Гендерлік зерттеудің антологиясы мен методологиясы



бет8/14
Дата08.12.2022
өлшемі0,89 Mb.
#56025
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14
Байланысты:
Гендер 20.12 Лекция(1)каз

Дәріс 7.

Гендерлік әрекет принципиалды түрде биодетерминистіктен ажыратылады. Ол айырмашылықтар мен өзгертулерді жобалайды. Гендерлік әрекеттегі жыныстық жіктелу рөлдердің әлеуметтік құрылымына, кеңістік пен уақыттағы мәдени типтерге байланысты болып келеді. Гендерлік жіктеу қажеттілігі батыстық мәдениеттануда ХХ ғ. 60-70 жылдары феминизмге қатысты өрістеді, ал бұрынғы кеңестік кеңістікте гендерлік мәселе тек қана 90-ы жылдары өзекті бола бастады.


«Әйел», «еркек» концептілері кез келген мәдениетте кездесетін концепт болғандықтан, әмбебаптық сипатқа ие, алайда олардың белгілі бір қоғамға тән нақты ерекшеліктері де бар екені анық. Ю.Д. Апресянның идеясына сай, «специфические коннотации неспецифических концептов – это источник знания о наивной картине мира, запечатленной в языке, помогающий открыть «стереотипы» языкового и более широкого культурного сознания» [84, 300 б.]. Американдық әлеуметтанушы У. Липпман «стереотип» ұғымын «біздің санамыздан бұрын сезімімізге әсер ететін дүниені тану мен қабылдаудың ерекше формасы ретінде» таниды да, алғашқылардың бірі болып «стереотипті дүниедегі шымшытырық, күрделі белгілерді қабылдауды жеңілдететін, адам санасында қалыптасқан, реттелген, терминделген «әлем бейнесі» деп түсіндіреді [85, 16 б.]. Әлеуметтанушының пайымдауынша, стереотиптердің ұрпақтан ұрпаққа тұрақты табандылықпен үздіксіз берілетіні соншалық, қажетті, нақты дәйек ретінде қабылдана бастаған. Сол қасиеттеріне сәйкес стереотиптер ұлт мәдениетіне тереңдей бойлап, логикалық тұрғыда ұғындыруға көнбейтін әрекеттер мен деректерді түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеуші В.А. Маслованың пікірінше: «Стереотип – это такое явление языка и речи, такой стабилизирующий фактор, который позволяет, с одной стороны хранить и трансформировать некоторые доминантные составляющие данной культуры, а с другой проявить себя среди «своих» и одновременно опознать «своего» [86, 110 б.].
Демек, гендерлік зерттеулердің басты назарға алатын мәселелері – қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген қарым-қатынасты айқындайтын мәдени және әлеуметтік факторларды анықтау, индивидтердің белгілі бір жынысқа жатуына байланысты мінез-құлық ерекшеліктерін, олардың еркекке және әйелге тән негізгі қасиеттерінің стереотиптік сипаттарын ашу. Осымен байланысты И.А. Гусейнова мен М.В. Томская: «Гендерные стереотипы, представляющие собой стандартные, часто упрощенные и обобщенные мнения о представителях обоих полов, складываются и закрепляются в обществе посредством институализации и ритуализации пола» [87, 81 б.] деп атап көрсетеді. Қоғамымызда қалыптасқан әйел мен еркектің отбасындағы міндеті, қызметі төмендегі гендерлік стереотиптен көрінеді.
Тілде ұжымдық «қарапайым» санаға сәйкес келетін гендерлік стереотиптер беркіген. Осыған орай «әйел», «еркек» концептілерін зерттеу оларға қатысты стереотиптерді анықтаумен бірге аталған стереотиптердің тілдегі көрінісін зерттеу дегенге саяды. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене отырып, стереотиптер білім мен бағалауды сақтаудың айрықша формасы, яғни бағдарлаушы мінез-құлық концептілері болып табылады деп айтуға негіз бар. Гендерлік мінез-құлық белгілі бір мәдениеттегі жыныстың әрқайсысына тән міндетті нормалар мен бағалаудан құралады. Ал екінші жағынан, өмір сүру жағдайы, түрлі әлеуметтік топқа кіруіне, білім дәрежесіне, ұлттық ерекшеліктеріне байланысты жыныстың санқырлылығы да ұшырасады.
Соңғы ғасырларда қазақтар, орыстар және ағылшындар сол бұрынғысынша әйелді сыртқы келбетіне қарап бағалап келді, оларды сұлулық, тартымдылық, нәзіктік, мейірімділік, қылықтылық, баурап алушылық, т.б. сияқты әйелге таңылған стереотиптік қасиеттер арқылы ғана сипаттады. Гендерлік лингвистика мәселелерін бірнеше тілдегі көрінісі аясында зерттеушілер бұларға қоса орыс қоғамында әйелге тән еңбекқорлық, шаруаға икемділік, қарапайымдылық, ал қазақ қоғамында әйел адалдығы, қыз абыройы тәрізді қасиеттерді атап көрсетеді де, қазіргі ағылшын әдебиетінде олардың тіпті кездеспейтінін айтады.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдары ғалымдар біз дүниеге келген сәтте миымызға базалық бағдарламалардың ендіріліп қойғанын дәлелдейтін бұлтартпас ғылыми деректер ұсынды. Ықылым заманда ерлердің – аңшы, әйелдердің – тәрбиеші болғандығы күні бүгінге дейін сол екі жыныстың мінез-құлқы, басымдылықтары мен көзқарастарына өз үстемдігін жүргізеді. Ерлер мен әйелдердің өздерін түрліше ұстауы ми қызметінің өзгеше ұйымдастырылуында. Бұл екі жыныстың дүниені екі түрлі қабылдауының, басқа басымдылықтар мен өзге құндылықтарды дұрыс санауына әсер етеді. Мысалы, «әйел табиғаты да – құпиясы мол, жұмбақ, сырлы дүние ғой. Әйелдің құдіреті – сол сұлулығы мен нәзіктігінде. Еркектер ерлігімен, батырлығымен жеңе алмаған нәрсені әйелдер кейде назды бір күлкісімен-ақ жаулап алады. Егер әйелдер өз күйеулерін шынжырлап ұстаса, оны кез келген еркек үзіп кетер еді. Соны түсінетін ақылды әйелдер еркекті, көбінше, сезім қылымен арқандайды. Ол – темірден де берігірек» [88, 143 б.].
Әйел өзге әйелдің біреуге ренжігенін, түрлі көңіл толқуын бірден сезеді, ал ерлердің мұны түсінуі үшін бірнеше физикалық дәлел қажет: әйел көз жасын төгіп жылау керек, ыдыс-аяқ сындыруы немесе шапалақпен тартып қалуы тиіс. Бұл көптеген сүтқоректілердің ұрғашылары тәрізді әйелдердің ерлерге қарағанда сезімдік қабылдауының өте нәзік болуымен түсіндіріледі. Аталған қасиет әйелге – ошақ пен бала-шаға амандығын сақтаушысына – өзге адамдардың көңіл-күйі мен қарым-қатынасындағы болмашы өзгерісті де жіберіп алмау үшін қажет.
Еркектің миы мен әйелдің миы түрлі қабілет пен дарын бағытында екі түрлі жылдамдықпен қалыптасқан. Аң аулаумен айналысқан ерлер алыс қашықтықтағы іс-әрекетке бағытталған, жемтігін өлтіруге қажетті тактикалық шеберлікке, нысананы жоя алу қабілетіне жауапты ми бөлігін дамытқан. Олардан біреулермен сұхбат құру, өзгелердің эмоционалды қажеттіліктерін қабылдау икемділігі талап етілмеген, сол себепті тұлғааралық қарым-қатынасқа жауап беретін ми бөлігі жеткілікті дәрежеде дамымаған. Әйелдер, керісінше, оларға қарағанда айналадағы жағдайдың бәрін барлау үшін қысқа қашықтықта, бірақ кең ауқымдағы көру бағытына икемделуі, бірнеше жұмысты бірдей жүргізуіне және тиімді қарым-қатынас жасау қабілетіне ие болуы тиісті. Аталған тілдік дерек осы ғылыми болжамды дәйектей түседі:
1962 жылы Роджер Сперри атты ғалым мидың әрқайсысы өз бетінше әрекет ететін екі жартышарының қызметін анықтағаны үшін Нобель сыйлығына ие болған. Оның зерттеуіндегі жаңалыққа сәйкес, шығармашылыққа жауапты мидың оң жақ жартышары дененің сол жақ бөлігін басқарады, ал логикаға, себепті байланыстар мен сөйлеуге жауап беретін сол жақ жартышары дененің оң жағын билейді. Ерлерде мидың сол жартышарында тіл мен сөздік сақталса, оң жағында көру ақпараты жиналады. Әйелдердің ми көлемі ерлермен салыстырғанда аздау, бірақ ол әйелдің ми қызметіне өз әсерін тигізбейді. 1997 жылы Копенгаген госпиталіндегі неврология бөлімінде қызмет жасайтын дат ғалымы Берте Паккенберг ерлердің миы әйелдердікінен орта есеппен 4 млн. ми клеткасына артық екенін анықтаған. Алайда әйелдерде мидың тығыз орналасуы олардың ерлерге қарағанда ойлау қабілеті 3 пайыз жоғары екенін соңғы ғылыми тестер нәтижесі дәлелдеуде [89, 114 б.].
«Мир» орбиталық стансасы ғарышкерлерінің реакциялық әсерлерін зерттеген американдық ғалымдар әйел санасының барынша икемділігін, тәртіптілігін және іргелік негізі мықты екенін атап өткен. Ақыл-парасат басымдылығымен қоса әйелдер сыйымды және жұмсақтау [25, 82-83 бб.].
Американдық профессор Дорин Кимура еркектерде сөйлеу қабілетінің бұзылуы мидың сол жағына зақым келуінен болады, ал әйелдер сөйлеу қабілетін мидың оң және сол жақ жарты шарының фронтальды бөлігі бірдей зақымданғанда жоғалтатынын анықтаған [90, 70 б.].
Мидың оң және сол жағы «сүйелді дене» деп аталатын нерв шоғырымен біріккен. Бұл кабель мидың бір жағына екінші жағымен хабарласуға, екі жарты шарға бір-бірімен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Екі иығыңызда кабельмен байланысатын екі компьютер бар деп елестетіңіз, сол кабель «сүйелді дене» деп аталады. Американдық невролог Роджер Горский әйелдерде «сүйелді дене» қалыңырақ, тығызырақ және әйелдің еркекке қарағанда мидың сол және оң жақ жартышарын байланыстырушы заты 30 пайызға артығырақ екенін анықтаған. Ол сондай-ақ ерлер мен әйелдердің бір міндетті атқару үстінде мидың жартышарының екі түрін пайдалануы да ерекше екенін дәлелдеген [25, 43 б.]. Зерттеулер нәтижесінде әйелдің эстроген атты гормонының екі жартышар арасындағы біріктірушілердің санын көбейтетіні анықталған. Оның нәтижесі жылдам сөйлеу екеніне көз жеткізген. Сондай-ақ аталған ерекшелік әйелдің бір-бірімен байланысы жоқ жұмыстарды атқара беретінін және әйелдік интуицияға жауапты екенін дәлелдейді. Сол себепті әйелдердің адамдар туралы пікірлері дәл және тез,
Шын мәнінде ерлер ірі, ауқымды істер барысында ұсақ-түйек мәселелерге мән бере бермейді. Ал әйелдердің интуициясы сұхбаттасушы адамның қандай ниеттегі адам екенін аңғарғыш келеді. Ежелгі Афинаның гүлденіп,өркендеуі Периклдің билеу кезеңіне (б.з.д. 490-429 жж.) тұспа-тұс келген көрінеді. Бұл кезең тарихта грек өркениетінің алтын ғасыры деген атқа ие болған. Перикл ел үшін маңызды шешімдерді қабылдау алдында өзінің сүйіктісі (кейіннен әйелі) Аспасиямен жиі ақылдасатынын және өмір бойы одан шешендік өнерді (риториканы) үйреніп өткенін мойындаған екен.
Ал енді еркек ақылдырақ па, әйел ме? Нейробиологтардың зерттеулеріне сәйкес ми салмағы әйелдерде шын мәнінде еркектерден азырақ (ерлердің миының салмағы орта есеппен – 1,4 кг, ал әйелдердегі орташа көрсеткіш – 1,3 кг), бірақ олардың ми иірімдері артығырақ. Сондай-ақ, әйелдердің миы олардың дене салмағының 2,5 пайызын, ал еркектердікі 2 пайызына тең екені, ерлердің миының алдыңғы жағы көлемдірек, әйелдердікінің артқы бөлігі үлкенірек екені және әйелдерде екі жарты шарды байланыстыратын ми бөлігінің тығызырақ екені де анықталған. Ресейдің белгілі анатомы Л. Этинген миды анатомиялық жыныстық ерекшелігі бар ағзаға жатқызбайды, алайда оның мінез-құлық ерекшелігіне әсер ететінін жоққа шығармайды. Себебі, ер балалар, әдетте, жақсы санайды, ал қыздар сөйлеуге, оқуға тез үйренеді, шет тілдерін үйренуге барынша икемді, сондай-ақ түр-түсті жақсы ажырата алады. Әйелдердің миы генетикалық жағынан бала сүюге ерлерден жоғарырақ бағытталған [25, 81 б.]. «Ана болу, ана бақытын сезіну» қазақ әйелінің де жаратушыдан бұйырған сыйы. Қазақ қоғамында әйел бауырындағы баласымен сыйлы екенін дәлелдейтін дәйек көп. Мысалы: «Ойында бір өнбойын өртеп кететін толқыныс бар. Ол – пісіп жеткен әйел мұңы – бала. Ұл бала! .. Бойға бітпей жүрген баланы сағыну деген азап екен. Түсінде бала емізіп, бала ойнатып отырғанын көреді. Қуанып оянады, ұзамай ағылтегіл жылап алады»
Арнайы тәжірибе жасаған шетел нейрохирургтары әйел миының екі жартышарындағы сөйлеу және ойлау қабілетін байланыстыратын нейрондардың қоюлығы ерлермен салыстырғанда 23% артық деп көрсетеді. Ал көрнекті психолингвист Н.И. Жинкин осы нейрондардың бала психологиясына, физиологиялық дамуына әсер етуімен бірге тілдік белсенділігін жетілдіруге де көп ықпал ететінін дәлелдеген болатын [90, 67-68 бб.]. Ерлер миының оң жақ жартышары сол жақ жартышарының қалай қызмет атқарып жатқанынан барлық уақытта хабардар бола алмайды. Әйелдердің миының жарты шарлары бір-бірімен үндесетіндіктен, тоқтаусыз әңгімелесе алады. Сонымен қатар әйелдердің сөйлеу жылдамдығы ерлердікіне қарағанда басымдау болуы сол нейрондардың қоюлығына байланысты болуы керек. Қойылған сұраққа бір сөзбен ғана қысқа жауап берудің орнына жол-жөнекей болған оқиғаны да, оған деген өзінің көзқарасын да баяндап шығатын әйелдің көпсөзді болуы, ал ер адамдардың басқаша болуы мүмкін.
Жоғарыда айтылғандардан мынадай түйіндер шығару қажет:
4. Жыныс адамның биологиялық детерминацияланатынның сипаттамасы, ол қоғамның тікелей әсеріне ғана бағынбайды.
5. Гендер фундаменталды ой құрайтын категория болып табылады және мәдениет контексінде субъектің әлеуметтік құрылымына жауап береді.
6. Гендер адам болмысының барлық қырларын бейнелейді (гендер әлеуметтік институт тәрізді; гендер социмәдени құрылым тәрізді; гендер әлеуми-демографиялық категория тәрізді; гендер идеологиялық құрылым тәрізді; гендер технология немесе процесс тәрізді; гендер субъективтілік тәрізді; гендер мәдени метафора тәрізді
4. Гендерлік мәселе постструктуралистік және постмодернистік философия шеңберінде дамиды.
Нәтижесінде гендерлік зерттеулер қалыптасқан жағдайды талдау арқылы әлеуметтік әлемнің полицентрлігінің дамуына жол ашып, қазіргі әлемде әйелдің субъект ретінде рәміздік бейнесін қалыптастыру мәселені қоюдың теориялық негізі болып шықты.

8. Дәріс


Қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымындағы әйел бейнесін тереңінен әрі жан-жақты ашу үшін оның қазақ халқының архетиптік санасындағы іздерін анықтау қажет, дей-түріктер мен арғықазақ мифологиясынан бастап, ілкі түркілер мен ежелгі қазақтардың діни наным-сенімдері мен кейінгі дәстүрлі қазақ философиясындағы гендерлік сипаттарды дүниетанымдық тұрғыдан қарастыру керек. Дүниетанымның мифологиялық, діни және философиялық типтерге бөлінетіні белгілі. Біз бұл тарауда әйел образының дей-түркілік және түркілік дүниетанымда бейнеленуін талдаймыз. Алдымен, дүниеге көзқарастың немесе дүниетанымның нені білдіретініне қысқаша тоқтала кетейік.
Әрбір адам жастайынан өзін қоршаған ортасы мен дүниені танып біле бастайды, заттар мен құбылыстар жайында білімдер жинақтай бастайды. Өсе келе ол өзіне «дүние неге бұлай», «адам қалайша өмірге келеді және неге өледі», «өмірдің мәні неде», «әлемге ортақ нәрсе бар ма немесе оның шегі бар ма» деген сұрақтарды қояды. Міне, осы сияқты сұрақтардың жауабын іздестіруі барысында оның дүниеге деген кең көлемдегі көзқарасы пайда болады.
Дүние және адамның ондағы орны жайындағы түсініктердің жиынтығы дүниеге көзқарас деп аталады. Дүниеге көзқарас адам өмірінің практикалық іс-әрекеті мен мәдениетінің түрлі салаларында қалыптасады. Дүниеге көзқарас – адамзат санасының, оның дүниетанымының қажетті бір бөлігі. Дүниеге көзқарастың өзегі – білім. Білімнің мазмұнының ақиқаттығы мен тереңдігіне, дәлелдігіне, жүйелілігіне қарай практикалық және теориялық болып бөлінеді. Дүниеге көзқарастың теориялық деңгейі адамзат дүниетанымының философиялық сатысында қалыптасады деп есептеледі.
Дүниетанымның философиядан бұрынғы әлеуметтік тарихи типтеріне мифология және діни дүниетаным жатады. Бүкіл адамзат тарихи бір кезеңдерде философияға мифологиядан дінге өту жолы арқылы келген деп саналады. Мифология – адамзаттың рухани мәдениетінің ең көне формасы.
Миф (аңыз, ертегілер) сананың әлі толық жетілмеген біртұтас ең көне синкреттік формасы. Мифология гректің mifos – аңыз, ертегі және logos – ілім, білім деген сөздерінен шыққан. Миф ұғымына ғылыми әдебиеттерде, әдетте үш түрлі мағына беріледі: 1) көне аңыз, әңгіме; 2) мифошығармашылық (мифті тудыру), мифологиялық космогенез; 3) тарихи-мәдени рәмізделген айырықша сана күйі. Мифология — а) адамның өзін таныту құралы, адамның шығармашылық қабілеттерін айқындаудың ежелгі, мәңгілік бітімі. Ол адамзат мәдениетінің барлық типтері мен бітімдерінің негізінде жатыр; ә) миф теориясы немесе оның түсініктемесі. Леви-Строс жеке мифті емес, олардың жиынтығын — таңбалық моделдендіруші жүйе ретінде қарастырады. Мифологиялық ойлау тәсілі ой түйіндеуге, логикалық талдау жасауға қабілетті. Ол үшін таңбалық моделдендіруші жүйе ретінде миф құрылымы - қарым-қатынас құралы ретіндегі табиғи тілдің аналогы. Миф семантикасында жұптық (бинарлық) қарама-қарсылықтың: жоғары-төменгі, өмір-өлім және т.б. маңызы зор. Бұл оппозициялар сананың түбегейлі қайшылықтарын бейнелейді, ал мифологиялық сана оларды біріктіруге тырысады [5].
Мифологиялық дүниетанымдағы гендерлік мәселені қарастырғанда М. Мид, Дж. Бернард, Б. Фридан, С. де Бовуар, К. Миллет сынды батыстық зерттеушілердің еңбектері методологиялық негіз бола алады. Протоқазақ мифологиясындағы әйел образын айқындауда жалпы мифологияны зерттеумен айналысқан - Ш. Уәлиханов [91]. Мифологияны, оның ішінде қазақ мифтік жанрын зерттеуде фольклористика біршама жетістіктерге жетті. Бұл түсінікті де, өйткені қазақ дүниетанымының түп тамырын мифологиямен қатар, фольклор туындыларынан табамыз. «Фольклор» неміс тілінен аударғанда халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Дегенмен құбылыс ретіндегі фольклордың типологиясына қатысты ғылымда бірауызды пікір жоқ. Шетелдік әдебиетте фольклор халықтың рухани шығармашылығының барлық алуан түрімен теңгеріледі, яғни этностық мәдениет ұғымының синонимі ретінде қарастырылады. Ал кеңестік және кейінгі кеңестік әдебиеттерде бұл терминге «халық бұқарасының сөздік-көркемдік ауызша шығармашылығы (өлең-жырлар, аңыздар, ертегілер, батырлар жыры және т.б.)» деген анықтама беріліп, оның ауқымы біршама тарылады. Сөз өнерін қадірлеген (тілге, сөзге қатысты мақал-мәтелдердің молшылығынан да аңғаруға болады) қазақ халқының көркем шығармашылығының архетипі де, дәстүрлік басты типі де фольклор мен ауыз әдебиеті екені баршаңызға мәлім.
Белгілі қазақстандық фольклортанушы Е.Д. Тұрсыновтың айтуынша, «фольклор мен әдебиеттің халықтың дәстүрлі тұрмыс-салты мен сана-сезіміне, өткен тарихы мен дүниеге көзқарасының қалыптасу тарихына жақындықтары бірдей емес. Әдебиет тарихи көзбен қарағанда жас өнер. Фольклор өнері адамзаттың әлеуметтік құрылысының пайда болып, даму процесімен қатар дамып отырды... Түркі тайпаларының тарихи өлеңдерінің қағазға түскен алғашқы нұсқалары Ғұн дәуіріне (б.з.д. III ғасыр)» [92, 132-133 бб].
Өкінішке орай, түркі халықтарының мифтері жан-жақты, жүйелі түрде күні бүгінге дейін іргелі сипатта зерттелген емес. Жалпы мифті арнайы пән ретінде бөліп алып, жинау, жүйелеу, түрлерге қарай жіктеу ісі көптеген түркі халықтарында әлі қолға алынбаған. Бұл салаға алғаш рет 1862-1863 жылдары Ш.Уәлиханов сәтті түрен салғанымен, одан кейінгі кезеңдерде қазақ мифологиясы арнайы зерттелген жоқ. Моңғолдың әйгілі ғалымы Д. Банзаровтың «Қара дін немесе моңғолдағы шамандық» [20, 25 б.] деген еңбегін оқығаннан кейін Ш. Уәлихановтың жазған «Қазақтағы шамандықтың қалдығы» [91, 469 б.] деген зерттеуі, шын мәнінде, қазақ мифологиясын зерттеудің игі бастамасы болатын. Одан кейін Г.Н. Потанин еңбектерінде қазақ фольклорлық материалы, соның ішінде мифологиялық мәтіндері жинақталып, ондағы әйел бейнесі жанама қарастырылды [93]. Төңкерістен бұрынғы дәуірде жарық көрген «Дала уалаятының газеті», «Этнографическое обозрение», «Живая старина», т.с.с. баспасөз беттерінде, кейбір жинақтарда мәтіндер жарияланған.
Кеңестік дәуірде М. Әуезов еңбектерінде түрік-моңғол фольклорының бірлігі мәселесінің кейбір қырлары сөз болады. Мәселен, «Гэсэр», «Жәңгір» [94] эпостарына баға беріледі, қазақ пен моңғол ертектерінде жақындықтың бар екендігі айтылады. Содан кейінгі кезеңдерде Р. Бердібаев [95, 63-64 бб.] пен Ш. Елеукенов [96] еңбектерінде мифке назар аударылады. Мифті отандық ғылымда фольклорлық жанр ретінде 1980 жылы С. Қасқабасов алғаш рет анықтады [97, 27 б.], оның бұл пікірі 1984 жылы жарық көрген «Қазақтың халық прозасы» [98, 64 б.] деген еңбегінде түйінделді. Осы автордың басқадай зерттеулерінде мифологияның кейбір қырлары талданды, қазақ мифологиясының тарихи-стадиялық ерекшелігі егжей-тегжейлі анықталды. Фольклортанушы Ш. Керім кейбір мәтіндерді жариялады [99]. Қытайдағы қазақ ғалымы Н. Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» [100] деген еңбегінде тың пікірлер бар, сирек кездесетін мәтіндер де жарияланған. Түркиялық доктор М. Ергунның «Түрік дүниесі мифологиясындағы құбылу сарындары» [101] деген еңбегіне қазақтан 40 мәтін еніп, түрікше аудармасымен жарияланған. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан ғалым Ш. Ыбыраев, П. Әуесбаевалар құрастырып шығарған «Қазақтың мифтік әңгімелері» [102] деген еңбек мәтіндерді жинақтауға жасалған алғашқы қадам болды.
Түркиялық профессор Б. Өгелдің 1971, 1988 жылдары Анкарада жарық көрген «Turk mitolojisi» деген екі том монографиясы бауырлас халықтардың мифологиясын зерттеуге бағытталған ізашар еңбек болды. Б. Өгел әр түрлі себептерге байланысты қазақ мифологиясы туралы бірен-саран жанама деректер қолданумен шектеледі. Кеңес (Ресей) ғалымдары И.В. Стеблева, С.Ю. Неклюдов, Н.Л. Жуковская еңбектерінде түрік-моңғол мифологиясының кейбір мәселелері қарастырылады, біздің тақырыпқа қатысты жанама деректер беріледі.
Иә, қазақ мифтерін типологиялық сипатына қарай әлемдік классикалық мифтер мен ХІХ-ХХ ғасырларда жарыққа шыққан Азия, Африка, Австралия және Американың байырғы тұрғындарының мифтері қатарынан орын белгілеп, оның тарихи-стадиялық және құрылымдық жүйесін анықтау қазіргі зерттеулердің маңызды міндеттерінің бірі. Олай болатыны халқымыздың қоғамдық ой-санасының, дүниетанымының, ұлттық болмысының түпқазығы мифтерден бастау алатыны даусыз.
Қоғам дамуының бастапқы сатыларында қоғамдық сананың көне формасы - мифтер барлық халықтарда болды. Мифологияда сыртқы дүние мен адам, ой мен сезім, зат пен идея, объективтік және субъективтік дүниелер арасында айқын шекара болмады. Ол шекаралар кейіннен пайда болды. Мифологияда олардың барлығы тұтасып жатты, ол дүние жайындағы біртұтас түсінік болып табылды. Белгісіз дүниені түсіндіруге тырысудан оданда белгісіздігі мол дүниені танып білуге ұмтылу, егерде ол дүние танып білуге мүмкіндік бермесе, тәңірге немесе құпия ғаламат күшке сілтеме жасау мифтің өзіне тән ерекшелігі болып табылады [103, 387 б.].
Дүниетанымның келесі бір типі – дін (латынша religio – байланыс дегенді білдіреді) құдіретті тылсым күштің немесе тұлғаның болатынына деген сеніммен сипатталатын қоғамдық сананың формаларының бірін білдіреді. Сенім – кез келген діннің негізгі белгісі және элементі. Сондай-ақ дін діндарлардың өмір тәртібін, болмыстың жалпы тәртібінен туындайтын табынушылық және ғұрыптық әрекеттердің, моральдық қағидалар мен рәміздердің жүйесін білдіреді. Дүниетанымның діни жүйесі тексерілетін ғылыми сынаққа емес, танылмайтын және рухани мәндермен байланысты болып келетін сенімге немесе мистикалық тәжірибеге сүйенеді.
Ежелгі түркілерде діни наным-сенімнің алғашқы қауымдық тотемистік, анимистік, фетишистік типтерінен бастап, исламның қатаң монотеистік жүйесі сіңгенге дейін шамандық пен тәңірілік діндері үстем болды. Сондай-ақ Қазақстан территориясындағы археологиялық қазба деректер нәтижесінде митраизмнің, зороастризмнің, манихейлік пен несториандықтың, буддизмнің де болғаны дәлелденіп отыр. Аталған діндер түркі дүниетанымында доминантты рөлге ие болмағанымен, олардың тигізген рухани әсерін де жоққа шығаруға болмайды.
Осылайша, жүйелі білім қалыптасқанға дейін ежелгі адамдар дүниетанымының күре тамырын мифологиялық сана мен діни дүниетаным құрайды. Басқа да халықтардағы сияқты, түрік мифологиясы өзінің ерекше бітімімен және мазмұндылығымен көзге түседі. Грек мифологиясы антик философиясының бір түп-тамыры болғаны тәрізді, Кіндік Азия халықтарының мифологиясы олардың философиялық түсініктерінің таусылмас қайнарына жатады. Алайда түркілік дүниетанымда дүниетанымның осы типтері, яғни мифологиялық, діни және философиялық типтерінің арасындағы шекара шартты екендігі де атап өту қажет, дүниетанымның бұл формалары дәстүрлі түркі мәдениетінде араласқан синкретті күйінде көрініс табады.
Дәстүрлі түркілік дүниетаным – бүгінгі ұлттық-мәдени ұстындарымыздың негізі. Жалпы дүниетаным деп өмірдің, әлемдегі болмыстардың, адамның мақсаты мен мәнін, оның құндылықтар әлемін тұтас қамтып тануға бағытталған ғарыш туралы біртұтас әмбебап (универсалдық) көзқарасты айтамыз. Ал дүниетанымдық категорияларды тарихи және мәдениеттік қабаттарына қарай дәстүрлі, түркілік (ұлттық), діни және т.с.с. деп жіктеуге болады.
Дүниетанымдық категориялардың ішіндегі мәдениеттік, яғни түркілік дүниетаным қабаттарына халықтың табиғи әрі тарихи тәжірибесімен анықталатын дүниетанымдық әмбебаптар жүйесі де кіреді. Барлық халықтың (ұлттық) мәдени тұтастығы мен табиғи ерекшелігіне сай әлемнің жаратылуы (космогония), ғарыштың құрылысы – әлемді елестету құбылысы (космология), кеңістік (отан, жер, су) пен уақыт, адам және оның әлемдегі орны, жақсылық пен жамандық, жан мен тән, өмір мен өлім және т.с.с. дүниетанымдық құбылыстарды кескіндейтін ұғымдары мен түсініктері бар. Дүниетанымдық құбылыстар мен құндылықтарды, негізгі ұстындар мен категорияларды мифологиялық, философиялық және т.б. тұрғыдан толғау деңгейі сол халықтың мәдениеті, ойлау жүйесі мен дүниетанымдық ерекшеліктерінің көрсеткіші болып табылады.
Түркі халықтарының арғы ата-тектерінің дүниені мифтік тұрғыдан түсінуі әлемдік үлгілермен сабақтас. Мәдениеттанулық структурализмнің өкілдері әр түрлі халықтардың мифтері мен салт-дәстүрлерін зерттей келе, олардағы құрылымдық ұқсастықты атап көрсетті. Мысалы, ежелгі гректердегі Циклоп пен түрік халықтарындағы Төбекөз туралы мифтер тек мазмұндық емес, сонымен бірге құрылымдық ұқсастықты танытады. «Күн астындағы Күнікей қыз», «Керқұла атты Кендебай», «Қара мерген» тәрізді мифтердің грек-парсы әпсаналары сияқты өте көне дәуірде пайда болған. Оларда табиғи күштер мен әлеуметтік белгілер әлі бір бірінен ажыратыла қоймаған. Батыс халықтарының тудырған «амазонкалар» туралы аңыздары өздерінен алыс аймақтарда матриархаттық қоғамның үстемдік еткенінен белгі береді. Халық жадында сақталып қалған Тұмар (Томирис), Зарина, Анайтис, Одатида тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері туралы аңыздар скиф-сақ дәуіріне барып тіреледі. Одан берірек, түркі халықтары меншіктей жырлап кеткен «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Алып Ер Тоңға», «Афрасиаб», «Алпамыс», «Арыслан бисат», «Қазан салор», «Алып Бәмсі», «Қорқыт баба», «Оғыз елінің жеті сұлуы», «қырық қыз», «Ер төстік», «Манас» туралы айтылған әңгіме-қисса, жыр-толғаулар болған.
Ал, Көк Тәңірі, Жер-Су мен Ұмай ананы айтпағанның өзінде, түрік халықтарының арғы Ата-тек туралы түсініктері тарихтың алыс қойнауларында қалыптаса бастаған. Қазақтардың арғы бабаларының прологикалық санасындағы, мифологиялық және алғыфилософиялық дүниетанымындағы «әйел бейнесі» ұғымының рәміздік мәнін Үркер, Жетіқарақшы, Бикеш, Шолпан туралы космогониялық аңыздар, «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ай астындағы Айбарша», «Бақыт құсы», «Алтын балық», «Жеті өнерпаз» және т.б. ертегілер, Аспан мен Жер, Тәңірі мен Ұмай діни-мифологиялық жұптары арқылы ашылады.
Ежелгі түркілердің мифологиясындағы әйел бейнесін зерттеу аңыз-әпсаналардың сол заман шындығын бейнелейтін ежелгі қоғам дүниетанымын байқататын өте құнды құрал екендігін дәлелдейді. Мифологиялық көзқарастың басты сипаты антропоморфизм болғандықтан, мифтік ойлау жүйесінде ұғымдар категория деңгейіне дейін анық жетілмегендіктен түсінік заттар мен құбылыстардың сыртқы көріністерінен туындайтын сезімдік образдар арқылы жасалынады.
Ерте түркілердің аңыз-әпсаналарындағы әйел бейнесінің қалыптасуын басқа халықтар мифологиясымен салыстыра қарастырғанда, оларда әйелдің құрметті орында болғандығы байқалады. Бұл «Ұла Ана», «Ұлы Құдай Ана», «Құдайлар анасы», «Ақ Ана», тайпа, ру анасы культтерінен көрінеді. Құдай Ананың негізгі қызметі – жасампаздық, оның бірнеше қыры бар. Біріншіден, бүкіл ғаламды жасаушы, екіншіден кейінірек жаратушы Ата – Құдайдың қосағы ретінде дүниені тудырушы. Бұл жағынан ол көбіне Жермен сәйкестендіріледі. Құдай – Ананың тағы бір маңызды функциясы оның отбасына, мәдениетке, өнерге, құпия білімге және т.б. қамқоршылығынан аңғарылады. Бұған мысал, Иштар – вавилондықтарда, Митра – парсыларда, Исида – мысырлықтарда, Афина – гректерде, Ұмай – түркілерде және т.б. [104, 54 б.].
Сонымен қатар, үнді, қытай, вавилон, рим, мысыр мифологияларында әйел-құдайлар табиғаттың басқа да қырларымен байланысты, атап айтқанда, тағылық, қиратушылық, жер асты әлемі, зұлымдық сияқты функцияларға да ие. Түркі халықтарының мифологиясында да Мыстан кемпір, Жалмауыз, Албасты, Жезтырнақ, Зымыстан, Қалтырауық секілді ораздар бар, бәлкім бұлар бастапқыда жағымды бейне болуы да мүмкін, бірақ кейіннен олар адам баласына кесірін, зиянын тигізетін жағымсыз кейіпке еніп, демонологиядан берік орын алды.
Құдай-әйелдер мифологиялық материалда тек адам кейпінде ғана емес, жануар не құбыжық (дию) кейпінде де көрініс береді. Түркілік фольклорлық материалдарда ол жылан, айдаhар, құс (алып қара құс, самрұқ, аққу, дегелек, бүркіт т.б.), жануар (бұғы, киік, марал, сиыр, бие т.б.), жыртқыш (аю, қасқыр, ит т.б.) бейнелі. Ислам діні енгеннен кейін бұл мифтердегі әйелдер жын-пері күйіне енеді. Сондай-ақ, түркілердің генотиптік аңыздарында да әйел жыныстық сипат кездеседі. Жаугершілік заманда жалғыз қалған баланы қаншық қасқыр асырап алып, атақты Ашина руы Ергенеқонда осы жалғыз тұяқтан өрбіген. Осыған ұқсастықты Ромул мен Ремді асырап алған Капитолий қасқыры туралы рим аңыздарынан да табуға болады.
Мифологияда сакральды (қасиетті) мағынасы бар сарын - адамның биологиялық өмірі, оның тууы мен өлімі. Қауымдағы ең бірінші бөлініс - жыныстық бөлініс. Оның негізінде мифологиялық сана уақыттан тыс тұратын алғашқы абсолютті бейнелердің бірі - Алғашқы Ата-Ана туралы түсінікті қалыптастырады. Егер діни түсініктегі Адам ата мен Хауа ананы құдай жаратса, мифологиялық Арғы тек - табиғат туындысы. Мифологиялық кеңістіктік-уақыттық континиумда адам мен әлемнің арасында ешқандай алынбайтын кедергі жоқ. Мифологиялық кейіпкердің сөзі мен ісі синкреттік және тұтастық сипатта болады. Оның бірлігін жүзеге асыратын күш - салт-дәстүрлердің мызғымас жүйесі. Сонымен, мифологиялық кезеңде адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше жоғары дәріптелді. Скиф-сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар - табиғатпен үйлесімдікке шақыратын рәміздер. Мифологияның барлық халықтардың немесе этниқалық топтардың көне мәдениетін қамтығаны белгілі.
Қазақ мәдениеті тарихын зерттеушілер еуразиялық далада матриархат ұзақ ғасырлар бойы қоғамдасудың басты түрі болды дейді. Археологиялық деректер балалардың аналарының қасында жерленгенін дәлелдеуде. Орталық Азияны алғашқы зерттеушілер (Иакинф) осы өңірдегі «Әйелдер патшалығы» туралы деректер келтіреді: «Онда лақабы Суби, аты Могйе әйелдің елді 20 жыл билегені айтылады. Әйелдер патшалығында 10 мың түтін болған. Еркектер бірыңғай аң аулаумен айналысқан. Могйе ханша тау шатқалындағы 9 қабатты ордада тұрған. Ол бес күн сайын бағынышты ханшалармен мемлекет ісі жөнінде кеңес өткізіп тұрған. Әйелдер мұнда өздерін жоғары санаған, әрі еркектерді қызғанбаған. Патшалықтың еркек, әйелі беттерін күніне бірнеше дүркін опалап, бояп жүргенді ұнатқан. Елдің негізгі байлығы – таза мыс, бояу, жұпар, тұз болып есептелген. Патша әйел өлгенде оның терісі сыдырылып алынып, сүйегі мен етіне ұнтақтар себілген. Осыдан кейін темір табытқа салынып жерленген. Жан иесі – «Асыла», «Орман тәңірі» болады деп олар сенген. Бұлардың құрметіне адам, не маймыл құрбандық шалынатын болған. Патшалық жерінде (Тянь-Шань тауының түстігі, Үндістан жағында) өсетін қырғауылға ұқсас құстың жемсауынан дән шықса, өнім мол болады, құм, қыйыршық шықса қуаншылық болады деп жорыған [105, 18-19 бб.].
Түркі мифологиясы мен діни дүниетанымындағы кейбір белгілерді Қос өзен аңғарындағы шумерліктердің мәдениетінен, «Гильгамеш» жырынан да аңғаруға болады. Өлікті жерлеу жоралғысында металл ыдыстарға шумерліктей мән берген жұрт жоқ. Бұл үрдіс айдаладағы алтайлықтардан да байқалады. Бірін-бірі мыңдаған шақырым ғана емес, мыңдаған жылдар ажыратып жатқан екі қорғанның сипаттамасын салыстырып оқып бажайлаңыз: «Өліктің жібек киімі болған. Бас жағында түркі руникалық жазуы түскен. «Құдіретің және «Қожайын-иең» деп жазылған күміс тостаған тұр» [106, 27 б.]. Шумер бейіттерінен табылған металл тостағандардың бәрінің бірдей жазуы бар деуге болмайды. Алтай өңірі туралы да осыны айтамыз. Бәлкім, тостағанға киелі мән дарытқан жазу емес, тұрпаты мен металл шығар.
Тостағанның рәсімдік маңызын арнайы айқындай түскендей сахара төсіндегі тас балбалдар да қолдарына ыдыс ұстап тұрады. Низамидің айтуынша, көшпелі түркілер мұсылман дінін қабылдағанға дейін Тостаған ұстаған Қатынды тәңірі тұтып, мінәжат еткенін жазады. Алтайлықтар қорған басындағы тас мүсінді өлген адамның бейнесі деп түсінгендіктен Қатынды мұрты бар тас ер адамға айналдырады. Алтайлық «ер» мүсіндердің қолындағы ыдыстар нақ осы айнымайды.
Шумер мен түркі мәдениетін салыстырудан туған ұқсастық тегін емес. Шумердің де өзіне тән тостаған ұстаған киелі әйелі болды. Бірақ ол әйел вавилон жазбаша деректерінің арқасында өзінің тәңірі құдіретін сақтап қалды. Вавилонша – Иштар, қайта тірілу тәңіриясы, Иштар оттың, көтеріліп келе жатқан күн – Тамуздың анасы. Көне миф Иштар жер асты әлеміне түсіп, Тамузды тауып алып тірілтеді дейді. Қолындағы ыдысты бауырында қысып ұстаған Иштардың мүсіншелері бар. Жайдақ графикалық бейнеден көлемді мүсіндік бейнеге көшкенде еңкейтілген тостағанға айналған иероглифі - күннің көзі.
Өлген адамның қолына немесе басына жақын қайта тірілудің кепілдемесі ретінде іші толы тостаған қойылған. Ал тостаған сынса, ол адамның бір жылдық өмірі деген ырым. Ұйқыға кететін падишаның жасы қанша болса, көріне сонша қыш немесе ағаш ыдыс салады да, күл-пәршесін шығарып сындырады. Сынбайтын металл ыдыс қайта тірілу идеясын бейнелейді. Еңкейтілген тостаған ұстаған қайта тірілу тәңірия Иштардың мүсіні зираттың басына орнатылады.
Өлген адам күн – Тамузға ұқсатылған, Иштар тәңірия оған қайта жан бітіруге тиісті болған. Иштардың еңкейтілген тостаған ұстап, көр басында тұруы сондықтан. Қазақтарда «тамыз, тамыз, тамыздық» деген өлең қайырмасы бар. Үйлесу-үйлеспеуіне қарамай-ақ кез келген халық әнімен айтыла береді. Бұл күн тәңірісі Тамызға мінәжат ретінде айтылатын аяттың ең сүбелі тұсының жұқанағы болып көрінеді. Ежелгі Алдыңғы Азияның құдайға жалбарынуға арналған дұғаларының кейбір нұсқалары осы күнгі тілдерде халық әндерінің қайырмасы түрінде сақталып келеді.
Монғолиядан Венгрияға дейінгі жалпақ дала аралығына тізілген қорғандарда тостаған ұстаған тас әйелдер мүсіні – адамды қайта тірілтуші тәңірия Иштардың бейнесі тұрғандай. Өлікті тәңіршілдік рәсімімен жерлеудің бірден бір белгісі осы тас мүсіндер болмақ.
Тәңіріліктегі үш дүниенің екеуі (яғни жоғары, орта және астыңғы әлемнің жоғарғысынан басқасы) әйел жыныстығы жататыны белгілі. Жер-ана, су-ана, от-ана, ағаш-ана түсініктеріне сәйкес, бүкіл Орта дүниенің Ұлы Ана құдайдың құзырында екендігі айқындалады. Мифологияда Жоғарғы дүниедегі Күн мен Ай тәңірлерінің де жыныстық сипаты анықталады. Ш. Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» еңбегінде қазақтардың Күнге қарағанда әйел жынысты Айды қасиеттірек санайтыны айтылады. Бұл Айға деген ерекше құрмет Ұлы Ананың абыздық, яғни құпия білімге, емшілікке, шамандыққа қамқорлық жасауымен де байланыстырылады.
Әлемді кеңістіктер мен бағыттарға бөлу арқылы мәденилендіру құбылысын киіз үйдің еркектік және әйелдік тарапқа бөлінуінен де көруге болады. Бірақ киіз үйдегі ең маңызды қазық – әйел болып табылады. Өйткені бұл кеңістік (ғарыш) – әйелдікі. Оның ішіндегі жасау, дүние де әйелдің өзіне тән. Еркектің әлемі – үйдің босағасынан шыққаннан кейін басталады. Үй – әйелдікі, түз – еркектікі [107, 54 б.]. Киіз үйде әр нәрсенің, әр заттың өз орны болғаны сияқты әрбір отбасы мүшелерінің де жанұяда өз орны бар. Бұл тәртіп, жүйе бұзылмауы тиіс. Яғни әйелге тән заттар өз тарапында болып, еркек жағына ауысып кетпеуі керек. Киіз үйдің босағасында үйдің «иелері мен кие рухтарына» құрмет көрсетілуі тиіс. Босағаның оң жағында отбасының иесі бар. Киіз үйдің ортасында ошақ орналасқан. Ол – әлемнің, жанұяның, әулеттің орталығы мен ынтымағының символы [104, 169 б.]. Жиренше шешенге әйелі Қарашаштың дүние салғанын естірткенде, «ошағымның күлі шашылды десейші», дейтіні де сондықтан.
Әлемнің бағанасы болса, киіз үйді ұстап тұрған тіректер – «дүниенің тірегі» деп аталатын жекелеген қазықтармен – бақанмен теңестіріледі. Уақыт өте келе киіз үйдегі шаңырақтың мифтік – діни функциясы түтіннің шығуы үшін шаңырақтың үстіңгі жағында жасалған түңлікке (түтіндік) ауысқан. Тіректің сынуы немесе шаңырақтың ортаға түсуі жаман ырым саналып, бәленің басы ретінде қабылданады. Спенсер мен С. Гиллен осы қасиетті тірек сынғанда, бүкіл тайпа-ру қаралы күн кешіп, соңында тізе бүгіп, өздерін өлімге қиғандығы туралы аңызды еске салады [108, 163 б.].
Киіз үй – ғарыштың (космос) символы, кіші нұсқасы. Көшпелілердің киіз үйі әлемнің орталығында орналасқан іспетті, ал оның шаңырағы – әлемнің тірегі ұғымын береді. Яғни көшпелі адам әрдайым қасиетті, киелі мекенде, космостық әлемдер арасында құрылған байланыстың жүзеге асуы үшін жол–кеңістік–шаңырақ арқылы әлеммен үйлесімділікте өмір сүруге тырысады. Отаудың шаңырағы мен тірегі Көк аспанның тірегі секілді, отау кіші бір космос – кіші әлем секілді [104, 174 б.]. Адам осы Көк күмбездің (аспан) астындағы орны мен кіші күмбез (отау) ішіндегі орны арасындағы үндестіктің сақталуын қадағалауы тиіс. Киіз үйге космостық форма (пішін) берген ең негізгі тірек - шаңырақ.
Макрокосмостық байланыс деңгейінде ғарыштық бағана (ось) – ағаш, тау, төбе, тірекпен, ал микрокосмостық деңгейде болса, үйдің орта тірегі немесе шаңырақпен үйлестіріледі. Бұл әр үйдің шаңырағы «ғарыштың орталығына» сай орналасқан деген сөз. Дәстүрлі дүниетанымда әлемдік дәлдік, яғни ғарыштық орталық әрбір нүктеде, барлық жерде бірдей бар екендігін көрсететін табиғат заңы кең тараған. Шаңырақ пен бағана арасында функционалдық байланыс бар. «Бағана» сөзі сахаларда (якуттарда) Тәңірге барар жол, тірек, мағынасында қолданылады [109, 165 б.]. Әрбір шаңырақ көкке ұласу қабілетін білдірсе, құрбандық шалу – Тәңірмен үндесудің жолын білдіреді. Шаңырақ Тәңір мен адам арасындағы қатынасқа түсу мүмкіндігін береді. Бұл мүмкіндікті дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы әлемнің құрылысы, жаратылысы беріп отыр. Шындығында бұл құрылыс-жүйе, бір-бірін өзара байланыстырып тұрған орта бағананы бойлай үш қабаттан тұратындай етіп үйлескен. Әлемде бірінің үстіне бірі орналасқан үш үлкен қабат бар. Бұлар орталық тұстан өтетін бағана арқылы өзара байланысты болғандықтан, бір әлемнен екіншісіне өтуге мүмкіндік туғызады. Экстаз хәліндегі шаманның немесе қамның (бақсының) рухы да көкке немесе жер асты әлеміне «мистикалық сапар» жасарда осы «түңлік-бағана-шаңырақты» қолданады. Осылайша, дәстүрлі түркілік дүниетанымы әлемді өзара вертикал кеңістіктер арқылы Тәңірге апарар жол болып табылатын бағаналармен байланысқан үштік әлем түрінде елестеткен. Түркілік дүниетанымдағы осы «отбасы», «ошақ», «шаңырақ» ұғымдарының қастерлілігі қазақы дәстүрлі дүниетанымда күні кешеге дейін қаймағы бұзылмай сақталып келді. Санақ барысында бір отбасын «бір түтін» деп есептейтін. Түркілердің мифологиялық және діни дүниетанымына отқа табынушылықпен, сондай-ақ рухтардың Жақсы (Ахурамазда) және Жаман (Ахраман) деп екіге бөлінуімен сипатталатын зороастризмнің (американдық зерттеуші М. Бойстың айтуынша, шыққан жері Қазақстанның солтүстігінде) ықпалы тигенін атап өту керек [61, 87 б.].
Отқа табыну барлық халықтарда кең таралған, еуразиялық тайпаларда да бұл құбылыс жиі кездеседі. Отқа табыну, оның құдірет бар деп түсіну көне гелиопольдтік күнге табыну наным-сенімінің бір көрінісі, ерекше бітімі болуы ықтимал. Заратуштралыққа дейінгі діни дәстүрде отқа тасаттық беру, отқа арнап құрбандық шалу да үш элементтен: таза құрғақ ағаштардан, хош иісті өсімдіктерден, аз мөлшерде мал майынан тұрған. Ошақтағы отқа май құю, яғни отқа тасаттық беру түркілердің діни наным-сенімдерінде маңызды орын алған және қазірге дейін сақталған діни түсініктің берік, орнықты көріністерінің бірі болып табылады. Отқа май құю рәсімі ерекше маңызды күндерде ғана жасалса керек. Мысалы: аруақтарды еске алу. Андронов мәдениетінде күнделікті тұрмыста пайдаланылатын ошақтармен қатар, діни рәсімдерді атқаруға арналған ошақтар болғандығын археологиялық қазба жұмыстары айқындап отыр.
Дәстүрлі түркі дүниетанымында шамандық жүйе маңызды орын алады. Ал қазақтар бақсылардың бақсысы ретінде Қорқыт атаны таниды. Қорқыттың түсіне «өлім аяны» еніп, жер бетінде өлімнен құтылу жоқ екендігіне көзі жетеді. Ол үшін енді бақсылықтан қайту жоқ. Қамдық – негізінен мамандық емес, Қорқыттың Тәңір алдындағы парызы. Қамдық Қорқытқа оның еркінен тыс тылсым күштер арқылы жүктеліп отыр. Бұл тұрғыда Ғ. Есім де «...бұл жерде жеке адам еркі және тағдыр деген мәселе тұр» [110, 22-23 бб.] -деп, дәстүрлі дүниетанымдық ерекшеліктерді меңзейді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы еркіндік сол дүниетанымдық, құндылықтық, қоғамдық ұстындардың ішінде тыныстау болып табылады. Мысалы, Қорқыттың қамдық дертке көнгендігі — оның еркіндігінің аясы, яғни дертпен «табысқандығының» белгісі. «Табысудың» идеясы — «көкке ұшу», яғни экстаз (сарын) арқылы құдайлық әлеммен тұтастыққа жету. Ұстанымы «Жерұйыққа» негізделген. Қамдық жолы — еліне қызмет ету, ата салтын орындау, жұртын бақытқа бөлеу. Төртінші сатыда Қорқыт Жер әлемінен Су әлеміне өту арқылы «айласын» асырады. Су әлемінде қобызбен үндесіп, өмірін жүз жылға ұзартады. Су аяғында өлімге қауышады. Бұл түсініктер Қорқыттың қамдығының кемелдігін, руханиятының күшті екендігін, ғарышпен үндестігін, «қамдардың қамы» болып жүз жасап, өмірден өткендігін білдіретін аңыз тілімен берілген тарихи сананың көрінісі іспеттес [111, 721 б.].
Су әлеміндегі оңаша өмірінде, аңыз бойынша, қобызын сарнатып отырған Қорқыт атаға бір қыз тамақ әкеліп тұратын. Олардың арасындағы жоғары рухани қатынасты білдіретін «Башпай» күйінен-ақ қыз баласына деген, әйел затына деген аялы қатынасты аңғаруға болады.
Тарихта Тұран елінің көрікті қызы Ангиармды ешбір палуан жеңе алмай, күйеуге тимей отырып қалғаны туралы мәлімет бар. Бұл салттың ғұн дәуірінде де жалғасып, Еділ батырдың жорығымен бірге батысқа дейін барғанын герман және скандинав эпстарындағы, «Нибелунгтар туралы жырдағы» палуан қыз Кримхильда бейнесінен көруге болады.
Ал қыз қуу ойынының мәні – табиғатынан ұяң қыз балаға өзіне ұнаған жігітіне жүрек сырын сездіруге мүмкіндік туғызу. Ойын тәртібі былай: асытнда әдемі жабулы сәйгүлік мінген, басында қарқаралы бөркі бар, кемер белдікті, қынамалы қызыл камзолды, үстіне етегі бүрмелі торғын көйлек киген бойжеткен ортаға шығады. Топ-топ болып тұрған жігіттерден өзі ұнатқанын қамшымен түртеді де шаба жөнеледі. Қыз түрткен жігіт атын тебініп алға шығады да, қыз соңынан қуа жөнеледі. Жігіт соңынан қуып жеткенімен, қыз біресе оңға, біресе солға жалтарып, бұлтарып ұстатпауға тырысады. Ойын шарты бойынша қуып жеткен жігіттің қолы қыздың кеудесіне тиюі керек. Сол уақытта ғана қыз жігіттің құшақтап сүюіне ерік береді. Егер жігіт қуып жете алмаса, онда қыз қолындағы қамшымен жігітті бас-көз демей, төпелеп ұрып, орнына қуып әкеледі. Дәстүр бойынша ойынға түскен екі жастың үйленуіне болады.
Осы салт-дәстүрлерден түркі халықтары жаратылысынан қыздар мен әйелдерді ер-азаматтың жан серігі, ұрпақ жалғастыратын отаудың алтын діңгегі, от басы – ошақ қасының ұйытқысы, сұлулық символы ретінде қадірлегенін көреміз.
Тарихи-рухани сабақтастыққа орай сақ-ғұн дәуірінен бері жалғасып, ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігінен берік орын алған жақсылық жаршысы Ұмай ана. Егер еркек нәсілді Тәңірі аспан құдайы болса, құнарлылықты, өнімділікті, ұрпақ жалғастығы мен отбасы үйлесімділігін жер құдайы – Ұмай ана қамқорлыққа алады. Ұмай тәңіриясінің бейнесі ерте түркілердің діни санасында аса маңызды орын алады. Түркі пантеонының үшбөлікті құрылымында оның бұл ерекше орнын балбал тастардағы оның есімінің көптеп кездесуінен, сондай-ақ Сібір мен Орталық Азияның қазіргі түркітілдес халықтарының дәстүрлі дүниетанымын зерттеу [112] негізінде-ақ көз жеткізуге болады.
Бабалар дүниетанымында Аспан мен Жер – ерлі-зайыпты жұп болып көрініс береді. Осы ерлі-зайыптылардың «жыныстық қатынасынан» адам баласы, бүкіл дүн-дүние тіршілік иесі болып жаратылады. Және бір қызығы, Көк пен Жер бір-біріне бағына отырып, бір-бірінен нәр бере отырып, бір-бірінен энергия ала отырып керемет үйлесімділікке жетеді; гармонияны құрайды. Қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп өзінің Наурыз атты еңбегінде: «Бір құдайдан басқаның бәрі бірінен-бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп-өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек. Көк байы да, жер қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін», - дейді. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы бұлт қысырап қалды деп күні бұрын айтып отырушылар болады. «Жаралған жанды-жансыз бәрі де жұп жаралған. Жұп мәнісі ерлі-байлы деген сөз» - деп, ойымызды бекітіп береді.
Қазақ мәдениетінде қашаннан еркек – басшы, әйел – қосшы; еркек – бас, әйел – мойын деп те тұспалдайды. Олай болатын себебі – еркек құдіретті Көк Тәңірінің баласы, әйел – жер рухы – Ұмай Ананың баласы.
Еліміздің иесіз, жеріміздің киесіз емес екендігін айғақтайтын киелі көне түркі жазуы: Тәңірідей, тәңіріден Жаралған Түрк білге қаған, - деп басталып:
Он жаста Умай текті Шешемнің бағына Інім Күлтегін ер атанды, - деп жалғасады.
Түркілер әкелерін «Көке» деген: Көк тәңірідей құдіретті, күшті, жаратушы деген мағынада; әрі еркектің аспан текті екеніне нұсқайтын есім. Ал шешелерін «апа», немесе «ана» деп атаған: «ана» - Ұмай ана, Бай ана - әйелдің жер тектілігіне меңзеген. Аспан – жаудырушы, жер - өндіруші. Аспан жаудырмаса, жер нені өндіреді, қалай өндіреді? Жердің Аспанға бағыныштылығы да осы қарапайым табиғи заңдылықтан туындайды. Осы әдемі заңдылықты, ғажайып үйлесімді Абай атамыз өзінің «Жазғытұры» атты өлеңінде береді:
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Күн қырындай жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді – ай, жұлдыз көтін қысты.
Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай.
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай [113, 35 б. ].
Жер Күннің энергиясына қандай мұқтаж болса, әйел де еркектің энергиясына, күшіне сондай мұқтаж. Әйел – еркектің энергиясын қабылдап алып, оны өндіріп беруші. Махаббаттың өзін әйел еркектен алады. Еркектің назары түспеген әйел затында жылылық, мейірімділік сияқты әйел-анаға тән қасиеттердің болмауының себебі де осында жатқан сияқты. Сондықтан қазақ: Атаның - күші, Ананың – сүті, - дейді.
Осы әлемдегі табиғи үйлесімді дана бабаларымыз отбасылық деңгейде аунытпай қайталайды. Түркілік дәстүрлі дүниетнанымға сәйкес, аспан – біреу, екеу емес. Егер аспан екеу болса, онда үйлесім бұзылады: екі энергия көзі бір-біріне соғылысып, апат жағдайға ұшыраймыз. Күннің энергиясын, жауынын, бұршағын, күн күркірегендегі найзағайын – бәрін-бәрін қара жер қайыспай қабылдап алып, бойына сіңіре береді. Осы бағыныштылықтың арқасында әлемдегі тепе-теңділік сақталып тұр. Ендеше, жалпы әлемге тән бұл заңдылық, қазақ отбасында да қайталануы шарт: «Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды!». Түркі ұғымында «Қазан» – отбасын білдіреді, «Қошқар» – еркек, басшы, соңынан ертуші мағынасында. Бұл мақалды сөзбе-сөз түсінбеу керек, қазан үлкен болса екі емес, бірнеше қощқардың басы сыйып кетеді. Мәселе онда емес, мәселе мақалдың аллегориялық тұспалында. Сөз, ұғымдардың белгілі бір ойды берудегі рәміздік қызметінде. Қошқар – еркектік бастау, Тәңірінің құты. Ол – біреу-ақ болуы шарт: екеу болса –сүзіседі, жанжал, ұрыс пайда болады. Сөйтіп айрандай ұйып отырған отбасылық шырық бұзылады. Қазіргі қазақ әйелі – ол да қошқар болғысы келеді: еріне бойсұнғысы жоқ. Отбасылық кикілжіңдер, жаңа ғана құрылған отаудың шаңырағының ортаға түсуі – бәрі-бәрі осы ерлі-зайыптылардың өз-ара қарым-қатынысын реттей алмауынан туындайды. Ал бұл өз кезегінде, байырғы түркі топырағынан нәр алып отырған қазақы дәстүрдің әлсірегенін, қазақы дүниетанымға құрылған тәрбиенің бұзыла бастағанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, әлемдік өркениет пен жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аймағында қалыптасқан қазақтың дәстүрлі этномәдениеті қола дәуірлерінен бастап мәдени дәстүрлері ғаламдық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған бай рухани және мәдени мұрадан, сондай-ақ кейінгі тас дәуірі мен қола дәуіріндегі тайпалардың, алғашқы темір дәуіріндегі сақ, ғұн, үйсін бірлестіктерінің ерте ортағасырлардағы түркі тайпаларының мифологиялық, діни және философиялық дүниетанымдарынан, олардағы әйел бейнесінің қастерленуінен бірізді тарихи сабақтастық байқалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет