Философия және мәдениеттану: Оқу құралы


Мәдениет және өркениет ұғымдарының тарихи мәдениеттанудағы орны



бет9/22
Дата22.09.2022
өлшемі1,7 Mb.
#39867
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22
Байланысты:
annotation23046

1.3 Мәдениет және өркениет ұғымдарының тарихи мәдениеттанудағы орны
Мәдениет – философиялық ой-толғамның аса маңызды, терең теориялық мәнді ұғымдарының бірі. Мәдениет ұғымы қоғам өмірінің түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Қысқасы, бұл ұғым саналы іс-әрекет жемісін даму процесінде көрсетуге бағытталған. Әрбір тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті бар. Сол сияқты әрбір халықтың өзіне ғана тән дәстүрлері болады. Бұдан мәдениеттің көп түрлілігі ондағы жалпылықты, әмбебаптықты теріске шығарады деген қорытынды тумайды. Керісінше, мәдениеттің нақтылы – тарихи түр алуы оның мазмұнының күрделілігін және ондағы жалпы ерекшеліктің диалектикасын білдіреді.
Көпшілікке арналған әдебиетте мәдениет мәселесін рухани, көркемдік салалармен байланыстыра қарау басым. Шынына келгенде, мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, оған рухани да, материалдық та жетістіктер жатады. Басқаша айтқанда, адам болу үшін еңбек құралдарын жасауы, сөйлесуі, пікір алысуы, түсінісуі қажет.
Мәдениеттің философиялық сипаттамасын оның құрылымы арқылы көруге болады. Ресми әдебиетте «саяси мәдениет», «экономикалық ойлау мәдениеті», «адамгершілік мәдениеті», «тәрбие мәдениеті», «ұлтаралық қатынас мәдениеті» деген көптеген мәдениетке қатысты сөз тіркестері кездеседі [41, 32 б.]. Олардың әрқайсысы, жекелеп алып қарағанда, философиялық мәселелер. Басқаша айтқанда, философия мен мәдениеттің арақатынасы қоғамның рухани өмірінде орын алатын келелі, күрделі құбылыс екенін бөліп қарау қажет.
Мәдениет пен өркениеттілік тарихта ұдайы қатар жүріп келеді. Мәдени көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, адам еркіндігі де соғұрлым арта түседі.
Өркениеттіліктің өндірісті дамытпай тұруы мүмкін емес, өндірісті дамыту дегеніміз жаңа материалдық және рухани қазыналар жасау болып табылады, ал мұның өзі күрделі қоғамдық қатынастарды қамтиды. Табиғи ортаны игеру, қоғамды жетілдіру мәдениет пен өркениеттілік деңгейін көрсетеді.Олай болса, бұл - өркениеттілік пен мәдениет өзара байланысты және бір объективті негізде дамиды деген сөз.
Сонымен бірге өркениеттілік пен мәдениеттің өзара байланысының сипаты қоғам құрылысына қарай өзгеріп отыратыны да айту қажет. Ынтымақсыз қоғамда олардың жолында қиын терең қайшылықтар болады. Бұқара жасаған мәдениет қазыналары көбінесе элита өкілдерінің меншігіне айналады, олардың мақсатына, игілігіне жұмыс істейді. Тіпті қазіргі Батыс өз мәнін қаншама демократияландыруға ұмтылса да, тұтыну заттарын көбейтіп, қоғамдық жағдайларды қаншама жақсартса да, өзінің тар сипатынан арыла алмай отыр. Әрине мәдениет шын мәнісінде халықтікі. Бірақ мұндағы өркениеттілік пен мәдениет диалектикасын даңғыл жолмен ешқандай бөгетсіз жүріп бара жатқан процесс деп қарауға тағы болмайды. Мысалы, ұлтаралық қатынас мәдениеті өркениеттілік жағдайында дүмпулі қайшылықтардан аулақ болуы қажет сияқты. Ал әлеуметтік саяси шындық өркениеттілік пен мәдениет арасында шешімі табылмаған күрделі қайшылықта бар екендігін өмір көрсетіп отыр. Оны ғылыми техникалық революция жетістіктерін пайдаланудан да көруге болады. Өркениеттілік – қоғамдық қатынастар мен рухани көзқарастардың да нәтижесі.
Мәдениет мәселесінің маңызды буындарының ішінде жеке адам мен мәдениет арақатынасы ерекше рөл атқарады. Жеке адам мәдениеттің субъектісі де, объектісі де болып табылады. Бұл пікір материалдық мәдениетке де байланысты. Жеке адамның даралық сипаты оның іс-әрекет, қызметінен туындайды. Олар қоғамдағы мәдени жетістіктерге бірдей қарамайды, қарай да алмайды. Бірақ еңбек процесінде ол материалдық мәдениетпен танысалы, оның өркендеуіне тікелей қатысады, өзінің өмір салтын қоғамдық өмір мәдениетіне бағындырады. Қоғамдық қатынастардың жемісі ретінде оның рухани қазынадан нәр алмауы, оны көркейтіп, мазмұнын байытуға қатыспауы мүмкін емес.
Бұл екі ұғым бір-біріне өте жақын. Бірақ бір емес. Мәдениет - адам баласының ақылымен, қолымен жабайы табиғаттан бөліп алып өңдеген заты, құбылыс. Оның екі түрі бар: бірі - материалдық жасанды дүние, екіншісі - рухани дүние. Біріншісіне – үй, өндіріс, киім-кешек т.б., екіншісіне – қисса, ертек, өлең-жыр, діни, ғылыми ұғымдар т.б. жатады.
Өркениеттілік деген термин үш түрлі мағынада қолданылады. Кең көлемде гі марксистік мағынасында алғанда – алғашқы қауымдық құрылыстан таптық қоғамға көшу, одан тарлау мағынасында – бір қоғамдық формациядан бір формацияға көшу, ақырында, тар мағынасында - әрбір елдің өз алдына даму ерекшеліктері, айталық, Үнді өркениеті, Вавилон өркениеті т.б. [42].
Мәселен, тағылық құрылымға қарағанда құлдық қоғам көп ілгері дамыған. Мұнда таптар бар, мемлекет пайда болған, жазу қолданылған, тәртіп орнатылған. Сондықтан, мұны адамның тағылықтан өркениеттілікке көшуі дейді. Бірақ бұл даму шегі емес. Қоғам одан әрі дами береді. Бұл өркениеттен екінші өркениет жоғары болва бермек: шикі етті жұлып жегеннен гөрі, оны кесіп, пісіріп жеген артық. Сонда өркениеттілік деген не? Біздіңше, егер мәдениет дамудың көбінесе объективті жағын көрсетсе, былайша айтқанда, менің ақыл-ойыммен, қолыммен жасалған, бірақ менен тыс тұрған не материалдық, не рухани құбылыс болса, өркениеттілік сол объектінің маған тиімділігі, игілігі. Мәселен, қарапайым арба да, қазіргі жеңіл машина да, өнер-білім де мәдениет жетістіктері, ал енді сол арбаны да, жеңіл машинаны да, өнер-білімді де пайдалану маған жасалған жеңілдік, игілік. Мәселен, жұмыс істеу, сөйлей білу, жүріп-тұрудың да мәдениеті бар. Ал енді сол мәдениет қоғамға қызмет етсе, елдің тұрмысын жақсартуға, жеңілдетуге жұмыс істесе – онда ол өркениеттілікке жатады. Олай болса, өркениеттілік мәдени табысбардың адам игілігіне жаратылуы. Бір кезде қала адамы ауыл адамына қарағанда мәдениетті болды. Соған қарап өркениетті қала деп түсіндік [43, 5 б. ]. Солай да болды. Енді бүгін ол ұғым нақтыланды, ауыл мәдениетінің де қоғамға пайдалы, бағалы жақтарын көрсетіп отыр. Ауыл, село халқы екі түрлі өмір сүрген: отырықшылық және көшпелілік. Отырықшылар егін, бау-бақша егіп жер шаруашылығымен айналысқан, көшпелілер мал бағып, соның соңында көшіп, қонып жүрген. Еуропоцентрлік теория бойынша, көшпелілерді мәдениеті төмен, өркениеттен жұрдай деп топшылады.
Бірақ, бұл шындықтан алшақ, ағат пікір болатын. Әрине, көшпелілердің отырықшылдарға қарағанда ерекшеліктері болды. Ал жалпы алғанда, олардың мәдени дәрежесі, өркениеттілігі көп жағынан жоғары болды. Біріншіден, көшпелілерде жазу мәдениеті өте ерте дүниеге келгенімен, кейін түрлі себептерден ол ұмытылып, ауыз әдебиеті кең тарады (қисса, дастан, айтыс, терме, толлғау, жырау, ән салып, күй тарту, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар), осылардың бәрі халықтың өмірін жеңілдетуге, адамгершілікке тәрбиелеуге қызмет етті. Екіншіден, көшпелілерде қол өнері дамып, халыққа қызмет етті. Соның нәтижесінде кілем тоқу, киіз басу, киім-кешек, ер-тоқым жасау дамыды. Қол өнерінің ең биік шыңы – қазақтың 4, 6, 8, 10, 12, 16 қанатты киіз үйі мен оның жасауы: кереге, уық, шаңырақ, туырлық, есік, бесік т.т. Үшіншіден, қазақ расында алтын, күмістен білезік, сақина, шашбау, сырға, ілмешек, алқа жасайтын зергерлер болды. Төртіншіден, көшпелілер ішінде түрлі емшілер, сынықшылар болды. Бесіншіден, көшпелілердің бай, гуманистік әдет-ғұрпы, салт-санасы, той-томалақтары, сауықтары кең тарады. Алтыншыдан, көшпелілер, әрбір айтылған сөзге мән берген, сыпайы сөйлегенді ұнатқан. Бейпіл сөйлеген, дөрекі мінез көрсеткен адамды көргенсіз деп сөккен, былайша айтқанда, көргені жоқ деген мағынада. Жетіншіден, қыздардың биязылығын, ұлдардың тілалғыш, үлкенді сыйлайтын, әдептілігін қолдаған. Үлкен кез-келген жасөспірімнен «Кімнің баласысың?» деп сұраған. Оған үлкен мән берген. Бала жақсы болса, әкесі дұрыс тәрбие берген, нашар болса, айыпты әкесі, баласын дұрыс тәрбиелемеген деп ұйғарған.
Бұл айтылғандар көшпелі қазақ халқының мәдениеті бай, өркениеті жоғары болғанын байқатады. Қазақтар әйелдерді қыспақта ұстамаған, жиындарға қатыстырған. Өркениет қашанда адамгершілік деген ұғымға жақын келеді.
Айталық, қару-жарақ, соғыс техникасы жасап қолдану мәдениетке жатады. Бірақ, ол өркениет емес. Өйткені ол өндіріс, қалаларды қиратуға , адамдарды өлтіруге арналған. Олай болса мәдениет даму дәрежесін көрсеттетін техникалық көрініс. Ал енді сол мәдениет халықтың өмірін жақсартуға, жеңілдетуге жұмсалса, онда ол өркениет [44, 18-19 бб.]
Жоғары дамыған күрделі техника да, ғылыми табыстарда әр түрлі мақсатқа қолданылуы мүмкін. Өркениеттілікке оларды тек қоғамдық прогресске қызмет еткізу жатады. Мәселен, АҚШ – озық дамыған капиталистік ел. Ол елде езілгендер де, езушілер де бар, заңдылықтар да, заңсыздықтар да бар, басқа елдерге жәрдем көрсету де бар, сондай-ақ бостандыққа ұмтылған елдердің теңдігін аяққа басу да бар. Сонда бұл қандай ел? Неміс фашистері КСРО-ға опасыздықпен соғыс ашқанда, олардың техникасы да, соғыс жүргізу әдісі де, соғыс күші де біздің бұрынғы еліміздегіден жоғары болды. Бірақ сонымен бірге олар адамды қырудың түрлі әдістерін, құралдарын жасап қолданды, бала, кемпір-шал, әйелдерді топтап атты, мұражайларды қиратты. Олардың елін өркениетті деуге бола ма? Жоқ, болмайды! Сонда өркениеттілік неге байланысты? Ол ең алдымен прогреске, заңдылыққа, ізгілікке, әділеттікке байланысты. Біздің де демократиялық, құқылық, ізгілікті ел болуға ұмтылуымыз да сондықтан.
Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырып өтейік. Осы сипатта біздің зердемізге бірінші түсетін ұғым - өркениет. Өркениет семантикалық жағынан алғанда (латын тілінің – «civilis» сөзі) азаматтық дегенді білдіреді. Римдіктер бұл ұғымды «варварлықтар» деп өздері атаған басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Яғни, «өркениет» - олардың түсініктері бойынша, азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар даму дәрежесін білдіреді.
Бұл түсініктер б.д.д. IV-III ғ. пайда болды және сол уақыттан бері «мәдениет» түсінігімен тығыз байланыстырылып келеді. Мынадай анықтамалар бар:
- Өркениет жабайылық және шапқыншылық дәуірінен (Морган, Энгельс) басталатын адамзаттық даму сатысы.
- Мемлекеттер мен халықтардың әлемдік қоғамдастығы.
- Материалдық мәдениеттің даму сатысы.
- Мәдениеттің дамуының соңғы сатысы, оның құлдырауы деп (Шпенглер) түсіндіреді [45, 16 б.].
Өркениет туралы қалам тартқан орыс ғалымы Н. Данилевский өркениетті «мәдени тарихи тип» [35] деп санаса, П. Сорокин «үлкен мәдени жүйе» [46, 18-22 бб.] деп қарайды, ал неміс философы К. Ясперс оны «айналмалы дәуірлер» [47, 127 б. ] деп тұжырымдайды. Қалай болғанда да, тарихта «шектелген мәдениет» барын ойшылдар мойындайды [48, 382 б.].
Бұл күні адам баласының тарихын мәдени және өркениеттік тұрғыда саралайтын ғалымдар не сан. Алайда осы бір ғылымдағы бағыт европалық ойшылдардың ғана табысы емес екендігін айту керек. Өркениеттік даму туралы ойларды ХІVғасырда өмір сүрген араб ғалымы Ибн Халдун (1332-1406) қалдырып кеткен.
Белгілі бір кеңістіктегі «мәдени», не болмаса «өркениет» дамуы туралы концепция ХХ ғасыр аяғында Батыста кеңінен тарауда. Мысалы американдық ойшыл Фрэнсис Фукуяма: «социалистік жүйенің құлауы, коммунистік идеологияның шектелуі әлемде Батыс либерализмнің (саяси демократия мен нарықты экономиканың) толық жеңген заманасын орнатуға әкелді. Әлем көз алдымызда тұтас бір өркениетке айналуда» [49, 69 б.], - деп пайымдады. Ал Американдық басқа бір ойшыл Сэмюэль Хантингтон «ақырзаман», біртұтас өркениет» идеяларына қарсы шығып, «өркениеттердің түйісуін» («соқтығысуын») жақтап шықты. Хантингтон концепциясының түйіні –болашақта біртұтас өркениет қалыптаспайды, әлем бір-біріне ұқсамайтын бірнеше өркениеттерден тұрады. Ғалымның пікірінше, өркениеттің әрқайсысына бір-бірімен қатар өмір сүруді үйренуге тура келеді [50, 231 б.]. Заманымыздың белгілі тарихшысы ағылшын А. Тойнби өркениетті табиғи бір ортада динамикалық даму кезінде біріккен қоғами тұтастық деп қарайды [51, 87 б. ].
Шын мәнінде, дамудың эволюциялық, барысында белгілі кеңістікте қоғамға тән мәдени-экономикалық, рухани ортақтық, өркениеттік тұтастық қалыптасады. Ол сол қауымның – адам баласының дамуындағы қол жеткен деңгейіе көрсетеді.
Зерттеушілер Г. Чайлд, К. Фланнер, К. Клакхон, В.М. Массон отырықшылар өркениетіне тән ерекшеліктер қатарында жазу, жол тораптары, қалалық жүйесіндегі құрылыс, монументальды архитектура, сыртқы сауда және қатынас жүйелерінің қалыптасуын көрсетті. Ал көшпенділер өркениетіне өлгендерге орнатылған монументальды архитектура, қалалық типтес қоныс, жазу мен өнер, тұрақты сауда байланысы тән екендігі дәлелденді [52, 5-12 б.]
Өркениетке тән үш ұлы ерекшеліктер, сөз жоқ, мемлекет, жазу, монументальды архитектура. К. Клакхон осы үшеуінен монументальды архитектураны бірінші орынға қояды. Ол болса өзінің ғажайып көрінісімен, алпауыт болмысымен, қоғамның құрылыс салуға зор мүмкіндігі бар толмысымен бейнеленеді. Көне Египеттің пирамидалары сияқты сайын даладағы патша қорғандары қарапайым адам мен билік және байлығы сай адамдар арасындағы алшақтықты ғана емес, тұтас қоғамның да мүмекіншілігін көрсетсе керек. Өркениеттің басты белгілерінің бірі - мемлекеттік. Өркениет зерттеушілердің қалың тобы ертеректегі көшпенділерді (біздің жыл санауымыздан 1 мың жыл бұрын) мемлекеттікке жетпеген, ал ортағасырлық көшпенділерді мемлекеттігі бар деп санайды [53, 25-27 б.]
Бұған қарама-қарсы сақтар мен үйсіндерде мемлекет болғандығы туралы деректер бар. Сонымен қатар көшпенділер мемлекеттік деңгейге жетпеген деген ғалымдарда кездеседі. Олар көшпенділерде «тайпалар одағы» болды, ал ол болса мемлекет сияқты тұрақтылығы болмады-мыс дегенді пайымдайды. Тіпті ХV ғ. Қазақ хандығы мемлекет емес деген пікірді Қазақ сахарасының ұзақ жылдар дәм-тұзын татқан В. Моисеев мырза жазды [53, 25-26 б.]
Сөз жоқ, көшпенділік экономиканың экстенсивті типімен байланысты. Зерттеушілер сондықтан да жыл бойы мал соңында жүрген халықта тағылар қатарына жатқызуға бейім. Есімі танымал өркениет тарихын зерттеуші А. Тойнби: «Көшпенділердің тартқан сазайы, шынтуайттап келгенде, эскимостардан ешбір кем емес. Олар бұғаулар бағындаруға тура келген табиғи жағдай өздерін даланың қожасы емес, құлы қылды. Эскимостар сияқты көшпенділер де табиғи жағдайдың, жылдың төрт мезгілінің тұтқыны болды. Қырмен байланысты жолға қоямын деп жүріп олар өзге әлемнен қол үзіп қалды. Олао ауық-ауық өз жерін тастап, көрші отырықшы өркениет иелеріне басып кіріп, көршілерінің қалыпты тірлік ағысын талай мәрте тоқтатып тастап отырды. Шынтуайттап келгенде, бұл көшпенді ырықсыз бағынатын сыртқы күштердің әсерімен де болатын. Ондай күш екі түрлі: біріншіден, қырдың ауа-райы өзгеріп, көшпенді одан не қоныс, не өріс таппай тықыршып, екіншіден, жергілікті отырықшы қоғаммен арада көзге түспес кеңістік пайда болып бірін-бірі жақындатпауы олардың зығырданын қайнатып, төтен қимылға ұрындыратын. Осыдан келіп қырғын қырқыс өзі-ақ туатын. Сондықтан көшпенділер тарихи оқиғаларға осылай айбарлы тартылғандықтан оларды тарихы бар қауым деуге болмайды» [51, 212 б. ] деп жазған ғой ол. Өркениеттің өзін таза мәдениет деп деп қана танитын да осы Тойнби. Осылай біз көшпенділер, жабайылар есебінде «тарихы жоқ» халық қатарына біржолата жатқызылғанымыз қашан. «Тарихы жоқ халықтар» деушілер оларды тұрпайы қоғам, тағы қоғам, қайдағы бір томаға тұйық ортада қозғалысы жоқ, дамуы жоқ дәрежесінде санайды. «Ескі және жаңа әлем мемлекеттері ұлан-ғайыр өзгерістерді бастап кешіп жатты, ал дала, ондағы көшпелі халықтардың өмір салты мейілінше баяу өзгерді. Дегенмен де, осы зерттеушілердің ішінде шығыс қауымының эволюциясын зерттей келіп: «Кочевать было выгоднее, неужели влачить печальное существование» оседлего земледельца, «бесправного и беззащитного, облаженного десятками податей и повинностей, систематически ограбляемого финансовыми чиновниками и земледельцами различных категорий ...» [54, 32 б.], - деген қорытындыға келгендер де болды.
Өркениет зерттеушілерінің бір тобы Евразия даласындағы көшпенділерді тарихи даму процесінен бөліп алып қарауға болмайтынын көрсетеді. Өйткені, ол көшпенділер, біріншіден, басқа көршілес қауымдармен арақатынаста болды, ал ол қауымдар болса отырықшы-егіншілер, қала мәдениеті дамыған өлкелерде тұрды. Екіншіден, көшпенділердің өз ішінде жартылай көшпенді, жартылай отырықшы малшылар болды. Үшіншіден, көшпенділіктен отырықшылыққа көшу, қалалық мәдениетпен ұштасу, түйісу тенденциясы тарихта орын алды. Таза көшпенділік Евразияның сайын даласында болған емес, қала мен дала одағы, отырықшылық пен көшпенділік өзара ұштасып, бір-біріне кірігіп, байланысып жатты. Сондықтан да Евразия сахарасында таза көшпенділер өркениеті емес дала мен қала мәдениеті ұштасқан Дала өркениеті дамыды. Тарихшылар әулетінің бір тобының көшпенділерді динамикада қарап, олардың көшуден отырықшылыққа ауысуын, даладан қалаға орнығуын, тайпалық одақтардан мемлекетке өтуін қарастыруы тарихи әділдік. Тарихи процесстер территорияға, хронологияға, этносқа байланысты емес, мал шаруашылығы мен егіншіліктің негізі салынуына, әлеуметтік бөлінушілік тууына, қол өнері мен сауданың дамуына, этностық бірліктің қалыптасуына, күшті әкімшілік жүйе өрістеуіне, біртұтас идеология, діннің күшіне енуіне, эпос пен жазудың болуына байланысты [55, 13-14 бб.]
Қорытып айтқанда, тарихқа белгілі бес таптық формациялық көзқараспен ғана қарап қоймай, оған өркениеттік-цивилизациялық көзқараспен қарайтын кез келді. Осы тұста цивилизацияға-өркениетке қандай анықтама берген орынды деген сауал туады. «Эволюция восточных обществ: синтез традиционного и современного» деген еңбектің авторлары оған былай деп жауап берді: «Цивилизация по нашему мнению, представляет собой исторически сложившееся единство материальной и духовной культуры, продукт весьма длительного существования более или менее стабильной этнодемографической общности. Конкретная этнодемографическая и социокультурная общность такого рода может включить один или несколько крупных этносов (народов), территориальные границы ее расселения могут довольно сильно колебаться, расширяясь или сжимаясь, однако во всех случаях можно говорить об известном ядре цивилизации, идет ли речь о культуре в широком смысле слова, о народонаселении, которое воспроизводит себя как этносопиальная и демографическая макросистема, или о территории, создающей пространственный контур данной цивилизации» [56, 29 б.].
Сонымен, өркениет тірнек (материальная), көрнек (духовная) мәдениеттерінің ұзақ мерзімді тарихи дамуының нәтижесі.
Бір немесе бірнеше этностардың (халықтардың) этнодемократиялық мәдени әлеуметтік бірлігіне негізделген өркениет ауқымы бірде есіліп-көсіліп, бірде тарылып-қысылып дамығанмен оның өзегі негізді болды. Евразия сахарасындағы Дала өркениетінің өзегі бір заманда түркі тайпалары, оның ішінде қыпшақтар болса, кейін қазақтар екендігі дау тудырмаса керек. Ұлы Мағжанның түркі жұртына ұлы шаңырақ иесі болып қазақ қалған жоқ па? – деуі де осыдан болса керек. Өркениет – мәдени тип, ол ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесі, тұйық, ағысы жоқ жерде эволюциялық даму емес, борсу бар, іру бар, шіру бар, бір орнынан қозғалмай, тыпырлау бар. Қалай болғанда, өркениет - дегеніміз эволюциялық белгілі бір дәрежеде этностармен мемлекеттердің аралас-құралас қана емес тарихи және мәдени біртектілік болмысының автономды дамуы болса керек. Сонда ғана ол әлем дамуына өзіндік қадір-қасиеттерімен, өзіндік тарихи ағысымен, ұлысымен, тынысымен мен мұндалап ене алады, әлем дамуына өзіндік үлесін қоса алады.
Өркениет – дара келеді, сонымен бірге әлемдік даму мұхит болса, ол оған даоия болып қосылады, Адам тарихының бір саласы болып содан таралады да. Біртұтастық пен жекешелік, даралық, осылай өзіндік болмыстарын бейнелей алады. Өмір диалектикасы деген осы.
Соңғы жылдары «өркениет» термині қисынды ұйымдастырылған, жоғары дамыған қоғам дегенді білдіреді. Адам қызметінің кез-келген өзгертушілік әлемі тек рухани құндылықтармен ғана тұтастықпен мәңгіге ие болады. Материалдық игілік өзі дербес - адамның рухани дамуы үшін алғы шарт ғана. Өркениеттің негізгі үлкен уақыт аралығындағы тұтас тарихи дәуірдегі адамның бүкіл қызметінің мәні мен бағытын беретін мәдениет компоненттері құрайды. Сондықтан да өркениетті мәдениет болмысының ерекше айналады деп айтуға болады [57, 10-11б.]
Өркениеттің дамуы көп жағдайда мәдени құндылықтардың өркениеттің өзіне қаншалықты сәйкестігіне байланысты. Өркениет өзінің жеке дамуы үшін мәдениеттің жетістіктерін белсенді және жемісті игшерген сайын ол үлкен шығармашылық қуатқа ие болады. Сонымен, өркениет сол қоғамға тән принциптерді тудырады. Ал мәдениет адамның, қоғамның дүниеге нақты өркениеттік нысанға ерекше қатынасын көрсетеді. Мәдениеттанушылардың пікірінше, өркениетке еңбектің жолмен бөлінуі, қалалардың пайда болуы, жазбаша мәдениеттің дамуы, қолөнер мен сауданың өркендеуі, азаматтық қоғам мен мемлекеттің орнауы жатады [58, 76 б.].
Адам баласының адамзат атанған күннен бастап дүниетаным деген ұғым қалыптасты. Дүниетаным арқылы біз айналамыздағы бар дүниенің жай-жапсарын анықтаймыз. Әрбір жеке тұлғаның дербес дүниетанымы біріге келе тұтас бір дүниеге көзқарасты тудырса, сол дүниетанымнан әрбір жеке адам көзқарасы өз бастауын алады. Дүниетанымның қамтымайтын аймағы жоқ. Ол адам баласына қатысты барлық мәселелерге араласып, өз деңгейін көрсетіп отырады. Жалпы алғанда, философия - дүниетанымдық ғылыми жүйе. Дүниетанымның теориялық негізі немесе ғылыми жүйесі ретіндегі философияның басты ерекшелігі, бүкіл дүниені бір тұтас бүтін ретінде қарастыруында, яғни оның ішкі және сыртқы байланыстарын өзара бірлікте зерттейді. Ал дүниетанымның негізгі ұғымдары «дүние» және «адам». Бұлардың әрбірі объективті шындық, ерекше бір құбылыс болғандықтан, олардың әрқайсысының ішкі табиғатын, бір-біріне өзара тәуелді қатынасы, байланысы арқылы ғана түсінуге әрі түсіндіруге болады. Демек, кез-келген ғылым осы екі табиғи шындықтың қатынасынан туындайтын мәселелерді зерттейді деуге болады. Екінші сөзбен айтқанда, әр ғылым қоршаған орта мен адам бірлігінің немесе жалпы объективті шындықтың белгілі бір көріністерін ғана зерттейді [48, 304 б.]. Түйіндеп айтар болсақ, дүниетаным деңгейі өркениет деңгейімен ұштасып жатыр. Өркениетті жасаушы да, жоюшы да адам болғандықтан, антропология мәселесін жан-жақты салалы зерттеу қай кезеңдеде толастаған емес. Адамға ең қызықты объект - ол адамның өзі. Адам адамға әрі объект, әрі субъект. Ешқандай ғылым адамды толыққанды зерттей алмайды. Бір ғылым адамның жанын зерттесе, екіншісі биологиялық құрылымын, ал үшіншісі қоғамдағы рөлін зерттейді. Адаммен байланыссыз бірде-бір ғылым жоқ. Барлық ғылым адамға тәуелді, себебі ол адам ойының, адам дүниетанымының жетістігі.
Адамзаттың шығу тегі немесе алғашқы адамның тіршілік жағдайы туралы әр түрлі салыстырмалы пікірлер қатарында бір-біріне қарама-қайшы екі көзқарас бар. Көптеген зерттеушілер алғашқы адамды жәй ғана жабайы деп есептеп, олар өркениетке ешқандай прогресивті қозғалыс туғыза алмайды деген көзқарасты ұстанды. Тарихқа жүгінсек, кейбір нәсілдер белгілі бір кезеңдерде немесе ғасырлар жалғасында өз дамуында тоқтап қалады, кейде тіпті сол дамудан кейін шегінеді. Басқа авторлар диаметральды қарама-қайшы көзқараста болды. Олардың пікірлері бойынша, адам әу бастан-ақ қазіргі біздің көріп жүргеніміздей, тек олар бізден гөрі ғылыммен, өнермен азырақ таныс болды, бірақ ақыл сапасы қазіргі адамнан еш кем болмаған.
Осы тұста белгілі ғалым, археолог Д. Уотли ойына мән бергеніміз де орынды: «қандай да бір қауым ешқашан бөгденің көмегінсіз толық варварлық күйінен келесі біз өркениет деп атап жүрген күйге өтпеген және өте алмайды да, ал бұған біздің сенбеуімізге еш себеп жоқ. Адам жабайы күйден шыққан жоқ, әрбір қауымдағы өркениетке деген прогресс сол қауымның өз ішінде, сондықтан олар сол күйден, алыста қалған толық варварлықтан әрқашан ішкі күштері арқылы шығып отырды, соған қарағанда адамдар ешқашан толық жетілмеген немесе өздігімен дами алмаған» [59, 350 б.]. Д. Уотли бойынша: біріншіден, жабайылар арасында прогресс бар, екіншіден, ең ірі өркениетті ұлттардан да алғашқы варварлардың іздерін табуға болады Шындығында да, алғашқы адамдар терімшілік, егіншілік және малшылықпен айналысты, жабайы аңдарды үй жануары етіп қолға үйретті, тіпті қазіргі арнайы дайындықтағы сарбаздарымыздың соғыс алдында беттеріне қара бояу жағып алуы, алғашқы қауым адамдарының өлімнен қорғайды деген сенімдерінен қалған. Жабайылар арасындағы прогрессивтілік өркениеттің бастауына алып келді, өркениетке шығушы күш, мотивке айналды.
Тарих бойынша әлемнің әр түкпірлерінде бір-бірімен жарыса өрбіген өркениет нышандарын еш қиындықсыз анықтауға болады. Алғашқы варварлар адамдардың бұл атаудан құтылуына негіз болды, қазіргі заман адамдары өздерін варварлардан алшақтатады, дегенмен олар алғашқы үлгі, адамзаттың бастапқы күйі. Олар өркениеттің пайда болуына себепші. Сондықтанда біз оларды «варвар» деп айдарлап, өзімізден алшақтатқанымыз өркениеттілікке жат. Өйткені олар жабайылықтың емес, нағыз өркениеттіліктің бастамасы болды. Осы орайда, алғаш өркениет терминінің шығуына мұрындық болып, өздерін варварлардан ерекшелендіргісі келгендіктен азаматтық, мемлекеттік деген мағынаны білдіретін цивилиц «сivilis» сөзін ендірген атақты Римдіктер ойға оралады. Міне, бұл да варварлардың себебінен болып тұр, болмаса олар өздерін кіммен салыстырар еді. Сонда өркениеттің алғашқы шығу себебі қандай, римдіктер енгізген негізі неде? Бұл сұраққа ертедегі грек тарихшысы, өркениет пен варварлық құндылықтарының ара қатынасы мәселесін көтерген Публия Корнелия Тациттің көзқарасы арқылы жауап табуға болады.
«Ертедегі рим тарихшыларының ізденістері дұрыс бағытта. Онда азаматтық, идеалдарға деген сенімділік, жанұяға деген махаббат сияқты әлеуметтік мәні бар адамзаттық, өнегелік құндылықтар бар, бірақ сонда да адамның ішкі дүниесінен, жан сарайынан бір дабыл сезімі сезілетін секілді» [60, 118 б.], - дейді Тацит. Оның көптеген ойлары әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қай кезеңде болмасын тек ізгілікті ойға негізделген идея ғана мәңгілік болмақ, ізгіліксіз ой уақытша ғана үстемдік етеді. Оған Маркстік ілім мысал бола алады. Социализм тұсындағы марксизм-ленинизм атты тұтас ілімнің бүгінгі күні еш маңызы жоқ, яғни ол уақытша үстемдік еткен өктем ой ретінде қала берді. Ойымызды жалғастырар болсақ, Тацит әртүрлі халықтардың өмір сүру ерекшеліктерін қарастыра отырып, мынандай жағдайды байқайды: «Гректер тек өздеріне табынады, олар жалқау әрі өз бетімен кеткен… арабтарда тәртіп жоқ … египеттіктер ырымшыл». Тацит Рим экспансиясына апологет болған. Б.э.д. ІІ ғасырдың басында Римнің жаулап алу саясатын ақтау шаралары басталған еді. Сол кезеңде Римнің саяси қайраткелері мен сөз шешендері, Рим жаулап алу соғысын жүргізіп жүрген жоқ, керісінше, мәдениетті, халықтар достығын жариялап жүр [60, 118 б.] деп дәріптеді. Тациттің пікірінен, Римдіктердің өркениетті енгізуде «мәдениет, өркениет» идеяларын ұстанып, осы саясатты жүргізіп жүрміз деп дәлелдегенімен, бұл идея немесе «өркениет» теориясы шын мәніндегі мағынасын бере алмағанын байқауға болады. Осындай тарихи мәліметтер қатары жоғарыда аталған әртүрлі көзқарастардың қалыптасуына мүмкіншілік туғызады.
Шығыстық нұсқаулар бойынша, арабтың «тамаддун» сөзі өркениет деген мағынаны білдіреді, оның тамыры «мадина» қала яғни, қалалық болу, қалада жиналу деген сөзден тараған. Кейбір ғалымдар бұл сөздің лексикалық мағынасына мән беріп, қоғамның рухани құндылықтарын қамтитын мәдени дамуға қарсы қойып, материалдық дамудың мән-мағынасында түсіндіреді. Демек, өркениеттің белді белгілері болып есептелінетін материалдық жетістіктер, қалалар, жолдар, көпірлер, керемет сарайлар, мектептер, әбсерваториялар, кітапханалар мен мешіттердің салынуы, математика, космография, астрономия, медицина, фармокология сияқты нақты ғылымдар аймағындағы ғылыми прогресс арқасында жүзеге асырылып отыр. Осы көзқарасты Ф. Энгельс те қолданған, оның “Отбасы, жеке меншік және мемлекеттің пайда болуы” деген еңбегінде өркениет жазу, қалалар және мемлекетпен бірге пайда болды деп жазады. Бірақ бұл ұғымға қайшы тағы бір көзқарас бар. Ол қоғамның рухани-мәдени құндылықтарын қамтитын әдебиет, тарих, дәстүрлер мен салттар, дін мен ұлт. Мысалы, Арнольд Джозеф Тойнби мен Уил Дорант әлемдік өркениет мәселелеріне арнаған өз еңбектерінде дәл осы ерекшеліктерді, яғни өркениеттің әмбебаптық мәнін ескерген еді.
А. Тойнби тарихшы ретінде салыстырмалы терең зерттеу жүргізе отырып, өз бетінше әр қоғамға сипаттама беруге тырысты. Ол ең бірінші өзіне жақын православиялық христиандық қоғамнан бастады. «Біз бұл қоғамға алғаш жақындаған уақытта аса көп қиындықты кездестірмейміз, себебі, әмбебапты мемлекет, әмбебапты шіркеу және тайпалардың қозғалысы - құбылыс тек аналогиялық қана емес, тіпті бірегей, өйткені, батыс қоғамының тарихи негізін зерттеу барысында біз мұндайларды кездестіргенбіз демек, православтық христиан қоғамы батыс христиандығымен сәйкес, яғни Эллиндік қоғаммен «бауыр-туыстық» қатынаста, ал мұнан шығатын қорытынды, бір қоғам бірнеше әртүрлі қоғамдармен «отандық-туыстық» қатынаста бола алады. Мұны дәлелдеу үшін географиялық факторларға қайта оралу қажет» [61, 42 б.]. Тарихшы-ғалым өркениеттердің немесе өзі атаған қоғамдардың георгафиялық орналасуына, тарихи мәліметтерге, археологиялық айғақтарға сүйене отырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын және жас шамаларын дәлелдеуге тырысты. Мысалы ислам мен иудаизмнің дамуы туралы А. Тойнби былай дейді: «православтық христиан Кавказдың солтүстік етегінен дала шетіне ақырын жылжыған уақытта, иудаизм мен ислам тарихи аренаға шығып кетті. Иудаизм Волганың төменгі жағымен Дон аралығын мекен еткен орта хазарға жайылды, ал ислам - Орта Волгада ақ болгарлар арасында кең тарады. Мұндай жағдай Солтүстік-Шығыстағы православтық христиан экспанциясына нүкте қойды» [51, 43 б.].
Осылайша Православтық христиан қоғамынан бастаған А. Тойнби ирандық және арабтық қоғамға келеді. Ол бұл қоғамды тірі қоғам қатарына жатқыза отырып, әмбебапты мемлекет - Аббасаидтердің Бағдат халифаты, әмбебапты шіркеу - ислам, тайпалар қозғалысы - Ұлы дала төсіндегі түрік және моңғол көшпенділерінің қозғалыстары деп есептеді. Қазіргі күнгі ислам қоғамы шығу тегі бойынша бір емес. Оның бірлігі - дамуының соңғы фазасы Халифат Аббасидтер болған қоғамдардың бірігу нәтижесі.
Келесі қоғам - сириялықтар қоғамы. А. Тойнби белгілі бір империялардың ұқсастықтарын, олардың әкімшілік принциптерімен әлеуметтік және рухани өмірлерін салыстыра отырып, уақыт аралық өлшемдерінің сәйкес келуін және тамаша ұқсастығын ғана қарастырып қойған жоқ, сонымен қатар, бұл мәліметтерді аса тарихи маңыздылығы бар бөлініс деп пайымдады. Ахеменидтер мен Римдік империя шығу тегінің ұқсастығы ғалым пікірінше еш күмән туғызбайды, олардың басты айырмашылығы Эллиндік әмбебапты мемлекеттің бір ғана Римдік бастаудан өсуінде. Келесі тірі қоғам Инд пен Ганга даласын, өңірін мекендеген инд қоғамы және ең соңғы тірі, әрі араб қоғамына жақын ежелгі қытай қоғамы. А. Тойнби бойынша, өлі қоғамдар қатарына реликт, миной, шумер, хет, вавилон, анд, юкатан, мексикалық және майя, египеттік жатады.
А. Тойнби батыстық қоғамға жататын бір түрдегі 21 қоғамды қарастыра, біріктіре және белгілі бір критерийлер негізінде шамалап, өзіміздің жеке дара тарихымызға, нақтырақ айтсақ, әмбебапты мемлекеттердің, әлемдік шіркеулердің, батыр ғасырлардың, уақыт пен кеңістік арасындағы өркениеттер байланыстарының шығу тегі, өсуі, бірігуі мен ажырасуы, пайда болуы мен құлдырауына көшеміз, дей келе, өркениет керемет, ол еш нәрсемен салыстыруға келмейді деп тұжырымдайды. Бұл «Өркениеттердің бірлігі» туралы тезис, әлеуметтік ортаның аса күшті ықпалына мықтап шырмалған, қазіргі заманғы батыс тарихшылары арасында танымал болған, жалған концепция болып табылады. Өзінің экономикалық жүйесін бар әлемге таратқан қазіргі заманғы батыс өркениеті осындай адасуды туғызуға бірден-бір себеп болып отыр. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, А. Тойнби екшелеген 21 өркениеттің жетеуі ғана тірі, ал қалған он төрті өлі өркениетке жатады. Өлі өркениеттердің кем дегенде үшеуі яғни, миной, египет және шумер қоғамдары тарихтың таң шапағында дүниеге келген. Демек, бұл үш өркениет тірі және өлі өркениеттер қатарынан бөлек, тарихи уақытта барынша ұзақ өмір сүрген өркениеттер ретінде жинақталуы керек. Бір ескеретін жайт, өркениеттерді уақыт арқылы салыстыра қарастырар болсақ, бірінің орынын бірі басып отырған өркениеттердің барлығы дерлік аталмыш үш өркениетті басып оза аламайды. Бұл өркениеттер ежелгі, алғашқы өркениеттер болып саналады, бірақ осыған қарамастан олар өте бай, қоры мол, үздік өркениеттер.
Ғалым пікірінше өркениетті қиыншылығы мол жол күтіп тұр, «өмір сол жолды жүргізуші және бұл жолды біраз адамдар өздігімен таба алады». Бірақ осы жолды тапқан адамдар, яғни шығармашылық тұлғалар, өркениеттің қозғалысына немесе оны бағыттауға жарамды ма? Олардың өз жолының дұрыс екеніне сенімділерінің өзі артына жалтақтамай алға жылжи алмайды. Олар «әлеуметтік жануарлар» іспеттес өз замандастарын артқа тастап кете алмайды, соларды бағыттау үшін, біріктіру мақсатындағы қозғалысқа қоғамның барлық мүшелерін жұмылдыру үшін, бар күш-жігерін жұмсайды. Бірақ қоғамның шығармашылықтан тыс бөлігі әрқашан және кез-келген жерде шығармашылыққа бейімделген азшылықты басып кетеді де, қиқар бұқараның тежеуішіне айналады немесе жалпы және бірқалыпты қалыптасуға мүмкіндіктері болмайды.
А. Тойнби бойынша, «Құдіреттілік әзірге адам жалғыз кезде еш мүмкін емес. Ол өз жанынан шығын мен қиналысқа ұшыраса да, өзін-өзі дамыту үшін, барлығын мойнымен көтеріп, басқаларды өзімен бірге жетілдіру жолына табанды түрде алып келуге міндетті. Әлеуметтік өмір табиғатының өзі шығармашылықты тұлғалар алдына серпіліс жасау таңдауын қояды. Бұл серпіліс Платон анықтамасы бойынша «өте күшті интеллектуалды одақ және өте тығыз жеке дара араласу» арқылы ғана бір жаннан екінші бір жанға «алаудан шыққан жарқылдаған ұшқын, жарық сәуле» тәрізді құдіретті от бере алады. Бірақ бұл жол басқалардың қатысуын талап ететін болғандықтан желтідіру мақсатында аса қолайлы емес. Сонымен қатар, ішкі рухани игілік беруші - қасиетті, себебі бұл барынша сирек, әрі керемет құбылыс, құдды әлемдегі қасиеттіліктің пайда болуы тәріздес. Әлем - шығармашылықты тұлғалар өмір сүріп, еңбек ететін жер. Бұл жәй, қарапайым адамдардың қоғамы. Шығармашылықты тұлғаның міндеті қарапайым адамдардың тобын өздерінің ізін қуушылар қатарына қосу, адамзат бойындағы белсенділікті арттыру, оны мақсатқа бағыттау болып табылады, ал мұндай міндетті тек мимесис немесе еліктеу арқылы ғана жасауға болады. Мимесис дегеніміз - әлеуметтік жаттығулардың әртүрлілігі. «Бір адам басқа адамнан еркін импульсті қалай алады? Мұның екі жолы бар. Бір жол жаттығуларда болса, екіншісі мистицизмде ... Бірінші тәсіл өнегелілікті дәстүр арқылы таратуды ұсынса; екіншісі азды-көпті толық идентификацияға түсе алатын басқа тұлғаны, тіпті рухани одақты ұсынады. Екінші тәсіл жағдайға байланысты ақылға салады, Платон сөзімен айтсақ, керең құлақ Орфейдің баға жетпес кифара музыкасын естуге қабілетті болмаса да, командирдің бұйрығын лезде қағып алады. Шығармашылықтан мақұрым көпшілік тіпті бұл жол оны өлімге апарса да, өз көсемдерінің артынан соқырларша ілесе беруі мүмкін. Сонымен қатар, мимесисті шынайы қолдану барысында қиыншылықтар мен басқа ережелер кездеседі. Егер мимесис жаттығу түрі болса, демек ол белгілі бір дәрежеде адамды механизациялайды. А. Тойнби біз «жұқалтаң механизм» немесе «техникалық шығармашылық» тіпті болмаса «шебер механика» деп айтқан кезде, бұл сөздер материя астарында өмірдің жалпы триумфалды идеясын бере алады, әсіресе, адамзаттық еркіндік пен табиғат аясындағы ойлар триумфі ерекше аталады деп есептейді. Механикалық ашылымдар шын мәнінде қоршаған ортаға деген адамның үстемдігін кеңейтті. Осылайша, жансыз объекттер өз мақсатына жетуге ұмтылған адамға көмектесе бастайды. Бірақ сержанттың өзі бұйрық бере отырып, взводттан механикалық дағдылар жинай бастайды, бұл дегеніңіз адамдардың механизацияға жетуі деп пайымдайды.
Табиғаттың өзі адамды механикалық құралдарды пайдалануға дайындай отырып, ойлаптапқыштық қабілет берді. Адам үшін шығармашылықтың шебер туындысы - адамдық дене, табиғи механизм. Онда өзі реттейтін екі машина – жүрек пен өкпе бар, машиналардың жетілгендігі сондай олар өздерінің жұмыстарын автоматты түрде орындайды. Табиғат адамға сезім мен ойлау, шығармашылықты қайталанбас жұмыс қозғалысын орындау үшін бұлшық ет пен психикалық энергия берді. Табиғат органикалық өмірдің эволюция жолымен барынша өте жұқа ағзаларды пайда болғызды. Ол алға жылжудың барлық кезеңдерінде де Орфей тәрізді қимылдады. Табиғат өте көп қайталанатын жаттығулар қосқан, басқаша айтқанда, ол автоматизмге жетуді мұрат етті. Адамдық қоғам сияқты табиғи ағза өз бойында шығармашылыққа бейім азшылық пен керісінше көпшілікті ұстайды. Өсіп келе жатқан ағза да, өсіп келе жатқан қоғам тәрізді көпшілік жетекшілік етіп отырған азшылықтың нұсқауымен жүріп-тұрады және соларға еліктейді.
А. Тойнби тұжырымдаған келелі ойды түйіндер болсақ, адам жаратылысы расымен де өте күрделі. Адам санасының ауқымы шексіз және жаратылу шеберлігі аса ыждахаттылықпен қиыстырылған. Адамның әрбір дене мүшесі өздігімен керемет, олар өз қызметтерін еш жаңылмастан мүлтіксіз орындайды. Демек А. Тойнби көтерген мүшелердің автоматты қызметі мәселесі өте дұрыс, демек адам табиғатынан автоматтылық қызметке жақын. Адамның айқын мүшелерінен басқа сезім мүшелерінің болуы тіпті ғажап. Бұл мүшелер қызметі табиғаттан автоматтандырылған. Олай болса, адамдардың іс-әрекеттері өзінің жаратылыстану аймағынан алысқа кетпесе керек. Олар әуел бастан-ақ бір-бірімен қатынас жасауға, әрқашан алға ұмтылуға, өздерінің табиғатынан берілген жаратылыстық қасиетіне, яғни басқа дүниелерді өздерінің ақыл сапасына салып жаратуға бейімделген. Осы жаратылу дәстүрінің үздіксіз жалғасуының арқасында адамзат бүгінгідей даму тенденциясының жоғарғы дәрежесіне жетіп отыр. Адам жаңа нәрселерді жаратудан еш жалыққан емес, себебі бұл дәстүрдің жалғасуы оның тумысынан берілген қасиеті. Ал жаңашылдық - ол өркениеттің өзегі, мәдениеттің мұрасы.
Қазақстан Републикасындағы Иран елшілігінің мәдениет сұрақтары бойынша эксперті Хейдарнияның пікірінше, Батыстық және Шығыстық тарихшылар, мұсылмандық қоғам екі жүз жыл бойы сол кездегі өркениеттің бай әрі керемет жетістіктерін игерді. Адам Мец, Густав Лебон және басқа да зерттеушілер, өз заманында ғылым мен өнер саласында көптеген жетістіктерге жеткен әл-Фараби, Хорезми, Бузаджани, Ибн-Сина, Әбу Райхан Бируни, Закарийа Рази, Омар Хайям, Ибн Касир Фаргани сынды оқымысты-энциклопедистерге арнап қалың-қалың кітаптар жазды. Бұл аталған ғалымдар ғылым мұрасына, өркениет өнегесіне мәңгілікке бай игілік қалдырды [61, 5-8 бб.]. Бұл игіліктер, сөз жоқ, адам дүниетанымының кеңеюіне үлкен ықпалын тигізеді. Демек, қалыптасқан дүниетаным жалғасымды дәстүрдің көрнісі болып табылады. Дәстүр - бұл филогенетикалық және онтогенетикалық мағынада адамға тән, оның жарық дүниеге келу кезеңімен сәйкес құбылыс. Кез-келген дәстүр - бұл бұрынғы жаңашылдық және кез-келген жаңашылдық - болашақтағы дәстүр ағымы. Дәстүрлер жаңашылдықсыз тіршілік етуі мүмкін, бірақ керісінше емес, оның дамуына дәстүр сөзсіз қажет [62, 76 б.]. Осы анықтамаларға сүйене отырып, жалпы бір нәрсенің қайталана беруі, үрдіске айналуы немесе оның тарихтан-тарихқа жалғасуы - дәстүр болып табылады деген тұжырымға келеміз. Бұл динамикалық процесс болғандықтан әрдайым жаңаланып, түрленіп, көбейіп немесе заманның ағымына, талабына байланысты өзгеріп, кейде азайып та кетеді. Осы мақсатта қандайда мәдениет немесе өркениет болмасын оның дәстүрі, дәстүрлі табиғаты болады деген тұжырымға келеміз. Оны халықтың басынан өткерген тарихынан, ұлттық мәдениетінен байқауға болады. Мәдениет пен өркениет сыңарлас ұғым. Өркениетте, мәдениетте халықтың өмір сүру салтына байланысты қалыптасады. Өркениет - бұл анық байқалынатын мәдениет. Бұл екі ұғым да көптеген ұрпақтардың мәдениетке берген бірінші дәрежелі мағынасын құндылықтар, нормалар, менталитет және заңдар арқылы көрсетеді. Өркениет туралы Фернан Бродель өркениет - бұл «аудан, мәдени кеңістік, мәдени сипаттардың және феномендердің жиынтығы» десе, Имануил Валлерстайн оны «сол немесе басқа тарихи тұтастықты және басқада феномендермен қатар өмір сүретін қоғамдық құрылым мен мәдениеттің, дәстүрлердің керемет жиынтығы» деп анықтайды. Кристофер Даусонның есептеуінше, өркениет - белгілі бір халықтың ерекше айрықшаланатын мәдени шығармашылық процесі. Сол уақыттарда Эмиль Дюркгейм мен Мосс үшін өркениет “өз кезегінде кейбір халық санын қамтитын рухани орта, яғни әрбір ұлттық мәдениет - тұтастықтың бір ғана бөлшекті формасы болып табылады”. Освальд Шпенглер бойынша “өркениет - мәдениеттің қашып құтыла алмас тағдыры … яғни, дамыған адамзаттың әртүрлілігін қабылдау мүмкіндігі, барынша сыртқы және жасанды күй. Ол - аяқтау, ол қалыптасу жолындағы қалып. Мәдениет - әрбір өркениет анықтамасының жалпы тақырыбы” [62, 16 б.].
Өркениет - әлі күнге дейін өз мәресіне жетпеген, илеуі қанбаған, бірақ көптеген сан-саладағы зерттеушілердің қызығушылығын туғызып отырғандықтан, оған тоқталмай кеткен философтар, әлеуметтанушылар, тарихшылар тағы да басқа маман иелері кемде-кем. Өркениет тарихы сонау заманнан бастап, сабақтаса қалыптасып келе жатыр. «Өркениет» ұғымы ғылыми айналымға XVIII ғасырдағы француз ағартушыларының ықпалымен енді де, ақыл-ой мен әділдікке негізделген қоғам мағынасын берді. Кейіннен өркениетті қоғам жетістігінің рухани және материалды-техникалық бірлігі, сонымен қатар, белгілі бір уақытты-кеңістікті шектеулі шеңбер деп түсіне бастады. Оған антикалық, феодалдық, шығыстық, батыстық және тағы сол сияқты өркениет түрлері мысал бола алады. Өркениеттің тарихи алғашқы негізін өндірістік шаруашылықтан жер бөлінісінің таратылынуы, қол өнер, сауда, жазу, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуі, жеке меншік пен класстардың пайда болуы, иерархиялық [тігінен] және партнерлық [көлденеңнен] байланыстардың қалыптасуынан бөлек қарастыра алмаймыз. Өркениетті қоғамдық дамудың баспалдағы ретінде сипаттасақ, К. Маркс пен Ф. Энгельс те «жабайы өркениет» немесе «өркениет жабайылығына» мән берген [63, 229 б.]. Олар Л. Морганның өркениет адамзат қоғамының жабайылық, тағылық сатысынан кейін орнайтын мемлекет пен құқықтың пайда болуымен сипатталатын даму сатысы деген пайымдауынан бас тартып өркениетті қоғамның тарихи дамуы, жабайылық пен варварлықтың ауысу кезеңі деп түсінді. Ал, өркениет варварлық кезеңмен тек «тауар өндірісі» өзінің арнаулы биік дәрежедегі орнын алғанда және қоғам дамуы үшін жеке негізін құрғанда ғана ауысады. Осылайша нағыз табиғи қатынастар орнына қоғамдық қатынастар келді де, адам табиғаттан салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен, заттарға тәуелді болып қалды.
Ф. Энгельс өркениеттің варварлықтан ерекшелендіретін критерийлерін атап көрсетеді. Олардың бірнешеуі мыналар: барлық қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуы, ауыл мен қала арасындағы қарама-қайшылықтың күшеюі, қоғамдық өндірістің тауарлық сипаты, мүлікті мұрагерлеу құқығы, түрлі биліктер, темір ақшаның енгізілуі, жабдықтаудың шығуы, жерге жеке меншіктің пайда болуы, құлдық еңбектің өндірістің үстем етуші түрі ретінде болуы. Қоғамдық қатынастардағы бір некелік жанұялар өзгеріп, әлеуметтік теңсіздік пен қоғамның шаруашылық бірлігі, мемлекет және адам, адамды шеттету, құқығын төмендету немесе қанау пайда болды [63, 14 б.]. Формация термині геологиялық ғылымда К. Маркс есімімен қабылданды. Аталмыш терминді философия тарихына енгізген соң, К. Маркс оған анология элементі бұрыннан сақталса да, жаңа мазмұн берді. Философия тарихының контекстінде алғаш рет «формация» термині өз мағынасында К. Маркстің «Луи Бонапарттың он сегізінші брюнері» атты еңбегінде қолданылды. Формациялық ыңғай тарихи процесте субстанция ретінде анықталынды. Ол қоғамдық өмірдің жалғыз негізімен байланысты және осы негіздің өзгеруіне тарихи процесс стадиясының бөлінуі тәуелді деп есептеді. Бірақ К. Маркс тек формацияны ғана емес, сонымен қатар, өзінің принципті сипаттамасына сәйкес келмейтін өркениет үштігін ашты. Өркениет үштігін қалыптастыру кезінде К. Маркс бірінші орынға философия-антропологиялық парадигманы ұсынды. Ол адам әлеуметтілігін үш баспалдақтың ауысуы немесе дамуы түрінде елестетуге болады деп көрсетеді.

  • Бірінші баспалдақ - жеке тәуелділік;

  • Екінші баспалдақ - мәңгілік тәуелділікке негізделген жеке тәуелсіздік;

  • Үшінші баспалдақ - адамның жан-жақты, әмбебапты дамуы, еркін жеке даралық.

Формациялық аспекттегі өркениеттің алағашқы баспалдағы батыс еуропалық тарихты, антика мен феодализмді қамтиды, екіншісі – капитализм, ал үшіншісі марксистік ұғым бойынша болашақтағы коммунизм. Бірақ мәселе маңызы тек тарихи кезеңдердің сәйкессіздігінде ғана емес, оның өркениеттік үштікті қалыптастыруында. Формациялық үштік бәрінен бұрын қоғамдық қатынастар жүйесінің тамырынан бастап қалыптасуын бейнелейтін тарихи процестің үзілмелілігін баса айтады, ал оның әлеуеттілігін ұсынатын өркениет үзіліссіздігі бірқатар формациялық және өркениеттік баспалдақтарды өтуі мүмкін. Осыдан өркениет дамуындағы, әсіресе тарихи дәуірлерді басынан өткерген әлеуметтік-мәдени құндылықтардағы сабақтастық туындайды. Егер осы үштікті өркениеттік қалыпқа салсақ, оның өзі тарихтағы формациялық және өркениеттік тұрғының әртүрлілігін куәлендіреді. Бұл қарастырылып отырған баспалдақтар бірін-бірі шорт кеспейді, керісінше, жарасымды үйлесімділікпен бірін-бірі толықтырып отырады. Формациядан өркениет теориясының айырмашылығын байқауға болады. Ол әр баспалдаққа тек біреу емес, бірнеше негіздермен жақындайды. Сондықтан өркениеттік тұрғы тарихи процеспен кешенді яғни, біртұтас болып табылады. Формация бойынша марксистік кезеңге бөлу салыстырмалы қысқа уақыт аралығында батыстың өркениетті елдерінде қолдау тапты. Алайда, марксизм сынына қарамастан, көптеген авторлар адамзат қоғамының сатылап даму идеясынан, прогресс идеясынан бас тартпады. Солардың бірі американдық әлеуметтанушы У. Ростоу пікірінше, экономика дамуындағы шешуші саты қысқа мерзімді өрлеу сатысы болып табылады. Ол барлық өрлеу процестерін ынталандыратын бірнеше басты сатылардың жедел өсуімен сипаттады. Осы сатылардың ішіндегі ең бастысы адамның өмір сапасын іздеуі. Өйткені, бұл процесс адамның рухани дамуын жетілдіріп, өмір сапасын іздеу сатысын маңызды етеді.
Адамзат өркениетінің тарихы мен мәдениеті қиын да күрделі жолды басынан өткеріп келе жатыр, осы жолда қаншама жаңалықтар ашылды, оның есесіне қаншама құндылықтар жойылды. Өркениеттегі даму өзгерістерінің шапшаң көбеюі, қоғамдық және жеке болмыс, сана, әлеуметтік-экономикалық динамизм, саяси-рухани өмір сферасындағы уақыт факторының басып кіруімен сипатталады. Бұл адамды ғылыми ізденіске ұмтылдыра отырып, философиялық және арнайы ғылыми зерттеулерде уақыт концепциясын қайта бағалаудағы объективті алғышарттардың бірі болып табылады. Бұдан басты ұғынатынымыз адамзаттық мәселе сипаты - объективті және субъективті шындықтардың уақыт формаларындағы әртүрлілік сапасын дәлелдеу.
Уақыт – біздің тарихымыз, біздің өміріміз, біздің іс-әрекетіміз. Біз кішкентай хронстар тәрізді сағаттап және жылдап жасалынған болашақта өмір сүреміз. Бұл сағаттың, жылдың, ғасырдың тарих хронометрнан тысқары қалуы мүмкін еместігін білдіреді [64, 14 б.]. Уақыт ешнәрсеге мойымайды, кері қайтарылмайды, ешкіммен санаспайды және ең бастысы тек алға жылжу қасиетіне ие. Сондықтанда уақыт әркез тарихтың өлшемі. Демек, адамзаттың дүниені тануы дәстүрлі уақыт қойнауында қалыптасады. «Уақыт таңдамайды, онда адамдар өмір сүреді және өледі» [64, 71 б.]. Уақыт тек алға жылжуды ғана біледі, ол ешкімді күтіп тұрмайды. Біреулер сол алға жылжып бара жатқан уақыттың жетегіне ілессе, екіншібіреулер уақытпен қатар жүреді, әлдебіреулер жете алмай қуып жүреді. Бірақ ешкімде уақыттың алдына түсе алмайды. Сондықтанда әр заманның, әр уақыттың, әр қоғамның өзіндік дәстүрі бар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қазақтың көнетоз мақалының өзі осы ойдың бір дәлелі.
Бөліміміздің негізгі арқауы алғашқы қауымдық мәселелерге эллиндік философтар көптеп көңіл бөлген. Олардың жасаған болжамдары мен түйген түйіндері керемет көңіл бөлерлік сипатта болмағанмен, тарихқа дейінгі заман туралы біраз мағлұматтарды тұжырымдауға болады. Алғашқы қауым концепциясына мысал ретінде материалист Демокрит: алғашқы адамдар жабайы әрі қара дүрсін өмір кешкен. Олардың не үйі, не киімі болмаған, сонымен қатар, отты қолдануды және қалыпты өмір жағдайын білмеген. Жинақталған тәжірибенің арқасында олар ақырындап өнерді жасауды және қоғамдық өмірден пайда көруді үйренді дей келе, адамзаттың алғашқы «ұстазы» және мәдениеттің басты қозғаушы күші – «қажеттілік». Өзіне тамақ табу, табиғаттың түрлі құбылыстарынан қорғану қажеттілігімен тағы да басқалар адамдарды «ақылды» етіп, алға қарай ұмтылдырып, табиғатпен күресте түрлі жаңа әдістерді ойлап табуға итермеледі. Алғашқы адамдар жануардан аса қатты айрықшаланған жоқ. «Тіршілікке деген күрес адамдарды барлығына үйретті» деп есептейді. Өз кезегінде грек классикалық философиясының ірі өкілі, энциклопедист Аристотель, адамзат тіршілігінің бастауы «жұмыртқа тауықсыз, ал тауық жұмыртқасыз пайда болмайдының кері» деген ойға келеді. Ол адамды еш қиындықсыз жануарлар әлемінен жасалынды дей отырып, «қоғамдық жануар» деп сипаттайды. Гомер, адам деген кім? – «тегі жоқ, тайпасы жоқ, заңдардан тыс, ошағы жоқ»; ондай адам, табиғатынан тек соғысты көксейді; ал оны ойын тақтасындағы қатардан шығып қалған пешкамен салыстыруға болады» десе, осы мәселені хакім Абай өлең құдіретімен былайша өрнектейді:
Адам - бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың.
Білімсіздік белгісі – ол баяғы [65, 34 б.].
Жоғарыда келтірілген ойларды сабақтай келе алғашқы адамдарды жетілмеген, саналары төмен деп айтудың өзі үлкен қателік деп есептейміз. Барлық үлгі өмірден алынады, демек дүниеге келген жас нәресте бірден өзінен-өзі жүріп, тұрмысқа бейімделмейді. Алғашқы адамдар да сол секілді бірден зәулім үйлер мен түрлі машиналар жасай алмасы анық. Олардың тамақтарын асырау үшін пайдаланған ағаш, тас секілді бұйымдар қолға ұстауға ықшамдалынып, кейіннен түрлі сызықтармен безендендірілген немесе қауымдаса отырып аңдарды орға жығып ұстаудың өзі өркениеттік тәсіл. Ал, жаңа идея, жаңа тәсіл өркениеттің нағыз өзі. Шынтуайтына келгенде, қазіргі жеткен жетістіктердің басым көпшілігінің алғашқы түпнұсқалары мен нышандары алғашқы адамдар тұрмыстарынан алынып отыр. Негізгі идея, тәсіл, ұжымдық сана сол заман адамдарының еншісінде, біз олардың идеяларын заманнан заманға өткен сайын үнемі жаңартып, тұрмысқа ыңғайландырамыз. Бұл алғышарттар әлемдік тарихи-мәдениеттің дамуына, өркениеттің қалыптасқан дәстүріне өз ықпалын тигізеді.
Мәдениет ешқашан өздігімен, еш сұхбатсыз, қатынассыз дами алмайды. Мәдениет ешқашан да томаға-тұйық күйде дамымайды, ол синтездік құбылыс. Тұжырымды дәлелдеуге мысалы ретінде көне түріктердің бір бөлігі болып саналатын шумерлердің тұрмыстық салттарында түркілік нышандардың көптеп кездесетіндігін айтуға болады. Олар арпадан ішімдік жасап, сикер деп атаған. Ол кейінгі түркілік атаумен бізде боза деп қалыптасқан. Сондай-ақ Қосөзен бойының тұрғындары күн ысыған қырық күн шілдеде тағамға лақ соятын болған. Бұл дәстүр қазақ халқының арасында әлі күнге дейін сақталған. Осы орайда шумерлердің байырғы отаны Еуразия құрлығы, оның ішінде Қазақстан топырағында болғандығы жөніндегі тарихи деректерді ескере отырып, шумерлер өркениеті мен түркі әлемі мәдениетінің өзара тығыз байланыста болғандығын ерекше атап өткіміз келеді. Қазірдің өзінде шумер тіліндегі 400-ден аса сөз түрік сөздеріне ұқсас. Мұндай ұқсастықтың басты себептерінің бірі – көне түркі тілінің солтүстікке, солтүстік-шығысқа, Кавказ бен Түркменияға, тіпті Мессопотамияға дейінгі ұлан-ғайыр жерге кеңінен таралуы деп топшылауға болатын болар [66, 162 б.]. Әр кезеңде белгілі бір этнос озық шығып, басқа этностарға үлгі болады. Сол озық шыққан этностың қол жеткізген жетістіктері өркениет ошағына айналады, аты тарихта алтын әріптермен жазылады.
Этностар – таза адамзаттық құбылыс. Мұнда адамзаттың нәсілдік бөлінісінен этникалық бөлініс аздап айырықшаланып тұр. Нәсілдік айырмашылық - биологиялық құбылыс. Бұл жерде нәсілдік айырмашылықтың сипаты ежелгі адамдарда, тіпті адамның маймылға ұқсас ұрпақтарында да болған, бірақ оған адамзаттың қазіргі заманғы нәсілдік топтарын енгізуге болмайды. Этникалық айырмашылықтар адамның маймыл тәріздес немесе ұқсас ұрпақтарында, тіпті ежелдегі адамдар – архантроптарда болуы да мүмкін емес. Себебі этникалық айырмашылықтар негізінде ғана мәдениет секілді таза адамзаттық құбылыс жатыр.
Мәдениет пен өркениет туралы көптеген арнайы еңбектер жарық көргенімен, олардың бірлігі мен ерекшеліктері жөніндегі талас-пікірлер, дау-дамайлар күні бүгінге дейін бір арнаға түскен жоқ. Зерттеушілердің көбісі бұл екі ұғымды бір-бірімен шатыстырып, анығын ажырата алмай жатады. Осындай мәдениет мәселесін зерттеушілерінің бірі, өркениет туралы айрықша анықтама берген, ойлау жүйесі осы саладағы зерттеушілерден мүлдем бөлек, өркениеттің болашағын құрдымға кетті деп есептейтін, кәсіби әлеуметтанушы, мәдениеттанушы Освальд Шпенглер. Оның ең ірі төл тумасы «Еуропаның батуы» дүниені дүр сілкіндіріп, әлемдік аренада биіктен көрініп, көптеген адамдарға үлкен ой салып, басқаша ойлау мүмкіндігін алып берді. Бұл еңбектің алғашқы атауы «Батыстың құлауы» деп аталып 1918-1922 жылдар аралығында Мюнхенде жарық көргенімен, еңбекті орысшаға аудару барысында дүйім жұртқа «Еуропаның батуы» деген атпен таралып кетті. Мәселе кітаптың аталуында емес, оның мазмұнында екенін ескере отырып, О. Шпенглер пікіріне сүйенсек, мәдениет тіршілігінің алғашқы кезеңі - өзін көрсету құралын іздеу уақыты; анықталу, идеяларды қалыптастыру уақыты. Мәдениет неғұрлым көрегендік, толысқан шағына жақындаған сайын, соғұрлым оның соңғы қорытынды тіл формасы ер мінезділікке, шапшаңдыққа, билік құмарлыққа қанған болып, бейнесі анықтала түседі. О. Шпенглер үшін қандайда бір қысқа ғасыр өлшенген болса, өркениетте өзіндік бір жаңа өмір бар. Неміс ойшылының пікірі бойынша, өнер мен философия қазіргі кезде азған және ұрықсыз, оның себебін бүгінгі күндегі дипломаттар мен қаржыгерлердің философтардан көп екендігінде, тәжірибелік психология атты жайпақ өнермен айналысқандарда деп түсіндіреді [26, 56 б.]. Мәдениет пен өркениет ұғымдары О. Шпенглер философиясында барынша айқын анықталған. Дегенменде бүгінгі таңдағы батыс біздің көз алдымызда құламағанымен, рухани жұтаңшылық дағдарыстың етегіне алып келіп тұрғаны жасырын емес.
Қазіргі заман деп отырғанымыз мәдениеттің емес, өркениеттің фазасы. Осы фаза, яғни өркениет - ізденістер аяғы, даму сатысының соңғысы. Ол дәстүрлердің әлсізденуімен, діниліктің құлауымен, қалалардың өсуімен, әлемге деген себеп-салдарлы көзқарастардың таратылуымен сипатталады.
1869 жылы жазылып біткен аты барша жұртқа танымал «Ресей және Еуропа» еңбегінің авторы жаратылыстанушы, философ, әлеуметтанушы Николай Яковлевич Данилевский пікірінше, адамзат тарихы өзіндік жеке дара мәдени-тарихи типтерден құралады және даму сатысы барлық әлемге бірегей, жаппай жүруі тиіс, ал батыс Еуропа тарихи ерекшеліктерінің бар әлемге еш қақысыз көшірілуі дұрыс емес. Мәселен, славяндық мәдени-тарихи типті дамыту және сақтау Ресейдің тарихи міндеті. Батыс Еуропа, Ресей мен славяндыққа кері көзқараста, сондықтанда славян халықтары өздерін жоюға ұмтылған батысқа қарсы күреске дайын болып, мықтап бекінуі тиіс, ол үшін славяндардың басын біріктіру қажет. Н.Я. Данилевскийдің мұндай қызықты ойы мәдени-тарихи типтер концепциясын жасаушы көптеген ғалымдардың назарына ілігіп, біршама талқылау-тартысқа түсті. Кітап автор қайтыс болғанан кейін де оның досы Н. Страховтың қадағалауымен бірнеше рет қайта басылып шықты.
Ғалым пікірінше, Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азия біздің санамызда тарихи жағынан да, географиялық орналасу тұрғысынан да бір-біріне қарама-қарсы сипат алған. Үздіксіз алға жылжу мен ұдайы жетілдіруді ұстанған Батыс және Еуропа әлемнің прогестік полюсін құраса, Шығыс пен Азия – қазіргі заман адамының ашу-ызасын тудыратын тоқырау полюсін құрады. Бұл ешкімге күмән туғызбайтын тарихи-географиялық аксиомалар. Егер Батыс болмаса онда Шығыс, егер Еуропа болмаса онда Азия жоқ, демек мұнда белорта жоқ. Еуропа - Азия, Батыс - Шығыс деген болмайды. Тіпті егер бұлар болған жағдайда ақылға сыйымсыз болар еді. Тоқырау мен жанасудың әрбір қосындысы өзімен бірге зияндылық пен өлімді алып келеді. Біз санамыздағы прогресивтіліктен, еуропалықтан, адамзаттық өркениеттен еш құтыла алмаймыз, прогресс біз үшін өлімнен де артық жеккөрінішті, өмірден де артық құнды, тіпті одан тыс өркениеттің болуы мүмкін емес, себебі одан тыс прогресс жоқ, олай болса, біз, біздің өлкені Еуропалық деп қалай ашық айта аламыз. Алыс кеткен тарих сахнасына қайта оралған, өз ісін тамамдаған, нәрі таусылған немесе тіршілікке ұмтылған халыққа ешнәрседе көмектеспейді, Шығыста ма, Батыста ма, тіпті оның қайда тұратыны да ешкімге қатыссыз. Өсімдіктер немесе жануарлар тегіне, тобына, тұтас түрлеріне, сондай-ақ жекелікке бөлінбейтін барлық тіршілік иелеріне ақыр соңында өлімге алып келетін белгілі бір өмір жиынтығы беріледі. Геология және палеонтологияның көрсетуі бойынша жанды тіршілік иелерінің тобына қайта туылу, шегіне дейін даму, біртіндеп азаю, ең соңында толығымен жойылуға уақыт бар. Мұның неге бұлай екендігін әркім түрліше жорамалдауға ұмтылғанымен ешкім жауабын білген емес. Шынтуайтына келгенде, бұл қартаю, яғни, тұтас түрлердің, тектің, тіпті тобырдың құлдырауы, тозуы, ендеше, жеке индивидумдер өлімінің себебі не екендігін ешкімнің білмейтіндігі, түсінбейтіндігі ешкімді де таңқалдырмайды. Тарих баяғы сол халық туралы айтады: олар туады, әр түрлі дәрежедегі даму жетістігіне жетеді, қартаяды, өлімші халге жетеді, өледі, бірақ тек ішкі себептерден ғана емес. Ішкі себептер, жекелеген адамдар сияқты көбіне ауру немесе әлсіреген дене өлімін жеделдетеді, ал күші тасып, жастықтың немесе қайраттылықтың толысқан шағын басынан өткеріп отырғандар олардың зиянды ықпалдарына өте жақсы тосқауыл бола алар еді. Ішкі себептер жануарлар мен өсімдіктер және сол сияқты саяси ағзалардың өлімнен кейін де оны таратуға жәрдем береді. Бірақ кейде, өте сирек болса да, зиянкес ішкі әрекеттер әлсіз әсер етеді немесе ағзаның оған қарсы тұра алар қауқары бар, олар табиғи өлім немесе кәріліктің салдарынан өледі деп атайды. Қытай дәл осындай сирек жағдайды ұсынады. Дене барынша бірегей және тығыз, оның тыныштық пен жайлылықта өскені сондай, өлімге қарсы тұра алар үлкен күш жинаған қария сияқты, ол туралы жұрттар: олар басқа ғасырда өмір сүріп жатыр, оларды ажал ұмытып кетті – деседі. Олардың бойында тіршілік пен жастықтың әрекеті баяғыда ұйықтап қалған, бірақ жануар өміршеңдігі немесе өсімдіктердің тылмысы қалып қалғандай. Мұнда таңқаларлық не бар, неге мұндай ағзада жастықтың оты сөніп, прогресс күші солған? Бұл жерде заң не бере алады. Еңбек нәтижесінің анық куәләндіруі бойынша, олар әрқашан солай болған. Үнді жері дәл қазір осындай өлімші халде, көптеген уақыт бойы Египет пен Византияда осындай жағдайда болған, бәрінен бұрын жердегі қозғалыс, жалпы ішкі әсерлер оларды тоздырып жіберді және олардың өлі денелеріне ең құрама бөліктерін орнатып қойды. Бұл елдер азды-көпті халықтар адасуына кез келді де Қытай сияқты ірі, әрі тығыз бұқара жиынтығын құра алмады, сондықтанда процесс тез болып, өлім халіндегілердің орынын жаңа, жас халық басты. Бір қауымның орнын өзгемен алмастыра алатын сабақтастық ғана Шығыстан гөрі Батыс тарихына прогресивті сипат береді, ал ол батыс халқына тарихи қозғалыстың монополиясын беретін ешқандай рух қасиетінің ерекшелігі емес. Сондықтанда прогресс Батыстың немесе Еуропаның үстемдігін, ал тоқтап тоқырауға ұшырау - Шығыстың немесе Азияның нағыз бет-пердесін құрамайды; осы екеуінің мәні, халықтың қай жерді мекен етуін, дамуын және оның азаматтылығының қай тайпаға жатуын емес, тек сол кездегі халықтың жас шамасын сипаттай алады. Осыған орай, шын мәнінде, Азия мен Еуропа, Шығыс пен Батыс өзіндік, өте айқын тұтастықты құраған күннің өзінде, олардың Шығыс пен Азияға қатыстылығын беттеріне басылған теріс таңба ретінде қарауға болмас еді.
Біздің пайымдауымызша ғалым Н.Я. Данилевский көтерген мәселе бүгінгі күні жаһандану, батыстандыру, еуропаоратылық және т.б. проблемаларымен ұштасып отыр. Басты проблемалар қазіргі заманғы әлемдік өркениет тоқырауының мазмұнын құрайтын қарама-қайшы процестердің жиынтығы болып табылады. Демек, болашақ адамзат өркениетінің мәселесі өзінің өткірлігімен, өзекті мәселелерінің кеңдігімен қазіргі таңдағы қоғам болмысының жағдайында қойылып отыр. Қоғам дамуының стратегиялық таңдауы құлдырайтындай қиялды емес, ғылыми теорияға негізделген және шынайы болуы әбден мүмкін. Егер осы заманның жақын маңдағы өткір мәселелері тарихи үрдістің заңды контекстінде шешілетін болса, олар тұтастықтағы материяның әлеуметтік формасының даму қозғалысы мен адамзат өркениеті болмысының объективті заңдарына қарама-қайшы болмас еді деген тұжырым бар.
Өз еңбегінде Н.Я. Данилевский «Ресей Еуропаға кіреді ме»? деген сауалға: Қалай ыңғайлы, мүмкін кірер, мүмкін кірмес, мүмкін белгілі бір бөлігі кірер және оның қанашалықты кіретіні әркімнің өз тілегіне байланысты. Шын мәнінде ешқандайда Еуропа жоқ, тек алғашқыда басқа азиялық жартыаралдардан ерекше айрықшаланатын, ал аяғында ақырындап сырғып бөлініп бара жатқан Азияның батыс жартыаралы ғана бар – деп жауап берген болатын [35, 86 б.]. Сонда «Еуропа» сөзінің ешқандай мән-мағынасы жоқ жәй ғана дыбыс болғаны ғой? Әрине жоқ! Бірақ оның мағынасы географиялық емес, мәдени-тарихи жағынан барынша толық және оның Еуропаға кіруі немесе кірмеуі туралы сұраққа географияның еш қатысы жоқ. Олай болса мәдени-тарихи мәндегі Еуропа деген не? Бұған жауап өте анық әрі жағымды. Еуропа герман-романдық өркениеттің қалдығы немесе метафоралық түрде айтар болсақ, Еуропа дегеніміз герман-романдық өркениеттің нақ өзі. Ғалым осылайша Еуропаның шығу тегін талдап айтып беруге тырысады және көптеген айғақтар мен мысалдар келтіре отырып, өз ойын дәлелдеп шығады. Мысалы, Фалестің философиясы, Геродоттың тарихы, Гиппократтың медицинасы, сонымен қатар, мүсін өнері, лирика, поэзия және тағы да басқа салалар кіші азия жағалауында пайда болған эллиндік өркениет жемістері. Демек, ежелгі эллиндік мәдениет өз дамуында Азия, Еуропа және Африка атты әлемнің үш бөлігін аралап өтті, яғни тек ғана Еуропаның маңызын құраған жоқ. Ол Еуропада басталмады және аяқталмады. Қай кезде Еуропа өркениеті шығармашылық күшке толы апогея дәуіріне сай келеді және жоғалып кеткен Үнді, Грек, Рим өркениеттерінің қайсысы олардың барынша көп қор жинаған дәуірінің нәтижесі болып отыр? Аналогияның таңқалдырғаны сонша, бұған жауап бермеу қиын, ХVІ және ХVІІ ғасырға бірінші не сәйкес, бұл турасында Петр шіркеуі пайда болған сәтте былай жазылды: Рафаель, Микеланджело және Кореджио, Шекспир өздерінің драмаларын жазды, Кеплер, Галилей, Бэкон және Декарт жаңаша ойлау негізін салды, сонымен бірге ғылыми зерттеудің жаңа тәсілін ойлап тапты, ал екінші – теоретикалық және практикалық нәтижелерге толы - ХІХ ғасыр. Бірінші дәуірге өзіндік таза еуропалық өнер мен еуропалық ғылым жинақталды, сондықтан келесі уақытта ол тек сол жол арқылы ғана дамуды жалғастырды. Жеміс дегеніміз күз айының басында берілетін байлық, ал түс, көктем соңының беретін берімі. Дәл осылай қалыптасқан өсімдік ұрығы таңқалдырар әсем бейнемен қанық бояулы жылтыр түс беріп, белгілі бір қабықта пайда болады, ал жаңа философия мен ғылыми ой ұрығы да дәл осындай поэзияның бар кереметімен өнердің бар асылымен айнала қоршалады. Гүлдену кезеңі өсімдік өміріндегі ең соңғы жаңа сәті, сондықтанда ол келесі бір өмір жарқылының ізін білдіретін өсу күші шығармашылығының ең жоғарғы мезеті болып есептелінеді. Ол басты сіңіргіш мүшелер және жапырақ тәрізді солып қалғаннан кейін жалғасады; кейде байланып әрі қалыптасқан жерінде, тіпті жемістің өзі өсімдіктен жұлынып қалғаннан кейінде жалғасады; кейде арнайы сақтау бөлмесінде де жалғасады. Осылайша қоғамдық күш шығармашылығының ең жоғарғы сәті, ары қарайғы бар мәдени дамудың мазмұнына қызмет етер сол идеяның нақты пайда болу кезін, сол уақытты мойындауы тиіс. Бұл қозғалыс, бұл серпіліс нәтижесінің әлі де болса өсуі мүмкін және ол өзімен бірге бар байлығын, өркениеттер жемісін береді, бірақ оны пайда болғызып және жетекші еткен күш әлсіреп, өзінің құлдырау шағына қарай ауысады. Өз циклін аяқтаған барлық пайда болған өркениеттердегі ақырындап дамудың көптеген түрлері осындай сипатта, оның қалай қарай жүруі бізге азды-көпті танымал. Егер Еуропаның мәдени-тарихи типі осындай жалпы сипаттамадан нақты өзгертілмейтін мәмілеге келу керек болса, онда сол өзгертілмейтін жалғыз нұсқаның себебін көрсету керек, ал біз оны мойындайын десек, көре алмаймыз. Дегенмен келесі жайтты көзден таса қылмау керек: Римнің мәдени типі бір мемлекетте өмір сүре отырып, өте қарапайым болды. Ең қиыны Грек типі, ал мұндай әртүрлі кезеңдердегі қиыншылықтар соңы оның даму барысында тіпті бірдей болуы мүмкін емес. Ал тек өзінің тәтті естеліктерімен тіршілік етіп жатқан Афинада өмір оты сөне бастаған кезде, Ахей мен Этолий одақтары біраз уақытқа дейін грек бастамасының өміршеңдігін әлі де болса сақтаған еді. Оданда толық әрі ұзақ сақталыну процесі Александр колониясы мен кейінірек Царьградта болды. Екі негізді еуропалық тип одан да күрделірек, сондықтанда ол табиғи, оны құрайтын қандайда бір халықтардың даму жолы қолайсыз жағдайларға байланысты тоқтап қалды, олай болса, бұл халықта шығармашылық бастаманың жоғары дамуы мен оның нәтижелері өзге халықтармен салыстырғанда кешірек пайда болады. Мысалы, Реформация кезінде бастау алған жоғары мәдениет дамуының тоқтауына басты себеп болған отызжылдық қаңыратқан қанды соғыс Германияның басынан өткен еді. Сондықтанда өткен жүз жылдықтың жартысында енді ғана басталған Германиядағы жоғарғы поэтикалық шығармашылық дәуірі, оның ізін қуған өзіндік-германдық философиялық ой мен ХІХ ғасырдың алғашқы ағымында бірінші орынды иеленген ғылымның дұрыс дамуы еуропалық өркениеттің жалпы жүру жолына айтылған жоғарыдағы көзқарасқа қайшы болып есептелінбейді, демек оның шығармашылықты жасаушы күштері шамамен бір жарым немесе екі жүз жыл бұрын нақты өзінің сара жолына түсті. Олай болса, жеміс беру уақыты басталды.
Өз ойын қорытындылай келе, Н.Я. Данилевский тарихи дамудың бірнеше жалпы тұжырымдарын бес заңға негіздейді. 1 заң. Ешқандай терең филологиялық ізденісті тудырмайтын, шығу тектерінің тікелей қатынасы сезіліп тұруы үшін барынша өзара жақын, жеке тілі немесе тілдер тобымен сипатталатын кез-келген тайпа немесе халық қауымдастығы, егер ол өзінің рухани жатырынан тарихи дамуға қабілетті және балалық шақ уақытынан өткен болса, онда өзіндік мәдени-тарихи тип құрады. 2 заң. Өркениеттілік өзіндік мәдени-тарихи типке тән және халық өзіне тиесілі саяси тәуелсіздікті пайдалану үшін пайда болуға және дамуға қабілетті. 3 заң. Бір мәдени-тарихи типтің өркениеттік бастауы басқа типті халыққа берілмейді. Әрбір тип өзі тіршілік кешіп отырған немесе қазіргі заманғы өркениеттің, яғни бөгденің әсерін азды-көпті ала отырып, өзі үшін өзіне жасайды.
4 заң. Өркениет әрбір мәдени-тарихи типке тән, олай болса ол тек әрдайым толығып отыруға, әртүрлілікке және байлыққа қол жеткізеді. Әртүрлі энографиялық элементтер және оны құрайтындар тәуелсіздікті пайдалана отырып, федерация немесе мемлекеттің саяси жүйесін құрмаса бір саяси тұтастықта бола алмайды.
5 заң. Мәдени-тарихи типтердің даму жолы, өсу кезеңінің ұзақтығы белгісіз, бірақ гүлдену және жеміс беру сәтінде салыстырмалы қысқа, олар өмірлік күшін соңғы рет өсім бергенде жоқ етіп жіберетін көпжылдық бірұрықтық өсімдікке жақын [35].
Орыс тарихшылары пікірінше, тарихи цикл идеясы жаңа емес [67]. Біздің дәуіріміз басталғанға дейінгі рим тарихшысы Полибийдің 40 томдық «жалпы тарихы» және қытай тарихшысы Сыма Цяньнің «тарихи жазбалары» қоғам тарихын айналым, циклдік қозғалыс ретінде қарастырды. Үлкен тарихи циклдер идеясын біздің дәуіріміздің басында араб тарихшысы аль-Бируни ұсынды; бірнеше ғасырдан соң осы идеяны Тунистен шыққан Ибн Халдун жалғастырды. Қайта өрлеу кезіңінде тарихи процестегі цикл идеясын француз тарихшысы Дж. Вико қарастырды, ал неміс философы әрі тарихшысы Иоганн Гердер ХVІІІ аяғында жазылған «Адамзат тарихының философиясына деген ойлар» еңбегінде тарихтың генетикалық бастамасы мен ғарыштық масштабтағы дәуірлер арасындағы кезеңдік ауытқуларды айрықша зерттеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында К. Маркс пен Ф. Энгельс тарихи прогрестің түпкі негізі іспеттес қоғамдық-экономикалық формациялардың кезеңдік ауысу идеясының негізін қалады. Локалды өркениеттің мәдени-тарихи типі туралы идеяны 1869 жылдың өзінде-ақ орыс тарихшысы Н.Я. Данилевский ұсынған болатын; бұл идея дами түсіп, 1918 жылы О. Шпенглердің «Еуропаның батуы» атты кітабында жарияланды. Ағылшын тарихшысы Арнольд Тойнби 12 томдық «Тарихты зерттеу» атты еңбегінде үш ұрпақтың локалды өркениет айналымы және олардың циклдік динамикасы туралы ойды барынша толықтырды. «Аннал» француздық тарихи мектебінің басшылығындағы Марк Блок пен Люсьен Февр және осы мектептің ең көрнекті өкілі Фернан Бродель қоғам тарихындағы циклдердің сан алуан түрлерін зерттеуге қомақты үлес қосты. Адамзат тарихындағы үш толқын - аграрлық, индустриалды және постиндустриалды - идеясын американдық футуролог Олвин Тоффлер негіздеді. Тарихи цикл зерттелімі бойынша орыс зерттеушілері арасынан Л.Н. Гумилев пен жалпытарихи процестің сегіз фазалы концепциясымен қазіргі заманғы тарихшы И.М. Дьяконовты ерекше атап өту керек.
С.А. Вайгачев пікіріне сүйенсек, қазіргі заманғы философия мен әлеуметтануда Н.Я. Данилевскийдің аты О. Шпенглер, А. Тойнби, Ф. Нортроп, А. Шубарт, П.А. Сорокин сынды ойшылдардың қатарында [46, 54 б.]. Бірнеше еуропалық тілге аударылған «Ресей және Еуропа» еңбегінің авторына, батыс Еуропа мен Американың ең жоғарғы ғылыми шығарылымдарында көптеген мақалалар арналып жазылды. 1964 жылы Н.Я. Данилевскийдің өркениетті салыстырмалы түрде талқылаудың халықаралық қоғамына қосқан үлесі бағаланды, есесіне ғалым мұрасының тағдыры өз отанында құрметке ие болмады. 1895 жылдан бері Н.Я. Данилевскийдің осы атақты кітабы мен басқа да еңбектері Ресейде бір ретте қайта басылып шықпады, ал оның аты ұмытылуға айналды. Біздің пікірімізше ғалымның түпкі ойы, мақсаты дұрыс, бірақ еңбектің жазылу барысында ол нигилизмге, ұлтшылдыққа, ұлтжандылыққа көптеп салынып отырады, сондықтанда кітаптың кейбір тұстарындағы ұлттық нигилизмге тән ойлар В. Соловьев ойымен сәйкес келіп қалады. Ол адамзат өркениетінің тағдырын үш әлемдік күш анықтайды, олар: Шығыс, Батыс және славяндық әлем – деген болатын. Оған қоса ғалым алғашқы екеуін әлсіз, құлдырауға ұшыраған деп есептеп, үшінші, яғни славяндық әлем оларға күш беріп, жаңартып отырады, бұл тек ғана славяндық және орыс халқы ғана болмақ – деген ойларын білдірген еді. Өркениеттің алғашқы ошақтарын анықтап оларды жіктеу теориясы жоғарыда талданған А. Тойнби, О. Шпенглер, Н.Я. Данилевский және т.б. ғалымдардың еңбектері арқылы жақсы таныс. Өркениеттің нақты белгіленген шекарасы және анық бастамасы мен аяғы жоқ. Адамдар өздерін әртүрлі бірегейлендіре алуы мүмкін және осылайша істейді. Нәтижесінде өркениеттің құрамы мен формасы уақыт келе өзгереді. Халықтардың мәдениеті өзара әсерлеседі және бірін-бірі қатарласа басып отырады [68, 51 б.]. Орыс ойшылдарының көзқарастарына тоқтау болатындай С. Хантингтонның бұл пікіріне толығымен қосылуға болады. Себебі, Орта ғасырларда күрделі әлеуметтік, экономикалық және саяси қатынастардың өзгеруіне байланысты ғылым да, мәдениет те, қоғамдық-философиялық ой да тез қарқынмен дамып, бүкіл шығыс пен батысқа, Еуропа мен Азияға өзінің зор ықпалын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, Мұсылман Ренессансы болды. Шығыстық ғұлама ойшылдар дамытқан мәдениет пен философия, нақты ғылымдар мен ғылыми жаңалықтар нағыз өркендеу, өркениет бейнесін берді. Шығыстың болмыс-бітіміне тән баяулық ренессанстан соң тіпті басым болды, осы сәтте ортағасырлық дін шырмауынан енді құтылған батыстықтар үшін шығыстық жаңалықтар үлкен қор, таусылмас қазына болды. Олар өздеріне тән шапшаңдықтарымен шығыстық ілім-білімді өз сүзгілерінен өткізіп, өздері үшін жаңа философия жасады. Жаңа философия – жаңа заман философиясы. Демек, қайта өрлеу философиясы ешқандайда көне емес, оған аты да сәйкес келмейді. Жаңа философия шығыстық ойды батысқа айналыдырып жаңашаландыру. Бұл жердегі мақсат батыспен шығысты бір-біріне қарсы қою емес, керісінше осындай пікірлерден арашалап алу. Отандық ғалым Ж. Мүтәліпов: Шығыс пен Батыс мәдениеттерін бір-бірімен қатар қоюға да, салыстыруға да болар, бірақ оларды бір-біріне қарама-қарсы қою дұрыс емес, олай болатын себебі Шығыс пен Батыс - әлемдік екі бастама, екі рух, екі дене, екі жаратылыс дүниесі. Сондықтан да «өзімдікі» мен «өзгенікі» пиғылына бас ұра бермей, мәдениеттің өрісін кеңейте түскенге не жетсін. Ең бастысы мәдениеттің ең алғашқы ошағы Шығыс болғандығын, дәлірек айтқанда мәдениеттің Шығыста пайда болғандығын естен шығармауымыз керек сияқты [69, 80 б.] дей келе, Шығыстың мәртебесін көтеретін “Ұлы жібек жолы” туралы былай дейді: “Екі мың жылдық тарихы бар Ұлы Жібек жолы өзінің ғұмырының ұзақтығымен ғана емес, сонымен қатар адамзат баласының мәдени дамуына қосқан үлесімен даралық қасиеттерге ие болған, енді қайтып қайталана қоймайтын мәдени құбылыс және өркениет жолы болды [70, 6 б.]. Жібек жолы көшпелі қазақ халқының сауда-саттық қатынастарының қайнар бастауы. Ол Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын, батыс пен шығыс өркениетінің мәдени дәстүрлерін, діни сенімдерін, ғылыми-техникалық жетістіктерін түйістіретін ежелгі керуен жолына айналды. Бұл жолдың едәуір бөлігі Орта Азия мен Қазақстан территориясын қамтығандықтан, сол кезеңдегі Шығыс мәдениетінің беделі барынша жоғары болды. ХV ғасырға дейін жалғыз сауда магистралі ретінде қызмет еткен Ұлы Жібек Жолы әлемдік өркениеттердің қомақты жетістігі ретінде дәріптеледі. Қазіргі кезеңде Ұлы Жібек жолының ізін жалғастырған жаңа еуразиялық континенталдық көпір Қытайдың шығыс порттарын Орталық Азия мемлекеттері арқылы Батыс Еуропа порттарымен байланыстыратын трансконтиненталдық тіміржол магистралы жүзеге асты. Дружба және Алашанькоу станциялары арасында 1990 жылдың қыркүйегінде іске асырылған түйісу Қытай және басқа да Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік берді [71, 67 б.]. Жалпы қазақ даласында қоғамдық ғылымдар таратылуының бой алуы ежелде Шығыстың Араб, Иран, Қытай ойшылдарының көзқарастарынан байқалса, кейінірек ресейлік ықпалдың күшеюімен бірге Еуропалық ойлар жалғасты. І Петр Қазақстанды Азияға шығар қақпаның кілті десе, хакім Абай Ресейді Еуропаға көзқарасты кеңейтер үлкен терезе деп үлкен мәдени сұхбаттастық көпірін мегзеді. Жоғарыдағы ойымызды өрбіте келе, философия тарихына енген дәуірлер қатарының тізбектеле бірін-бірі жалғастыруы тарихи реттілік, ал тарих дегеніміз - адамдар тағдыры, өркениеттер тағдыры.
Жалпы өркениет тарихын зерттейтін, историография шеңберінде болса да жоғары синтездік бөлім, жаңа өзіндік ғылыми пән ретінде - цивилиографияны бөліп алып қарауға болады. Ол тарихи ғылымдардың шеңберіндегі зерттеулер қорытындысына және басқа ғылыми пәндер қатарына сүйенеді. Цивилиографияның сұрақтарын екі бағытта қарастыруға болады; біріншіден, макротеорияның өзара қатынасы өркениет дамуының логикалық дәрежесін анықтайды, екіншіден, осы дамудың мәселесі анықталған макротеорияның ұстанымымен талқыланады. Цивилиография нақты айғақтарды және жеке қорытындыларды нысанаға ала отырып, аталмыш макротеорияның тәртібі мен құрылымын зерттейді.
Осы тұста өркениеттің генетикалық, қызметтік және трансформациялық құрылымын бір-бірінен ажырата білу қажет, себебі, соңғысы бір уақытта өркениеттің генетикалық құрылымы да бола алады. Генетикалық және қызметтік құрылым бір-біріне қарама-қарсы түрде тіршілік етеді, өйткені, өркениеттің жүйеленуі толық қалыптасу процесі аяқталғанша ұзақ болады. Қызметтік құрылымда генетиканың алғашқы компоненттері басты рөлде болуы міндетті емес. Әрбір пласт құрылымдарда тек ғана өзінің ерекше орнын сақтап қоймай, қиын жүйеде өзінің генетикалық және қызметтік аймағын құрады. Осыдан соң аймақтық құрылым процесі тәртіп бойынша өркениеттің қалыптасуымен сәйкес келмейді. Генетикалық құрылым өркениеттің қызметтік құрылымына кіре алады және керісінше, қызметтік құрылым пластасы өркениеттің генетикалық құрылымына ене алады. Өркениет шеңберінде және дәл сол секілді аймақтық құрылымда бір компоненттер бірін-бірі аламастыра алады және өзіндік дамудың қортындысы ғана емес сол қатарға жататын құрылымдардың ықпалынан сапасы жоғарылайды [72, 9 б.]. Өркениеттің құрылымы мен мәнін, механизмін анықтау үшін ең бірініші тарихи процесс негіз бола алады. Бірақ, қоғам тарихының, яғни тарихи процесс қай кезеңнен басталғаны туралы нақты айғақ жоқ. Археологтар мен антропологтар, тарихшылар және тағы да басқа маман иелері осы сауал көлемінде түрліше жорамалдар жасайды, бірақ қайткен күннің өзінде өркениеттің тарихпен қатар өмір сүріп келе жатқаны анық.
Өркениетті негіздерге жүгіну өркениеттілік ұғымына тереңірек үңілуді талап етеді. Бүгінде оны жеке адамдар мен топтардың заттық және рухани аспектлерінің жалпы байланыстарына негізделген, уақыт пен кеңістікте бұлжымас орнықтылығы бар әлеуметтік өмірдің үлкен, көлемді қалыптағы ұйымдастырушысы деген түсінік көпшіліктің мойындауына ие болды. Қоғамдық қатынастардың рухани қалыптары ерекше мәнде. Мұның өзі жалпылық мәнге ие және қажетті жүйелік компоненттерде іске асады. Бұл өркениеттің әлеуметтік күштері арқылы оның тұтастығы құралады деген сөз. Өркениет өз көрінісін рухани байлықтардың, идеялардың, білімнің, саяси бет-бағдардың, дәстүрдің, нормалар мен белгілер бірлігінен табады. Тек өркениеттілік қоғам дамуындағы үйлесімділік ғана оның болашақпен байланысын қамтамасыз етеді, қоғамды өзінің ырғағына бағындырады. Бұл жағдай өз көрнісін әрқилы қалыптасу кезеңдерінен, өркендеуден, тоқыраудан табады [73, 18 б.].
Өркениеттер - ол әлеуметтік топ, ұлт, мемлекет және өзіндік заңдылықтары бар ірі тұтас әлеуметтік-мәдени жүйе. Өркениеттер тұтас жүйе ретінде бір-бірімен келісімге келетін, әрі өзара тығыз байланыстағы дін, экономикалық, саяси, әлеуметтік ұйымдар, білім және тәрбие жүйесі сияқты түрлі элементтерді өз бойына енгізеді. Бұл жүйенің әрбір элементі сол немесе басқа өркениеттердің өзіндік ерекшеліктерін алып келеді. Бұл өзінділік барынша тұрақты. Дегенмен өркениеттерге ықпал ететін белгілі бір ішкі және сыртқы әсерлерден өзгерістер орын алады, бірақ оның негізі, ішкі ядросы өзгеріссіз қалады. Сондықтанда әрбір өркениеттің өзіндік өмірі, тарихи тағдыры, өз институттары мен құндылықтары бар. Өркениеттердің қалыптасу процесінде ірі әлеуметтік топтың белгілі бір территориясы және сол шеңбердегі орын мен уақыттағы мәдени өмірдің дифференициациясы тарихи сабақтастықтағы бірегей рухани өмірді дәріптеу болып табылады. Өркениеттердің анықталуы мәдениет ерекшеліктерін, яғни құндылықтар, нормалар, салт-дәстүрлер, мәдени үлгілер және тағы басқаларды қамтитын психикалық өмірдің өзіндік белесі - рухани факторды береді. Олардың бір-бірлерімен өзара байланыста болуымен өркениеттер өзіндік ерекшеліктерін жоғалтып алмайды, басқа өркениеттерден келген кейбір элементтердің қатысуы процесті тездетеді немесе баяулатады, байытады немесе біріктіреді. Өркениеттер формациямен сәйкес келмейді, себебі олар кеңістік пен уақытта нағыз өз сабақтастығын жалғастырып жатқан іспеттес және басқа өркениеттерменде осындай байланыста.
Қоғамның формациялық бөлінуі өндірісті-экономикалық қатынастарымен, жеке меншік қатынастарына байланысты болса, өркениеттік бөлініс мәдениет ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтанда өркениеттер ерекшеліктерін түсіндіру барысында «мәдениет» пен «өркениет» ұғымдарының ара қатынасына аса мән беру қажет. «Мәдениет» және «өркениет» ұғымдарының қатынасы мәселесі көңілге қонымды шешім табуы мүмкін, егер өркениетті мәдениеттің жемісі, оның арнайы ерекшелігі және құрамы деп түсінсек: өркениет – бұл мәдени процесс кезіндегі қоғаммен құрылған оның қалыптасуымен жетілуіне қажет құралдар жүйесі. Өркениет ұғымы мұндай талдама бойынша жүйелілікті, технологиялықты, институтционалдықты көрсетеді. Мәдениет ұғымы – тек технологияға ғана емес, сонымен бірге құндылықтар мен мағыналарға ықпал етеді, себебі, ол адамдар мақсатының көзделіп жүзеге асырылуымен байланысты. Өркениет жүріс-тұрыстың, құндылықтардың, нормалардың және тағы басқалардың игерілген үлгісін ұсынады, мәдениет болса – жетістікті игерудің тәсілі. Өркениет дегеніміз нақты тарихи жағдайлардағы белгілі бір қоғам типін жүзеге асыру болса, мәдениет – қоғамның сол типіне түрлі өнегелік-рухани және дүниегекөзқарастық критерийлер негізінде қатынас жасау. Белгілі бір әлеуметтік жүйеге және олардың қарама-қайшылығына алып келетін мәдениет пен өркениеттің айырмашылығы абсолюттік емес, керісінше салыстырмалы сипатқа ие. Тарих көрсетуінше, мәдениеттің гумандық құндылықтары тек дамыған өркениеттер көмегі арқылы ғана өмір еншісіне айнала алады. Өз кезегінде жоғарғы өркениет мәдени мағыналарға рух беретін мәдени шығармашылық негізінде құрылуы мүмкін .
Өркениет тарихын зерттеуші неміс социологы О. Шпенглер өзінің «Закат Европы» атты еңбегінде әлем тарихындағы өркениеттерге классификация жасады. О. Шпенглердің пікірінше тарихта сегіз өркениет болған. Олар Египеттік, үнділік, вавилондық, қытайлық, грек-римдік, византия-арабтық, батысевропалық, майя мәдениеті. Ғалымның пікірінше батыссібірлік өркениет қалыптасу сатысында. Атақты ағылшын әлеуметтанушысы А. Тойнби өзінің «Постижение истории» атты еңбегінде әлемде 21 өркениет болғанын пайымдайды. Ғалымның айтуынша эллиндік, батыс, египеттік, шумерлік, минойлық, үнділік, хеттік, қиыршығыстық (корея мен жапондық), правословиялық (альпілік және ортатеңіздік), православиялық (ресейлік), ирандық, вавилондық, сириялық, арабтық, индустық, қытайлық, қиыршығыстық, андылық, майялық, юкатандық, мексикандық өркениеттер. А. Тойнби өркениеттің генезисіне үңіліп, египеттік өркениет біздің жыл санауымыздан 4000 жыл бұрын пайда болды, ал шумерлік – 3000 жыл бұрын десе, қытайлық өркениет б.ж.с. 1000 жыл бұрын, орыс-христиандық біздің жыл санауымыз бойынша 1- мыңжылдықта пайда болды деп болжамдайды.
А.Тойнби өркениет атауын табиғи ортамен байланыстырады. Оның пікірінше, египет пен шумерлік, үнділік өркениет - өзендік, андылық, хеттік, мексикандық өркениет – таулық, минойлық, эллиндік, қиыршығыстық (жапония)- архипилагтық, ал қытайлық, мүмкін үнділік, православиялық-христиандық (ресей) – континентальдық, ал Майя мәдениеті – ормандық ормандық өркениет болды деп санайды [51, 7-16 б.].



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет