Өнердің жекелеген түрлерін және олардың бір-бірінен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты көнеден бері толғандырып келеді. Сәулет өнері немесе архитектура. Архитектура сөзі гректің «архитектон» – құрылысшы деген сөзінен шыққан. Архитектура деп адамның рухани және материалдық қажеттіліктерін өтейтін ғимараттар құрылысын айтады. Сәулет өнері адам өмірінде эстетикалық міндетпен қатар практикалық міндетті де атқарады.
Мүсіндеу өнері немесе скульптура. Өнердің бұл түрінің атауы латынның «скальте» – «кесілген», «сомдалған» деген сөзінен шыққан. Скульптура көбінде адам денесін сомдаудан тұрады.
Мүсіндеу өнерінің өзі мынадай түрлерге бөлінеді: бас мүсін, портреттік бюст, статуя, торс. Сонымен қатар, мүсінді неден, қандай материалдан жасалғанына байланысты да ажыратады. Мүсін материалдарының ең көнесі – топырақ, саз, ал одан жасалған мүсіндерді керамикалық деп атайды. Мүсінде топырақтан басқа гипс, мыс, мрамор, гранит сияқты әртүрлі материалдар пайдаланылады.
Бейнелеу өнері. Атауынан белгілі болып тұрғандай, заттың, тұлғаның немесе табиғаттың бейнесін жасайтын өнер. Бейнелеу өнері көркем құрал-тәсілдер арқылы (бояу түсі, жағу мәнері, штрих, ою-орнек және т.б.) және түрлі материалдарда (қағаз, кенеп және т.с.с.) табиғи объектінің образды бейнесін жасайды.
Өнердің осы түріне енетін шығармаларды көзбен қарау арқылы түйсініп, бағалап, кеңістікте қабылдаймыз. Соның нәтижесінде, бейнелеу өнерін кейде кеңістік немесе визуалды (көріністі) өнер деп те айтады. Бейнелеу өнерінің туындалары шындықты қайталайтын, жансыз көшірме емес. Ол заманның рухани мәнін, саяси – философиялық, эстетикалық, этикалық идеяларын мағыналы мазмұнға айналдыратын дүниелер.
Бейнелеу өнер түрлеріне: живопись, графика, көркем фото және т.б. жатады.
Саз немесе музыка өнері.Адамға дыбыстық құрылғылар арқылы айрықша әсер ететін өнер түрі. Музыка өнерінің діңгегі – сезім, көңіл-күй болып табылады. Мазмұн, ырғақтың, әуеннің сабақтасуы арқылы музыка туады. Саздың діңгегі – дыбыс, дыбыстардың үйлесімді бірлестігі әуенді жасайды.
Көркем әдебиет атауы айтып тұрғандай, көркем сөз арқылы әлемді сұлулықпен игеру нәтижесі. Көркем әдебиеттің, жалпы көркем өнердің міндеті – дүниені жаңғырту емес, адам баласының оған деген өз қатынасын білдіру. Әдебиет проза және поэзия болып бөлінеді.
Театр өнерідрамалық іс-әрекеттің – спектакльдің, қойылымның көмегімен адамның ішкі әлемі мен адамдар арасындағы қарым-қатынас тұңғиығын пайымдайтын өнердің ерекше түрі. Театр – сахналық (сценалық) өнер. Театр сөзінің шығу төркіні грек тіліндегі «театронда» жатыр. Театрон деп көне Грецияда жүзім өсіріп, шарап жасау ісінің, жер құнарлылығының құдайы болып есептелінетін Диониске арналған құрбандық той-думандарда дионисийлерде – биік дөңнің басынан етегіне дейін орналасқан адамдардың жиылысын айтатын болған.
Кинематограф – ХІХ ғасырдың соңында ғана дүниеге келген, сондықтан басқа өнер түрлері сияқты үлкен тарихи жолдан өтпеген өнер. Тарихи қалыптасуы қадым заман қойнауына сүңгіп кетпегендіктен де кинематограф біздің заманымыздың мәдениетінің белді құбылысы. Кинематографты ойлап тапқандар Луи Жан және Огюст Люмьерлер, өйткені солардың алғашқы кинопроекторы арқылы қозғалыстағы бейнелерді тамашалау мүмкін болды.
Теледидар – «ақпараттық» қоғам туындатқан өнердің ең жас түрі. Оның әлеуметтік мәні – ақпаратты жылдам әрі көпшілікке таратуда. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының өркендеп дамуының нәтижесінде теледидар әрқайсымыздың¦ өміріміздің ажырамас бөлігі болып тұрған нәрсе. Теледидар «дәл қазір, дәл сол жерде» болған оқиға желісін сол қалпында беруді, яғни «айтып беруден» гөрі «ақпарат беруді» көздейді.