Философиялық ілімдерді монизм, дуализм және плюрализмге жіктеу нақты және айқын сияқты көрінгенмен, мұндай бөлуді реалды ілімдерге қолданғанда көптеген қиыншылықтар туындайды. Мысалы, Демокрит онтологиясындағы көп атомдардың әрбірі мәңгілік (жаратылмайды және жойылмайтын) болып табылады, демек, белгілі мағынада олар – өз алдына дербес “түпнегіз”. Олай болса, Демокритті де плюралистер қатарына жатқызуға болады және жатқызылуға тиіс. Ал бірақ Демокрит философиясындағы барлық атомдардың табиғаты бірдей: барлығы да материалды бөлшектер екенін ескерсек, онда олардың барлығын біртұтас бастапқы негіз – материя деп санауға болады. Демек, Демокрит, бәрібір, монист болғаны. Ал екінші жағынан, Демокрит атомдардың бастапқылығын ғана емес, сол атомдар бар болып, қозғалатын бос кеңістіктің болуын мойындайтынын ескерсек, Демокритті дуалистер тобына жатқызуға болады. Немесе, кез-келген арнайы әдебиетте (оқулықта немесе сөздікте) Декарт пен Канттың дуалист болғандары туралы мәлімет беріледі. Әйтсе де дуалист емес, монистер, өйткені олардың ілімдеріндегі болмыстың бастапқы негізі – Құдай. Соған қарамастан оларды дуалистерге жатқызады, өйткені Құдай қарастырылу шеңберінен ығыстырылып, Декарт философиясындағы талдау объектісі ретінде екі субстанция – материя және сана, ал Кантта-адам санасы (“біз-үшін-зат”) және сыртқы дүние (“өзіндік-зат”) алынады. Бұл сияқты мәселелер басқа да көптеген философтар іліміне қатысты туындап жатады.