Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастың негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.
Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін, біз мына сұраққа жауап беруіміз керек: Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substantia — латын сөзі, негізінде, астында жатқан).
Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты табамыз: оның бірі материя (materia — латын сөзі, зат) — табиғат заты, екіншісі — сана — адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.
Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. Ол — Дүниенің бірлігі, екіншіден — оның заттық субстраты (substratum — негіз), үшіншіден қоғамның өз ішінен табатын материалдық емес, рухани тебіреністері.
Келесі ерекшеліктері — бұл ұғымдардың метафизикалық табиғаты, яғни оларды жеке ғылымдардағы ұғымдар сияқты тәжірибе арқылы тексеру мүмкін емес, өйткені олар бүкіл әлемді өз мазмұнында қамтуға бағытталып, бүкіл адамзат тәжірибесінің сыртына шығып, тек болжамдық мағынаға ғана ие болады.
Олай болатын болса, қайсыбір философиялық ағым, қалай дегенде де, бұл ұғымдардың арақатынасын өзінше анықтамай, әрі қарай бір қадам аттай алмайды.
Егер Дүниенің субстанциясы материя деген пікірге келсек, онда философияда материалистік ағым пайда болады.
Керісінше, субстанция дегеніміз жеке адамның жан дүниесі, я болмаса дүниежүзілік абсолюттік идея, pyx т.с.с. деп болжамдасақ, онда да философияда идеалистік ағым пайда болады.
Егер Дүние субстанциясының екі ажырамас — материалдық және рухани — жағы бар деген көзқараста болсақ, онда біз философияда реализм бағытын тудырамыз. Тек қана бұл ұғымды орта ғасырлардағы схоластикалық философияның жалпы ұғым жөніндегі реализмінен айыруымыз керек.
Философияда сирек кездесетін ағымдардың бірі — Дүние субсианциясы екеу — материя және рух және олар бір-біріне тәуелсіз деген пікір. Мұны алғаш рет философия тарихында француз философы Р.Декарт айтқан болатын. Мұндай көзқарасты біз дуализм бағытына жатқызамыз (dualis — латын сөзі, екіжақтылық)
Ал жоғарыдағы үш Дүниеге деген көзқарас монистік бағытта болмақ (monos — грек сөзі, біреу).
Дүниеге деген материалистік көзқарас әлемдегі болып жатқан барлық құбылыстарды дене, я болмаса сол материалдық заттардың қасиетттері ретінде қарайды. Сонау көне заманнан бастап осы уақытқа дейін материалистік философиядағы ағым (жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып) материя жөнінде әртүрлі пікірге келгенменен, жоғарыдағы көрсетілген көзқарастан тайған жоқ.
Материалистік көзқарастың негізінде сонау көне заманда пайда болған адамдардың жағалай қоршаған ортаның адамнан тәуелсіз, өзімен-өзі өмір сүріп жатқаны және сол Дүниедегі заттар мен құбылыстар жөніндегі адамның түйсіктері мен басқа қабылдау мүшелерінің дұрыс дерек беретіндігі жөніндегі алғашқы балама ойлары жатыр. Сондықтан алғашқы философтар Дүниенің негізін «бірінші заттан» (су, от, ауа т.с.с.) іздейді, ал адамның өзі де дене ретінде ғана қаралады. Ал адамның жан дүниесіне келетін болсақ, оның өзін тыныспен теңестіріп «жеңіл зат» ретінде қарайды. Гераклиттің «бірінші заты» отта, Демокриттің жеңіл және қозғалыстағы атомдары да адамның жан дүниесін құрайтын заттар ретінде түсіндіріледі.