14. Дәріс
Рәміздердің стереотиптік және аксиологиялық бағасы түрлі мәдениетте бірдей емес. Сондай-ақ әйелдер мен қазақ қоғамында үстемдік еткен әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты қалыптасқан рәміздік стереотиптер де бар. В.А. Рыжкова стереотипті этностың коммуникативті бірлігі ретінде танылып, тұлға санасында әлеуметтің маңызды мәнін аша алатын, сол мазмұнға уәжделген типтік әсердің негізіндегі бірлік ретінде түсіндіреді [137, 178 б.]. Стереотиптер ақиқат дүние туралы күнделікті қолданыста кеңінен танылған, сол зат не құбылысты, сол ситуация мен әрекетті, тұлға мен әлеуметті (дүниені) танудың санадағы қарапайым бейнесі, яғни дүние туралы таным-түсініктің қайталануынан тұрақталған адам санасындағы алғашқы сигналдар, яғни әрекеттер мен құлықтар шаблоны [138, 33-34 бб.]. Түрлі маңызды жағдайларда жиі кездесіп, қайталанғандықтан, адам санасындағы дағдылы түсінікке айналып, тұрақталған стереотиптер аса көп ойлануды керексінбейтінімен, сол түсінік әбден қалыптасып, беркіген ұжым.
Қ. Қаирбаева тілде мәңгілік ақиқатты көрсету үшін қолданылған мәдени символдардың көп өзгерістерді бастан кешіріп ұжымдық санадағы образдарға айналатынын айтады. Олар этностың дүниетанымын, өмір сүру ерекшелігін, талғам-танымын көрсететін рухани мәдениет негізі – салт-дәстүр, әдет- ғұрыптардан анық көрінеді [139, 25 б.].
Қазақ халқының да қарым-қатынас жасау мәдениеті ұлттың рухани мәдениетін, оның таным, талғамын бейнелейтін коммуникацияның рәміздік амалдарына да бай деуге болады. Мысалы, қос қолдап амандасу, иіліп сәлем салу, төс қағыстыру, бет шымшу, ернін сылп еткізу, жаулығымен көзін сүрту, алдына қамшы тастау. т.б. кинемалар қазақ халқына тән ұлттық болмысты танытатын рәміздік элементтерге жатады. Көптеген ғалымдар әйел рәміздерінің барынша нормаға сай екенін, себебі әйелдер болашақ ұрпақ тәрбиесіне молырақ ықпал ететіндіктен, үлгі-өнеге көрсетуші тұлға ретінде олардың әдеби нормаға сай сөйлеуге барынша тырысатындығын атап көрсетеді.
Көркем мәтінде көрініс тапқан ұлттық сипаттағы кинемалардың мән-мазмұнын саралай келе, тілімізде жиі кездесетін осындай рәміздік элементтерді қолдану басымдылығына орай ер кісілерге, әйелдерге тән және ортақ кинемалар деп арнайы бөлуге болады. Түрлі әлеуметтік топ пен жыныстар арасындағы қарым-қатынастың тілдік немесе жоғарыда келтірілгендей тілдік емес факторларын көркем мәтін аясында кейіпкерлердің көңіл-күйін, ішкі сезімін, түрлі жағдайға көзқарасын алуан түрлі психологиялық ерекшеліктерін нақты бейнелеу үшін авторлар өзге көркемдік тәсілдермен қатар түрлі кинесикалық элементтердің көмегіне де жүгінетінін байқауға болады. Сонымен бірге күнделікті өмірмен қатар көркем шығармаларда кездесетін этномәдени элементтер коммуниканттардың әлеуметтік және биологиялық белгілеріне байланысты кинетикалық жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының ұлттық ерекшелігін зерттеп-білуге мүмкіндік береді.
Шынында да, қазақ әйелінің мінез-құлқы табиғи, ол ешқандай боямасыз, тұрпайылық көрсетпей-ақ бақытты, шынайы және қарапайым, тіл табысқыш, ешбір дөрекіліксіз-ақ кез келген адамның тілін таба біледі.
Жоғарыдағы жайттарды қазіргі ғылыми зерттеулер нәтижесі де дәйектей түседі. Заманауи генетика ғылымы ақыл-парасаттың ана бағыты арқылы берілетінін дәлелдейді. Ойлау қабілетіне жауап беретін гендер–Х-хромосомасы ұзындық бойына орналасқан. Әйелдерде ол екеу (ХХ), еркектерде біреу (XҮ). Дүниеге келген ұл бала ақыл қабілетін өзінің анасының генінен алады, ал қыз бала бір Х хромосомасын шешесінен, біреуін әке жағынан әжесінен алады, себебі әкенің Ү хромосомасында аталған қабілет жоқ. Ақыл-парасаттың ұрпақтан ұрпаққа берілуі осылайша жүзеге асады .
Әйелдер өздеріне сенімсіз жағдайда, көңіл күйінде бір қобалжу енгенде, бүркемеленген кедергілердің көзге ұрынбайтын түрлері гүл шоғын, қол сөмкесін, орамал, шарф, желпуіштерін қолданады, ал ерлер ондай жағдайда галстук, көйлек түймесі, қол сағатын, темекі тұтатқыштарын әрлі-берлі қозғап, бұрап, пиджактерінің түймелерін бір ағытып, бір түймелеп, темекілерін мыжып, үстелдің үстін саусақтарымен барабанша ұрғылап кетеді.
Әйелдердің мимикасы ерлердікіне қарағанда айқынырақ білінеді. Өздерінің табиғи интуициясына сай, балалар тәрбиелеудегі айрықша рөліне сәйкес әйелдерде майда-шүйде детальдардың бәрін бірден байқау бейімділігі басым, сол себепті де оларда бейвербалды амалдарды жақсы түсіну қабілеті ерлерге қарағанда жоғары. Физиологтардың пікірінше, әйелдерде эмоцияға жауап беретін ми бөлігі ерлерге қарағанда сегіз есе артық дамыған. Әйелдерге тән жоғары сезімталдықты осымен түсіндіруге болаты секілді. Әйелдерде «қасын керу», ал ерлерде «қабағын түю, қабағын түкситу» сияқты ишарат түрі жиі кездеседі.
Біз аталған тараушада тек «қазақ әйелі» рәмізі аясына кіретін кейбір киім үлгілеріне ғана қысқаша тоқталуды мақсат тұттық. Денеге шақталып тігілген жеңіл, жұқа киім деген түсініктеме берілген көйлектің ерлер мен әйелдердің ішкі дене және сыртқы киімінің атауы ретінде өте ертеден келе жатқанын байқауға болады. Әйелдер ерлерге қарағанда ұзынырақ және кеңдеу, түсі жағынан да ерекшеленетін көйлек киген. Қыздар мен жас келіншектер ашық түсті желбіршекті, бүрмелері көп, қос етек, қызылды-жасылды көйлек киюді ұнатса, ерлер көбінесе ақ түсті көйлек киетін болған. Сауданың кең құлаш жаюына байланысты көйлектер Ресейден әкелінетін шыт пен өзге мақта-мата өнімдерінен тігіле бастаған.
Ал төмендегі мысал қазақ әйелінің киім кию ерекшелігін ғана емес, кейде қажетсіз жерде жайбасарлық пен созылыңқылық таныта қалатын қазақтың бейғамдық болмысын, ұлттық психологиялық ерекшелігін әйелдің киім кию үлгісі мен қимылы арқылы астарлап дәл танытып тұр.
Қазіргі таңдағы әйелдердің киім кию үлгісінен оларға тән әлеуметтік, жасына байланысты ерекшеліктерді ажыратуға болмайды. Әйтсе де, әсіресе оңтүстік өңірлерде, көбінесе ауылдық жерлердегі жиын-тойларда тұрмысқа шықпаған әйел затының орамалсыз, жалаңбас жүруі, ал келіндердің орамал тартуы, ал жасы келген әйелдердің жаулық тартып, кейде кимешек киюі қалыпты жағдай болып есептеледі. Осыған байланысты ұлттық-мәдени стереотиптерді де кездестіруге болады.
Қазақтың ерлері мен әйелдерінің киімінде әлеуметтік айырмашылықтар айқын көрініп отырған. Қазақ еркектері шашын түгел алғызып тастап, үйде де, түзде де бас киім киген. Ер адамның бас киімі оны киген адамның дәрежесі мен беделін танытқан.
Киім киюдің бір үлгісі ретіндегі орамал тарту тек ислам дінінің жаңалығы емес екен. Дінтанушылардың сөзіне сүйенсек, бұл үрдіс христиан, еврей діндері мен корей, жапон сияқты көне мәдениет үлгілерінде де бар. Иудаизм дінінде әйелдердің орамалсыз жүруі олардың жалаңаш жүруімен тең саналып, орамал тақпаған әйелдің жоқшылық әкелетіні, орамал тағу әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын білдіретіні жөнінде айтылған. Орамал тағуды тектіліктің нышаны санаған байырғы Израильде зинақор, жезөкше әйелдерге оны тартуға тыйым салынған. Католик шіркеуі де әйелдердің басына орамал тартуын міндеттейді.
Қазақ дүниетанымында әйел өзінің орамалымен көрікті. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Ислам әйелге ашық- шашық киінбеуді оны төмен санағандықтан емес, қайта оны қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Күнделікті өмірде біз құнды, асыл заттарымызды қоғамдағы бұзық ниеттегілерден қорғаудың сан түрлі жолын іздейміз. Ендеше, әйел заты да құндылардың құндысы, асылдардың асылы, нәзіктердің нәзігі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, олардың бөгделердің алдында ашық-шашық жүруі құптарлық емес.
Орамал тағудың пайдасы туралы зерттеушілер былай дейді: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір-лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның әсіресе бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Осы жолдың авторының өз тәжірибесінде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», т.б. дертінен жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйелдер көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, сөйтіп онда еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады, нәтижесінде ағзаның гормоналды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлі ісік, т.б. ауруларға жол ашады [140, 109 б.].
Ұлттық мәдениеттің көрінісі болып табылатын киім-кешек үлгілерінен халқымыздың ұлттық дүниетанымы, халықтық болмысы, әсемдікке құштарлығы, эстетикалық талғамы мен тұтыну қажеттілігін ұштастыру қабілеті, әлеуметтік ерекшелігі, т.б. айқын байқалады.
Барлық халықтарда сырға әшекейлік зат болуымен бірге махаббат символы, оның иесінің қоғамдағы орнының көрсеткіші, магиялық қорғаушы зат ретінде қолданылады. Сондай -ақ сырғаға қатысты түрлі көзқарас пен бір біріне кереғар наым сенімдер де кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Ежелгі Римде бір құлақтағы сырға құлдық белгісі саналған. Ал Перудегі инктер дворяндық мәртебе алушылардың құлағына дөңгелек сырға салу рәсімі болған көрінеді. Ал одан бұрынырақта бойжеткен қыздар мен әйелдердің, сондай ақ қарақшылардың сырғасында айтарлықтай айырмашылық болған. Сырғаның бәлежаладан, ауру сырқаудан сақтандырушы зат ретінде бағалап, оны көздің көру қабілетін арттырады, теңізшіні суға кетуден сақтайды деген сеніммен таққан. Ал Бирмада тақтан дәмелі король ұрпақтарының құлағы міндетті түрде тесіліп, сырға салынатын болған [25, 428 б. ].
Ал қазіргі кезде сырға өзінің мифтік маңызынан айрылып, тек әшекей зат, әсемдіктің құрамдас бөлігі болып қалғаны белгілі. Танымал этнограф Х. Арғынбаев ертеректегі қазақтарда сырғаны, негізінен, бойжеткен қыздар мен жас келіншектер көп тағатынын, ал жасы келген әйелдер үшін сырға тағу қажеттілігінің аз болатынын айтады. Себебі, бұрынырақ олар әлеуметтік жағдайына байланысты бастарына жаулық тартып, кимешек киген [141, 63 б.]. Ал кимешектің құлақты жауып тұратынын ескерсек, таққан әшекейдің көзге шалынбайтыны әрі ол кездегі салмағы ауыр сырғалардың қолайсыздық тудырары анық.
Сонымен бірге босағадан енді аттаған жас келіннің жаңа тірлікті жатсынбай, үй шаруасына, әсіресе ерекше кірпияздықты керексінетін ас дайындау ісіне адалдықпен әрі тез кіріссін деген ырыммен енесі қазақ танымында «тазалықтың белгісі» ретінде саналатын күмістен жасалған қос білезік сыйлайтын болған. Жалпақ бауырлы тұтас, үстіңгі беті қатарласқан қос жұмыр болып келетін,түрлі ою-өрнекпен ажарланған мұндай білезікті сыйлауда халқымыздың ең жиі айтатын игі тілегі есебіндегі «Қосағыңмен қоса ағар» мақалы мәндес ниеті де бар екені байқалады.
Қазақ әйелінің әшекейінің бірі – жүзік, сақина. Алтын, күмістен жасалып, сырт жағына зергерлер түрлі асыл тас орнатқан сақиналар бұрын да, қазір де тек әйелдің ажарын ашатын сәндік бұйым ғана емес, адамның денсаулығына оң әсер ететін, сыртқы-ішкі кері әсерлерден қорғайтын, бақ-дәулет шақыратын құрал саналады. Қазақ танымында тамақ әзірлейтін әйел қолына міндетті түрде жүзік не балдақ тағуы тиіс болған. Осыған байланысты «Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болу керек» деген мақалдың айтылуы аталған әшекейлердің киелі, тазартқыш күші бар деген жалпышығыстық сенімге байланысты болса керек [142, 130 б.].
Жоғарыда келтірілген деректерден зергерлік бұйымдардың тек әсемдік, нәзіктік, әшекейлік қызметімен қоса оның тұмар қызметін де атқарғанын дәлелдей түседі. М. Қашқаридың еңбегінде де көне түркілер заманында қасты (нефрит) жүзікке көз етіп қондырса, ол адамға найзағайдан, жай отынан қауіп болмайтыны жайында, асыл тастар салынған әшекейдің тіл-көзден қорғайтын тұмар есебінде қолданылғаны жөнінде айтылған [143, 128 б.]. Ұлттық мәдениетіміздің жарқын бір үлгісі, құрамдас бөлігі ретінде саналатын зергерлік өнердің халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, ең бастысы тілінде айрықша көрініс тапқаны белгілі.
Қазақ әйелдерінің шашына, бойына, қолына, сырт киімдеріне тағылған зергерлік бұйымдар өздерінің әсем ою-өрнектері мен таңғажайып үлгілерімен талайды тамсандырып қана қоймай, әйел сұлулығымен қоса оның таным-талғамынан, халықтың салт-дәстүрінен, дүниеге көзқарасынан хабар бере отырып, рухани мәдениетіміздің қалыптасып, дамуына ықпал етеді әрі оның жаратылысы нәзік әйелдер үшін қорғану қызметін атқаратындықтан, сакральды мәні бар екені де анық.
Мәдениеттанымдық, этнографиялық деректерге қарағанда, әйелдер шашын қос өрім етіп өреді де, ол екеуінің ұштарын біріктіру үшін шашбау тағады. Шашты олай өру – әйелдіктің белгісі, бұл – бүтіннің жартысы болғанды білдіреді. Қазақ қыздары мен тұрмысқа шыққан әйелдерінің бас киімдері мен шаш үлгілері қатты ерекшеленген. Ал қыздар шаштарын бір өрім етіп, ұшына шолпы тағады [144, 121 б.].
Тілек-арманнан бастау алған әрбір ат сол халықтың тарихын, этностық даму ерекшелігін сипаттаумен қатар, жеке адамдардың субъективті-индивидуалды сезімдерін, құндылықтарды бағалау ерекшеліктерін, қабылдау-тану өрістерін және өмірлік тәжірибелерін сұрыптауға мүмкіндік береді [145, 151 б.]. Кісі есімдерінің уәжділік және танымдық сипатын зерделеген Н. Асылбекова олардың гендерлік сипатын былайша көрсетеді: «Әйел адамдардың ассоциативті ойлау жүйесіне көбінесе адамгершілік, ізгілік, жылылық, күнделікті күйбең тіршілік жақын да, ер адамдардың асссоциативті ойлау жүйесіне ерлік жасау, батырлық көрсету, кәсіппен шұғылдану т.б. жақын болады. Сәбиге ат қою кезінде оның жыныстық ерекшелігі ескерілетіні сөзсіз. Кісі есімдерін жасауда шаш, көз, гүл, сұлу, бике, ай, бибі, наз сыңарлары жиі кездессе, ал ұл балалардың есімдерінде сұлтан, хан, батыр, ғали, берген, берді, мырза, бек, тай, т.б. сыңарлары белсенді қызмет атқарады» [146, 20 б.].
Ер адам өзінің күш-қуатымен ерекшеленсе, әйел сұлулығымен, жанымен, рухымен құдіретті. Ғасырлар толқынымен бірге сұлулыққа деген көзқарас та өзгермелі екені заңдылық. Мәңгілік қойнауынан бізге жеткен арулар кескінін көз алдымызға елестетсек, сұлулық тәңіріндей салтанатты Египет патшайымы Нефертити, мәрмәр тәнді Венера Милосская, өзіміздің тотыдайын таранған, аққудайын сыланған Қыз Жібек, Ақжүніс, Баян сұлулар келбеті кесекөлденең тұра қалары сөзсіз. Әлемде қанша ұлт, мемлекет болса, сұлулық туралы көзқарас, оның өлші де соншама. Мысалы, Перудегі майорун тайпасында денесін піскілеп бояп, маймылдың тістерінен алқа тағып, шашына, мұрнына, құлағына қауырсын, қабыршақ секілділерді неғұрлым көп іліп алған әйел әдемі деп саналады. Натчи тайпасында бас сүйегі қолдан әдейі сопайтылмаған әйелді ұсқынсызға жатқызады. Филиппиндегі палавеньо тайпасының әйелдері тістерін тегістеп егеп, қара бояумен бояп алады. Сенегалда волоф әйелдері шаштарын бірнеше бұрым етіп өріп, мүйіз секілді тікірейтіп қояды. Вьетнамдағы зярай әйелдері мойындарын ұзарту үшін алқа орнына бұрама құрсау киіп жүреді. Ежелгі махаббат құдайы Афродита (Венера) сыршыл сезімді сұлулықты меңзесе, Зевстің сүйіктісі Гера асқақтықты, билікті әйелдің қасиеті деп таныған. Ал Афина Паллада әйелдердің ақыл-парасатын бірінші орынға қойған.
Адамның белгілі бір қасиетін, мінез-құлқын, белгісін сипаттау тілдік жүйеде және жазушы мен сөйлеуші аталған тілді тұтынушылардың өмір сүру жағдайына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дүниетанымы, таным-талғамына, күнделікті тұрмыс пен өмір тәжірибесінде бұрыннан қалыптасқан түрлі зат, құбылыстармен байланысты. Яғни тілден халықтың рухани және материалдық мәдениетінің іздерін байқауға болады.
Ал кез келген деңгейдегі тілдік элементтер тек қана мәтін жүйесінде эмоциялы әсер ете алады. Осындай «өзіне тән эстетикалық коммуникацияның бірліктері ретіндегі көркем мәтіннің ерекшелігі оның жалпы адамға қатысты ортақтылығы (антропоцентричность), яғни әлем тану мен оның көрінуі әдебиет шығармасында ең алдымен адамның танымына бағытталады, ал берілген көркемдік оқиғалар оның жан жақты көрінісінің тәсілдері болып есептеледі» [147, 33 б.].
Осыған сәйкес қазақ тілінде әйел көркін сипаттайтын, ғаламның тілдік бейнесін танытатын концептілер төмендегіше көрініс тапқан:
«Көз» – тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізеген еліктің жанарындай, қос жұлдыздай қос жанары,т.б.
Әйел сұлулығын тануда көзге қатысты эпитет, теңеулер әр жазушы танымында ұлттық дүние суретіне сай, алайда алуан түрлі сөз өрнегімен өріледі. Мысалы, М. Әуезов сұлулық үлгісі ретінде «шошақтау біткен үлкен қой көз, нұрлы көз, ойлы көз, шұғылалы көзді» таныса, ал Ғ. Мүсірепов танымына «үлкен қара көз, бота көз, құралай көз, айна көз» сияқты эпитеттер жақын.
Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде «кербездік», «сұлулық» концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында «қаз» құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында оның баламасы «гусь» жағымсыз мәнге ие («гусиная походка»).
Аққудай иілген мойны, жаңа туған айдай иіле біткен жіңішке қасы, жазық маңдайынан тура түскен әсем мұрны, ителгінің тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын нұрлы жүзі, бәрі-бәрі қолдан ойылып жасағандай.
«Шашы» – жібектей майда шаш, сүмбіледей қара шаш, қолаң жібек шаш, толқынды қою қара шаш, білектей-білектей қос бұрым, тізесіне төгілген білектей бұрым, жылтырап өрілген жуан бұрым, көмірдей шашт.б.
Аққу - сирек кездесетін, қазақ ұғымында құс патшасы саналатын, оны атқандар киесіне ұшырайтын қасиетті құс. Ондай киелі, ерекше ардақталатын құстың жұмыртқасы да айрықша болатыны белгілі.
Қазақ әйелінің бағасы мен сипатын, қадір-қасиетін дәл тауып, оны өзінің даналық сөздері, мақал-мәтелдері арқылы өрнектеп, ұрпақтарына мирас етуші халқымыздың бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, асылы мен жасығы туралы көзқарасы аталған теңдессіз мұраларында айқын көрініс тапқан. Мысалы, «Әйелдің әйелден артықшылығы – мінезінде», «Көріп алған көріктіден – Көрмей алған текті артық», «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін», «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті надан қылады», «Жақсы әйел өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіңе тұз артады» дейді халық даналығы.
Көркем туындыларда әйел бейнесін мүсіндеп, әйел сипатын бейнелегенде ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптық ерекшеліктерімен бірге рухани дүниенің сырлары, эстетикалық сезімдері, ұлттық таным, болмыс, тәлім-тәрбие ерекше орын алатыны мәлім. Сол сияқты Абай өлеңдерінде де «әйел» концептісін білдіретін бірліктердің ұлттық дүниетанымға сай берілгені аңғарылады.
Әйел болмысы, оның еркектен ерекшелігі, ең алдымен, әйелдің сұлулығынан көрінеді. Сұлулық – тек әйел затының өлшемі. Сондықтан, әрбір әйелдің сұлулыққа ұмтылуы, ал ақындардың бүкіл адамзат баласы секілді сұлулыққа құмарлығы, ынтықтығы – заңдылық.
Абайдың «сұлулық» концептісін сипаттауы төмендегі тіркестер арқылы көрінеді: кең маңдай, қолаң шаш, ақ тамақ, қызыл жүз, қара көз, имек қас, қараса жан тоймас, аузың бал, қызыл гүл, ақ тісің кір шалмас, иісің – гүл аңқыған, нұрың – күн шалқыған, үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, , қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды, ақша жүз, алқызыл бет, маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, қолаң қара шашы бар жібек талды, торғындай толқын ұрып көз таңдайды, т.б. Аталған тіркестерден қазақ халқының сұлулық туралы ұғымына сай мағыналар айқын аңғарылады. Олардың бірқатары халық санасында бұрыннан қалыптасқан етене жақын тұрақты сөз тіркестері болса, енді бірқатары ақынның өз қолданысындағы сөз өрнектері.
«Сымбаттылық» концептісі Абайдың суреттеуінде былай көрінеді:
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды .
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел.
Қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын, жоғарыда аталған коннотацияларға дәлел бола алатын айрықша лингвомәдени бірліктер жиі кездеседі. Біздіңше, оларды шартты түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:
1) «Сұлулық» рәмізі:
Шешесі еркек көзі бір қадалмай өте алмас ажарлы адам екен... Шешесі Несібелі сұлу да сүйкімді кісі еді, соған тартқан ғой... Уысың толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара көз, ақ маңдай... Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын... Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты дейміз, бәденді дейміз...
2) «Бауырмалдылық» рәмізі:
Айтолқынның бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.
- Сенбісің, ей, айналайын? – деді.
- Мен ғой...
- Айналайын-ай, қандай бауырмал едің? – деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді
3) «Қарапайымдылық, ақылдылық» рәмізі:
Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді. Итаршысы көп, татымы жоқ, тұяқ санаған бос өмірден көңілі суынған, қызығары қалмаған Көпей мырзалық-сараңдықты сән көрмей, алыс-жақынға бірдей қарайтын. Жұманды жұрт ұната алмайтын да, Көпейді қия алмайтын.
4) Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан тұтады, халқына жанашыр:
- Көсем болып алған соң бұл әйел не істей алды?
- О, істемегені жоқ!.. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды.
5) Қазақ әйелі жаңаға үйір.
6) Қазақ әйелі – салт-дәстүрді сақтаушы.
Жаратылысы нәзік қыз болса да, бас көтерер әкесі болмағандықтан, кедейліктен ауыр тұрмыстың тауқыметі басына түскен соң оған амалсыз мойынсұнып, өзін қайрап, ерлерге тән қайсарлықпен әйел төтеп бере алмайтын ауыр жүкті қабақ шытпай көтерген қайынсіңлісінің болмысын дөп танып, дәл басқан қазақ әйелдерінің тапқырлығына таң қалмасқа болмайды. «Ат тергеу» қазақ келіндерінің тапқырлығы мен ойлау жүйесінің ерекшелігін танытады.
Нақты айтқанда, тезаурус, яғни білімдерді жинақтау тәсілі өзін реттелген, жүйеленген «әлемдік көрініс» ретінде танытады. пікірінше, тезаурус индивидуальдік әлем бейнесін білдіреді. Бірақ әлемдік бейненің когнитивтік феномен, яғни белгілі бір дәрежеде жүйеленген иерархияланған білім ретінде түсінсек, тезаурусты білімді жинақтаушы, ұйымдастырушы тәсіл ретінде ұғынуымыз керек дейді.
Қазақтың халық аңыздарында, эпостарында және хикаяттарында махаббат оптимистік сезімнен трагедиялыққа дейін өрбіген. Махаббат туралы түсініктің қазақ әстүрлі дүниетанымында өзіндік ұзақ тарихы бар екені белгілі. Бұл ұғым көбінесе, саяси, патриоттық және рухани-адамгершілік мәселелерімен тығыз байланысты.
Қазақ халқының өзінің дәстүрлі дүниетанымына тән махаббат ұғымының асыл қасиеттерін жинақтап көрсеткен эпостардағы қыз-дың тамаша образдарының бірі Қыз Жібек бейнесі. Эпос дәстүрлі сипатта басталмайды, яғни сезімнің пайда болуы келісімге, тағдырға, пешенеге жазғанға негізделмейді, ол таңдау еркіндігіне арқа сүйейді. Негізгі кейіпкер Төлеген өзіне қалыңдықты өзі табады. Махаббаттағы таңдау құқы мен сезім еркіндігінің көрініс беруі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-адамгершілік қатынастардың жаңа толқынын білдіреді, оны қоғам жазғырмайды, керісінше, қолдауға тырысады. Дегенмен, бұл махаббаттың өмірі де ұзақ болмады. Күйеу жігіттің жол үстінде қаза табуы Қыз Жібекті өз заманының сұрапыл дала заңын түсінуге, өз сүйіктісін мәңгі есте сақтауға қарай итермелеп, бекзаттандыра түсті.
Қазақ түсінігінде махаббат тек қажетті дүние ғана емес, ол бұл пәнидегі адамның бірден-бір өмір сүру тәсілі болып табылады. Халық бұл сезімді жырлаумен шектеліп қана қоймай, оған жүйелі түрде тәрбиелеу құралы ретінде үлкен мағына береді. Тарихи деректерге арқа сүйесек, Қозы Көрпеш, Төлеген, Қыз Жібек, Баян сұлу – барлығы өз ата-аналарының, өз бауырларының және жақындарының махаббатымен, әлеуметтік ортасымен тәрбиеленген жандар.
Махаббат ұғымы – қазақ дүниетанымының өзекті де күрделі мәселесі. Махаббат деген адамның өмір сүруінің бірден-бір тәсілі, оның ер-кіндігінің, өзіндік таңдау еркіндігінің көрінісі. Данышпан қазақ халқы-ның «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деуі соның дәлелі. «Махаббат пен құштарлық ол екі жол», деп Абай айтқандай, махаббат адамдардың қоғамдағы отаншылдық, халықсүйгіштік, ұлтжандылық, патриоттық, адамгершілік, имандылық қатынастарын анықтайтын халыққа тән философиялық категория. Көшпелі қазақ махаббат дастандарын қасиетті діни кітаптардан кем бағалаған жоқ. Өйткені махаббат Алланың нұры. Махаббатқа әркімнің қолы жете бермейді, ол Алланың нұры жауғандарда ғана болмақ. Махаббаты жоқ адам әлемді және өзін тани алмайды, оның өмірге деген рухани құштарлығы да жоқ адам. Ондайлардың рухында Алланың суреті, яғни сәулесі жоқ. Қазақтың махаббат жырларында осындай идея қыз бен жігіт арасындағы қалтқысыз сүйіспеншілік арқылы берілген. Адамды рухани жағынан жетілдіру – махаббаттың басты қасиеті. Махаббат жырларының көбісі қайғылы жағдаймен бітетіні де сондықтан. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы өмірде болған Қозы үшін Баян сұлудың өзін өлімге қиюы өмір қызығын тәркі ету емес, сол өмірге деген құштарлықтың қуатынан болған шаруа. Осы түсінік қазақ әдебиетінде кеңінен тараған. Махаббат тақырыбына құрылған жырлар нағыз гуманизм, оптимизм идеяларын насихаттаған туындылар болып табылады.
Қазақ эпостарында, аңыздарында, хикаяттарында махаббат көп қырлы болып келеді: өмірге деген махаббат, туған жерге деген махаббат, өз халқына деген махаббат, ата-анаға деген махаббат, әйел мен еркектің махаббаты, балаға деген махаббат. Осы көптүрліліктің өзі махаббат туралы түсініктің нақтылануына, адам мен әлем арасындағы қатынасты тереңдете түсуге көмектеседі. Міне сондықтан Баян сұлу мен Қыз Жібек сияқты керемет арулардың сүйікті адамынан айрылуы жарық дүниеден түңілуге дейін әкеледі. Жер бетіндегі әлеуметтік жалғыздықты сезіну орны толмас нәрседей көрінгені белгілі. Қыз Жібек бейнесінің ерекше психологизмі - оның ерік күшіне қарамай өмірі бірте-бірте сөне бастауында. Баян Сұлумен салыстырғанда Қыз Жібек өмір сүруді қалайды. Бірақ ол қандай өмір еді? Еске алу арқылы өмір сүру өз парызыңды орындауға деген ұмтылыс қыздың қасіретін одан сайын тереңдете түсті.
Махаббат әрқашан азап шегумен байланысты болатынын міндетті түрде айту қажет. Қасірет шегу ғашықтардың өмірінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Махаббат – бұл үздіксіз азапқа түсу. Махаббат адамды азапқа түсіретін сезім болғандықтан одан міндетті түрде құтылу керек дейтін буддалықтардың түсінігінен өзгеше, қазақта және басқа да шығыстық тұжырымдамаларда азап рухқа ерекше күш, ғашықтарға айрықша шабыт береді. Ғашықтардың біреуінің өлімі екіншісіне орны толмас қасірет әкеледі. Баян сұлу оқиғасындағы сұлу қыз жүрегінің шындықпен табысуы тамаша рухани көрініс.
Махаббатты адамның өмір сүруінің бірден-бір тәсілі ретінде түсінудің қазіргі мағынасы ерте кезден-ақ анықталған. Сондықтан өткенге терең ғылыми талдау жасау қажет. Өкінішке орай, қазір өт-кенді асыра марапаттау қарқыны байқалады. Өзіміздің өткен рухани-өмірлік тәжірибеміздегі жетістерді асыра дәріптемей, біз теріс сәттерден де арылуымыз қажет.
Ұлы Абай махабатты экзистенциалдық тұрғыдан терең түсінді. Махаббаттың мәнін Абай «жүрек» категориясы арқылы ашты. Махаббат философиясының және жүрек философиясының тілі мен шығу тегі бір болатын. Ендеше мұндай адамда бұл сезім әуелден-ақ сақталған. Оның өмірі махаббатты іздеуден және оны табудан тұрады. Абай өзінің «Қара сөздерінде» жүрек, махаббат туралы жиі айтады [113]. «Жүрек», «намыс», «рух», «ерлік», «ар-ұят» туралы философиялық пайымдауларын ақын терең герменевтикалық талдаумен кеңейтеді. Ол махаббаттың мәнін анықтай отырып, тек сол ғана адамның өмірін толықтырады деген қорытынды жасайды. Адам өз махаббатын басқа-ға сыйлай отырып, өзінің жанын біреуге қия отырып, өзі оны жоғалтпайды, керісінше, өз болмысының мәнін жауапкершіліктен, қуаныштан, құрбандықтан табады. Махаббаттың түрлері туралы айта келе, Абай сезімдік махаббатты кемсітпейді, оны рухани махаббаттың жоғары сатыларының бірі деп есептейді. Абай бізді жүректің тілімен сөйлесуге шақырады.
Шәкәрім болса, махаббатты ақиқаттың, руханилықтың жары-ғымен байланыстырады. Оның пікірінше, адам өз махаббатын жо-ғалтса, онда ол өзінің адамдық мәнінің тереңдігінен де айырылады.
Қазақ дүниетанымында махаббат туралы философиялық түсінік көпжақты, көпқырлы, сонымен қатар, ол әлемді үйлесімді-біртұтас ретінде тануға итермелейді. Қазақ халқының дәстүрлі дүниета-нымында махаббат ұғымы әлемді ерекше сезіммен қабылдау тұрғы-сынан және әлемде өмір сүрудің бірден-бір мүмкін тәсілі ретінде көрініс табады. Махаббаттың нақты-жалпы ұғымының мәні осында жатыр.
Қазіргі уақытта бұл ұғым елімізде қоғамның рухани-адамгерші-лік тұрғысынан қайта өрлеуі мен түлеуінде өте өзекті болып отыр. Өкінішке орай, бүгін біз бұл сезімнің құнсыздануының куәсі болып отырмыз. Жыныстық революция, абсолюттік прагматизм, ұлы се-зімді жасанды, жалған махаббатпен ауыстыру – қазіргі заманның мұңды көріністері.
Махаббатты терең философиялық түсінуді қайта жаңғырту қажет, яғни, ол жас адамды өз ортасында үйлесімділікке, түсіністік-ке әкеледі және қоғамдағы әлеуметтік жатсынудан құтқарады, өзіне деген махаббаттан басқаға және бүкіл әлемге деген махаббатқа дейін жеткізеді. Бұл сезімге жастарды жүйелі түрде тәрбиелеу қажет: айрық-ша шығармашылық ретіндегі махаббатқа тәрбиелеу мен махаббатпен тәрбиелеу – еліміздегі жастарға тәрбиелеу мен білім беру жүйесінің негізі болуы керек.
Қазіргі жаһандану заманында махаббат философиясын қайта жандандыру, соған тәрбиелеу және оны кеңінен насихаттау әлем-дегі өзара түсінісу мен рухани келісімді нығайтуға, әлеуметтік, діни және мәдени қайшылықтарды шешуге өз ықпалын тигізері сөзсіз. Бүкіл дүниені пәле-жәледен құтқаратын керемет-қайырымдылық, махаббат, әдемілік болып табылады. Біреуді жақсы көру, біреуді жан-тәніңмен сүю, біреуге жақсылық жасау тек рухани бай адам-дарда ғана болатын жақсы қасиет. Адамда жақсы қасиет болмаса, данышпан Жүсіп Баласағұн айтқанындай, оған бақ та, бақыт та қонбайды. Рухани бай адам ешқашан өзінің туған елін, өзінің халқын, өзінің Отанын сатпайды. Шынайы рухани сезім адамның негізгі байлығы болып табылады [148, 7-15 бб.] .
Мұндай игіліктің нақты мысалын - мысалдан да жоғарысын – біз махаббаттан көреміз. Біз нағыз махаббатпен сүйгенде, біз одан нені іздейміз және бізді онда не қанағаттандырады? Біз жеке қуаныштардың дәмін татқымыз келеме, сүйікті жанымызды және оған деген қатынасымызды өзіміздің субъективті ләззаттануымыздың құралы ретінде пайдаланғымыз келеме? Бұл нағыз махаббат емес, нәпсі құмарлық болар еді және мұндай қатынас ең алдымен жани бостықпен, қанағаттанбаудың суығымен және уайымымен жазалатын еді. Біз өз өмірімізді сүйікті жанымызға қызмет етуге арнағымыз келеме? Әрине келеді, бірақ бұл қызмет ету біздің өз өмірімізді үмітсіздендіретіндей немесе қажытатындай болмаса екен дейміз; біз сүйікті жанымыз үшін қызмет етуге, құрбандыққа шалуға, тіпті опат болуға дайынбыз, өйткені бұл қызмет ету, құрбандыққа шалу, опат болу біз үшін тек қуанышты ғана емес, сонымен қатар біздің өмірімізге толымдылық пен қанағаттану тыныштығын сыйлайды. Махаббат суық және бос эгоистік ләззатты аңсау емес, бірақ махаббат құлдық қызметте, өзіңді басқа үшін жойып жіберуде емес. Махаббат біздің өз басымыздың жеке қамын ойлауды жеңуіміз, дәл сол бізге нағыз өмірдің шапағатты толымдылығын сыйлайды және сол арқылы біздің өмірімізге мағыналық береді. «Объективті» және «субъективті» игілік ұғымдары бұл жерде махаббат игілігін жеткізу үшін жеткіліксіз екені анық, ол екеуінен де жоғары, ол «менікі» мен «басқанікі», субъективті мен объективті қарама-қарсылығы жеңу арқылы өтетін өмір игілігі.
Алайда махаббат өз өздігінен адамның жердегі өміріне өмірдің соңғы мағыналылығын бермейді. Егер сүюші мен сүйікті жан уақыт ағымына, өмірдің мағынасыз иіріміне батып, уақытта шектелсе, онда мұндай махаббатта уақытша бәрін ұмытуға болады, нағыз өмір мен оның мағынасы туралы дәмеленудің сағымды сәулесіне алдануға да болады, бірақ өмірге соңғы мағыналық беретін қанағаттануға жете алмаймыз. Біздің өмірімізді толықтыратын жоғары, абсолютті игіліктің өзі де мәңгілік болуы тиіс. Өйткені оны адами немесе әлемдік өмірдің әлде-бір өткінші қалпы ретінде ойлап қарасақ, оның өзіндік мағынасы туралы сұрақ туындайды. Барлық өткінші, басталуы мен соңы бардың бәрі өзіндік мақсат бола алмайды, өзіне өзі толымды бір нәрсе ретінде ойлана да алмайды: өйткені басқа бір нәрсе үшін керек – оның құрал ретінде ғана мағынасы бар немесе ол мағынасыз.
Махаббат біртіндеп тірі және өлі табиғат нәрселеріне бағытталудан жоғарылап, рухани заттарға көтеріліп, философия тілінде өзіндік трансценденция деп аталатын, тұлғаның барынша ұлғаюына қарай қозғалады. Адам махаббат процесінде әр жолы өзінен тысқары шығып, фундаменталды онтологиялық сипатқа жоғарылайды, өйткені тұлғаның ой–сезімдері оның өзінен тысқарыға бағытталған.
Мұндай бағыттылық, өзіндік интенция махаббат процесінде адамның өз ойлары мен сезінулері құрылымына сыртқы түйсінулердің енуі іске асатындығын білдіреді.
Махаббат сезімінің жоғары құндылық болуы - міндеттеп немесе борышты өтеу үшін жақсы көру мүмкін еместігінде. Ал адам, егер ол адам болса - космосты, жаратылысты, табиғатты жақсы көреді, бұл Табиғат – Анаға табынған қазақтарға тән. бастап түрлі дәрежеде көрінеді: алдымен бара-барлық (идентификация).
Үнділердің ертедегі өсиет кітаптарының бірінде: «Адамды бір-біріне құштар ететін үш нәрсе бар. Олар – оның жанының сұлулығы, яғни ақ көңілділігі, оның ақыл-парасаты, оның сымбат көркі, жаныны сұлулығы оған деген достықты, ақыл-парасаты оған деген құрметті, және оның сыр сымбаты оған деген сүйіспеншілікті пайда қылады. Осы үш нәрсе қосылып, адамды ынтық ететін махаббатты пайда қылады», – деп жақсы айтқан.
Махаббат – адам өмірінің ұлы жарастығы, адам жанының гүлдеп, шешек атуы, сүйіспеншілік жанарымен қарағанда ғана ашылатын әлемнің керемет сұлу суреті, өмірдің ыстық демі, ардақтылығы. Адам біреуді сүйгендіктен, яғни біреудің өзін сүйетінін сезгендіктен немесе біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, оның бойын күш – жігер кернеп, биік мақсаттарға ұмтылады, асқан – қажырмен және өнерпаздықпен үлкен – үлкен істер тындырады. Әйтпесе, яғни сүйіспешілік жоқ жерде, өмір мәнінен, бар әдемі бояуынан айырылып, көңілсіз, жансыз сұлулыққа айналады. Сондықтан да бақыт– көп қырлы, ғұмыр бойғы тағдыр
Атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай ақын 72-ге келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып, жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екі күндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан, арбаға жамбастай жатып, досына жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын … Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған қайран Қорланым – ай!» - деп ағыл – тегіл жылапты.
Махаббат – адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі. Ол өміріміздің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән – жыры, күре тамыры.
Махаббат - өзің үшін ғана емес, екінші адам үшін өмір сүре білу, сол екінші адамның қайғысына да, қуанышына да ортақ бола білу, айналаға соның көзімен қарау, оны ардақтау, яғни махаббаттың алтын тұғыры – тұрақтылық.
Біз қазіргі кезеңде қайшылыққа толы өте күрделі жаһандану ауқымындағы қоғамда өмір сүрудеміз. Және бұл кезеңге тән маңызды мәселе қажетті рухани-адамгершілік бағдарлар мен мұраттарды іздеу болып отыр. Қазіргі рухани өмірдің тәжірибесі өткеннің, қазіргі кезеңнің және болашақтың ұлы жетістіктерінің негізінде қалыптасады.
Адамның рухани-адамгершілік өмірі дами келе әлем мен жеке адамның арасындағы үйлесімділікке әкеледі. Әлемдік өркениет дамуының үйлесімді бірлігін іздеу әртүрлі тәсілдермен, әдістермен жүзеге асады. Конфуцийшілдікте, даосизмде, буддизмде, исламда және христиандықта үйлесімділік ұғымы махаббат ұғымымен тығыз байланысты. Кейбір дәстүрлерде махабббат өтпелі өмір сияқты, ал бірақ, негізінен, көбісінде өмірдің өзі сияқты сипатқа ие болған.
Өзінің күнделікті мәселелерінің шешімін табу үшін өркениетті адам жалпыадамзаттық тәжірибеге сүйенеді және сол арқылы адам-заттық мұраттарға ұмтылудың бірден-бір тиімді жолын іздейді. Махаб-бат туралы Батыс пен Шығысқа тән түсініктерді салыстыра отырып, адамзаттың бай рухани тәжірибесін қолданып, біз қазіргі кезеңде “өзімізге қайта оралу” қажеттілігіне бет бұрудамыз.
Қазақтың бай әдеби, рухани мұраларының үлгілерінен халқымыздың өткен өмірі, тарихы, мәдениетіне қатысты деректерді білумен қатар оның дүниетанымы, көзқарасы, болмысы мен психологиясы, қайталанбас салт-дәстүрінен мол мағлұмат алуға болады. Осымен байланысты адамзат баласы артында қанша бай материалдық мұра қалдырғанымен, осы тектес рухани мәдени мұралардың маңызы ерекше екенін Л. Гумилевтің мына пікірі дәлелдей түседі: «Міне, осынау бай жиһаз бізге жетпеген; ағаш пен асыл терілер шіріген, алтын мен күміс қайта балқытылған, ал қару-жарақты тот басып, шаң-тозаңға айналған. Бірақ жазба деректер енді қайталанбайтын, аса бай мәдениет жөнінде сан ғасырлар қатпарынан бізге құнды мәліметтер жеткізеді, ауыз жарымайтын археологиялық олжалардан гөрі, біз оған көбірек сенім артуымыз керек» [135, 71 б.].
Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы, аңыз әңгімелердегі әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек – сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс, Қарашаш әйел үшін таптырмайтын қасиет – қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, Домалақ ене көрегенділік пен қарапайымдылықтың, ал Баян, Айша бибі – сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.
«Қобыланды батыр» жырында Құртқаның батырдың аты Тайбурылды өзі таңдап, оны қандай ыждаһатпен бағып-қаққаны туралы баяндалады. Қобыландының досы Қараман «жауға бірге жүр» деп шақырғанда, батыр Құртқамен ақылдасып, оның тұлпардың бағуында қырық үш күн кемдігі бар деген сөзіне тоқталып отырғанын айтқанда, Қараман:
Қатынның тілін алсаңыз,
Қатынға ақыл салсаңыз, – деп оның намысына тиеді. Қобыландының ашуланғанын көріп Құртқа Тайбурылды батырға амалсыз шығарып береді. Шайқаста аттың бабының қырық үш күн кемдігінен зардап шеккен батыр Құртқаның тілін алмағанына қатты өкініп, бармағын шайнайды.
Қатынның баққан атын ай!
Қатын да болса, білдің бе?
Құртқаның асыл затын -ай!
Бұл – халықтың әйелде ақыл, байыптылық, жағдайды дұрыс таразылау сияқты қасиеттердің басым екенін, оны жете бағаламау, намыс көру жөнсіз екенін мойындауы.
Әйел ақылына халықтың бас июінің айшықты көрінісі – «Айман – Шолпан» жыры. Осы жырда халықтың «Алтын басты әйелден бақыр басты еркектің артық» еместігін біржола мойындап, әйел ақылына бас ұруы, әйел сұлулығынан ақылды жоғары қоятыны байқалады.
Қазақ жырауларының эпикалық мұраларында маңызды орын алатын бақыт ұғымының мәнін аша отырып, қазақ ойшылдары бақытты жұбайлық өмірмен байланыстырады, оны бақыттың бір бөлшегіне жатқызады. Үйдегі барлық бақыт пен игіліктің ұйытқысы ошақтың иесі, отбасының тірегі болып табылатын әйелге деген құрмет пен ізет ойшылдардың бәріне тән.
Жақсы жар мәселесінің қазақ өмірінде қаншалықты маңызды болғанын осы тақырыпқа соқпай кеткен ақын-жыраудың болмағанынан байқауға болады. Жақсы әйел мен жаман ерді қалай тануға болады? Айналып келгенде, жақсы әйелдің ең басты қасиеті ер қадірін білу болса, жаман әйелдікі, керісінше ерін сыйламау, қадіріне жетпеу екені ақын-жыраулар поэзиясында айқын көрініс табады. Осыған сәйкес «жақсы әйел» және «жаман әйел» концептісі шығармашылық танымда былай өрілген:
Мінезді болса алғаның,
Одан артық жан бар ма,
Екі жаман қосылса,
Күнде жанжал, күнде шу.
Ұяларлық ар бар ма? [130, 66 б.].
Келін жақсы болса –
Үйіңе көп кісі келеді.
Келін жаман болса –
Келген кісі кеткісі келеді.
Ас құй десең төккісі келеді,
Төкпей құй десең сөккісі келеді [130, 141 б.].
Қайын енесі ас ішпес,
Қабағын түйген келіннен [130, 280 б.].
Бір қатын сыйлаумен қатын,
Бір қатын қинаумен қатын.
Нағыз қатын, сол қатын –
Һәр нәрсені ойлаумен қатын.
Қатының жақсы болса
Көңілді жықпас.
Ыңғайың біліп,
Сөзіңнен шықпас,
Ақмағына жолықсаң,
Өз бойына мін тақпас.
Жұмсақ сөйлесең, жеңемін деп
Мылтық жасап атсаң да бұқпас [130, 298 б.] .
Қазақ: «Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын», - дейді. Осыған орай «Жақсы әйел» және «жаман әйел» концептісінің көрінісін шешендік сөздер үлгісінен де көруге болады.
Жалпы кез келген халықтың мәдениетінің деңгейі қоғамдағы әйелге деген қамқорлықтан көрінетін болса, оның жоғары екені қазақтардың әйелге жар, ана, қыз ретінде көзқарасынан көруге болады.
Қазақ дүниетанымында әйелдің негізгі функциясы – жаратушылық, ұрпақты жалғастырушылық, рудың қамқоршысы.т.б. Ежелгі қазақтың арғы тек, рудың қамқоршысы Ұлы Ана түрінде болған түсінігінің патриархаттыққа біржола өткен ортағасырлық қоғамда да өзгеріссіз қалғанына бүтіндей рулардың әйел есімімен аталуы, ру ұрандарының дана, батыр әйелдер есімінен болуы және кез келген шежірелерден кездескен белгілі рулардың қалыптасып, сақталуындағы әйелдің рөлі туралы мұндай прецедентті мәтіндер куә.
Осыған сәйкес қазақ дүниетанымында берік орныққан көзқарас бойынша, әйел ана бесігімен сұлу көрінеді. «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатады» деген мақалдың да мәні осы. Сол себепті де қазақ әйелдері Бибі Фатимаға табынып, қыздарына отбасылық бақыт, келіндеріне перзент сұраған.
Алланың Елшісі Мұхаммед пайғамбардың балалары шетіней береді де, төртінші перзенті Фатима дүниеге келгенде кәпірлер «ұрпағы жалғаспай, тегі үзілді» деп Елшіні мазаққа айналдырады. Оларға жауап ретінде «Кәусар» сүресі түседі. Аталған сүре күшқуат беретін таусылмайтын бұлақ, қайнар көзі Фатима болатынын меңзеген болатын. Фатимаға Елші ұрпағын жалғастыру сияқты қасиетті құрмет көрсетілді. Мұхаммед пайғамбар қызы туралы: «Фатима – жұмақтағы әйелдердің бастаушысы» дегенді айтып, ерекше нәзік сезіммен, үлкен қамқорлықпен қараған [149, 34-36 бб.]. Осылайша,ислам дінінің әсерімен Тәңірді Аллаға алмастырып, екеуінің қайсысы аузына бірінші түссе, соны атай бастаған қазақтар отбасы, жас нәрестенің қамқоршысы Ұмайды Бибі Фатимамен теңестіреді. Бірақ ол исламдық көзқарастың әсерінен ол Ұмайдай Тәңір серігі дәрежесіне көтерілген жоқ, Фатимаға көбінесе әйелдерді, отбасын, жас нәрестені қорғаушы рух ретінде сыйына бастады.
Қызды ерекше сыйлап, төріне отырғызған халқымыз оған болашақ ана, ұрпақ тәрбиелеуші ретінде қарап, оның тәрбиесіне, үйдегі, түздегі жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарап, іс-әрекеттерінің қызға тән әдептен озбауына, шекарадан асып кетпеуіне айрықша көңіл бөліп, қатты қадағалаған. «Қызға қырық үйден тыю, одан қалса, есіктегі қара күңнен тыю» деген мақал-мәтелдер соның айғағы. «Ұят, ар, абырой, иба, ізет, қылық, наз» сияқты қасиеттер қыздарға тән деп есептелген. Бұл қасиеттер прецедентті және көркем мәтіндермен де дәйектеледі.
Отбасындағы береке-бірлікті, татулық пен жылылықты сақтау мақсатында ер адамды өзінен жоғары қойып, оған кешірімділікпен қараған қазақ әйелдері оны ана сүтімен немесе ана, әже ақылы арқылы қыздарының санасына сіңіріп отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |