Грамматика гректің grammatike – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан. Грамматика сөздердің түрлену жүйесін, грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматика екі саладан тұрады: 1. Морфология; 2. Синтаксис. Екеуі де грек тілінен қалыптасқан терминдер ( мысалы: morphe – форма, тұлға және logos – сөз, ілім; suntaxis – құрылыс, тізбек, тәртіп).
Морфология – сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық қасиетін, сөз формаларының ерекшеліктерін, сөз құрамын, сөз таптарының грамматикалық қасиеттерін және олардың синтаксиске ұласатын тұстарын қарастырады (парадигма – грек тілінен келіп қалыптасқан термин: paradeigma – үлгі, мысал, рет дегенді білдіреді, немесе сөздердің белгілі бір тәртіппен түрлену, өзгеру қатарының жиынтығы, үлгісі (мысалы: тәуелдену, септелу, жіктелу үлгілері).
Морфология мен синтаксис грамматиканың өзара тығыз байланысты саласы болып табылады. Мәселен: Жаз келіп, көк шығып, дүние жасарған (М.Әуезов). деген сөйлемге морфологиялық – синтаксистік талдау жасасақ, олардың ортақ қырлары айқындала түседі. Мысалы: Жаз – зат есім, атау тұлғада тұр; келіп – етістік, салт етістік; көк – субстантивтенген зат есім, атау тұлғада тұр, шығып – етістік, салт етістік; дүние – зат есім, атау тұлғада тұр; жасарған – етістік, салт етістік; Синтаксистік тұрғыдан: жаз, көк, дүние – бастауыштар; шығып, келіп, жасарған – баяндауыштар.
Грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы, сөздің тұлғалық өзгеріске түсуі, сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуі арқылы сөйлеу процесінде жасалады. Мысалы, Кеш бойы Абай Пушкинді қайта оқумен болған еді (М.Әуезов). деген сөйлемді талдап көрейік. Мұнда төрт сөз тіркесі бар: 1. Абай оқумен болған еді; 2. Пушкинді оқумен болған еді; 3. қайта оқумен болған еді; 4. Кеш бойы оқумен болған еді.