Поэзия – ойыннан шықты, сөйтіп, ол ойын түрлерінің арқасында өмір сүреді. Музыка мен би толығымен ойын болып табылады (Хейзинга Й. Homo Ludens. Опыт определения игрового элемента культуры М.,1992 С.196-197). Сонымен, ойын өнер туындайтын импульс секілді, ал ойын табиғаты оның тіршілігінің бір өлшемі ретінде қарастырылады.
Антика кезінде «мимезис» – еліктеу деген термин пайда болған. Жануарлар, жәндіктер, құстардың іс-әрекетін бақылай отырып, адамдар өрмекшіден – үй салуды, аққу мен бұлбұлдан – ән салуды үйренген деп есептеген. Көне Грекияның танымал философы, адамзаттың ұлы ұстазы – Аристотель де өнерді мимезис мәселесімен байланыстыра қарастырған.
Антика философиясында өнердің адамға деген эстетикалық әсерін айқындау үшін «катарсис» (гр. katharsis – тазару) термині қалыптасты. Пифагорилік мектеп шеңберінде тән дерттерін, жанды зиянды құмарлықтан емдеуде (мысалы, ашу, қорқыныш, қызғаныш) нақтылы музыкалық үйлесімділік арқылы тазарту теориясы мен тәжірбиесі орын алған.
Өнердің мәні – әсемдікте. Әсемдікті сипаттау үшін үйлесімділік, асимметрия, пропорционалдық, мақсатқа ұмтылғыштық сияқты ұғымдар пайдаланылады. Антика заманында Платон әсемдік – бұл мәңгілік, құдайлық идея десе, Сократ әсемдік пен пайданы теңестірді.
Өнерде әлемді бейнелеудің екі әдісі бар: шындыққа негізделген және шартты әдісі. Бізге жеткен ежелгі палеолиттің көркем бейнелерінде олардың екеуі де кездеседі. Алғашқы суретшілер шынайы өмірді тамаша бейнеленген, олар жануарлар анатомиясын жақсы біліп, қозғалыстарын анық көрсете алған. Шартты бейнелерде жалпылыққа қорытындыға мүмкіндігінше көбірек көңіл бөлінді, табиғатқа сәйкес қарапайым ұқсастық шеңберінен шығуға деген талпыныс бар.
«Өнер» терминін екі мағынада анықтауға болады – тар және кең мағынада. Кең мағынасында, өнер адам баласының жалын жасампаздығын білдіреді де «өндіру», «жасау», «құру» деген негізден өрбиді. Мысалы, көне гректердің өнерді білдіретін ұғымы «poіesіs» – адам қолынан шыққан, өндірілген заттар әлемі ретінде табиғи әлем – «physіske» қарама-қарсы қойылған.
Өнер деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық үлгісін айтамыз.
Өнер – адами ақиқат, адамдандырылған «екінші әлем». Өнер, көркем бейне және жасампаздық тікелей әлеуметтік адам тұлғасымен байланысты категориялар. Өнерде үйлесімділік ретінде танылған кемелділік бейнесі жасалады. Өнер арқылы адамның әмбебаптылығы ашылады.