Практикум материалдары
Қатысушыларды өз әрекеттеріне рефлексиялық талдау жасауға тартудың тағы бір жолы ретінде әдістемелік және педагогикалық кеңесті тренингтер түрінде өткізу пайдаланылады. Мысалы, ол үшін алдын ала "Менің педагогикалық қызметімдегі проблемаларым және шешудегі талпыныстарым" тақырыбында дайындалып келулерін тапсыруға болады.
Әдістемелік кеңес мұғалімдерді өз пәндері бойынша топтастырып отырғызылған соң, негізгі тақырып бойынша әр топ зерттеу жұмысын жүргізеді. Жеке проблемасын презентациялауға төмендегі талаптар қойылады: проблеманың өзектілігі; нақты сынып, не оқушыға қатыстылығы; мұғалімнің өз атынан бірінші жақты айтылуы; бақылау, сұхбаттасу т.б., негізінде нақты фактілер, мысалдардың болуы; шешу жолдарының ұсынылуы, оның сәтті не сәтсіз нәтижелерінің талдануы; әрі қарай жасалынатын әрекеттерді жобалау, болжау; ізденіс бағытындағы пайдаланған әдебиеттер мен қосымша ақпараттар болуы.
Педагогикалық кеңес-соның ішінде инновациялық бағыттағы кеңес-мектептің нақты мүддесіне, мақсатына қызмет етеді. Педагогикалық кеңестің тақырыптары мектептің жылдық проблемасына сай жоспарланады, сөйтіп соңғы жыл аяғындағы кеңесте оқу жылы барысындағы жетістіктер, кемшіліктер мен олардың шешу жолдары талданып, нақты бағыттар айқындалады. Мысалы, педагогикалық ұжымның проблемалық мәселесі "Жаңа оқыту технологияларын тәжірибеге енгізу арқылы білім сапасын көтеру" делік. Сондықтан алғашқы кеңес "Оқушылардың өз бетімен білім меңгеруін тиімді ұйымдастыру жолдары" деп аталып, төмендегі үш сұрақ негізінде терең талдау жүргізіледі: Өз бетімен тиімді жұмысты ұйымдастырудағы сәтті қадамдарымыз қандай? Ол туралы біздің түсінігіміз,білігіміз қай деңгейде? Оы жұмыста біз нені ескермей жүрміз? Қандай мүмкіндіктеріміз бар? Аталған жұмысты тиімді ұйымдастыруға не кесел келтіреді? Оларды қалай жоюға болады?
Кеңеске дейінгі дайындық кезеңіндегі талдау әдістері мен түрлері: сауалнамалар (оқушылар, ұстаздар, ата-аналар үшін), шағын топтардың ізденісі (анкеталарды талдау, педагогикалық-психологиялық әдебиеттерге шолу, ұсыныстар дайындау).
Педагогикалық кеңестің өту барысы: семинар-тренинг. Міне, осы бағыт бойынша келесі педагогикалық кеңестерді төмендегі тақырыптар бойынша өткізуге болады: "Оқушылардың сабақ кезіндегі өзіндік жұмысын ұйымдастыру түрлері мен әдістері"; "Оқушылардың тұлғалық дербестігін дамыту арқылы мектептен тыс өзіндік жұмысқа тарту"; "Қабілеті әр түрлі оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық ерекшеліктері" деп аталып, осы тақырыпты әрі қарай жетілдірудің ғылыми-педагогикалық әдістемелерін меңгеруге арналды.
Сөйтіп, жыл аяғындағы кеңесте аталған проблеманың қаншалықты жүзеге асырылғаны сол кездегі нәтижесі белгіленген өлшемдер мен көрсеткіштер арқылы жан-жақты талқыланып, әрі қарай жалғасын шығармашылық, әдістемелік топтарда табуына жағдай жасалады. Педагогикалық кеңестер аралығында мұғалімдермен жұмыс шығармашылық топтарда жалғастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |