Морфологиялық ерекшеліктері Есімдіктердің мағыналары тым жалпы болғанымен, олар түптеп келгенде зат және заттық белгі деген ұғымдармен ұштасып, жалпы зат не заттық белгі деген ұғымдарды білдіріп, сол ұғымдардың жалпы түрдегі атауы боп келеді. Сондықтан да олардың осы заттық және заттық белгісі деген ұғымдарды жалпылама болса да, бойына сақтау қасиетіне байланысты есімдіктер атауыш сөздер қатарына жатады. Есімдіктер түгел алғанда жалпы атауыш сөздер болып саналады да, ол атаулық қасиет ішінара күрделі екі жікке бөлінеді. Мен, сен, не,кім есімдіктері – заттық ұғымдығы сөздер зат атаулары, бұл, сол, қай есімдіктері заттың белгісі ұғымындағы сөздер – белгі атаулары боп шығады. Осы мағыналық жіктер өз тарапынан есімдік сөздерді біріншіден заттық ұғымдағы сөздер – субстантивтік есімдіктер, екіншіден заттың белгісі ұғымындағы сөздер - атрибутивтік есімдіктер деп екі салаға бөлінеді. Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздер тобына қосылады. Осы негізгі екі жік есімдіктердің түрлену жүйесінде негізгі жетекші роль атқарады. Мысалы субстантивтік есімдіктер қолданылу ретіне қарай зат есім сияқты көптеледі, тәуелденеді, септеледі, жіктеледі, ал атрибутивтік есімдіктер дәл өз мағынасында түрлену формасының ешқайсысын қабылдамайды. Түрлену формалары атрибутивтік есімдіктерге тек субстантивтенген жағдайда ғана яғни заттық ұғымға ие болғанда ғана қосыла алады.Есімдіктердің өзге сөз таптарынан бөліп, жекелеп тұратын морфологиялық ерекше белгі – есімдіктердің бәріне бірдей, бәріне ортақ заңдылық - бір формалар немесе өзгерту тәсілдерінің жоқтығы. Бұл олардың екі жікке бөлінуіне байланысты.
Синтаксистік қызметі Субстантивтенген есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесі бола алады, ал атрибутивтік есімдіктер анықтауыштық қызметке бейім тұрады. Сөйлемнің өзге мүшелерінің қызметін субстантивтенген жағдайда атқарады.
Есімдік сөздердің жалпы синтаксистік бір ерекшелігі, есімдіктердің өзіне бағыныңқы сөздері болмайды. Яғни есімдіктер сөйлемде қолданылғанда, ешқашан өзіне тән анықтауыш немесе пысықтауыш мүшелерін қажет етпейді. Сонымен, қорыта айтқанда, есімдіктер – мағыналары тым жалпы, контексте қолданылу мақсатына қарай әр түрлі нақтылы мағыналарға ие болатын, субьективті-обьективтік нұсқаушы сөздер.