КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДА ЖҰМСАЛАТЫН ТҰРАҚТЫ
ТІРКЕСТЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
Аннотация: Мақалада көркем шығармалар тілінде жұмсалған мақал-мәтелдер
мен тұрақты тіркестердің жұмсалу ерекшеліктері сөз болады. Тілдік
қолданыстардың кейіпкердің әдеби бейнесін ашуда, образ жасауда, автордың ойын
танытуда, өзіндік көзқарасын білдіруде әр түрлі тәсілмен және түрлі жағдайларға
байланысты орайластырып берілуі нақты мысалдар арқылы талданады.
Кілт сөздер: ұлттық болмыс; кейіпкер келбеті; тілдік амал; әлемнің тілдік
бейнесі; авторлық ұстаным; уақыт тынысы; жазушы шеберлігі.
Халықтың ұлттық болмысы, дүниетанымы, өмір сүру салты, әдет-
Хабаршы №3-2015ж.
165
ғұрпының айқын көрінісі тілде қалыптасқан тұрақты тіркестер мен мақал-
мәтелдердің қорында айшықталып, сақталады, баға жетпес рухани құндылық
ретінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады.
Көркем шығармаларда өзгеше бір сипатпен қолданылатын тілдік бірліктер
– мақал-мәтелдер. Олар шығарманы ажарландырып қана қоймайды, жазушы
шеберлігінің арқасында жансызға жан бітіреді. Аз сөзбен терең ой айтуға
қызмет етеді. Ол жазушының баяндау құралында да, кейіпкерлерінің тілінде де
жиі ұшырасады.
Көркем сөз шебері Ғабит Мүсірепов өз шығармаларында халық тілін
пайдаланғанда өз елегінен өткізіп, оған өзінше ерекше әуен, лебізді үн қосады.
Ғабең қолданысындағы кейбір сөйлемдердің өзі табиғаты жағынан нақыл
сөздерге айналып жатады. Бұл, әрине, автор ойының тапқырлығы мен
ұшқырлығынан туындайды.
Мақал-мәтелдің кейіпкердің әдеби бейнесін ашуда, образ жасауда,
автордың ойын танытуда, өзіндік көзқарасын білдіруде рөлі зор. Олар көркем
шығарманың сөз кестесімен етене бірігіп, шығарма тілінің әрлене түсуіне,
ойдың әдемі айшықтармен берілуіне қызмет етеді. Көркем сөз зергері өз
романдарында мақал-мәтелдерді әр түрлі тәсілмен және түрлі жағдайларға
байланысты орайластырып, әрқайсысын өз орнында ұтымды қолдана білген.
Әр заманның көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол
заманның тұрмысынан туған мұратына ұқсап туады. Ғабит Мүсіреповтің
қолданған мақал-мәтелдері де осы айтылған пікірмен дөп түсіп жатыр.
Қазақ әйелінің бағасы мен сипатын, қадір-қасиетін дәл тауып, оны
өзінің даналық сөздері, мақал-мәтелдері арқылы өрнектеп, ұрпақтарына
мирас етуші халқымыздың бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, асылы мен
жасығы туралы көзқарасы аталған теңдессіз мұраларында айқын көрініс
тапқан. Мысалы, «Әйелдің әйелден артықшылығы – мінезінде», «Көріп алған
көріктіден, көрмей алған текті артық», «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі
келсін», «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы
еркекті надан қылады», «Жақсы әйел өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіңе
тұз артады» дейтін халық даналығында жүрген мақалдарды орайын тауып
келістіреді. Соның нәтижесінде фразеологизмдер оқиға желісінің ыңғайында
орынды пайдаланылып, шығарма тілінің көркейе түсуіне септігін тигізіп
тұрады.
Сөз зергері әйел затын, ана құдіретін шығармаларының негізгі өзегі етіп
алды десе де болады. Жалпы "Оянған өлке", "Жат қолында" романдарының
басты тақырыптарының бірі – қазақ әйелінің тағдыры. Романдардың негізгі
нысанасы – қазақ тұрмысына ене бастаған жақсылық, жаңалықтарды көрсету
болса, осы қазақ әйелі тақырыбы онымен біте қайнасып жатыр. Бұның
астарында қазақ әйелінің жан сұлулығы мен қайсарлығының алдында үнемі
бас иіп, риза болу сезімі жатса керек.
Қарағандыға келген жұмысшылар ауыр жағдайда еңбек етеді.
Барактарда өмір сүріп, күн кешеді. Соншалық ауыр күйге түссе де еңбек
адамдарының жігері жасымайды. Сол қиын өмірдің өзінен жақсылық, ізгілік
таба біледі. Осындай жағдайда күрескерлік дәрежеге көтерілген
Кенжеғарадай қажырлы жан қорғаныш болады. Осы жәйттерді автор былай
берген: «Кенжеғара келіп араласқанша бұлар да «бөрі арығын білдірместің»
Хабаршы №3-2015ж.
166
деңгейінде ғана тұратын" [1, 137 б.]. Сөзі өтімді, екі жақ та бірдей
тыңдайтын: шонжарлар жағы күйзеліп тыңдайтын, жарлылар жағы үмітпен
тыңдайтын Кенжеғараға ел билеу тізгінін бермек болып өзінен жасы кіші
болса да «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра деген дұрыс сөз екен»
[1, 63 б.] - деп Игілікке салмақ сала келген кәрі би «Өсер елдің баласы он бесінде
баспын дер, өспес елдің баласы жиырма бесте жаспын дер» [1,65] дегендегісі осы
Кенжеғараға қатысты айтқаны болатын.
«Бала соққан кездіктің басы жарық» [1, 65 б.] - деп Игілік сенімсіздік
көрсеткендей болғанмен, оқығаны, ойлағаны бар Кенжеғара әділет іздейді,
даланың жөн-жосықсыздығын бұзғысы келеді, өсіп-жетіле береді. Автор өзін
ойлантып-толғантқан ой-пікірлерінің денін айтуды Кенжеғараға жүктейді.
«Бірінің басы ауырса, бәрінің балтыры сыздайды», «Ойда он өгіздің
мүйізі сырқыраса, қырда қырық өгіздің мүйізі сырқырайды» [1, 323 б.] деген
мақалдар арқылы суреткер бір үйдің адамдарындай болып кеткен адамдардың
арасындағы достық, татулық, туысқандық, бауырмалдық сезімдерін айнытпай
танытады.
Жазушы тарихи мазмұнға бай мақал-мәтелдерді ұтымды пайдаланады.
Мысалы: «Дау қуған ел жауығар, бау қуаған ел сауығар», «Бүтін тұрғанды
бүлдірмес болар»; «Өрттің өзінен бұрын түтіні көзге түседі»; «Ағашқа
мәуе бітсе бәсең-бәсең» тәрізді жазушы пайдаланған мақал-мәтелдер дүние
үзіктерінің тілдік константалары болып табылады. Өйткені мұнда өмір
сынынан өткен халықтық пәлсапаға кездесеміз, оларда ұлттық даналық,
психология мен тұрмыстық тәжірибе жатыр.
Мақал-мәтелдер жазушының қаламгерлік зертханасынан өтіп, әрқайсысы өз
орнын табады. Кей тұстарда олар халық тіліндегі түпнұсқасымен берілсе, енді бірде
оқиға мазмұнына сәйкестеліп жазушының стильдік қолданысына түседі, яғни
халық даналығынан туған дайын нұсқаларды пайдаланумен бірге, сол
үлгімен жазушы өзі де жаңа мақал-мәтелдер жасайды. Тағы бір ерекшелігі –
Ғабит Мүсірепов кірме мақал-мәтелдерді де барынша ұтымды пайдаланады.
Сөзіміз жалаң болмас үшін мысалдарға жүгінейік. Автор "Қорқау
қасқырға жем болғанша, арыстанға жем болған жақсы" деген халық аузында
кең тараған мақалды осы күйінде қолданбай өзінше құрады. Бұл мақалды өз
мақсатына бағындырып, шығарма мазмұнымен байланыстыра "болыстың
өзінен гөрі поштабайының боқтағаны қатты батады» [1, 228 б.] деп
өзгертіп,басқа сөздермен мазмұнын беріп қолданған.
«Оянған өлке» шығармасында Осы ызамен келе жатқан Омар көңілі
"Әдемі алма көргенде пышақтың да тісі қышып кетеді» дегендей, Сармантай
жағының қызына ауытқып еді [1,87] деген сөйлемдегі мақалдың кірістірілуі
барынша қисынды әрі жеңіл әжуа туғызарлық қолданыс. «Оянған өлкедегі»
Рязанов бір сөзінде «Ақша араласқан жерге есеп-қисап керек дейді ғой орыс
мақалы» [1, 73 б.] - дейді. Бұл қолданыс орыс тіліндегі «Деньги любят счет»
мақалының қазақ тіліне аударылып берілген нүсқасы. Тағы бір жерде автор
Қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дейді. Орыстарда «бір бөшке
балды бір тамшы карамай бұзады дейді» [1, 88 б.] - деп, қазақ тіліндегі
мақалға синонимдес орыс тіліндегі «Ложка дегтя портит бочку меда» мақалын
қазақ тіліндегі аудармасы күйінде береді. Ғ.Мүсірепов романдарындағы
мақал-мәтелдер көп жағдайда өзінің тұлға-тұрпатын сақтап, автор ойымен
Хабаршы №3-2015ж.
167
«дер», «деген», «дейді», «дегендей» сияқты дәнекерлер арқылы байланысады.
Мысалы: «...бала соққан кездіктің басы жарық дегендей...», «...бір қарын майды
бір құмалақ шірітеді дейді», «Әйел әйелді сықайынан таниды дегендей...»,
«Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра деген...» т с.с. Автор кей
жағдайларда мақал-мәтелдерді бөліп, тырнақшаға алмай қолданса, кейде
тырнақшамен бөліп көрсетеді. «Құдай сыбырлағанды естісе, сайтан
сыбырламасақ да естиді», «жаман иттің атын Бөрібасар қоймас болар»
«ештен кеш жақсы» «шығасыға иесі басшы болады» «жауластыру жаушыдан,
елдестіру елшіден»[1, 96 б.] сияқтылар тырнақшаға алынған. Осылайша мақал-
мәтелдер бірде төл сөз ретінде, бірде құрмалас сөйлемнің бір сыңары болып
келеді. Тіпті кей жағдайда мақал-мәтелдер дербес бір сөйлем ретінде көрініс
табады. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Орыс
байыса там салады, қазақ байыса қатын алады», «Он бесінде ұл еркек, он
жетіде қыз да еркек» [1, 211 б.]. Мұндай жағдайда келтірілген мақал-мәтел
автордың, әйтпесе кейіпкердің алдында айтқан ойларына қорытынды етіп
алынады.
Ал «Әй, кісі асына сабыр бар деген, сабырлап жесеңші» [1, 203 б.],
«Сол «шала молда дін бұзар, шартық қошқар қой бұзар» - деген бар емес пе,
қара ат дегенді «шорнай лошит деп жазыпты» [1,198] тәрізді мақал-мәтелдер
жеңіл юморға құрылған.
Мақал-мәтелді қолданбайтын ақын-жазушы жоқ, алайда, әркім өзінше
келістіреді. Мақалға қарағанда мәтелді жазушы Сафуан Шаймерденов аса жиі,
әрі қазақи тұрмыстың шынайы өмірін дәл көрсетуде шебер пайдаланғанын
байқаймыз. Себебі мәтел айтайын деген ойды емеурінмен, тұспалмен жеткізудің
таптырмас құралы. Мысалы : Сондай бір ашумен: – «Сау басыма сақина
тілеп» – дегендей, жоқ жерден өнбес жұмыс тауып әуре-сарсаң болғаныма
кейіңкіреп есіктің алдында отыр едім, кенет астындағы құласын жүгіртіп
кесек денелі, адырақ көз бір қара қасыма келіп тоқтай қалды [2, 39 б.].
«Үмітсіз сайтан ісі» дегендей жақсыға қолымызды созамыз, бірақ
уысымызға ілікпесе, сабырсыздық танытып мінез көрсетіп жатпаймыз [2,
54б.].
– Суға кеткен тал қармайды дегендей: «Сөйтсе де, бірге өскен құрбы
емес пе, ең болмаса, кететінін күн ілгері айтып, сырласпайтын не болыпты
Қарғашқа? Ойымдағыны сонда жеткізермін!» – деп далбасаладым [2, 13 б.].
«Ашу»повесінде де мақал-мәтелдерді жиі ұшырастырамыз.
– Арақ буына түскен адамға «Сырдың суы жұлығына да келмейтіні»
бар емес пе? [2, 151].
Расында да Ұмсындықтың сол білегінде ит тісінің таңбасы. Қан әлі
тоқтамапты. – Құтырған ит иесіне шабады деген осы [2, 133 б.].
Қонақ сәл ойланды. – Төсекте басы, төскейде малы араласқан қырғыз-
қазақ туыс елміз. Бір күшігіңді қисаң қайтеді? [2, 149 б.].
«Ел құлағы – елу» дегендей, ауылдан келгендердің кейбірі Қарғабекті
көрінеу жамандаса, кейбірі астарлы күлкімен: «Ол ма? Ол...» деп айрықша
мән бере әжуалап, көңілге түйткіл салып кететін-ді [2, 182 б.].
Келтірілген мысалдардағы «ер қанаты - ат», «ноқталы басқа бір
өлім», «жүйріктің делебесі дуда қызады», «таңдағы тамақ тәңірден», «ит
қағанағына қақалмайды», «суға кеткен – тал қарамайды», «үмітсіз сайтан
Хабаршы №3-2015ж.
168
ісі», «сау басына сақина тілеу», «сырдың суы жұлығына да келмейді»,
«құтырған ит иесіне шабады», «ел құлағы – елу» сияқты мақал-мәтелдер –
шығарма жанына әр кіргізеді. Халықтың қазынасы болып табылатын мақал-
мәтелдер – келелі ой, кең мазмұнды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-
ақ ауыз сөзбен айтып берудің тамаша үлгісі. Оларды көркем шығармада
пайдалана білудің маңызы зор. Орнын тауып қолданған әрбір мақал мен
мәтел ойды өткірлеп, ажарландыра түседі [3, 257 б.].
С.Шаймерденов мақал-мәтелдерді халықтық сипатта қолданумен қатар,
өзінше өзгертіп жаңғыртып та жұмсаған. Мысалы: Өзі қонақтап отырған
бұтақты өзі аралаған Қаһар Жүсіпті не деуге болады?! [2, 22 б.]. Прозадағы
өзі қонақтап отырған бұтақты өзі аралаған анықтауыштық қатынаста
жұмсалған үйірлі мүше – халық тіліндегі «өз қолыңды өзің кеспе», «суын
ішкен құдыққа түкірме», т.б. мақал-мәтелдермен мәндес болса, орыс тілінің
«не руби сук, на котором сидишь» мақалының аударылып алынған нұсқасы
деуімізге негіз бар.
Қаламгер кейіпкердің бейнесін ашу мақсатында халық арасында жиі
қолданысқа түсетін мақал-мәтелдерді кейіпкердің өз тіліне бейімдеп
айтқызады. Мысалы: «Байтал түгіл бас қайғының» кері болып,
мұғалімдіктің өзінен айрылмай аз-ақ қалдым [2, 31 б.]. «Шешінген судан
тайынбайдының» кері ме, миы шығып, қорысқа айналып кеткен ақшу
көшелермен аяғымды қағылез басып, салып келем [2, 64 б.]. Мешкей деген
жақсы емес. Тілімді алсаң, қоныс аудар [2, 76 б.]. Сыйламақ парыз бізден.
Алмақ парыз сізден. Әңгіме жорғада емес, көңілде [2, 47 б.]. «Қыз сырын
сұрамас болар... қыз арынын сынамас болар...» – деп Қарғаш та болмайды [2,
65 б.]. «Ат тұяғын тай басар» деген, Балуан Шолақтан бата алған баласың,
жаяу қалғаның жарамас [2, 54 б.]. «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмас»
дегендей, дамбалсыз жүрген күніңді көрген соң, бала санай береміз-дағы [2,
24 б.].
Автор мақал-мәтел құрамындағы лексемаларды ауыстырып, мақал-
мәтелдің құрылымын кеңейтіп және тарылта, мақал-мәтелді түрлендіре
жұмсайды. Мысалы: «Екеуі де сөзуар, от ала келіп, отыз ауыз әңгіме
шертетіндердің дәл өзі» [2, 21 б.].
«Түнергені болмаса жауары жоқ», «Тақияңа тар соқпайды», «Тоғанын
ағытқан судай» деген секілді мәтелдер өзгеріске ұшырап, жиі айтылған.
Кейіпкердің ішкі сезім күйін көрсету мақсатында қолданылған мақал-
мәтелдер де кейіпкердің өз ырқына бейімделіп, өзгертілген.
Қарғаш күлкісі қаттырақ шықты: – Қарашасын таратып жіберсе, хан
хан бола ма? – Баяғыдан бері көрші отырып, сені бөтенге қоя берсе, жігіт,
жігіт болмайды [2, 29 б.].
Жазушы мақал-мәтелден кейiн «дептi ғой», «деген екен», «дегендей»
етicтiктерi мен «әдеті емес пе», «кебін киіп», «кері болып», т.б. өз жанынан
сөздер қосып, мақал-мәтелдерді ажарландыра түскен.
«Ақсұңқар балапаны үшін торға түседі» демей ме, жаңылыстан мені
үйде қалды деп ойлап, лаулаған оттың ішіне қойып кеткен де, содан қайтып
шықпаған [2, 13 б.]. Оқыған адамның көзі ашық демейтін бе еді, өзі де білер
деген шығармын [2, 11 б.]. «Жығылған үстіне жұдырық» – дегендей, осы бір
жүдеу көңілімді көрші ауылдың мына Арам сары тұрғылас бір қу тақымы
Хабаршы №3-2015ж.
169
қарсы кездесіп мүлде құлазып кетті [2, 61 б.]. «Іріген ауыздан шіріген сөз
шығады» дегендей... Есің дұрыс па өзіңнің? – деп ұшып тұрды да есікке
ұмтылды [2, 53 б.]. Жалғыздық бір алланың өзіне ғана жарасқан, шаршадым,
шырағым. Қайтсең де бірер жыл қасымда бол, – деп қарсы болды [2, 5 б.]
деген сияқты сөйлемдер шебер қолданыс тапқан.
Сафуан Шаймерденов бейнелі, әсерлі сөз қолданыстары – қаламгердің
оқырманын өзіне тартар көркемдік ерекшеліктерінің бірі. Қаламгердің
халықтық мақал-мәтелдерді көркем шығармаларында молынан қолданып,
қажетіне жаратуы – халық тілінің байлығы, ауыз әдебиетінің нақыл сөз
үлгілерінің әдеби тілімізді байытуда рөлі ерекше екенін дәлелдейді. Мақал-
мәтелдер қандай мақсатта, қалай қолданылса да өзінің табиғатына біткен,
эмоция туғызатын әсер күшінен айрылмайды. Мақал-мәтелдер ойды
дәлелдеу, кейіпкерді бағалау, эмоцияны білдіру, пікір қорыту сияқты
қызметтерде жиі көрінеді. С.Шаймерденов халықтық мақал-мәтелдерді
кейіпкерлердің сөйлеу тілінде, кейіпкерлердің бейнесін нақтылауда жұмсап,
оларды тілдік амалдың бірі ретінде қолданған.
Сонымен мақал-мәтелдер айтылар ойды ықшамдап жеткізуде де, сөздің
тоқ етерін айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуда да жетекші
орын алады. Қаламгер әңгіме орайына сәйкес келген мақал-мәтелдерді
молынан келтірген. Мақал-мәтелдерді кейде еш өзгеріссіз, кейде көмекші
етістіктермен, кейде өз жанына жақын сөздер қосып сәл өзгертіп береді. Бұл
авторлардың сөз саптаудағы тіл шеберлігін көрсетеді.
Жазушылар шығармаларындағы тағы бір тілдік бірлік – тұрақты
тіркестер. Сафуан Шаймерденов шығармалары тілінің көркемдік ерекшелігін
қарастыруда
тұрақты
тіркестер
ерекше
көзге
түседі.
Қаламгер
туындыларында фразеологиялық тіркестердің тілге көркемдік беретін,
эмоционалды-экспрессивтік қызметі талғампаздықпен жасалған. Тұрақты
тіркестер көбінесе кейіпкердің сыртқы кейпін бейнелеуде қолданылады:
Кеспірі өрт соққандай; етегі елпі, жеңі желпі; бал-бұл жанып, қызара
бөрткен; қайыстай қатқан т.б. Кейіпкер бейнесін жасауда, кейіпкерге тілдік
мінездеме беруде фразеологизмдер ұтымды жасалған.
− Мұғалім бала-ау, екі иініңнен су кеткендей ұнжырғаң түсіп кетіпті
зат өзіңнің. Өстіп көз майыңды тауысып, соңынан қарап қала бергенше,
қасыңа отырғызып алып неге кетпейсің? Ай, ынжықсың ғой деймін. Аузын
буған өгіздей үндемейтін Арамсарыдан жұрт неге қаймығады. Ай, біздің
Қараекең сөйлейін десе, тілдің майын тамызды-ау өстіп... [2, 294 б.].
Тұрақты тіркестер кейіпкердің ішкі сезім толқынысын дөп басып, дәл
жеткізу үшін қолданылған:Ұмсындықтың қара көзі от шашып, жалт етті.
− Ендеше ана малды жинап алыңдар. Боқтарыңды теріп жүре алмаймын
сендердің, - деп, тебіне жөнелді [2, 259 б.]. Амал бар ма, тасыған көңіл судай
басылды[2, 35]. Көктен тілегенім жерден табылғандай [2, 35 б.]. Берілген
сөйлемдердегі: көзінен от шашу, көңілі судай басылу, көктен тілегені
жерден табылу тіркестерінің кейіпкер көңіл күйіндегі өзгерістерді, ашу-ыза,
ренжу, қуану сияқты сезім толқындарын оқырман қабылдауына әсерлі
жеткізуіндегі қызметі ерекше. Кейіпкер басындағы психологиялық жай-күйді
танытатын
тұрақты
тіркестерді
қаламгер
туындыларынан
көптеп
кездестіреміз: жүрегі мұздау, тілі байлану, қаны қайнау, жаны мұрнының
Хабаршы №3-2015ж.
170
ұшына келу т.б.
С. Шаймерденов шығармаларындағы тұрақты тіркестердің бірқатары
қазақы өмірге қатысты құбылыстарды бейнелеп, ұлттық ерекшелікті
танытады.
− От ала келдің бе, неге қашып бара жатырсың?[2, 259 б.].
Дүкен алдында қара-құра кісі көп. Кезекте тұр. Қант, май, шай-бәрі де
осында. Қазанбас сатушы таразыны асықтай үйіреді.
Осы мысалдардағы от ала келу (асығу деген мағынада), асықтай үйіру
тіркестері – қазақ өміріне тән құбылыстардан алынған, ұлттық нақышты
өрнектейтін тіркестер. Мұндай тұрақты тіркестер жөнінде ғалым Р. Авакова:
«Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын фраземалардың әлемнің тілдік
бейнесін жасаудағы орны ерекше болса, оны танымдық тұрғыда талдау
қазақы өркениетті ұлттық мәдениеттің табиғаты мен бітім-болмысын ашуға
мүмкіндік береді»,- деп түйіндейді [4, 21 б.].
Осындай тұрақты тіркестерді қолдану арқылы қаламгер өзі суреттеп
отырған ауыл өмірі мен ауыл адамдары бейнесіне шынайылық сипат беріп,
оқырман көңілінде жағымды әсер қалдырған. Қаламгер қолданысында
қарапайым фразеологизмдер де ұшырасады. «Әдеби тіл нормасына сай
келмейтін, жай дөрекі тұрақты тіркестерді қарапайым фразеологизмдер
дейміз. Алайда ол әдеби тіл нормасына жатпағанымен, көркем әдебиетте
образ жасау үшін кейіпкер сөзінде кездесіп отырады. Бұл тілдік амал арқылы
жазушы кейіпкердің ой-өрісі, өскен ортасын, әлеуметтік халін, мінез-құлқын
көрсетеді» [4, 34 б.].
− Қара басыңа көрінгір, не болды саған? Кет, – деп жекірген кезі де бар
[2, 206 б.]. О, иттің баласы! Сомадай боп бір тоқтыға шамаң келмей жатыр
ма? [2, 128 б.].
Кейіпкер тілінде қолданылған қарапайым фразеологизмдер кейіпкердің
мінез-құлқын, мәдениетін көрсетуде ерекше роль атқарған. Мұндай
қарапайым фразеологизмдер тек кейіпкер тілінде ғана кездеседі және ерекше
стилистикалық қызметімен ерекшеленеді.
Қаламгер тұрақты тіркестерді автор сөзінде де, кейіпкер сөзінде де,
қисынын тауып, орынды пайдалана білген. Мұндай тіркестер жазушы
туындыларында әр түрлі стильдік мақсаттарға орай орын табады. Олар
кейіпкер бейнесін жасауда, портретін беруде, кейіпкерге тілдік мінездеме
беруде, сондай-ақ қаһарманның басындағы психологиялық жай-күйді
аңғартуда
өте
сәтті
қолданған.
Кейіпкер
тіліндегі
қарапайым
фразеологизмдердің стильдік қызметі зор. Мұндай тіркестер кейіпкер мінез-
құлқын ашуда таптырмас құрал болып табылады. Тұрақты тіркестердің сәтті
қолданылуы, мазмұн әсерлігіне қызмет етуі қаламгер шеберлігінің бір қыры
деуге болады.
Сафуан Шаймерденов алдымен, тұрақты тіркестерде берілетін ойды
алдын-ала еркін тіркестер арқылы баяндап, мағыналас ұғым, суреттермен
сипаттаған. Мысалы: «Бұл шіркінге не болды?» − деп жұрт аң-таң. Қарғаш
қылығы оларға терең жұмбақ. Оларға жұмбақ болғанымен маған аян. Сол бір
жұмбақ барша жұртқа паш болса, құрыдым ғой онда. Жұрт көзіне қалай
көрінем? Кезенген мылтықтың аузына қарсы жүргендей күнде мектепке құр
сүлдерім келеді. Қашанға дейін өстіп бітеу жараға ұқсап жүре бермекпін.
Хабаршы №3-2015ж.
171
Келсе екен тезірек деймін. Өлетін баланың молаға қарай жүгіретін әдеті
емес пе, көрсем деп аңсаймын.Әлде бір тал қармағандай: өкпеге қиса да
өлімге қия қоймайтын шығар, -деп жоқты медеу тұтып, жұбаныш табам
ондайда. [2, 120 б.].
Балуанның баласынан айырылғандығына күйінген жазушы: «...Битабар
тұрмады. Жата берді. Көңіл айтып үлкен келді. Көңіл айтып кіші келді.
Дүниенің фәнилығын, жалғандығын айтады. Әдемі айтады: ноқталы басқа
бір өлім. Бәріміздің барарымыз сол піл сауырлы қара жердің суық бауыры...
Әуел баста солай жазған... Жазмыштан озмыш жоқ...» [2, 217 б.].
С.Шаймерденов
шығармаларында
тұрақты
тіркестер
көбіне
кейіпкерлерінің тілінде жұмсалып, сөйлеу стилінің сипатын береді.
Ғабит Мүсірепов шығармаларында аңшылыққа: қақпан құру, ор қазу,
құрылған тор т.б.; жаугершілікке: ел шабу, атарға оғы болмау, айбар шегу,
тегеурін көрсету т.б.; діни наным-сенімдерге: құрай төбесінен ұру, басына
жұмақ орнату, қияметтің қыл көпірі т.б.; төрт түлікке: ат тұмсығын тіреу,
әукесі салбырау, айдағанға жүру т.б. байланысты мәдени ақпарат беретін,
ұлтқа тән дүниенің тілдік бейнесін танытатын әдеби фразеологиялық
тіркестер көптеп кездеседі.
Қаламгер Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында: «Ақ үйдің
ортасында от маздап тұр. Жұрт аяғы басылған шақ. Қасында екі жеңгесі,
Ұлпан келіп кірді. Әдеттегі еркекше киімде емес, қыз киімінде келіпті.
Есеней қуанып кетті» («Ұлпан» романынан). Жазушы «Жұрт аяғы басылған
шақ» деген сөйлемдегі «жұрт аяғы басылу» тұрақты тіркесі арқылы адам
аяғының саябырсыған, мал шаруашылығымен айналысатын азан-қазан болып
жататын қазақ ауылының тыныштық тапқан кезеңін құлағымызға етене
таныс болып кеткен тіркеспен береді. Бұл аталған жайттардан тілдік
тұлғаның қатысым барысында негізгі сөздік қорды шебер қолданып,
шығарманы жаңа сөз өрнектері арқылы байытып отырғанын аңғарамыз.
Ғ.Мүсірепов тілдік бірліктерді қатысымдық тұрғыдан қолдану арқылы әрбір
оқырманға этномәдени ақпарат береді.
Тілдік бірліктер сөз тіркесі не фразеологиялық тіркес түрінде келіп,
тура немесе ауыспалы мағынаға ие болады, ол контекcтен анық көрінеді.
Мысалы, «Ауылда қалған ұя бөріктер, шал-кемпірлер жүгіріп Итемген үйіне
жинала қалды». Осындағы ұя бөріктер тура мағынасында емес, ер адамдар
деген мағынада қолданылған. Жазушы ұя сөзі мен бөрік сөздерін кездейсоқ
таңдап алмаған. Мұның астарында үйден шықпайтын еркектер деген ұғым
жатыр. Ұя бөріктер тіркесіндегі бөріктер сөзі «ер адамдар» деген мағына
беріп, үйшік еркектердің Итемгеннің үйіне жиналғандығын баяндайды. Егер
де, сөйлемдегі ұя және бөрік сөздері сөз тіркесі түрінде келмесе, автордың
айтпақ ойы ашылмас еді. Тіркес құрамындағы сөздердің қандай қатысымдық
мәнде, не үшін жұмсалып тұрғандығын контекстегі қолданысы айқындайды.
Сөздердің атауыштық мағынадан қатысымдық мағынаға көшуінің бірден-бір
жолы – сөз мағыналарының коммуникативтік акт кезінде өзгеруінде және ол
сөздердің
контекс
құрамындағы
мағыналық
байланысы
арқылы
айқындалады.
Адам өзінің танымдық және қоғамдық әрекеттерінің барысында
дүниеден немесе басқа да ақпарат көздерінен алған мағлұматтарын нысанаға
Хабаршы №3-2015ж.
172
алып анықтау және іске асыру үшін тілдік бірліктерге жүгінеді. Тілдік
қордағы сөздер қолданыс барысында автордың қатысымдық мақсатына қарай
мағыналық өзгеріске ұшырайды және ойға қатысты ақпаратты дәл көрсетуге
септігін тигізеді. Бұл жөнінде: «...тіл – сөздер жиынтығы жинақталған үлкен
«қойма» болса, қолданыстағы тіл, яғни сөйлеу – «қоймада» сақтаулы тұрған
сөз бірліктерінің кәдеге асуы болады» деген тұжырымның орындылығына
көз жеткіземіз [5, 86 б.].
Тілдің қатысымдық мәнін анықтауда тура және ауыспалы мағына
сөздің қолданыс барысында өзгертіліп қолданылуының негізі факторы болып
табылады. Мысалы: - Ит жанды ит тірілді ғой! – деп қос қабатталған
қамшы бас-көзіме жауып кеп кетті («Ашынған ана» әңгімесінен). Жігіттерде
үн жоқ. Түні бойы едәуір қалыңдап қалған көбік қарды етектерімен сызып
бұлтаң-бұлтаң етіп жүріп келеді. Қарындары ашқан. Аздап қамшы жеген.
Есенейдің ұрыға қаталдығын да естіген. Қорқып келеді. Мәтінде автор
қолданысындағы қамшы жеу тіркесі «таяқ жеген», «соққы көрген» деген
мағынада жұмсалса, ит жанды, қарны ашу тіркестері мейлінше жиі
қолданатын тіркестер. Тіпті кей жағдайда мұндай тіркестердің даяр тіркестер
екендігін бірден байқай бермейміз де, алайда оқиғаны шындыққа жанасымды
етіп шебер үйлестіруде қажет ететін таптырмас құрал екендігін
мойындаймыз.
Жалпы фразеологизмдерді қатысымдық жағдаятқа байланысты қолдану
мағыналық өрістің ұлғайуына әкеледі. Қатысым барысында сөздердің
белгілерінің ортақтығына қарай семалар қатары кеңейеді, олар парадигмалық
мәндік қатынас түрінде келіп актуалданады. Осының әсерінен қатысымдық
мағына өрісі түрленеді. Көркем шығармада тілдік бірліктер сыртқы тұлғасы
жағынан да ішкі мазмұны жағынан да автордың айтайын деген ойын іске
асыру мақсатында бір-бірімен тығыз байланыста жымдасып жатады. Сөйтіп,
көркем шығарма тіліндегі қатысымдық бірліктер шығарманың тұтас
мазмұнын түсінуге, идеялық мақсатын ашып беруге мүмкіндік береді. Оның
үстіне кез-келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түсетін, тілге орала
кететін даяр тіркестер көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын
нәрсені бір-ақ ауыз сөзбен ұғындырады.
Қорыта келгенде, жазушылар қолданысына түскен халықтың ғасырлар
бойы жинаған тәжірибесінен туған фразеологизмдер прозада өз орнын тауып,
шығарма тілін шұрайландырған. Мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер
кейіпкер тілінде де авторлық баяндауда да орынды жұмсай білу қаламгерлер
шеберлігінің бір қыры болса керек. Екі жазушының да шығармаларындағы
жұмсалған асыл мұрамыз, біріншіден, олардың дүниетанымдарының кеңдігін,
өрелерінің биіктігін, ойларының ұшқырлығын танытса, екінші жағынан, уақыт
тынысын, заман сырын, кейіпкер келбетін ашуда үлкен көркемдік әрі
идеялық жүк көтеріп тұр.
Әдебиеттер:
1.
Мүсірепов Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. – Алматы: Жазушы, 1980. – 592 бет.
2.
Шаймерденов С. Таңдамалы шығармалар. 2 томдық. – Алматы. Жазушы,
1982. Т. 2. Повестер, портреттер. – 520 б.
3.
Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол.ғыл.докт.
автореф.: 10.02.02. – Алматы, 2007. – 49 б.
Хабаршы №3-2015ж.
173
4.
Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма. – Алматы, Республикалық
баспа кабинеті, 1998. – 128 б.
5.
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі: Монографиялар. Мақалалар.
Баяндамалар. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006. – 369 б.
Таласпаева Ж.С., Кадыров Ж.Т.
Этнокультурная особенность фразеологизмов и пословиц-поговорок
используемых в художественных произведениях
В статье рассматривается мастерство использования фразеологизмов и
пословиц
в
художественных
произведениях.
Раскрываются
особенности
изображения героев и авторская позиция. Применение художественных приемов
анализируется в лингвистическо - стилистическом аспекте на основе конкретных
языковых материалов.
Ключевые слова: национальный менталитет; образ героев; языковой прием;
языковая картина мира; авторская позиция; мастерство писателя.
Talaspayeva Zh., Kadyrov Zh.
Ethnocultural peculiarities of phraseologisms and proverbs in literary works
The article examines the mastery of using phraseologisms and proverbs in literary
works. Peculiarities of depicting heroes and author`s position are presented here. The
usage of literary techniques is analyzed in terms of linguistic and stylistic analysis on the
base of certain language materials.
Key words: national mentality, image of heroes, linguistic device, linguistic
worldview, author`s position, writer`s mastery.
***
УДК: 821.111(411)
Лысенко Н.К. − магистр, преподаватель
ЗКГУ им. М.Утемисова
Е-mail: lysenko.nl@gmail.com
Достарыңызбен бөлісу: |