Әлеуметтік ыңғай. Әлеуметтануда (социология) мәдениет қоғам түсінігі ретінде қарастырылады. Бұл – осы қоғамға тән идеялар, құндылықтар және әдеп-ғұрыптар (мінез-әрекеттер). Осылардың көмегімен қоғамдық өзара-түсіністік қалыптасады. Мәдениеттің әлеуметтану тұрғыда зерттеу алаңындағы қарастырылатын басты мәселелер: мәдениет және әлеуметтік құрылым; мәдениет және өмір сүру тәсілі; кәсіпқой (арнаулы) және күнделікті мәдениет; күнделікті өмірдегі мәдениет және т.б. «Әлеуметтануда мәдениетті зерттеудің өзара байланысқан үш аспектілері – пәндік, функционалды және институционалды – өзара бәсекелеседі» [15, 132 б.]. Пәндік ыңғай мәдениеттің (құндылықтар, ережелер және мағыналар жүйесі) мазмұнына басты назар аударады, функционалды ыңғай адам баласының саналы іс-әрекет процесінде оның қажеттіліктерін қанағаттандыратын тәсілдерді табуға ат салысады, ал институционалды ыңғай болса адамдардың бірігіп іс-әрекет жасауын ұйымдастыратын тұрақты қалыптарын зерттейді.
Мәдениеттің әлеуметтік қызметтері:
мәдениет – халықтың немесе этностың әлеуметтік жады түрі (сақтау қызметі). Яғни, ол әлеуметтік ақпараттарды сақтау орындарын (мұражай, кітапхана және т.б.), коммуникативті жүйелерді, мұра болып қалған мінез-әрекеттер схемасын және т.с.с. қамтиды [16, 98 б.].
мәдениет – бұл әлеуметтік тәжірибені тасымалдау түрі (тасымалдау қызметі). Көптеген батыс және ресейлік әлеуметтанушылар негізге мына түсініктерді алады «әлеуметтік мұрагерлік», «үйретілген мінезді әрекет», «әлеуметтік бейімделу», «мінез әрекеттер үлгілерінң жиынтығы» және т.б. Мұндай ыңғай мәдениеттің құрылымдық және тарихи анықтамаларында жүзеге асады. Мысалы, мәдениет – бұл адам баласының өмір жағдайларына бейімделу әрекеттерінің жиынтығы (Уильям Самнер, Артур Келлер); мәдениет белгілі бір қоғамға немесе топқа тән әдетті мінез әрекеттерінің түрлерін қамтиды (Карл Янг); мәдениет әлеуметтік мұраның бағдарламасы болып табылады (Н. Дубинин) [5, 54 б.].
Мәдениет – бұл адамдардың әлеуметтендіру тәсілі. Әлеуметтендіру дегеніміз индивидтың мәдени ереже-заңдарды және әлеуметтік рольдерді игеру процесі, нәтижесінде адам баласы әлеуметтік индивидке айналады.
П.Б. Вейльдің түсінігінде, «мәдениет – бұл артефакттар, әрекеттер және қарым-қатынастар жүйесі, өз кезегінде, ол уақыт сынағынан өтіп, белгілі бір мәдени қауымдастыққа тән жалпы психологияны қалыптастырады» [17, 124 б.]. Адам баласы күнделікті өмір практикасында қоғамдық өмірдің әр саласынан ақпарат жинайды.
Мәдениет дегеніміз оның элементтерінің, белгілерінің және қарым-қатынастарының сақталуының, қайта өндірілуінің, қайта жаңғырылуының және дамуының қарама-қайшылықты бірлігі.
Мәдениеттің өзгермеуінің және бір қалыптылығын статика, ал мәдениеттегі және әр түрлі мәдениеттердің өзара әрекет процесіндегі өзгерістерді динамика деп атайды. Қоғамдық организмнің статикалық жағы индустриалды қоғамның қалыптасуы мен өркендеуі кезеңінде көптеген ойшылдардың назарын өзіне аудартқан болатын.
Ал индустриалды қоғам – бұл қоғамның тарихи дамуының бір кезеңі, оның негізгі сипаттары – өнеркәсіп өндірісінің механикаландырылуы және автоматтандырылуы, яғни бұл өндірістің жоғары деңгейлігі; қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуы; ғылым мен техника жетістіктерін кең қолданыста болуы; әлеуметтік-саяси өмірді ұйымдастырудағы динамикалық пен ашықтық; негізгі әлеуметтік кикілжің – еңбек пен қаражат арасындағы кикілжің.
Зерттеу объектісі – қоғам құрылымы, оның элементтерінің өзара әрекеті, әр түрлі деңгейлердің өзара ықпал етуі және т.б. Осы уақыт кезеңдерінде қоғамның дамуы мен динамикасын түсіндіруді тырысқан ойшылдарды кездестіреміз. Мысалы, И. Гердер былай деген екен: «Нашему человеческому роду потрясения нужны, как волны водной глади, для того чтобы озеро не превратилось в болото. Гений человечности вечно обновляет свой облик, вечно расцветает и вновь возрождается в народах, племенах» [18, 53 б.]. Қоғамдық өзгерістер мен даму мәселелері Г.В.Ф. Гегельдің диалектикалық философиясында және К. Маркс пен Ф. Энгельстің классикалық жұмыстарында ерекше назарға алынған.
Индустриалды қоғамның құлдырау кезеңінде мәдениеттанулық зерттеулер назары статикалық сферадан динамика мәселелер, даму циклдері, дағдарыстар мен олардан шығу сферасына ауысты. Зерттеушілер – А. Тойнби, П. Сорокин, О. Шпенглер, Ф. Ницше, Ф. Бродель.
Қазіргі уақытта мәдениеттану пәнінде басты орынды мәдени өзгеру теориясы, өтпелі процестер теориясы, мәдениеттердің өзара ықпалдасу теориясы, диагностика және дағдарысты алдын-ала көру және олардан шығу жолдарын табу туралы теориялар ала бастады.
Феноменология бағытының негізін салушы Э. Гуссерль: «Медицина сияқты әр түрлі әлеуметтік-мәдени дерттерді анықтайтын мүмкіндігі, қабілеті бар және осы дерттерді жазатын ғылымды қалыптастыруымыз қажет» [19, 123 б.], – дейді.
Қазіргі таңда мәдениет ұғымының бірнеше мән-мағыналары бар және оларды толық анықтау – қиынға соғатын іс. 1952 жылы мәдениеттің анықтамаларын зерттеген американдық мәдениеттанушылар – Альфред Кребер және Клайдж Клакхон бойынша, «1871-1919 жылдар аралығында мәдениеттің жеті анықтамасы болған, ал 1920-1950 жылдар мәдениет анықтамалары 157-ге жеткен» [19, 110 б.]. Мәдениеттің анықтамаларын жинақтап, тұжырымдаған ғалымдар мәдениетке былай деп анықтама береді: «мәдениет адамзат қауымдастығының спецификалық, жекеленген жетістіктері болып саналатын ойлау мен мінез-құлықтың айқын және жасырын жобаларынан тұрады. Ал, белгілі бір адамдардан өзге адамдарға, ұрпақтардан ұрпаққа қабылданатын және беріліп отыратын рәміздерде бейнеленетін бұл жобалардың бойында мәдени қоғам қалыптастырған материалды игіліктердің жетістіктері де бар. Әрбір мәдениеттің ядросы – бұл идеялар, дәстүр арқылы берілетін құндылықтар. Мәдени жүйелер, бір жағынан, істелінген іс-әрекеттердің нәтижесі ретінде, екінші жағынан, болашақта болатын істердің бір негізі ретінде қарастырылады» [19, 181 б.]. Олар өздерінің «Culture: A Critical Review of Concepts and Definitions» (1952) деген еңбегінде мынадай тұжырым жасайды: «Қазіргі таңда мәдениеттің 150-ден астам анықтамалары бар. Ал мұның өзі мәдениеттің көпқырлы және көпсырлы күрделі дүние екендігін көрсетеді» [19, 78 б.]. (Өйткені ұлт, халық, жеке адам мәдениетін бір деңгейден немесе бір қырдан қарастыру көп дүниені (ақпаратты) бермейтіні анық жағдай). Зерттеушілер барлық осы анықтамаларды жинақтай отырып, «мәдениет» ұғымының мән-мағынасын 6 типтерге бөліп қарастырады:
Суреттеуші анықтамалар, яғни, «мәдениет – бұл адам баласы іс-әрекеттерінің барлығын немесе кейбір аспекттерін, сенім-нанымдарының және әдет-ғұрыптарының барлық түрлерін суреттеуге талпыну» деп түсіндіреді. Анықтаманың бұл түрінің негізін салушы антрополог Эдуард Тайлор болып табылады. Э.Б. Тайлор «мәдениет жөніндегі ғылым – реформалар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз даму үстіндегі процесс деп қарастырды. «... мәдениет – жеке адам мен бүкіл қоғамды, адамның бақыты мен болашағы жолындағы құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдіру болып табылады» [20, 65 б.].
Тарихи анықтамалар (мәдени дәстүрлер қоғамның әлеуметтік мұраларымен байланыстырылады). Бұған мысал ретінде атақты тіл маманы Эдуард Сепирдің анықтамасын алуға болады: «мәдениет – бұл біздің өміріміздің құрамдас бөлшектері болып табылатын іс-әрекеттер мен сенімдер тәсілдерінің әлеуметтік тұрғыдағы мұралар жиынтығы» [21, 85 б.]. Яғни, өткен кезеңдердегі дәстүрлердің ассимиляциясына баса назар аударады.
Нормативті анықтамалар (мәденииетті адам баласының мінез-құлқын қалыптастыратын нормалар мен ережелер жиынтығы деп қарастырады). Бұл анықтамалар екі топқа бөлінеді: бірінші топ өмір сүру салты идеясына негізделеді. Антрополог Кларк Уисслер бойынша, мәдениет – бұл қауымдастықтың немесе ру-тайпаның өмір сүру салты... Тайпаның мәдениеті дегеніміз стандарттанған сенім-нанымдар мен өмір тәжірибелердің жиынтығы. Екінші топ идеалдар мен құндылықтар туралы түсініктерді бағыт-бағдар ретінде ұстанады. Американдық әлеуметтанушы Уиллям Томас бойынша, «мәдениет – бұл әрбір топтың (жабайы адамдар немесе өркениетті адамдар топтары болса да) [22, 111 б.] материалды және әлеуметтік құндылықтары (институттар, әдет-ғұрыптар, өмірлік маңызы бар бағдарламалар, мінез-құлықтар)» [22, 123 б.].
4 Психологиялық анықтамалар (мәдениетті адам баласының айнала қоршаған өмірге бейімделу және мәдени қалыптасу нәтижесінде пайда болған мінез-құлық формаларының жиынтығы деп түсіндіреді). Бұл топтың өзі үш негізгі бағыттарға бөлінеді – «адам баласының қоршаған ортаға бейімделу әрекеттерінің жиынтығы мәдениет (немесе өркениет). Мұндай бейімделулер өзгеру, таңдау және ұрпақтан ұрпаққа тасымалдау әрекеттерін үйлестіру жолымен қамтамасыз етіледі» (әлеуметтанушылар У. Самтнер және А. Келлер); «мәдениет дегеніміз үйретілген мінез-құлықтың әлеуметтік көрсеткіші, яғни мінез-құлық адам баласына тумысынан берілмеген, ол әрбір жаңа ұрпақ ересек адамдардан үйрену арқылы игерілетін дүние» (антрополог Р. Бенедикт); мәдениет – бұл топтарға, қауымдастыққа немесе қоғамға ортақ күнделікті, үйреншікті қабылданған мінез-құлық ережелері. Ол материалды және материалды емес элементтерден тұрады» (әлеуметтанушы Карл Янг). «Мәдениет деп біз барлық сублимациялар, яғни қоғамдағы белгілі бір импульстардың бетін қайтаратын дүниені түсінеміз» (психоаналитик Геза Рохайм).
Құрылымдық анықтамалар (мәдениет – бұл өзара байланысқан феномендердің тұтас жүйесі немесе модельдердің әр түрлері).
а) Мәдениет – бұл қоғам мүшелерінің ұйымдасқан, қайталанатын реакциялары.
ә) Мәдениет – бұл үйретілген мінез-құлық және әдеп нәтижелері, ал бұлардың құрамдас элементтері бөлініп, белгілі бір қоғам мүшелеріне мұрагерлік жолмен беріліп отырады (антрополог Ральф Линтон).
Генетикалық анықтамалар (мәдениетке оның шығу тегі тұрғысынан анықтама беріледі). Бұл анықтамалар төрт топқа бөлінеді:
бірінші топ мәдениетті артефакт немесе нәтиже ретінде қарастырады. «Мәдениет сөзінің кең мағынасында өзара әрекет етуші немесе бір-бірінің мінез-құлқына ықпал етуші екі немесе одан да көп индивидтердің саналы немесе бейсаналы әрекеттері қалыптастырған барлық дүниенің жиынтығы» (әлеуметтанушы Питирим Сорокин);
екінші топ идеяларға баса назар аударады. «Мәдениет – бұл қоғамдағы тұтастандыру процестері арқылы берілетін салыстырмалы түрдегі тұрақты материалды емес мән» (әлеуметтанушы Гэрри Беккер);
үшінші топ рәміздердің ролі айрықшалайды. «Мәдениет – бұл ерекше тәртіптілікке немесе құбылыстар топтамасына, дәлірек айтқанда, адамзатқа тән ақыл қабілеттілігінің жүзеге асуына тәуелді заттар мен құбылыстар, арналған есім, оны рәміздендіру деп атайды»;
төртінші топ мәдениет мәдениет емес дүниеден туындайтын дүние. Яғни, «адам баласын хайуанаттардан ерекшелендіретін дүниені мәдениет деп атаймыз» (жараталыстанушы және философ Вильгельм Оствальд) [19, 89-139 бб.].
Американдық мәдениеттанушы А. Кребердің тұжырымы бойынша, әрбір мәдениеттің негізінде қандай да бір модель жатыр, ал ол модель болса, өзгере отырып оның ерекшелігіне және мінез-құлқына сәйкес келетін дүниені бойына қабылдайды. Уақыт өте келе модельдің мүмкіншілік көлемі кеміп, адам баласының іс-әрекеттер аумағына және жүйелеріне ықпал ете алмайды. Сонда мәдениеттің ескірген моделінің «өмір сүруі» тоқтайды. «Мәдениет өмірінің тоқтауы» оның толық жойылуын білдірмейді, өйткені ескі модельдің орнына ескі мәдениет негізінде қалыптасқан жаңа (инновациялық) модель келеді.
Мәдениет феноменін ғылыми тұрғыда қарастыратын пән – бұл мәдениеттану пәні. «Мәдениеттану – бұл XX ғасыр ғылымы, ол ғылыми коммуникация мен мәдениеттердің өзара байланысының қарқынды даму жағдайындағы Әлем мәдениеттерінің өзара жақындасу мен өзара араласу нәтижесінде туындаған қиындықтарға деген жауап ретінде қалыптасқан ғылымның бір саласы болып табылады» [23, 45 б.]. «Мәдениеттану пәні дегеніміз мәдениет туралы ғылым, ал мәдениетке жататын негізгі салалар мыналар – дін, өнер, саясат, экономикалық және құқықтық қатынастар, өмір сүру салты, этникалық өзгешелік, әлеуметтік-қоғамдық қалыптар, тіл және адам баласы. Сонымен, нәтижесінде мәдениеттану дегеніміз барлық нәрселер туралы ғылым» [23, 64 б.].
Келесі бір көзқарас бойынша, мәдениеттану дегеніміз адамзатқа Әлеммен үйлесімділік қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беретін жалпы құндылықты және мағыналы байланыстар туралы ғылым. Бұл пән тек Әлеммен ғана емес, сонымен қатар, өзімен де үйлесімділікте болуды қамтамасыз етеді. Мәдениетану – бұл жай ғана жаңа ғылым емес, бұл өмір сүру тәсілі және Әлемді тану құралы, дүниетанымның және Әлемді игерудің ерекше жүйесі. Мәдениеттану ғылымының аты американдық мәдениеттанушы Лесли Уайт (Leslie White) (1900-1975) есімімен байланысты. Оның пікірі бойынша, «мәдениеттің үш ішкі жүйелері бар:
1) технологиялық (өндіріс құралы, өмір сүру құралдары, т.с.с.);
2) әлеуметтік (топтық мінез-құлық түрлері);
3) идеологиялық (идеялар, наным-сенімдер, білім жүйесі)».
Бұл жүйелер иерархиясында негізгі болып технологиялық, ал қалған екеуі қосалқы болып есептелінеді. Л. Уайт мәдениет дамуының жалпы заңын былай тұжырымдайды: «Культура движется вперед по мере того, как возрастает количество обузданной энергии на душу населения, или по мере того, как возрастает эффективность или экономия в средствах управления энергией, или то и другое вместе» [15, 180 б.].
Мәдениет адамзат әрекетінің нәтижесі болып табылғандықтан адамдар жиынтығысыз тіршілік ете алмайды. Бұл жиынтық, тұтастық мәдениет субъектісі және оның жаратушысы, сонымен қатар, мәдениет тасымалдаушысы болып табылады. Сондықтан, жеке адам баласы өз-өзін әрдайым тек ұлттық нышандарға негізделген нормалар жүйесімен ғана тәрбиелемеуі тиіс, ол керісінше, жалпы адами қасиеттерді дәріптейтін, арттыратын нормалар жүйесімен де тәрбиеленуі тиіс. Бұл – адамгершіліктің басты бағыты. Өйткені, оқшауланушылық менмендікке, рухани және материалды дағдарысқа әкеледі. Адамзат бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, оларға әрдайым сұхбат қажет. Сұхбат арқылы адам баласы, ұлт, мемлекет өзінің табиғатын, мәнін, «Менін» анықтап, танып, оны ары қарай өсіріп, дамытып отырады. Сұхбат әскери жорықтар, миграция, туризм, ақпарат алмасу және т.б. процестер арқылы жүреді. Мәдениеттің басты қызметі – бұл адамзатты адамгершілікке тәрбиелеу.
Адамзаттың даму тарихы бірнеше уақыт кезеңдерін басынан кешірді және әр кезең адамзатқа үлгі-өнеге, сабақ болар оқиғаларға толы. Мәдениет осы әр уақыт кезеңінде өзіндік ерекшеліктерге ие болып отырды, осындай күйлерге ие болған мәдениетті әмбебапты мәдениет деп атайды. Әмбебапты мәдениеттер дегеніміз белгілі бір кезеңдерге және ғылыми білімдер мен техникалық құралдарының белгілі бір даму сатыларына тән эпистемалық («эпистема» – белгілі бір нақты кезеңнің мәдени белгілерін сипаттайды, ал бұл белгілер болса сол уақыт адамдарының таным белсенділігінің барлық түрлерін анықтайды [24, 460 б.] принциптер жүйесі. Осындай төрт негізгі әмбебапты мәдениеттер топтамасын Ресей ғалымы А. Барцель атап көрсетеді, олар мыналар:
Мифологиялық мәдениет, ол ерте заманғы барлық табиғи өркениеттерге тән. Бұл мәдениет адамдары табиғат құбылыстарын көрген-түйгеніне негізделе отырып түсіндірген. Бұл мәдениеттің эпистемасы қоршаған ортаның барлық объектілеріне тән көзге көрінбейтін «құпия» күштер туралы ойлау және елестету болып табылады. Бұл күштер барлық іс-әрекеттердің бірінен соң бірі болатындығын анықтап отырды; яғни, бұл – Тағдыр. Адамдар болса бұл жалпы үйлесімділіктің элементтері ғана болып табылады.
Космологиялық мәдениет табиғи өркениеттің орта кезеңінде кең етек алды. Оның эпистемасы барлық құбылыстарда және табиғат күштерінің әрекетінде айқындалады. Жеке элементтер, тірі жан компоненттері табиғи организмді құрайды, ал тірі организмдер табиғи тәртіптің тепе-теңдігін немесе мифологиялық мәдениет үйлесімділігін құрайды.
Антропологиялық мәдениет эпистемасы дамыған табиғи өркениетке тең. Бұл мәдениеттің пікірі бойынша, адам баласы қоршаған Әлемнің барлық құбылыстары мен заңдылықтарын түсіне алады. Өмірді жоспарлы ұйымдастыру мүмкін екен және оның мақсаты – басқа мәдениеттердегі «үйлесімділік» немесе «заттар тәртібі» сияқты механикалық тепе-теңдікке қол жеткізіп, ұстану.
Адам баласы – өз болмысынан зерттеуші, белгілі бір жүйеге келтіруші және жаңаның Жаратушысы ретінде өз табиғатынан және нық сенімділігінен күш-қайрат жинайды. Адамның әлемі оның көңілінің орталығына және жетістік сферасына айналды. Табиғатқа деген қарым-қатынас туралы жаңа түсініктер мен ойлар пайда бола бастады. Яғни, осы кезден бастап адам баласы табиғи процестерге белсенді түрде араласа бастады. Сөйтіп, жаңа төртінші әмбебапты мәдениет пайда болып қалыптасады.
Технологиялық мәдениет. Ол қазіргі заманғы адам баласының дүниетанымы мен өзін түсіну қабілетін анықтайды. Бұл жерде екі сәт немесе кезең бар:
Адам баласының табиғи процесіне араласу ауқымы кеңіп және ол тұрақтанып, қалыпты процеске айналып отыруы;
Адамзат сүріп отырған Жер планетасы табиғат ресурстарының мөлшерсіз қайнары күннен күнге азайып барады [25, 54-58 бб.].
Осы мәдениет кезеңдерін анықтай отырып, адамзат мәдениеттінің даму үрдісі қандай болғаны байқалынады. Осы кезекте, мәдениет ұғымымен тығыз қарым-қатынаста жүретін және маңыздылығы жағынан кем түспейтін «өркениет» ұғымының болмысын қарастыратын болсақ, оның белгілі бір дәрежеде мәдени мәнге ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар, өркениет дегеніміз мәдениетті толықтырушы және осы мәдениеттің қайталанбас, дара, қажетті сәті. Олай болса, өркениет шекарасының мәдениет негізінде айқындалары сөзсіз. Мәдениет ұғымын онтологиялық тұрғыда алып қарайтын болсақ, өркениеттен жоғары екенін көреміз. Неміс ғалымы және мәдениеттанушысы Освальд Шпенглердің пікірінше, әрбір мәдениеттің өзіндік жеке өркениеті болады. Оның ойынша, өркениет мәдениеттің құтылмас, шарасыз тағдыры болып табылады. Және өркениет жоғары адамдар типінің қол жеткізе алатын ең соңғы және өте жасанды мәні. Олар – соңы, бірақ та олар ішкі қажеттілік процесс барысында әрқашанда шынайылылықпен сипатталады [26, 163-164 бб.].
Негізінен О. Шпенглердің осы ойымен қосылуға тура келеді, бірақ мәселе басқада. Бұғанға дейін қалыптасқан адамзат тарихы екі ерекшеліктермен сипатталынады. Біріншіден, өркениетті-социумдық өлшем біртіндеп мәдени-әлеуметтік өлшемнен бөлектелініп, алшақтатылып өзіндік ерекше жеке бір салаға айналады. Екіншіден, социумдық-орталықтық тенденция ежелгі адамзат тарихының барлық кезеңінде өлшеусіз болып келді. Нәтижесінде, тарихтың белгілі бір кезеңі (нақтырақ айтар болсақ, қоғамның архаикалық типінен антагонистік типіне өту) жоғарыда аталып отырған өлшемдер негізінде онтологиялық «инверсиядан» (өзара өзгеріс) өтеді. Осы уақыттан бастап, өркениеттік-әлеуметтік өлшем тарихи процесте үстемдік етіп, қалыптасудың абсолюттік қозғалыстық тенденциясын жойып, тарихтың әлеуметтік-мәдени өлшемінің архитектоникалық (бір тұтастықта бөлшектердің үйлесімділікте болуы) ұжымы ендігі жерде өркениеттік-социумдық өлшемнің көп қабаттылығымен жүзеге асырылып отырды. Яғни, мыңдаған жылдарға созылған тарих ағысында өркениет мәдениетке өз үстемдігін жүргізіп келді. Күштінің әлсізге билік жүргізуі адамзат тарихының және адамзат болмысының бұрмалануы дегенге келіп саяды. Мәдениеттер мен өркениеттер өздігінен бір-бірімен алмаспайды. Өркениетке ерекше түсінік берген батыс ғалымы О. Шпенглер: «Екі мәдениет бір-бірімен екі адамның қарым-қатынастық байланысы негізінде немесе бір мәдениет адамы көз алдында өзге мәдениет формасының өлі әлемін көрген кезде ғана жанаса алады. Қандай жағдай болмасын бұл жерден байқайтынымыз тек бір ғана адамның әрекеттілілігі», – деген ойға келеді [26, 57 б.]. Демек, ғалым ойы қай қырынан алып қарайтын болсақта барлығына негіз болып отырған адам баласы екендігіне көзімізді жеткізе түседі.
Мәдениет және өркениет ұғымдары көбінесе бір-бірінен ажыратылмай, тең қаралады. Олар шынында да ұқсас болып келеді, бірақ олардың арасында едәуір өзгеріс бар. Өркениет» термині «мәдениет» терминіне қарағанда кеш ХVIII ғасырда ғана пайда болды. Оның авторы, бір версия бойынша шотланд философы А. Фергюссон болып саналады, ол адамзат тарихын жабайылық, варварлық және өркениет деп бөлді, соңғысын ол қоғамдық дамудың жоғары дәрежесі ретінде түсіндіреді. Басқа версия бойынша «өркениет» терминін француздың ағартушы-философтары ойлап тапқан және екі мағынада қолданылған, кең және тар мағынада. Біріншісі Фергюссонның тұжырымымен үндес, ақыл-парасат, әділдік және діни шыдамдылық бастауына негізделген жоғары дамыған қоғам дегенді білдіреді. Екінші мағынасы «мәдениет» ұғымымен тығыз байланысты және адамның нақты қасиеттері – ақылдылықтың, білімділіктің, сыпайлылықтың жиынтығын білдіреді. Оны игеру ХVIII ғасырдың элитарлы париж салондарына жол ашты.
Өркениет негізін мәдениет құрайды, яғни өркениет мәдениеттің сыртқы формасы, қабығы. Жер жүзіндегі мәдениеттердің барлығы құрылымы жағынан бір-біріне өте ұқсас. Кез-келген мәдениеттің белгілі бір ерекше тұсы келесі мәдениетте әлсіздік танытса, дәл осы әлсіздік өзге мәдениет өркендеуінің басты себебі болуы мүмкін. Демек, мәдениеттер әрдайым өзгерісте, олардың өзіндік ерекшеліктері мәдени белгілер жиынтығының ұдайылығы мен екпінінен айқын көрінеді. Өзгермелі мәдениеттің орны мен уақыты ауысқан сәтте, мәдениет субъектілері – этнос, социум, тұлғалар да өзгеріп отырады. Ол үшін біз мәдениет динамикасын өте жақсы меңгеруіміз қажет, тек осындай білім ғана бізге константты анықтауға жәрдем береді. Үздіксіз процесті меңгеру феноменнің үстемдік етуші белгілерін анықтайды, әрі бейімделуге қолайлы қозғалмалы-иілгіш қалыпқа келіп, терең зерттеуді талап етеді. Аталмыш өзекті мәселе біздің зерттеу жұмысымызда әлемдік мәдени-философиялық идеялар тұрғысынан талданып, өркениеттік негіздер арқылы көрініс тапты.
Өркениет өзін-өзі бұзбай, жүйе ретінде қалыптасып, тұтастықты сақтау мақсатында міндетті түрде қажет. Егер біз өркениетті О. Шпенглерше ағза деп алатын болсақ, әрбір ағзаның өзіндік қажеттіліктері бар. Бұл имманенттік қажеттілік өзін-өзі қанағаттандыра алады және ол өте мәнді де. Өркениет дами отыра өзгереді, себебі даму ұғымының дұрыс мағынасы – Өзгеріс. Өркениет өзгеріске ең бірінші ішкі негіз бойынша ұшырайды, өйткені ол ашық жүйе. Ашық жүйе әрқашан жаңа ақпаратқа ие, ал ақпаратты өңдеу үзіліссіз процеске тән. Сонымен қатар, ол табиғи аймақтан да көптеген жаңалықтар мен мәліметтер ала алады.
Өркениеттің негізгі қызметтерінің бірі – қарым-қатынас, яғни, ғылыми тілдегі коммуникация. Өркениеттер келесі бір өркениеттермен әрдайым түрлі деңгейлерде қарым-қатынасқа түседі. Бұл өркениет болмысының міндетті түрдегі шарты, себебі бұл процесс жаңаға еніп, жаңа ішінде пайда болып, онда мықтап орнығады. Осы процесс жаңаны меңгерудегі айналымды құрайды. Кез-келген өзгеріс аталмыш процесті толық аяқтамасада өркениеттің ішкі қатпараларын игере алады бірақ, бұл өзгеріс мәдениеттің өзегіне айнала алмайды, оны мәдениет мойындамайды да, себебі өзгеріске ұшырау барысында белгілі бір үйлесімділік заңдылығы бұзылады. Әртүрлі өркениеттердің қарым-қатынасы кезіндегі ең керемет, әрі ең қызықты сәт, жаңаға жолсерік болған жатық механизмдердің өзара ықпалдастығы мен ортадағы делдалдық қызметі. Біздің ойымызша, осындай сәттерден кейін нағыз шындыққа айналу мүмкіндігі бар тамаша мифтер, қиял-ғажайып ертегілер туындайды. Ұшатын кілем, мың шақырымнан дауыс естейтін – «саққұлақ», бір көлдің суын тауысатын – «көлсоғар», желден жүйрік – «желаяқ», су бетіне қарап ақпарат беретін – «мыстан кемпір» т.б. мысал бола алады. Кейде мұндай мифтер идеологиялық ағымға немесе бұқаралық қозғалыстарға ұмтылдырушы күшке де айналып кетеді. Сонымен қатар, мифтер инициациялық қатынастардағы техника дамуының бастапқы көрсеткіштік сипатына ие.
«Инициация» латынның inito – бастау, арнау, культтік құпияға ену деген аударманы білдіреді. Дәстүрлі мәдениетте инициация дегеніміз адамның дайындық күйінен белгілі бір қоғамдастыққа толық мүше болып өтуі.
Инициация – дәстүрдің іс жүзінде кәдеге асуы, қасиетті ілімнің стихияға әсерлі де жарасымды түрде жанасуы. Дәстүрлер – бұл әдетке айналған ұрпақтан-ұрпаққа берілер іс-әрекеттер тәсілі. Адамдар қауымдастығының қалыптасуын салыстырмалы түрде қарағанда техника мен технология өте жәй эволюциялық даму сипатын құрайды. Олардың дәстүрлі түрлері мен дәстүрлі қолданыстары белгілі бір кезеңде дамуға тежеу болатын факторға айналады. Жаңа байланыстарды орнату бір қоғам үшін дәстүрлі қалып болса, басқаларына тосын жаңашылдық ретінде танылады. Жаңашылдық – экономикалық, қоғамдық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған әрекеттің жаңа түрі. Олар өздері дәстүрлілік сапасына ие болмайынша, белгілі бір нақты дәстүрге қарама-қайшы іс-әрекеттер жасайды. Дәстүр мен жаңашылдық – өзгерістің екі жағы, демек адамдар әрекетіндегі сан-алуан әдістердің дамуы. Бұл өзгеріс өркениет тарихында прогресс немесе регресс ұғымдарымен сипатталып, кезеңдік дәуірлерде өз белгілерін беріп отырады.
Ғылыми тұрғыдан діндер мен мифтерді зерттеуші ғылымдардың атасы Мирча Элиаденің пікірінше ең алғашқы діни нанымдар да, алғашқы әулиелер де осы далада туған. Элиаденің кітабын оқып өскен европалықтарға біздің сайын дала сағымдай көз алдарында елестеп тұрады. Ал енді жолдары түсіп келе қалса, даланы көрсетіңдерші, деп жалынады, олар үшін дала бір қолжетпес арман сияқты болады да тұрады. Біз қазақ соған көбінесе мән бере бермейміз, шынымен қолда бар алтынның қадірі жоқ. Қалың қазақ дала емес, қалада тұратын заман болып бара жатыр.
Мәдениет пен өркениет ара қатынасы туралы көзқарастардың барлық алуан түрін соңында үш негізгіге әкеп тіреуге болады.
Бірінші жағдайда өркениет пен мәдениет ұғымы синоним ретінде болады, олардың арасында едәуір айырмашылық болмайды. Мысал ретінде беделді ағылшын тарихшысы А. Тойнбидің тұжырымына жүгінуге болады, ол өркениетті рухани аспектіге көңіл қоя отырып, дінді басты және нақты элемент деп санай отырып, мәдениеттің нақты фазасы ретінде қарастырды.
Екінші жағдайда мәдениет пен өркениет арасында ұқсастық пен маңызды айырмашылықтар байқалады. Француз тарихшысы Ф. Бродель да осындай көзқараста болды, ол өркениет жиынтықты құрайтын элементтердің бірі ретінде, ең алдымен рухани құбылыстардың мәдениет негізін құрайды деген тұжырымды ұстады.
Үшінші тәсілді жақтайтындар мәдениет пен өркениетті қарсы қояды. Бұған неміс мәдениеттанушысы О. Шпенглердің теориясы мысал бола алады, оған сәйкес өркениет өліп бара жатқан мәдениет. Шпенглер өркениет мәдениеттің артынан «қалыптасудың артынан, өмірден кейін өлім болатындай, дамудан кейін дағдарыс болатындай, ақылдың қартаюы» тәрізді жүреді деп жазды. Оның ойынша, мәдениет тірі және өсіп жатқан организм, ол өнер мен әдебиет, тұлғаның шығармашылық гүлденуі үшін еркіндік береді. Өркениетте көркем шығармашылыққа жол жоқ, онда техника мен жансыз интеллект билік құрады, ол адамдарды жояды.
Мәдениет пен өркениет ара қатынасын түсінуде бірінші екі тәсіл ең қолайлысы болып саналады. Осы құбылыстар арасында шынында да көп ортақ қасиеттер бар, олар өзара тығыз байланысты, бір-бірімен жанасып, бір-біріне ауысады. Бұған ең алдымен неміс романтиктері көңіл бөлді, олар мәдениеттің өркениетке айналатынын, ал өркениет мәдениетке айналатындығын атап көрсетті. Сондықтан күнделікті өмірде біздің мұны айыра білмейтіндігіміз белгілі.
Басқа да жіктеулер бар. Қарастыру масштабына байланысты өркениет аумақты, яғни әлемдік, континентальды (мысалы, европалық), ұлттық (француз, ағылшын), аймақтық (Солтүстік африкалық) болуы мүмкін. Шығыс танушы ғалымдар өркениеттер жіктемесіне басқаша көзқараста, олар ең алдымен өркениет өзінің қайталанбас даму жолдары бар екі тармаққа – Батыс пен Шығысқа бөлінгендігін айтады, оның ішінде «табиғи» және «қалыптысы» шығыс болып саналады, ал батыс мутация, ауытқу ретінде қарастырылады.
Басқа ғалымдар да барлық өркениеттерді екі типке бөліп қарайды, бірақ оларды басқаша түсіндіреді: олардың бірі – техногенді Батыс Европаға тән, ал екіншісі – психогенді шығыс елдеріне тән, оған ертедегі үнді өркениеті мысал бола алады. Ал кейде өркениетке материалдық мәдениетті жатқызады, ал мәдениет деп рухани мәдениетті жатқызады.
Алуан түрлі көзқарастарға қарамастан, олар бір-біріне жақын. Өркениеттің ең маңызды белгілері мыналар: 1) мемлекеттің құрылуы 2) жазудың пайда болуы 3) егін шаруашылығының басқа кәсіп түрлерінен бөлініп шығуы 4) қоғамның таптарға жіктелуі 5) қалалардың пайда болуы. Алғашқы екі белгінің болуын міндетті деп санайды, ал қалғандардың қажеттілігі күмән тудырады. Ал мәдениетке келсек, онда ұлттық ерекшелік пен бірегейлік, қайталанбастық пен сонылық, құбылмалық пен жаңашылдық, өзіне-өзі қанағаттанбау, сыни және шығармашылық бастау, бағалылық, биік идеалға ұмтылу бірінші кезекте орын алады.
XVІІІ ғасырда «өркениет» ұғымы ғылыми айналымға француз ағартушыларының ықпалымен еніп, ақыл-ой мен әділетілікке негізделген қоғам мағынасында түсіндірілді. Кейіннен өркениетті қоғам жетістігінің рухани және материалды-техникалық бірлігі уақыт пен кеңістікті шектеулі шеңбер деп түсіне бастады. Қайта Өрлеу кезеңінде өркениет термин ретінде пайда болып, өз ауқымына өнер, ғылым, философия және т.б. заңдылықтарды енгізді. Бұған өркениеттің уақыттық және кеңістіктік өлшемі қосылып, нәтижесінде Европалық континет қалыптасты. Демек, Қайта Өрлеу кезеңі өркениетті барлық этностар мен бүкіл кезеңге тән парасатты абсолют және белгілі тығырықтан шығуға бағытталған іс-әрекет ретінде қарастырды. Өркениет ұғымын осы мағынада түсіну кейінірек европоцентристік идеяның қалыптасуына түрткі болды. Ал, ХХ ғасырда «өркениет» ұғымы жаңаша сипатқа ие болды. Ендігі жерде бұл ұғым абсолют ретінде емес, тарихи тұрғыдан кеңістік пен уақыт аясында қарастырыла бастады. Біз өркениет мәселесіне тоқталғанда бұл ұғымды көбінесе адамзат қоғамының белгілі бір кезеңі ретінде қарастырамыз [27, 134 б.].
«Өркениет» сөзінің шығу тегін анықтар болсақ, ол латынның «civilis» сөзінен туындайды. «Сivilis» сөзін қазақ тіліне аударғанда «қала тұрғыны, азамат, азаматтық» деген мағыналарды білдіреді [27, 154 б.], яғни қалалық ортада адам баласы ашық жарқын, сыпайы, тәрбиелі болуы тиіс. Бірақ бұл сөздің мән-мағынасы жылдар, ғасырлар өте кеңейіп, тереңделе түсті. «Сivilis» сөзін алғаш рет пайдаланып, көпшілік қолданысына айналдырған маркиз де В.Р. Мирабо болатын, ол өзінің «Адамдардың досы» (1757 ж.) атақты трактатында былай дейді: «Өркениет дегеніміз адам баласының мінезінің жұмсақтығы, сыпайлығы, басқа адамдар пікірімен санаса білуі және білімділігі, ... өркениет қоғам өмірінде реттеуші қызметін атқаруы тиіс». «Өркениет» сөзі тек Франция елінде ғана емес, сонымен қатар, шамамен 1767 жылы Англия елінде де пайдалана бастайды. Яғни, осы екі Батыс елдері өркениет сөзін пайдаланған пионерлер болып табылады, бұл елдердің негізгі қағидасы бойынша, өркениет дегеніміз сауатсыздықтың қарама-қайшылығы. Осындай идеяны ұстанған антика дәуіріндегі ойшылдар – мәдениет дегеніміз дала варварларының дүниетанымына, өмір сүру салтына қарама-қарсы дүние деген болатын» [27, 189 б.].
«Өркениет» ұғымы антиктік қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды. XIX ғасырдың Ағарту дәуірінде әлеуметтік мәдени дамудың ең биік сипаттамасы ретінде қолданылады. XX ғасырда О. Шпенглер мен А. Тойнби еңбектерінде бұл термин анық көрінген ерекшелігі бар жергілікті қауымдастық мағынасы, яғни «тарихи өркениеттер» (Қытай, Вавилон, Түркі, Мұсылман, ортағасыр, т.б.).
«Өркениет» («civilization») сөзі батыс қоғамының интеллектуалды және ғылыми айналымына «мәдениет» («culture») терминінен кейін енді. Бұл жағдайдың себебі – діни дүниетанымның ықпалы әлсірей бастаған соң, адам баласы Құдай ықпалынан біртіндеп шыққаннан кейін, Әлем адам баласы әрекетінің ортасы мен нәтижесі сипатына айналды.
Соңғы кездері өркениетті бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ та тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасуы мен реттелудің – заңдық және саяси жүйелерде, шаруашылық түрлері формаларында, дін, философия, ғылым, білім жүйесі, көркем шығармашылықта – этноаралық жергілікті қауымдастық деген анықтама кеңінен тарап отыр» [28, 43-44 бб.].
Сонымен, өркениет категориясы келесі негізгі мағыналарда қолданылады:
мәдениеттің синонимі ретінде;
қоғамдық дамудың үшінші кезеңі ретінде, бірінші кезеңі жабайылық, екінші кезеңі – варварлық (Льюис Моргани, Фридрих Энгельс);
локалды-циклдік және әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде (Н. Данилевский, А. Тойнби және т.б.);
мәдениет дамуының регрессивті кезеңі, яғни оның деградация кезеңі (О. Шпенглер, Н. Бердяев);
этимология жағынан «азаматтық» деген ұғыммен байланысты, «сivilization» қалалық өмір деген мағынаны береді.
Яғни, барлық бұл ыңғайларда өркениет деп саяси, тұрмыстық-шаруашылық, әлеуметтік қарым-қатынаспен сипатталатын қоғамдық дамудың белгілі бір күйі белгіленеді. Бұл жағдайда, өркениет ұғымы хронологиялық немесе территориялды мағынада алынатына маңызды емес. Бастысы, шамамен, барлық уақыттарда өркениет бойына өмір мән-мазмұнын дарытқан өзіндік ерекшелігі бар қабық болып табылады. Ал бұл өмір мән-мазмұнында әлеуметтік жүйенің дамуы жүзеге асады. Сол уақытта эмпирикалық деңгейде өркениет материалды артефакттарға айнала отырып, нәтижесінде қоғамдық өмірдің материалды субстратына (негізіне) айналады.
Ғылым мен техниканың тыңғылықты және динамикалық дамуы нәтижесінде әлеуметтік өмірдің барлық салаларына өзгеріс енгізілуде. Тек еңбектің мән-мазмұны ғана емес, сонымен қатар, мәдениет құрылымы мен қазіргі өркениет жүйесі де өзгеріске ұшырап отыр. Қазіргі уақытта жаңа өркениеттік жүйе туып, cөйтіп, біздің өміріміздің жаңа заңдылығы қалыптасты, мысалы, «ақпараттық өркениет», «техникалық өркениет» және т.б.
Тарих тұрғысынан қарастырар болсақ, өркениеттің дүниеге келуі – адам баласының және қоғамның әрекеттерінің өзгеру салдарынан болды. Мәдениет пен өркениеттің дамуы негізінде қоршаған ортаның, табиғаттың, адам баласының өзі және адамзаттық қоғамның қайта қалыптасу үрдісі жатыр.
Бірқатар зерттеушілер мәдениет пен өркениетті қатар қояды, ал екінші бір топ зерттеушілер мәдениет пен өркениетті бір-біріне қарама-қарсы келетін жүйелер деп тұжырым жасайды. Мысалы, Макс Вебер: «мәдениет пен өркениет бір-бірінен ерекшеленеді, өйткені мәдениет дегеніміз бұл рухани және қайталанбас құбылыс, ал өркениет болса өзінің интеллектуалды табиғатынан – анонимді (жасырынды)». «Өркениет – бұл адам баласының ғылымда, техникада және жобалауда бейнеленген ақыл арқылы табиғатты иемденуі. Ал мәдениет болса – бұл адам баласы рухының жүзеге асуы» [29, 76 б. ]
Мәдениеттің қалыптасуы – бұл абсолюттік дамудағы ашық тұтастық. Ендеше, мәдениет өркениеттің қуаттылығы негізінде жетіліп, дамып, жүзеге асуы қажет. Ал, адамзаттық мәдениет заңдылығы мен тұтастық бірлігі ерекше дүниелер болып есептелінеді. Мәдениет тұтас және әр алуан, ерекше мәдениеттердің көпжақтылығы біртұтас адамзаттық мәдениеттердің болмыстық тәсілі болып табылады. Демек, мәдениеттің өркениет негізінде дамып, жетілетіндігі даусыз. Ерекше мәдениеттер ғана өзекті, әрі оқшауланған. М.М. Бахтиннің пікірінше, «бөгде мәдениет – тек өзге мәдениеттің алдында ғана өз мәніне тереңірек үңілуге тырысады». Яғни, бір мәдениеттің ерекшелігі екінші бір мәдениет арқылы танылмақ. Бір мән екінші бір өзге, бөгде мәдениетпен кездесіп, сұхбаттасу және жанасу арқылы өзінің шынайы табиғи мән-сырын ашады. Нәтижесінде, олардың арасында мәдениеттердің біржақтылығын, оқшаулығын, томаға тұйықтығын игеретін диалог, яғни сұхбаттастық пайда болады. Мәдени диалогтың немесе мәдениеттер арасындағы сұхбаттастықтың туындауы осыдан бастау алады. Біз бөтен мәдениетке жаңа сауалдар қоямыз, олар қалай қабылдаса да, біз осы қойған сауалдарымызға өзімізше жауап іздейміз. Бөтен мәдениет біздің осы мақсат-мүддемізге, еркімізге көніп, өз құшағын айқара ашып, жаңа мәндік тұрғысынан бізге жауап береді. Осындай диалогтық кездесуде екі мәдениет бір-бірімен өзара араласып, қабаттасып кетпей, әр қайсысы өз бірлігі мен ашық тұтастығын сақтай отырып, бір-бірін өзара байыта түседі [30, 333-334 бб.]. Сонымен бірге, адамзаттық мәдениет те жетіліп, кемелдене бермек.
Мәдениеттің әлеуметтік ролін ары қарай анықтар болсақ, оның ролі зор екенін байқаймыз. Яғни, мәдениет адам баласын жабайылық пен тұрпайылыққа, еріншектік пен зұлымдылыққа, менменшілдік пен жауапкершіліксіздікке жол бермейді. Адам баласы өмірінде маңызды роль атқаратыны – бұл еңбек. Марксистік ілімге сүйенер болсақ, «адамды адам ететін – еңбек». Адам баласының жануарлардан ерекшеленетін бір сипаты оның еңбек етуінде. Әлеуметтілік пен мәдениеттіліктің генезисі адам баласының еңбегімен байланысты. Ал өз кезегінде жеке адамдық өмір тіршілігін қоғамдық өмір тіршілігіне айналдырады. Сөйте отырып, нәтижесінде, адам баласы мәдениеттің агенті және қоғам адамы болады.
Интернализация (лат. interims – ішкі) термині әлеуметтануда, педагогикада және мәдениеттануда қолданылады. Бұның негізгі мән-мағынасы мынада – белгілі бір индивидтің немесе адамдар тобының өзара әрекет ететін топтың әлеуметтік құндылықтарын, ережелерін, заңдарын, стереотиптерін игеру процесі. Интернализация нәтижесінде сол адам баласына немесе топқа байланысты сыртқы болып табылатын құрылымдар олардың мінез-құлықтарының ішкі басқарушысына айналады. Интернализация механизмдері өте күрделі және олар әзірге дәйекті де тиянақты зерттелінбеген [31, 69 б. ].
Инкультурация (enculturation) өмір бойына созылған туған мәдениеттің дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, құндылықтары мен заңдарын игеру процесі; бір ұрпақтан екінші бір ұрпаққа мәдениетті тасымалдау және оны зерттеу. Инкультурацияның соңғы нәтижесі – жеке тұлға емес, керісінше, интеллигент. Интеллигент дегеніміз мәдени заңдарды (нармаларды) игеру жиынтығы. Инкультурация терминін Херсковитц «Адам баласы және оның еңбегі. Мәдени антропологияның ғылымы» (1948) атты еңбегінде алғаш рет ендірген.
Фридрих Энгельс (1820-1895) өзінің «Адам баласының дүниеге келу теориясын» 1873-1876 жылдары жазған болатын. Бұл теория «Маймылдың адам баласына айналу процесіндегі еңбектің ролі» атты мақалада айтылады, ал бұл мақала болса, «Табиғат диалектикасы» жұмысының бір тарауын алады. Еңбек деп Ф.Энгельс тас, сүйек және ағаштан еңбек құралын дайындаудан басталған мақсатты іс-әрекетті түсінеді. Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельстің пайымдауы бойынша, адам баласының санасы еңбек нәтижесінде пайда болды. Еңбек ету процесі кезінде адамдарда бір-бірімен сұхбаттасу қажеттілігі туындады, нәтижесінде, бірігіп еңбек етуде сөйлесудің құралы ретінде тіл қалыптасты. Бұл алғышарттардың (еңбек пен тілдің пайда болу процестері) нәтижелерін өлшеп қарау мүмкін емес. Еңбек пен тіл қоғамдық өмірдің басты шарты, оларсыз толық қанды өмір сүру – шынайы өмірдің бет-бейнесін бермейді. Шын мәнісінде, адам баласы еңбек ету процесінде өз бойындағы қасиеттерді, дарынды оятып, танып, өсіріп, дамытады. Адам баласының әрекеті мәдениет туындысына әкелген үлкен ықпал болып табылады.
Ұлыбританияның Ноттингем-Трент университетінің профессоры, мәдениеттанушы Джон Томлинсон «Глобализация в культуре» (1999) деген еңбегінде былай дейді: «Әрине, мәдениет сферасындағы шиеліністер мен қақтығыстар саны біздің жаһанды әлеміміздің саясат немесе экономика сфераларына қарағанда аз деп айту дұрыс болмас. Бірақ, мәдениет саласындағы жағдайларға қарасақ, жақсы өмір құруға жалпы үміттің бар екенін және оған кедергі болатын күштерді жеңуге адамдардың қабілеттері бар екендігін айқын көруге болады. Мәдениет барлық адам балаларына мәнді өмір сүруге мүмкіндік беретін күрделі де дәйекті жүйе және құрылым болып табылады» [32, 167 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |