіршілік»
повестерінде болған, біткен, аяқталған тағдырлар түйінін ұсыну бар. Аманат,
Кеңкелес, Үндемес атанған Тұңғыш, Киеван атанған Молдарəсіл осындай
бейнелер.
Дулат Исабековтің тынысты шығармасының бірі – «Сүйекші». Осы
повестегі философиялық ой салмағы жазушының белеңді бір сəті. Қазақ
прозасында махаббат, адасу, сирек те болса, құдықшы өмірі арқау болатын
шығармалар бар. Ал көр қазушы, диуана тағдыры бұрын жазыла қоймаған.
«Сүйекші» сол тақырыбымен де тосын. Осындағы Тұңғыш кім? Тұңғыш –
қазақша айтқанда, тірі аруақ. Автор нысанасы – адамның жүрек
қазынасының тоналуын, адамнан тірі аруаққа айналуын көрсету.
Өмірге іңгəлай келген Тұңғыш ата-ана мейірінен жұрттың көзтүрткі,
тепкісін көп көрді. Жолы болмады. Бара-бара адамға тəн сезімдерден жұрдай
болып, тіршілік үшін жасалар саналы əрекеттен айырылып, жел қуған
қаңбақтай хал кешеді.
Тұңғыш – Аманат бала – Кеңкелес. Бұл – қаһарманның есімінің, атының
өзгеруі. Осыны жазушы кейіпкердің характерінің өзгеруімен жымдастыра
сəтті суреттейді. Шығарманың орта шеніне дейін Тұңғыш өз тағдыры үшін
күрестің нышанын көрсетеді.
Кейіпкердің жан дүниесі өзгерді, соған орай аты өзгерді. Оның кəсібі
жылқышы, диуана, сүйекші болып өзгерді. Міне, осы аралықта Тұңғыштың
характер өзгерісі ашылып отырады. Характер ретіндегі сапасына қараңыз.
Ұрылар қол-аяғын байлап, ат артына бөктеріп, жапан далаға апарып аударып
тастап кеткенде ол ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Итке таланып, ұрыға
жем болып, диуанашылық етті. Өз тағдыры үшін күрескен жоқ. Көр қазып,
сүйекші болды. Өз болашағын ойлау былай тұрсын, тек иман тіледі. Ол
болашаға үшін күрескен жоқ. Ол үшін енді күрестің мəні де жоқ еді. Өйткені
онда болашақ қалған жоқ. Тұңғышты езіп, оның болашағын тонаған
əлеуметтік жағдай. Характер – сонымен бірге жалпылық мəнге ие. Тұңғышты
өз тағдыры үшін күреспеді, қарсылық көрсетпеді дейміз. Бір Тұңғышқа
тіреліп жатқан мəселе жоқ. Бар мəселе – тұңғыштар тағдырының
шындығында жатыр.
Тұңғыштың бойындағы руханилықтан ұрпақ қалмаған, сезімдік
қасиеттері өліп кеткен. Үндемеске айналған шағына дейнегі аралықта жеке
адамның үлкен тағдыры жатыр. Тұңғыш-Аманат-Кеңкелес-Диуана-Үндемес
аттарының əрқайсысы оған тағдырдың тепкісі салған таңбалар.
Д.Исабековтің кейіпкерінде нақты белсенді іс-əрекет жоқ. Қаһарманға
үстемдік жасайтын нақтылы жағдай, жағдай болғанда, трагедиялық жағдай,
əділетсіз өмірдің обьективті бейнесі. Қаламгердің көрсетпек болғаны –
адамның мына өмірдегі кері кету процесі. Бұл жерде Тұңғыштың Үндемеске
айналу процесі. Жазушы өмірдің трагедиялық суретін жасай отырып, сол
өмірге жеке адамның панасыздығы мен қорғансыздығын, жалғыздығын,
тағдырына талайсыздығын меңзейді.
Сонда Тұңғыштың бойындағы адам сезімі, адамға тəн сүйініші мен
қуанышы қайда, шаттығы мен шат-шадыманы, көп тіршіліктегі жүрек
жылуының шуағы қайда?
Міне, Тұңғыштың жан əлемінің тереңдігін, сезімін əділетсіз өмір тепкісі
түпкілікті жаншып қана қоймай, адам əлемінің сəулесін тұмшалап та
тастаған. Оған өмір ағымы да, өмірдің өтпелілігі де, белгілі бір мақсатқа
ұмтылу да жат. Қоршаған ортасына да бей-жай қарайды. Ол үшін өмірдің өзі,
тіршіліктің өзі мəн-мағынасыз абсурд дүние.
Жалпы, Дулаттың шығармаларының қай-қайсысында да «қағанағы қарқ,
сағанағы сарқ» кейіпкерді тым аз кездестіреміз. Оның «Сүйекші», «Тіршілік»
повестерінде өмірлері қара күшке, əлеуметтік жағдайға тəуелділікпен өткен
адамдардың тағдыры суреттеледі. Қыжымкүл ме Молдарəсіл, əсіресе,
Тұңғыш өмірі – болашағы кесілген, кешкен күндері мойынға байланған
тастай зіл батып, күндер, айлар жылжып өтіп жатса да, уақыт өлшемі
тоқтаған өмір, тасбақа тіршілік. Жазушының бұл шығармаларының «негізгі
пафосы - трагизм» - деп өте орынды атап көрсетті сыншы-ғалым
Р.Нұрғалиев.
«Адамның сезімдік қасиеті жоғалған жерде оның да кері кетуі, яғни
адами сезім мен руханилықтан жұрдай болуы басталады. Тұңғыш бейнесіне
тəн мағынасыз тіршілігін, мəнсіз болмысын адамдық негізден алшақтатқан -
өмірдің əділетсіздігі. Неге бұлай? Неге адамдар бір-біріне сонша мейірімсіз,
сонша қатыгез, безбүйрек? Бұл сауал бір «Сүйекшіде» ғана емес, қаламгердің
аталған повестерінің барлығында дерлік ұдайы қойылып отырады.
Д.Исабеков бұл повесінде де өзіне тəн стильде адам өмірі жайлы
философиялық ой-толғамдар жасайды.
Жазушы қай шығармасында болмасын бірінші кезекте адам жанының
терең иірімдерін, тағдырын, арман-үміт, тілегін жазады. Сол арқылы адам
табиғатының күрделілігін, адамның асқақтығы рухани жан əлемінің
тазалығы екенін зерделейді.
Сол арқылы адамның əлеуметтік фактор ғана емес, ең алдымен рухани
фактор екеніне ой тастады. Қаталдық пен қатыгездік қасіретін көрсете
отырып, жазушы қашанда адам баласының руханилығы қымбат, рух
мықтылығының асқақтығын төмендетпеу керектігіне терең философиялық ой
тастады. Өйткені қай қоғамның болмасын бас байлығы да, құндылығы да -
адам. Адамның жасампаздығын ғана емес, тағдырының түпсіздігін де
толғаған жазушы повестері бізге ой салары анық.
“Шеткері үй” повесінде суреттелетін құбылыс – қаланың ортасынан
шеткерірек орналасқан бір қарағай үйдегі өмір. Бұл үйдің иесі – күйеуі
Жəнібек соғыста қайтыс болған Зуһра. Жалғыз ұлы Əлібек те алыс қаладағы
Нахимов училищесінде оқып, сол жақта қызметте қалған. Повесть бар
ғұмырының куəсі – сырты қоңыр барқытпен тысталған ескі альбомды жан
серігіне айналдырғын, бетінің ажарын əжім торлап, кəрілікке мойынсұнған
Зуһра кемпірдің еске алуы түрінде жазылған. Еске алу – психологиялық
талдау тəсілі. Аталмыш тəсіл қаһарманның өткен өмірін ой таразысына
салып, өзін-өзі тануына мүмкіншілік туғызады.
Автор шеткері үйді құбыжық етіп суреттеген. Бедірейген тыныштық
жайлаған бұл үйде тұрып жатқан Зуһраның ермегі – альбом, ұзын-сонар ой.
Оның еңсесін басатын – жалғыздық. Міне, осындай ортадағы адамның ішкі
əлемін əйгілейтін де сол – ұзын-сонар ой. Енді Зуһраның өмірі алға емес, кері
кеткен. Ол тек өткен күндер елесімен ғана өмір сүруге мəжбүр болған. Кеш
түссе, ауыр қараңғылық пен сұм жалғыздық қосылып алып, Зуһраның жанын
жаныштайды.
“Ол екі көзін пештен, онда жылт-жылт жанып жатқан оттан алмайды. Ту
сыртынан қапсыра қоршап келе жатқан қараңғыдан сескенгендей кенет
орнынан шапшаң тұрып, шамның шүріппесін басады... Басқа шам
жағылмаған бөлмелердің қап-қараңғы есіктері ауыздарын арандай ашып
аңдып тұрады... Ауызғы бөлмедегі жататын арлан төбетті төргі бөлмеге
енгізеді. Тілі салақтаған сұсты төбет абажадай бөлмедегі үрейді, тылсым
тыныштықты жым-жылас қуып шығады” (25,218). Зуһра өмірінің көрінісі
осындай. Ол жалғыздыққа шыдамай, жанына тірек болар қара іздейді.
Зуһраның ендігі сырласы да, мұңдасы да, қорғаны да төбет иті еді. Көп
ұзамай иті өлген соң, Зуһраның сұрықсыз күндері мелшиген меңіреу
тыныштықта өтіп жатады. Ішін жайлаған дəрменсіздік, өмір үшін күресуге
əрекетсіздігі қаһарманды тығырыққа əкеліп тірейді.
Зуһра жалғыз баласы Əлібектің алдындағы аналық парызын өтеуге де
дəрменсіз. Оның трагедиясының сыры да осы дəрменсіздігі мен
əрекетсіздігінде, рухани болмысының жұтаңдығында жатыр. Кейіпкердің
мағынасыз өмір жолынан қалған белгі – мелшиген тыныштық орнаған үйі
мен қоңыр тысты альбомы.
Əлібек те анасының мейірімін, ыстық алақанын сезіп үлгерместен
“құйтақандай” күнінен үлкен өмірдің табалдырығын аттауға мəжбүр болады.
Зуһра мен пəк Əлібектің, майдандағы күйеуі Жəнібектің, күллі дүниенің
арасында оларды бір-бірінен ажыратар құрдым бар. Ол – Зуһраның кір
шалған ары, жеңіл жүрісі. “... Енді одан (Əлібектен – С.И.) бетінен басады.
Абажадай төрт бөлмеде анадағы бейуақ қылмысты кішкене сəбидің бейкүнə
жанарынан жасыра алатын қатарыс таба алмастай. Одан да өз азабымен өзі
оңаша болғаны жөн тəрізді”. Іші-бауырын аласапыран етіп, бойына
бейдəрмен қорқыныш ұялатқан сол “қылмысы” Зуһраның жан дүниесін ит
талаған терідей етіп, азапты күйге түсіреді. Зуһра Жəнібектің төрде ілулі
тұрған суретіне қарауға да бетінен басады. Жəнібектің суреті, көшедегі
адамдардың қадалған көздері оның сұлулықтың, жастықтың желігімен
істеген қателіктерінің табалаушысы іспеттес. Өйткені қаһарман өзін сынар
сырт көзді осылай қабылдайды.
Зуһраға баласы Əлібектің өзі жат адамдай көрінеді. Ол демалысқа келген
баласы кері қайтқанша маза таппай, үйінде жат мейман жүргендей сезінеді.
Анасының бойынан мейірімнен, сағыныштан гөрі оңашалықты аңсаған сезім
басымырақ аңғарылады. Өйткені оның жалғыздыққа, меңіреу тыныштық
бүркенген үйіне əбден бойы үйренген.
Авторлық баяндаумен берілген бұл хикаятта терең психологизм бар.
Зуһраның ішкі пікір айтысы, сезім арпалысы монологтық баяндау арқылы
көрінген. Тығырыққа қамалған қиын шақтарында сенімін нығайтатын,
күйінішін сейілтетін ең жақын жандары -Жəнібек пен Əлібек Зуһра үшін
тазалық, пəктік ұғымдарының өлшеміне айналған.
Қаһарманның бойындағы бір қасиет – оның өзін-өзі үнемі зерттеуі, жіберген
əрбір қателігі үшін өзін-өзі жазғыруы, кір шалған моральдық келбеті үшін
күйеуі мен баласының алдында өзін кінəлі сезінуі. Образдың ішкі
драматизмін күшейтіп тұрған – кейіпкердің ішкі қайшылығынан туындаған
тартыс.
Ол басқалардай дағдылы өмір жолына түсе алмауының себебін іздеп, соның
күрмеуін шешуге тырыспайды. Бойында жаңа өмірге беттеген рухани
сілкініс жоқ, не болса да көнген, тағдырына мойынсұнған.
Тірлікке деген үміті өшіп, қажыған Зуһраның ендігі тірегі де, өмірінің мəні де
ұлы Əлібек пен немерелері болса керек еді. Бірақ ана мен баланың
арасындағы қарым-қатынастан оны көре алмайсыз. Əлібек үйінен кетер кезде
анасын өзінің үйлі-баранды болғаны туралы жай ғана хабардар етеді. Бұл
хабар Зуһраның ішкі дүниесіне ешқандай өзгеріс əкелмейді. Оның жаны тек
оңашалықты тілейді.
Бұрын көңіліне аждаһадай қорқыныш ұялататын тысыр-тысыр, тықыр-
тықыр, сусыл-сусыл дыбыс Зуһра үшін енді тіршілік белгісіне айналған.
Айналадан шыққан үн – мынау жарық дүниенің белгісі.”... Ең болмаса бір
сыбыс-сыбдыр шығар ма екен деп айналаға құлақ түріп бағады. Үн жоқ. Не
адамның дыбыс шықпайды, не ит үрмейді, ... бір де бір жан иесі тырс
етпейді. Кейде ол тіпті өзінің де сыбысы өшіп қалған жоқ па деп қорқады”.
“Сұрықсыз күндер”, “меңіреу тыныштық”, “күннен күнге солғынданып əрі
кетіп бара жатқан аласа аспан”, “жапырағы кетіп сидаланған теректер” – бəрі
де кейіпкердің тоналған ішкі əлемін аша түсетін көркемдік детальдар.
Кейіпкердің рухани болмысын жалғыздық проблемасы арқылы танытқан.
Повесте автор психологизмді кейіпкердің ой-сезім тартысынан туындатып,
ішкі диалогтың қуатына күш түсірген. Туындыдағы оқиғалардың
қаһарманның ой-сезім ағымына құрылуы - суреткердің стильдік даралығын
танытатын
көркемдік
сипат.
Бұл
құбылыс
жазушының
тұтас
шығармашылығына тəн.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар: əдебиеттегі жатсыну проблемасы туралы
ойыңыз?
Негізгі əдебиет: 1. [1.7:1]; 2.[1.7:15]. Қосымша əдебиет: 1. [1.7:1]; 2.
[1.7:16].
№ 12 лекция тақырыбы:Қазақ прозасындағы тарихи шындық пен көркем
шындық.
Қарастырылатын сұрақтар: Қазақ прозасындағы тарихи шындық пен
көркем шындық. Бүгінгі таңда қоғамдық өзгерістерге байланысты рухани
құндылықтарға деген көзқарастар. Бүгінгі таңдағы көркем əдебиеттегі тұлға
концепциясы, адам мəселесі. Көркем туындыдағы сомдалған образдың
характері, рухани болмысы, ішкі дүние тереңдігі. Тарихи романдарда
шешімін тапқан көркем тұлға мəселесі, психологиялық талдау, жазушы
интеллектісі мен шеберлігі. Жазушылар сомдаған тұлғалар концепциясының
түп қазығы. Тарихи тұлға жасау мен қатардағы кейіпкерді мінездеу.
Шығарманың шешімі.
Дəрістің мақсаты: тарихи шындық пен көркем əдебиеттің арақатынасы,
оның игерілу жолдарын, көркем əдебиеттің өзіндік ерекешеліктерін талдауға
дағыландыру
Дəріс мазмұны:
Бүгінгі таңда қоғамдық өзгерістерге байланысты рухани құндылықтарға
деген көзқарастар да өзгерді. Көркем əдебиетті бағалауда орын алған
дағдылы көзқарастарды, өлшемдерді, принциптерді қайта қарап, таразылау,
жаңаш пайыммен салмақтау – бүгінгі əдебиет зерттеу ісіндегі өте маңызды
құбылыс. Бүгінгі таңда көркем əдебиеттегі тұлға концепциясына, адам
мəселесіне ерекше мəн берілуде.
Тұлға концепциясы, ең алдымен, көркем туындыдағы сомдалған
образдың характеріне, рухани болмысына, ішкі дүниесінің тереңдігіне
қатысты екені белгілі. Дегенмен де, тұлға проблемасы көркем характер
ауқымына сиятын ұғымнан кеңірек екендігі дау туғызбаса керек. Көркем
əдебиеттегі образ шынайылығы белгілі бір дəрежеде қоғамдағы
құбылыстарға байланысты екені белгілі. Оған тарихтың көркем шежіресінен
мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұған,əсіресе, қазіргі тарихи
романдарға үңілу барысында көз жеткізуге болады. Тарихи романдарда
шешімін тапқан көркем тұлға мəселесінің ерекшелігі, психологиялық талдау,
алдымен, жазушы интеллектісі мен шеберлігінің жемісі болып саналады.
Тарихи тұлға концепциясын шешуде авторлық позициядан, түйсіктен,
танымынан басқа да халық ұғымында қалыптасқан түсініктердің алатын
орны ерекше. Бұдан туындайтын нəрсе, қаламгер сомдаған тұлғаның
шынайылығы, нанымдылығы тұлға концепциясының бөлінбес бір бөлігі
болып табылады.
Қаһарманды тудыратын - оны қоршаған ортасы, уақыт, қоғам.
Қарапайым қатардағы кейіпкер мінезін даралау мен тарихи тұлға мінезін
айшықтауда елеулі айырмашылықтардың болуы кейінгісінің қоғам
дамуындағы орнымен ерекшеленеді. Халқымыз басынан небір аласапыран
кезеңдерді өткізген. Тарихымыздың сан қилы қатпарларында қаншама ұлы
оқиғалардың салиқалы соқпақтары жатыр, елінің егемендігі, елдігі үшін
қанын төккен нар тұлғалы ерлердің іздері жатыр. Тамыры тереңге кеткен
тарихымызға деген құштарлық, ұлттық идея бүгінгі күннің ғана жемісі емес.
Халқымыздың санасындағы ұлттық идеяның алтын арқауы ешқашан
үзілмегендігінің бір белгісі – бүгінгі егемендігіміз, елдігіміз.
Бір ғана Əбілқайыр ханның көркем образына қатысты сан алуан пікір
бар. Тұлға мен дəуірдің, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын аша
көрсететін əдеби образдың көркемдік сапасын айқындайтын белгі - оның
тарихи шындыққа жанасымдылығы. Осы орайда тұлға тағдырын қандай
сапалар айқындайды? Хандар, батырлар, билерді халқының еркіндігі үшін
күреске жетелеген қандай күш деген сауалдар туындайды. Əрине, оған жауап
беру де оңай емес. Кез-келген қаламгер белгілі бір тарихи тұлғаның мінезін
жасауда ол өмір сүрген қоғамдық ортаның шындығын іздейді, əлеуметтік-
саяси жағдайларды саралайды. Тұлға характерін, психологиясын осы
жағдайлармен тамырластыра отырып талдайды.
ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ əдебиеті де жаңаша көзқарас барысында,
əдеби процестің өзіндік іштей өсу заңдылығының дамығаны белгілі. Осы
кезеңде əдебиетке келген жазушылар эпикалық стильді дамытуда басқа роль
атқаратын психологиялық романға бет бұрды. Атап айтсақ, Ə.Кекілбаев
творчествосына түс көру, философиялық ой-толғамдар, ой ағысы,
психологиялық талдау, яғни аналитикалық психологизм тəн болса, О.Бөкеев
сана айтысын, ішкі диалогты, лирикалық толғауды пір тұтады, ал М.Мағауин
болса кейіпкерінің ішкі рухани əлеміндегі сезімдік, психологиялық
құбылысты əрбір деталіне дейін тəптіштеп жазудан гөрі оқушы
интеллектісіне сенген «жасырын психологизмге» (скрытый психологизм) жиі
жүгінеді.
Əрине, реалистік шығармашылықтың, оның ішінде роман жанрының
негізгі мақсаты - жаңа да айқын, əрі тұтас сонымен бірге күрделі адам мінезін
жасау.
Əдебиеттің негізгі предметі адам болғандықтан, оның рухани əлемін, ой-
сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету
- суреткердің негізгі міндеттерінің бірі. Психологизм - əдебиетте бүгін пайда
болған құбылыс емес. Сонау ауыз əдебиетіндегі ертегі, өлең-жырларда
қаһарманның қайғы-зарын суреттейтін тұстарда психологизм элементтері
бар. Бірақ психологизм адамның жан дүниесін жеке көркем зерттеу жəне
бейнелеу тəсілі ретінде əлемдік əдебиетке шамамен ХҮІІІ ғасырдың аяғында
келе бастады. Психологизмнің осындай ерекше тəсілге айналуын кейбір
ғалымдар реалистік əдістің тікелей ықпалы деп қараса, енді бір бөлігі жеке
бас пен оны қоршаған ортаның күрделі диалектикалық қарым-қатынасы
секілді мəселелерді көтерген романдық проблематиканың игерілуімен
байланыстырады.
Бүгінгі қазақ тарихи романдарында тарихи тұлға мəселесіне үлкен мəн
берілуде. Тарихи тұлғаларды келер ұрпаққа жеткізуде 60-жылдары ұлттық
əдебиетімізге өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен, соны ізденісімен,
ерекше образдармен жаңа сипаттар əкелген қаламгерлер тобына М.Мағауин,
Қ.Жұмаділов, Т.Əбдіков. Д.Досжанов, С.Сматаев, Ə.Кекілбаев, О.Бөкеев,
Д.Исабеков т.б. жатады. Тарихи өткен дəуір шындығын көркем суреттеу
дəстүрінің қазақ əдебиеті топырағында туып-қалыптасуы, өркендеуі - өте
күрделі жəне заңды құбылыс.
Жазушының өмір материалдарының мол тобын іздеп тауып, оны байқап-
бақылауы да, танып, байымдауы да - қиындығы мол, қияметі көп жұмыс.
Шындығында, жазушының өмір материалдарынан өнер туындысын жасау
процесінің басты сатыларын қиын, нəзік иірімдерін, көпшілікке беймəлім
қырларын анықтауға талпынып, оның қайсыбір жайларының мəнісін ұққан
сайын, шығармашылық өнердің шын сырларының құпия, жұмбақ сипаты
айқындалып, арта түседі. Əйтсе де жазушы еңбегінің терең сырларын тану
мүмкіншілігін жоққа шығаруға болмайды, бірақ оның барша шетін, нəзік,
терең иірімдерін жете білу мүмкін емес. Жазушының тарихи шындықты
сұрыптап, екшеу, жинақтауының басты ерекшеліктерін анықтау осы бір өте
күрделі, көп сатылы процестің кейбір маңызды негізгі деген қырларын ашуға
көмектеседі, əрі əдеби шығарманың көркемдік-идеялық бітімін, поэтикалық
жүйесін анықтауға жол ашады. Бұл мəселені пайымдауда М.Əуезовтің «Абай
жолы» роман-эпопеясы мен қазіргі тарихи роман І.Есенберлиннің
«Көшпенділер», «Алтын Орда», Ə.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң»,
М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматаевтың «Елім-ай» жəне басқа
шығармалдар мол материал береді.
Тарихи оқиға дегеннің өзі тарихтаға жеке адамдардың іс-əрекетінің
қарым-қатынастарының көрінісі екендігінде сөз жоқ. Сондықтан оқиғаны
жəне оның иесін, оны жасаушы жеке адамды бір-бірінен бөліп, екеуін бір-
бірінен ажыратып тастау мүмкін емес.
Ə.Кекілбаевтың қазақ тарихи романының дамуында өзіндік орны бар,
сонымен бірге қазақ прозасына жаңа стиль əкелген жазушы екендігі сөзсіз.
Оның «Үркер», «Елең-алаң» романдары - қазақ тарихының күрделі кезеңіне
арналған шығарма.
Романның бас қаһарманы – ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген, кіші жүздің ханы
Əбілқайыр. Роман философиялық-психологиялық романға жатады. Автор
Əбілқайыр образын жасауда психологизмнің аналитикалық тəсілі – ішкі ой-
толғаққа құрылған монологты қолданған. Шығарма жазушының роман
жанрының қыр-сырына біршама қанығып қалғанын, қаламгер ретінде
қолтаңбасы айқындалып қалғанын көрсетеді. Осының алдында жазған
«Аңыздың ақыры» (1974) атты тұңғыш романымен қаламын ұштаған
суреткер авторлық позицияны тереңде ұстай отырып, психологиялық
талдауға шебер ұштастырады. Роман композициясындағы оқиғалар тізбегі
Əбілқайыр ханның іс-əрекетімен сабақтас өрбиді. Қолданылған тəсілдің
күрделілігі сонда, Ə.Кекілбаев оқиға, құбылыс, кейіпкерлерге бас
қаһарманның көзқарасымен, дүниетанымымен баға берген. Ретроспективті
суреттер мен Əбілқайырдың еске түсіруі, ойлауы ретінде берілген тарихи
эпизодтарда қазақтың біртуар тұлғалары – Төле, Əйтеке, Қазыбек билердің
халықтың ауызбірлігі, еркіндігі үшін күресінің мəні ашылады. Еске түсіру –
психологиялық талдау тəсілі, өйткені қаһарман өзінің өткеніне талдау жасай
отырып, ішкі рухани болмысына тереңдеп енеді де, өмірдегі жүріп өткен
жолын ар таразысына салады. Осы тұрғыдан алғанда автордың қолданған
тəсілі үлкен көркемдік жеміс берген. Мысалы, Кіші жүзді Ресей құрамына
қосу мəселесіне байланысты Əбілқайырдың ата-бабаларының өткен жолын
есіне алуы, халықтың басынан өткен небір қиямет-қайымдарды есіне алуы
осының айқын дəлелі. Жəне ол еске алу сана тасқыны түрінде көрінген, бір-
бірімен қиыспайтын ой-сезімдер тасқыны, шашыранды ой-толғаққа небір
елес пен үннің араласуы ішкі монологтағы тартысты ширықтырып тұр.
Сондықтан да адамның ішкі өмірін, оның қайшылықтарын, күрделілігі мен
тереңдігін кеңінен талдап жазу Ə.Кекілбаевтың шығармашылығына тəн
қасиет деп айтуға толық негіз бар. Ол үшін адамды сырттай суреттеп,
бейнелеу емес, оның өміріне ену, оны зердемен зерттеу психологиялық
бейнелеудің кеңдігін талап етеді.
Автор ішкі монологты қолдану арқылы адамдардың сырт көзге білдіре
бермейтін ішкі сырын ақтарып отырады. Мысалы, орыс патшасының өкілі
Кирилловтың қазақтарға байланысты шовинистік көзқарасын білдіру үшін
оны іштей сөйлетеді. Айылын жимай, төрде шалқиып жатқан Ақай
Қосымовты көргенде ол іштей: «... Шалжия жайғасқан отырысын жаман
неменің! Кімнің қамшысы ұзынырақ көрініп, айқайы қаттырақ шықса, соның
алдына түсіп жымып беріп, сəл босаңдық сезсе, қайтадан тарпаңдап шыға
келмесе, тағының аты тағы болмас еді ғой!...Əлгі бір құйрақ тұсы бозарытып,
қылпылдап тұратын ерсілеу бір торғай болмаушы ма еді: кең дүниенің өзге
құсы құрап қалғандай, қайда барсаң да, көзіңе алдымен солар түсуші еді
ғой... Мынау түлкі тымақтар да тап соларға ұқсайды екен... Жоқ бұл немелер
əлгі бейшара құстардан бөлектеу. Ол мақұлықтар қыпылықтаса, жандарынан
қорқып қыпылықтайды ғой. Жоқ, бұлар... құстардан гөрі... ия, ия, енді
тапты... дəл солай... бұлар құстардан гөрі иттерге келіңкірейді... əлгі бір
анадайдан кəукілдеп жүгіріп шығатын шабалаң көпек иттер болушы еді ғой.
Солардың суыт жолаушылардың суық қабағынан қорқып, ə дегеннен жым
болып, тайып тұрғандарына қарамай, ат байлап түсіп жатқаныңда: «Біз
болмағанда, бұл үйге қона алмайтын едіңдер», - дегендей, құйрықарын
бұлғаңдатып, бірдеңе дəметіп, аяғына оратылып, шықпай қоятыны бар емес
пе!? Мынау бұратаналардың көсемдерінен де сондай бір сасық құлық сезіледі
де тұрады. Ендеше əлгіндей өз көзінде жатып өзінен-өзі бұралқыланып
кеткен сұқкөз көпек қорыған қотанға қой түтпейтіні сияқты өз төрінде
отырып өз жұртымен өзі жасырынбақ ойнаған жады сығырлар билеген ел
қайдан көктесін. Бүгін бұлардың алдынан құйрықтарын бұлғаңдатып шауып
шыққан көпектердің ертең басқалардың алдынан шауып шықпасына кім
кепіл!? Бүгін бұлардың етегіне жармасып, етігін сүйіп жатқан жəдігөй
немелердің ертең өзгелердің аяғын құшпасына кім кепіл?...Тəйірі азусыз
көпекке арсалаңдатып аяғыңды жалатып не керек?! Одан да қақ маңдайдан
қамшымен бір тартып қаңсылатып бездіріп жібермес пе...».
Бұл үзіндіде орыс патшалығының өкілі Кирилловтың қазақтарға деген
шовинистік көзқарасын автор жан-жануарлардың образдарымен
психологиялық параллелизм арқылы ашқан. Кирилловтың ішкі ой толғағы
арқылы оның бойындағы ішмерездік, тоғышарлық, менмендік жан-жақты
көрінген.
Автор өмірлік жағдаяттарды екі түрлі аспектіде өрістетеді: олар бір
жағынан оқиғалық тұрғыдан баяндалса, екінші жағынан кейіпкердің ішкі жан
дүниесінің қалтарысы, қатпары көп иірімдерін суреттеуге арналады. Жəне
осы түйілген жіптей шешуі қиын жағдайға байланысты: Əбілқайыр ханның
көңілінде кезек арбасқан үміт пен күдік сезімдері оның ішкі «менінің» екіге
бөлінуі тек ой-толғақпен беріледі. Əбілқайырдың орыс патшалығынан жауап
күтіп жүрген кездегі күпті көңілі оның ішкі қайшылығында ашылады.
«Үркерде» Əбілқайыр мен орыс елшілігі арасындағы Кіші Жүздің Ресей
қарамағына енуі туралы қиыншылықта жүзеге асқан келіссөзі əңгімеленсе,
«Елең-алаңда» осы оқиғадан кейінгі екі мемлекет арасындағы қарым-
қатынастар сөз болады.
Тарихшылар мен əдебиетшілердің арасында Əбілқайыр ханға
байланыста сан-қилы пікірлер бар. Тарихи оқиға дегеннің өзі жеке
адамдардың қарым-қатынасының көрінісі.
Қалай дегенмен де, Əбілқайыр ханның Кіші Жүзді Ресейге ел билігінен
айрылу үшін емес, өзінің басқа қазақ хандары алдындағы беделін көтеріп,
хандық тұғырын бекіте түсу үшін, осы жолда саяси қарсыластарының
позициясын əлсірету үшін қосқаны - басы ашық мəселе. Жазушы романында
тарихи шындықты ескере келе, Əбілқайыр ханның үш жүздің бас ханы
болуды армандаған таққұмарлық эгоизмінің, мансапқұмарлығының астарына
мəн берген жəне оны осылай болу керек-ау деген авторлық ауанға
икемдемей, образ мінезінің логикасынан туындатады.
Қаһарманның қайшылықты тұлғасын танытуда түс көру, сиқырлы дауыс,
елес элементтерін қолданған. Сонымен бірге ауыз əдебиетінің материалдары
суреткердің «өңдеуінен» өтіп, характер даралауға көркемдік үлесін қосқан.
Əбілқайыр өзінің ойы мен іс-əрекеттеріне өзінің де көзімен,
айналасындағылардың да көзімен үңіледі. Шығармада ол əйгілі қолбасшы,
ақылды, сөзге шешен, батыр адам ретінде көрінген. Халқының тағдыры
талқыға түсіп жатқандағы ханның жан арпалысы оның ой-толғағы арқылы
аңғарылады.Автор Əбілқайырдың Тевкелев, Қайыпханмен диалогтарында,
Күлтөбедегі жиын үстіндегі билермен диалогында тарих жайлы жалпыға
мəлім ақиқаттарды жалаң дидактикамен беруден бойын аулақ ұстап,
керісінше, кейіпкердің психологиялық құбылу сəттерін, характерлер
қақтығысын терең ашқан.
Ə.Кекілбаевтің романында «сана тасқынының» көрінісі бар. Ол
Əбілқайыр ханның ішкі монологтарында байқалады. Монологта кейіпкердің
логикалық жүйеге құрылмаған ой-толғаныстарының, əр қилы шашыранды
ойлардың тасқыны сезілгендей болады. Адамның ішіндегі күпті ойлар,
күдікті ойлар оған түрлі күй кештіреді. Қаһарманның ішкі əлеміндегі
арпалыс пен сыртқы бет-жүзіндегі сезімдік құбылыстар бір-бірімен біте
қайнаса келе, оның көңіл түкпіріндегі қайшылықты жайларды ұқтырады.
Əбілқайыр ханның ішіндегі екіұдай күйді ой-толғақ арқылы бере отырып,
сонымен бірге табиғаттың күйімен де қосымша бедерлейді. « Қазақтың
басына түсер зобалаңды екі жыл бұрын сезгендей. Қыс екі жыл қатарынан
көк бет қатынның бетіндей бедірейіп өтті. Екі жыл қатарынан күз аяғында
түскен көбік қарды қаңтардың қара суығы аш сиырдың тіліндей жалап-
жұқтап жеп қойды... Екі жыл қатарынан қара жер ит жылғы көн тулақтай
тақылдады да жатты. Қыстың сиқы əлгіндей болғансын жаз қайдан оңсын!...
Көктемде қойшының көптен бері майланбаған көн шоқайындай тілініп-
тілініп, жарылып кеткен жер əуелі көз көрсетпес тасбақаның дауылы болып
бір борады». Сұрқы қашқан жердің де, елдің де күйі іштей қайшылыққа
түскен Əбілқайыр ханның жан сарайымен сабақтасып жатыр. Яғни ішкі
монолог пен пейзаж тамырласа келе, қаһарманның жан дүниесіндегі
арпалысты дөп таныта алған.
Жазушылар сомдаған тұлғалар концепциясының түп қазығы
шығарманың көркем түйінінде, шешімінде жатыр. Тарихи тұлға жасау мен
қатардағы кейіпкерді мінездеуде автор бір өлшеммен келмейді. Суреткер
олардың тағдырын жеке адамдық деңгейде қалдырмай, қоғамның тарихи
дамуымен тамырластырады. Ендеше тұлға концепциясында қаһарманның
ірілігі мен өмірі, тарихи мəні жатыр. Сондықтан да олардың өмірі жеке
адамдық тағдырдан жоғары тұр. Тарихи тұлғаның мəнділігінің өзі осында.
Тұлға концепциясының мəні мінездер логикасы мен диалектикасында жатыр.
Шығарманың шешімі автордың төтеден айтқан төрелігінен емес, өзі
тудырған көркем шындықтың заңдылықтарынан түйілсе ғана ол көптің
көңілінен шықпақ.
|