Реттік сан есімдер Қазіргі қазақ тіліндегі реттік сан есімдер белгілі заттар мен құбылыстардың орын тәртібі реттік жүйесін белгілеу үшін қолданылады.
Ұрысқа кіргеннің екінші күні еді. Ералы сол полктің қарауында үшінші ротада солдат болып істепті.
Реттік сан есімдер дара және күрделі есептік сан есімдерге -ыншы, -інші,-ншы, -нші қосымшасы қосылып айтылу арқылы жасалады. Сол себепті құрылысы жағынан дара және күрделі болып келе береді. Реттік сан есімдер заттар мен құбылыстардың орын тәртібін анықтау үшін қолданылатын сөздер болғанымен сөйлемде қолдану реттеріне қарай субстантивті мәнге ие болуына байланысты әр түрлі сөз түрлендіруші грамматикалық формулаларды қабылдайтын, яғни, көптік, реттік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын қабылдайтын реттері бар.
Екінші бәйге оп-оңай, онан соң үшіншісі – күш сынасу (Сейфуллин). Мен біріншіні бітірдім, ол төртіншіде оқиды.
Сол сияқты, реттік сандар сөйлемде қолданылу мақсаттарына қарай түбір тұлға немесе шығыс септік жалғауының көнеруі арқылы қыстырма сөздер дәрежесінде қолданылады.
Бірінші, сіз ірі байлардың бірісіз (Мүсірепов).
Екіншіден, бергі жердің де жай – жапсары суреттелгенін көреміз (Ғабдуллин).
Үшіншіден, оны іздеп үстіне барудың ешбір қажеті жоқ.
Жинақтық сан есімдер
Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есімдер белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін жинақтап көрсету үшін және жинақтық абстракты сан ұғымдарын білдіру үшін қолданылады.Жинақтық сан есім -ау,-еу жұрнақтары арқылы жасалады.
Аласыға алтау аз, бересіге бесеу көп.
Жинақтық сан есімдер субстантивтенгенде септеледі, тәуелденеді, жіктеледі.
Колхозшылар жиналып,бұл екеуін қоршап алған.Екеуінің үйі қалаға көшкен,Үшеуінікі далаға көшкен.
Жинақтық сан есімдерден лексика-семантикалық,морфологиялық,синтаксистік тәсілдер арқылы біраз жаңа сөздер жасалған.
Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жаңа сөз тудыру негізінде біреу сөзімен байланысты.Біреу жинақтық саны контексте қолдануда көбіне кісі,адам сияқты мағыналарды білдіру мақсатында есімдікке ауысқан.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,мал сұрап,біреуді алдап, біреуді арбап(Абай).
Жинақтық сан есімдерден -ла,-ле не -лап,-леп қосымшасы арқылы жаңа сөздер жасалады.
Біз үшеулеп жазғанбыз.Олар екеулеп оқыды.
Синтаксистік тәсіл арқылы жаңа сөздердің жинақтық сандардың қосарлануы арқылы жасалады.
Екеуден-екеу түнгі пароходтың тұмсығында ішіндегі сырларын ақтарысты(Жансүгіров).