Міндеттер: - еркек және әйел бастаулардың әрекетімен жаратылыстың пайда болуын түсіндіретін көне шығыс философиясы мен антикалық ойды, ортағасырлық діни тұжырымдамалар мен жаңа және қазіргі заман философиясындағы патриархаттық немесе фаллоцентристік көзқарастарды да, жыныстың әлеуметтік теорияларындағы феминистік түсініктерді де ғылыми сипаттаудың негізінде әйел тақырыбының мәдени қырынан қойылуы талданды;
- түрлі әлеуметтік топ пен жыныстар арасындағы қарым-қатынастың тілдік немесе тілдік емес факторларын көркем мәтін аясында кейіпкерлердің көңіл-күйін, ішкі сезімін, түрлі жағдайға көзқарасын алуан түрлі психологиялық ерекшеліктерін көркемдік тәсілдермен қатар түрлі кинесикалық элементтердің көмегіне де жүгіне отырып, сонымен қатар, күнделікті өмірде және көркем шығармаларда кездесетін этномәдени элементтер коммуниканттардың әлеуметтік және биологиялық белгілеріне байланысты кинетикалық жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының ұлттық ерекшелігін зерттеп-білу негізінде қазақ әйелінің рәміздік бітім-белгілері анықталды;
- қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде исламдық құндылықтардың ғасырлар бойы сіңіп, біте қайнасып кеткенін алға тарта отырып, сондай-ақ қазіргі жариялылық пен плюрализммен сипатталатын «демократиялық» және бетімен кеткен либералдық құндылықтар үстемдік алған христиандық Батыста жаппай сынаудың ұшына ілінген ислам дініндегі әйел бейнесі арнайы зерттеліп, исламның әйелге өзінің табиғатына сай нәрселерді бергені, оны қолайсыз жағдайлар мен белгісіздіктерден қорғап, өз құқықтары мен еркіндіктерін беріп, әйел мен анаға ерекше мәртебе көрсеткені айқындалды;
- қазақ халқының архетиптік санасындағы жыныстық түсініктің іздерін анықтау нәтижесінде, дей-түріктер мен арғықазақ мифологиясынан бастап, ілкі түркілер мен ежелгі қазақтардың діни наным-сенімдері мен кейінгі дәстүрлі қазақ философиясындағы гендерлік сипаттарды дүниетанымдық тұрғыдан қарастыру барысында қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымындағы әйел бейнесі тарихи-мәдениеттанулық тұрғыда талданды;
- дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдің жағдайына ықпалын тигізген дәстүрлі дала заңдарына сүйенген әдеттің де, ислам құндылықтарына негізделген шариаттың да баптарын, қазақы әйел бейнесінің қалыптасуына әсерін тигізген сәбидің шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, адамның дүниеден өтердегі жерлеу дәстүріне дейінгі қазақы салт-сананы сипаттау негізінде дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі әйел болмысы зерделенді;
- бір жағынан, қазақ қоғамының дәстүрлі нормалары мен құндылықтарының осы күнге дейін сақталып келгенін ескеріп, екінші жағынан, бүгінгі әлемдік ахуалға сай әлеуметтік-психологиялық болмыстағы өзгерістерді ескеріп, қазіргі әйел бейнесіндегі тарихи түбірлермен қатар, гендерлік саясат пен феминизмнен туындаған трансформациялық үрдістер де түйінделді.
- Адам болмысының ер мен әйелден құралған амбиваленттілігі ерте кезден әлеуметтік, психологиялық және физиологиялық факторлар шеңберінде анықталып келді, сондықтан жыныстық ерекшелікті ең қажетті рәміздік индикаторларға жатқызсақ болады. Әйел табиғаты мен мәдениетіне қатысты екі бағыт қалыптасты: біріншісі әйел мен ер адам әрекетінің жыныстық рөлі түсінігіне құралып, адамның биологиясы мен генетикалық ерекшеліктеріне негізделсе, екіншісі әйел мен ер адамның өмір тәжірибесіндегі әлеуметтік және мәдениеттік құрылымдардың ерекшелігін құрастырып, осыдан гендерлік мәселені тудырады.
- Мәтінде мәңгілік ақиқатты көрсету үшін қолданылған мәдени рәміздер көп өзгерістерді бастан кешіріп ұжымдық санадағы образдарға айналады. Олар этностың дүниетанымын, өмір сүру ерекшелігін, талғам-танымын көрсететін рухани мәдениет негізі – салт-дәстүр, әдет- ғұрыптардан анық көрінеді. Осыған сәйкес, қазақ қоғамы мен дәстүрлі мәдениетінде әйелді ана ретінде қастерлеу, қыз ретінде аялау, жеңге ретінде сыйлау, жар ретінде сүю сияқты сана сапасымен, сезімталдықпен қарау көзқарасы үстем.
- Қасиетті кітап Құранда да, әз пайғамбардың хадисінде де әйел мен еркектің тең екені айтылған. Алайда теңдік пен бірдейліктің екі түрлі екендігін ескеру қажет. Олар тең жаратылғанымен, әйел мен еркектің бірдей емес екендігі белгілі. Олардың арасында физиологиялық әрі психологиялық айырмашылықтар бар.
- Әлемдік өркениет пен жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аймағында қалыптасқан қазақтың дәстүрлі этномәдениеті қола дәуірлерінен бастап мәдени дәстүрлері ғаламдық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған бай рухани және мәдени мұрадан, сондай-ақ кейінгі тас дәуірі мен қола дәуіріндегі тайпалардың, алғашқы темір дәуіріндегі сақ, ғұн, үйсін бірлестіктерінің ерте ортағасырлардағы түркі тайпаларының мифологиялық, діни және философиялық дүниетанымдарынан, олардағы әйел бейнесінің қастерленуінен бірізді тарихи сабақтастық байқалады.
- Әйел тіршілікті өмірге әкелуші ана, отбасының күре тамыры, шаңырақтың тірегі, ұрпақтың тәрбиешісі, қамқоршысы, жарық дүниенің жақсылықтарын жасаушысы адам баласына тек ізгілік, жақсылық тілеуші тұлға болғадықтан қазақ қоғамында қатты құрметтелді. Ол сәбидің шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап («туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп дана Абай айтқандай), дүниеден өтердегі жерлеу дәстүріне дейінгі салт-санадан айқын аңғарылады. Әрбір салттың тұтқасында әйел заты жүреді және соның барысынан-ақ қазақы әйелдің болмысы аңғарылады.
- Қоғамдағы өзгерістердің «қазақ әйелі» бейнесінің этномәдени сипатына әсер етіп, оларға заманға сай ерекшеліктер алып келетіні анықталды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары әйел мен ерлерді теңестірудің бір жолы ретінде әйелдерді трактордың руліне отырғызып, ерлерден қалыспаған қайратты әйелдер дәріптелді. Дегенмен қазақ әйелдері мұсылман әйеліне ежелден тән отбасы берекесі, балаларының амандығы, отағасын сыйлау, туған туыстарына қамқорлық, жанашырлық сияқты қасиеттерді барлық уақытта алғашқы орынға қойып, қазақ әйелінің нәзік болмысын сақтап қалды. Бүгінде «іскер әйел» типінен басқа «қанатты әйел» деген де ауыспалы мәндегі рәміз жиі қолданылуда. Әйтсе де қазақтың іскер әйелдері өздеріне қажетті қасиеттердің негізгілері ұлттық ерекшеліктерді ақ сүтімен сіңіре білген өз аналарынан дарығанын баса айтады.