Субъективті идеализм – болмыстың бастапқы негізі ретінде адам санасы, адами “мен” мойындалатын философиялық ағым. Барынша толық көрінісін субъективті идеализм Ежелгі Үндіде пайда болған бүддистік философиядан тапты. Ал европалық философияда субъективті идеализм негізінен Жаңа Заманда дамыды. Европалық субъективті идеализмнің негізін қалаушы – Беркли деп саналады. Бұл ағымға сонымен қатар Юмді, Кантты, экзистенциализм мен феноменологиялық философия өкілдерін жатқызады.
Философия тарихының барысында осы үш философиялық бағыт арасында үздіксіз күрес жүріп келеді. Түрлі дәуірлерде түрлі елдердің мәдениеттерінде басты орынды біресе бір ағым, біресе екінші бір ағым иеленіп отырды. Мысалы, европалық философияның Ежелгі Дүние, Ортағасырлар және Қайта Өрлеу кезеңдерінде объективті идеализм үстемдік етсе, Жаңа Заманда (XVII-XIX ғ.ғ) оны материализм, ал ХХ ғасырда – субъективті идеализм ығыстырды.