Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР



Pdf көрінісі
бет20/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   65
АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР 
 
Отарова А.Н. 
ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор 
Таджимұратова Ж. 
КЯЛ-18 тобының 4 курс студенті 
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті 
Ақтау қ., Қазақстан 
Аңдатпа. 
Мақалада Маңғыстау өлкесінің көрнекті ақпа ақыны Ақтан Керейұлы
толғау жaнpлapының ерекшеліктеріне тоқталған. Дидактикалық -философиялық сипатын 
айқындап, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік 
мәні, epeкшeлiгiн тaнытaтын көpкeмдiк aмaл-тәciлдep capaлaнып көpceтiледi. 
Ақын – жыраулардың дүниетанымы, философиялық ойлары төл философиямыздың 
қалыптасуына бірден бір рухани негіз бола алады. Олардың айтқан жыр-толғауларында 
тарих шындығы, адам, қоғам, табиғат мәлелері негізгі өзекті орын алады.
Түйін сөздер:
ақын-жыраулар, толғау, дидактикалық үлгілер, метафора, теңеу, 
көркемдік ерекшеліктер 
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен сөз 
зергері - Ақтан Керейұлы тамырын қалың Адай қонысы Маңғыстау түбегінен алатын
саңлақ, мырза халқының ырза көңілінен туған «жүйрік» деген атқа лайықты бесеудің бірі. От 
ауызды, орақ тілді ақынның алдында, бұл өңірде батыс аймағындағы кейінгі буынның бәрі 
дерлік үлгі қылған Абыл, Нұрым болған. Ақтан сондай дүлдүлдердің біразымен: Нұрым, 
Қашаған, Қоспақ, Құлманбет, Жаскілең сияқты тұмсасынан тежеу бермес өңшең өрісті 
таланттармен қатар жүріп Түркіменстан, Бесқала жеріне дейін аралай өнер өрбітіп, халық 
құрметіне бөленген. 
Ақынның өз сөзімен айтсақ, «тұяғы тайпақ сүргіндер» болатын. Тұтас жатқан бір 
мектеп. Осылардың бірсыпырасымен, мысалы, Қоспақ, Нұрпейістермен сөз қағыстырған.
Ақтан ақын, біріншіден, көл көсір көне мұралардың басым көпшілігін жаттап алып
ұғымды қолданса, екіншіден солардың мәнді дегенін ғана кәдеге жаратып, өзгесін өз 
жанынан қосып, әрлеп, дамытып, жырлайды. Бұл тек Ақтанға ғана емес, сол тұстағы 
импровизация дәстүрін ұстанған ақындардың бәріне тән ерекшелік болатын. Ақтанға 
Шалкиіз, Абыл, Махамбет, Шернияз жырларындағы өршілдік, Бұқар толғауларындағы 
сыршылдық пен ойшылдық та тән. Бірақ бұл өзара ұқсастықтар айтылар ойдың орамына 
сәйкес әр ақында әр түрлі сипат алып отырады. Кей жерлерде стилі Әбубәкір Кердерімен 
ұштасса, көзқарасы Балқы Базармен тоқайласып жатады. Мысалы, Ақтанның «Жайық деген 
жанды су» деп басталатұғын өлеңі Базар жыраудың «Саз керек атқа шаппаққа» деген 
толғауының екінші бөлігін түгелдей дерлік қайталайды. Тек кейбір сөздерде ғана аз ғана 
өзгерістер бар: Ақтандағы «Алқалы жерге шапқандай» деген тіркес Базарда «Арқалы жерде 
шапқандай», Ақтанда «Шықпай отыр домбырам, Сырылдап мұның қақпағы» десе, Базарда 


61 
«Сұңқылдап отыр домбырам, сартылдап мұның қақпағы» деп келеді. Мұның өзін суырып 
алып айту дәстүрінде туып қалыптасқан поэзиямыздың өзіндік сипаттарын белгілейтін 
жанрлық бір ерекшелігі дер едік. 
Мақаланың зерттеу материалы ретінде аймақтық әдебиеттану, өлкедегі ақын-
жыраулар шығармашылығы, оның ішінде Ақтан Керейұлының толғау,жырлары алынды. 
Мақалада жыраудың толғау, жырларын тарихи көзқарас ұрғысынан талдау, типологиялық, 
көркемдік құралдардың қолданысы, поэтикалық талдау т.б. әдістер қолданылды. 
Ақтан өзіне дейінгі басқа ақын –жыраулар тәрізді ел-жұртты әдептілік пен адалдыққа, 
өршіл талап пен қанағатшылдыққа шақырады. «Адал жүріп, шын сөйле» деген өлеңінде: 
Адал жүріп, шын сөйле- 
Асығың түсер алшыдан 
Мақтанғанмен аса алмас, 
Өзіммін деген жігіттер, 
Кем болса, қатар шарқынан, 
немесе, «Әдептен құр қалмассың, Үлкенге сәлем бергенің»-деп сәлем беруді мәні 
терең әдептілікке балаған.
Ақтан ойға берік, сөзге жүйрік талғампаз да суреткер ақын. Ол көркем сөз –тілдің күш 
құдіреті мен өмірлік мәнін терең түсініп, оны адам санасын өзгертіп, тәрбиелеуде таптырмас 
құрал деп білген: 
«Халық әдеті болғасын, 
Сөйлейін әуез созбалап. 
Дидар болып сөзіме, 
Әлеумет тұрсын, омбалап, 
Сөз асылын табармын, 
Жалқаулық етпей қорғалап. 
Екпіндесем кетермін, 
Ақбөкендей ормалап» 
Ақын шығармаларының тақырыбы сан қырлы. Тойбастар, жоқтау, риторикалық 
сұрау, философиялық ойға құрылған, ақыл- нақылдық мәнерімен сомдалған толғаулар, 
баһадүр батырлардың ерлік істерін дәріптеген жырлар. Осының бәрі кестелі сөз, көркем 
теңеу, шымыр шумақпен тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді.(8). Ақынның адам өмірінің мән-
жайын ашып баяндайтын мына бір жырының өзінен –ақ оның ой-түсінік, ақыл-парасаты мен 
кемелдігін көру қиын емес. 
Бұл мәжіліс белгісі- 
Жиналып басың құралмақ. 
Батырлықтың белгісі- 
Жауға шаппақ ұрандап. 
Палуандықтың белгісі- 
Алқаға түсіп сыбанбақ... 
Өзіне дейінгі ақын-жыраулар тәрізді өз жырларында адамгершілік пен әділдікті, 
ерлікті тілге тиек етті. Осы реттегі ойы «Ерлік жыры», «Реті», «Көрінер», «Не жаман», 
«Белгісі», «Адал жүріп шын сөйле» т.б. жырларынан анық көрінеді. Бұларда ол адам 
тұрмысының мән-маңызын, сыр-сипатын бейнелейтін көріністерді бере отырып, өзіндік ой-
тұжырымын ұсынады.
Ақын жырларының көркемдік құрал-тәсілдеріне зер сала қарасақ, мұндағы образ 
құрайтын теңеулер мен метафоралардың не бір үлгісін көреміз. Мәселен метафоралық 
салыстырулардың бір алуаны: 
«Мен сүргінің сойымын», «Мен- ақ бауыр, кер жорға Әдемі басқан аяғын», «Барасың 
күнім қапы көл шайқаған», «Жымиып жатқан даламын», «Жоғарыдан аққан Жайықпын», 
«Абыл менен Нұрымнан дәніккен жұртым шекер жеп», «Хош аман, енді сау тұр, боз 
қаңбағым» іспеттес келсе, теңеулердің поэтикалық қызмет мәні былайша құрылып, 
шоқтанып тұрады: «Алысқа шапқан жүйріктей», «Сұрағаның сөз болса, қатты жауған 


62 
жаңбырдай, Алдарыңда қаптайын», «Бұлдыраған таудаймын», «Шапқан аттай саулаймын, 
Жанған оттай лаулаймын» десе, оның «Қаражан қызға» деп аталатын өлеңі тұнып тұрған 
теңеу: «Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз,қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді», «Жылқыдай 
кеттің достым, желдей өріп», « Сұңқылдап бір жан едің ұшқан құстай», «Айдында көл 
шайқаған дауылпаздай», «Көп жүріп ақбөкендей жер сойқаған» т.б. 
Ақтан өзіне дейінгі ақындарға қарағанда алған тақырыбын мейілінше терең, әрі жан-
жақты қамтуға талпынады. Айталық ол батыр жігіт пен адал жар, қыран құс пен жүйрік ат 
бейнесін атүсті айта салмай, жеткізе суреттеп, жеке дара кейіптеу дәрежесіне дейін көтереді. 
Ақын сипаттаған ел қорғаны батыр жігіттің асқақ тұлғасы мынадай: 
«Азамат ердің баласы, басын пәмді ете алмас, Шетке кетсе халқынан», «Ер жігіт 
шауып шеп бұзбас, Айқайлап ұран шаппаса, Аламаны шауып артынан», «Жігіттіктің белгісі-
бедеу мініп астына, жиынға түскен бұлаңдап», «Батырлықтың белгісі- Жауға шаппақ 
ұрандап», «Палуандықтың белгісі-алқаға түсіп сыбанбақ» деп бір айтса «Ерлік жырында» он 
екі ата Байұлынан шыққан батырларды жіпке тізгендей етіп, көз алдымызға елестетіп қояды. 
Кең даланы көсіле шапқан, ел үшін от кешкен ерлерін «кеудемде жел сөз тұрғанда 
жырламағанда, бұл өнерден не көремін» деп екпіндете, еркін көсіледі.
Ақтанның «Жайық деген жанды су», «Айт десеңіз жарандар», «Тойбастар» деген 
өлеңдерін жарлай арнауға жатқызуға болады. Бүкіл халыққа, әлеуметке жар сала арнап тұр: 
Тұсыңа келдім, жарандар, 
Тұрмайын енді бойбайлап 
Халық әдеті болғасын 
Сөйлейін әуез созбалап 
Дидар болып сөзіме 
Әлеумет тұрсын омбалап....немесе 
«Айт, десеңіз, жарандар, 
Азырақ жауап бастайын 
Айт дегенде іркіліп, 
Бойымды балап тұрмайын» 
- деп сұрағандары сөз болса, «қатты жауған жаңбырдай», «атасы арзан жел сөздіт 
несіне бұлдап сатайын» дейді. 
Ақтан өлеңдерінде сондай-ақ эпитеттің сан алуанын кездестіруге болады: «майда 
нәзік сөздерің», «жанды су», «Көзі қара қанды су», т.б. 
Жансызға жан бітіре суреттеу де Ақтаннан қағыс қалмайды: 
Домбыраны суреттегені керемет!
«Он екі перне екі ішек 
Бауырына тығылып, 
Қоянға қосқан тазыдай, 
Бүктетіліп тазыдай» 
деп, теңеуді де араластырып жібереді. 
Ақтан өлеңдері көбінесе көп тармақты, екі бунақты, жеті, сегіз буынды болып келеді. 
«Қаражан қызға» өлеңі он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. 
Ақын туындыларына салдыр-салақ қарамайды. Кесек сөз, көрікті теңеулерін келісті 
ұйқаспен шебер жымдастырады.
Қалағандарың сөз болса, 
Мен жырлауға құмармын, 
Шұбалаң құйрық шұбармын, 
Шапқан аттай саулаймын, 
Жанған оттай қаулаймын. 
Не қылғанмен дер күнім, 
Бұлдыраған таудаймын. 
Ұйқастың ұтымды орын алуымен қатар толғауларында келісті эпитет, метафора, 
градация да орынды қолданылған. Аллитерация да, ассонанс та бар. Бұндай көркем 


63 
шумақтар белгілі ақындардан да кездеседі, бірақ, жал-құйрығы төгілген шұбар, (қазақ 
жүйрікті шұбар, мәстекті торы, сәйгүлікті ақбоз деген ғой) саулаған жүйрік, қаулаған от, 
басына бұлт қонып, бұлдыраған тау... тек Ақтанда ғана.
Академик З.Ахметов өзінің «Өлең сөздің теориясы» атты оқу құралында, Ақтан 
ақыннан мысал келтіре отырып: «Кейде теңеуге метафора түрінде қолданылған бейнелеу де 
ілесе туады. Мысалы Ақтан (Керейұлы) ақынның: 
Қатты жауған жаңбырдай 
Алдарыңда қаптайын, – 
деген жолдарында бейнелеу теңеуден басталып ары қарай метафораға ауысқан. Ақын 
өзін алдымен жаңбырмен жай ғана салыстырса, одан әрі сөзді төгілтіп, саулатайын деген 
ойын қалың жаңбырдай, қаптайын деп астарлап айтады» – дейді [ 8,235бет] 
Ақтан Керейұлының шын жүйрік, шынайы талант екеніне күмән жоқ. Азулы ақын, 
айтулы жыршы екеніне дау жоқ. Шабыттанса айдындай шалқып, шамырқанса, найзағайдай 
шатырлап, нөсердей төгілген ақпа төк ақынды замандастары Қалнияз, Қашаған, Аралбайлар 
биігіне көтеріп қастерлеп өтсе, кейінгі Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбайлар ұстаз тұтып, атын 
жырларына қосып дәріптеген. 
Ақтан жинақтау, қорытынды түрінде келетін қысқа мәнді шендестіру, салыстыруларға 
да шебер. Оның бұл топтағы жырлары тәжірибесі мол дана кісінің өмірден түйген 
философиялық ой болжам, пікір-талғамдарын танытады: 
«Сұлулықтың белгісі - жұрт жиналған алқада, Көрініске шыққан сылаңдап. 
Кәріліктің белгісі-көңілдің хошы келмеген. Жарлылықтың белгісі-Жанын қинап 
өлмеген, жалғыздықтың белгісі - Өзіне-өзі сенбеген, Батырлықтың белгісі- жасқантып жауын 
дендеген...Сахилықтың белгісі-Дерексіз нәрсе бермеген». Ақтан өлеңдерінде табиғат 
құбылыстары мен адамның көңіл-күйін салыстыра суреттейтін психологиялық 
параллелизмдер де жетіп артылады: 
«Көрінер» өлеңіндегі «Аққулар көркем көрінер, айдын шалқар көлдегі, Құралайдың 
балдары, Бұ да көркем көрінер, орғып қашқан шөлдегі. Қатарланған қалың көш, Бұ да 
көркем көрінер, сағым шалғай белдегі. Қыз-жігіт көркем көрінер, Қалың қара елдегі. 
Аруанадан туған кез өркеш, Бұ да көркем көрінер, айт- айт деген жердегі. Қыз бала көркем 
көрінер, беттегі нұрлы қанменен. Еділ мен Жайық екі өзен, Бұлар да көркем көрінер, 
Жағалай біткен талменен», деп табиғаттың әсем көрінісін адамзаттың әсемдігімен салыстыра 
суреттеген. Сондай-ақ қазақ өлеңдерінде көптеп кездесетін қайталауларды да (жеке сөз және 
тұтас жолдан тұратын) тиімді қолдана білген. Мысалы, «Көрінер», «не жаман?», «Белгісі» 
деген өлеңдерінде кезекті қайталауларды (эпифора) өз орнымен қолданады.
Ақын шығармаларының тақырыбы сан қырлы. Мұндай сан қырлылық ірі ақындарға 
ғана тән. Тойбастар, жоқтау, келешегін тап басып айтқан болжау өлең, риторикалық сұрақ-
жауап түріндегі термелер, философиялық толғаулар, баһадұр батырлардың ерлік істерін 
дәріптеген жырлар... Осының бәрі кестелі сөз, көркем теңеу, шымыр шумақпен «тілге жеңіл, 
жүрекке жылы тиеді». 
Бұрынғы жыраулар мұрасына мол қанығып, кең даланың қадір-қасиетін бойына 
сіңірген, көшпелі жұрттың көреген ұлының, тау бұлағындай тасқындаған жырлары ойнақы, 
ойлы да отты, бейнелі сөздерге бай болып келеді. Онда пессимизм байқалмайды, күрес, 
бабадан қалған өр рух басым. Халық арасындағы келеңсіздіктер мен тірлік тауқыметі, заман 
жайлы тапқыр ой, татымды сөздерін жымдастырып өткір де серпінді толғаулар төгеді. 
Талантты өнер адамдарының көбісінің қыр соңынан қалмай, желкесіне мініп келген қу 
жоқшылық та қазақтың қайсар перзентінің рухын сындыра алмайды. Мұңаю, зарланып 
түңілу байқалмайды. 
Мен – ақбауыр кер жорға, 
Әдемі басқан аяғын. 
Қарасаң көзің жеткісіз, 
Жылмиып жатқан даламын. 
… Жоғарыдан аққан Жайықпын, 


64 
Теңізге құйған аяғын. 
Күн шығыстың күшті желімен, 
Ылайлатып ағамын. 
Еркін шалқыған жырларында сарнаған жел сөз, сырдаң теңеу жоқ. Ойының кеңдігі, 
қиялының өрлігі көрінеді. Ақын тым асқақ. Тасыған тау өзенінің суындай екпінді жыр оқып 
отырған адамын өзімен бірге еріксіз үйіріп, тереңіне алып кетеді. 
Мәнді де нәрлі толғауларымен қатарынан оза шапқан сөз зергерінің тілге тиек 
қылғаны көбіне – өмір өрнегі, замана қайшылықтары, философиялық ойлар, ақыл-нақылдық 
сөздерге толы жүйелі жырлар. Тірлікте адам басында кездесетін әртүрлі жайларды өлеңмен 
өріп, шымыр жеткізе біледі. 
Кәріліктің белгісі, 
Көңілдің хошы келмеген. 
Жарлылықтың белгісі, 
Жанын қинап өлмеген. 
Кәрілік, жарлылық, жалғыздық, сақилық, батырлық, жүйріктік ұғымына орай өмірден 
түйген тұжырымдар, тіршіліктің сан қилы мәселелері жайынан мағыналы пікірлер шертеді. 
Ақын туындыларына салдыр-салақ қарамайды. Кесек сөз, көрікті теңеулерін келісті 
ұйқаспен керемет жымдастырады. 
Ақтан шығармаларының тілі өте бай, көркем. Сан қилы теңеулер, сөз айшықтары 
ақын поэзиясына тән. Ақтан өлеңдері ойлы, терең мағыналы болып келеді. Ақынның тіл 
ерекшелігі бар. Ол табиғи құбылыстарды, жаратылыс сыңайын шебер пайдаланып, айтайын 
деген ой-пікіріне шұрайлы сымбат береді. Мысалы, өзінің ақындық бейнесін басқа ақындар 
қолданатын дәстүрлі балама, теңеулер арқылы емес, өз тіл байлығының, дүниетаным 
біліктілігінің қуатымен жаңаша түрде суреттейді: 
«Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, 
Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын». 
«Мен ақбауыр кер жорға, 
Әдемі басқан аяғын». 
«Тұяғым тайпақ сүргінмін, 
Түгескен топты жорғалап». 
Осында ақын өзінің жүйріктігін «шұбарға», тілінің жайлы-тәттілігін «сүргінге», «кер 
жорғаға» баласа, ал ақындық қарқынын «шапқан атқа», сөзінің қуатын «жанған отқа», өзінің 
тұлғасын «бұлдыраған тауға» деген теңеуі де өзге ақындар қолданбаған сұлу үйлесімдер. 
Десек те, өзін-өзі түрлі сұлу нәрселерге теңеп жырлау әдебиетте бар тәсіл. Осы орайда
Ақтан поэзиясының Махамбет өлеңдерімен үндестігін пайымдауға болады. 
Оның өлеңдерінің көбі шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Мысалы, «Бұл мәжіліс 
белгісі» деп басталатын 12 шумақтан құралған толғауының алдыңғы 4 шумағы бір ұйқасқа 
құралса, («құралмақ», «ұрандап», т.б.) қалған шумақтары «келмеген», «өлмеген» т.с.с. 
ұйқастармен өріліп, толғауға ерекше шырай береді. Соңғы кезде А.Керейұлының бұрын 
белгісіз болып келген бірнеше шығармалары табылып отыр. Соның ішінде «Қазақтың 
салты» (бұрынғы нұсқасы 36 жолдан, қазіргі нұсқасы 241 жолдан тұрады), «Болжау сөзі» - 
екі шығармасын сөз етпекпіз. «Қазақтың салты» - қазақтың өткенін аңсау, қазіргісінен (ақын 
өмір сүрген кезең) торығу болса, «Болжау сөз» - қазақтың болашағын (ХІХ ғасыр үшін 
болашақ келесі дәуір, яғни ХХ-ХХІ ғасыр деп түсінеміз) болжау деп қабылдауға болады. 
Ақтан Керейұлының «Қазақтың салты», «Болжау сөз» толғауларының когнитивтік 
құрылымындағы «идеалды қазақ» концептісі кеше, бүгін, ертең мезгілдік контексінде жаман 
және жақсы оппозициялық танымдық бірлігінде айқындалады. «Идеалды қазақ» 
концептісінің негізгі өзегі ұлттық рухани құндылықтары болып саналады, ұлттық эталоны 
болып есептелетін идеялық белгілері құнсызданған жағдайда қазақ ұлты сақтаудың бір-ақ 
жолы – имандылық, адамгершілік идеологиясы – хаққа сену, ата-бабалар рухын әспеттеу, 
қазақы салт-дәстүрді жаңғырту.


65 
Қорыта келгенде, Ақтан поэзиясының көркемдік кестесінде мұндай терең мағыналы 
сөздер молынан кездеседі. Көркемдік- өнер шығармаларының өзіндік ерекшелігі, 
эстетикалық 
сұлулығы, 
дүниені, 
болмысты 
сипаттап 
сөйлетудегі 
суреттілік, 
бейнелілік,өрнектілік. Көркемдік - поэзиялық туындының сапалық көрсеткіші. Ақын 
поэзиясының көптеген тұстары суреттегіш бейнелік құралдар жүйесінің іштей жарасым 
үйлесімінен, мазмұны мен пішінінің тұтастық бірлігінен көрінеді. Ақтан поэзиясының 
көркемдік жүйесінде теңеулердің эстетикалық мәні ерекше. Әлеумет жайының ұдайы алға 
ұсталып айтылуы, оның ақиқаттың алмас қылышындай өткір, айқын айтылуы ақын 
шығармаларының мейлінше дара өзгешелігі, асқан бұқарашылдығы. Сондықтан да Ақтан 
шығармалары өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтере алған, тәлім -
тәрбиелік қызмет атқарған туындылар. 
Біз ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әр кезеңдерде жарық көрген зерттеу 
еңбектермен, ой-пікірлермен таныса келіп Ақтан ақынды танып білудің әлі де маңызды 
жақтарының бар екенін байқадық. Ақын шығармалары кезінде хатқа түспей ауызша 
тарағандықтан көбісі бізге жетпей қалған деген пікірдеміз. Замандас ақындары сөз жүйрігі, 
айтулы ақын деп бағалаған ақынның шығармалары бұл қазіргі қолдағы бар мұраларынан 
әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Жарық көрген шығармаларын оқып, талдай отырып
Ақтан Керейұлының халықтың салт-дәстүрі мен өз заманының шындығын тани біліп, 
оны шығармаларында бейнелей білген, жырына адамгершілік асыл қасиеттерді арқау еткен 
көрнекті ақын екендігін көреміз. Ежелден келе жатқан әдеби дәстүрді терең игергендігі оның 
салт өлеңдері үлгісіндегі шығармаларынан, арнау, толғауларын, сыншыл туындыларынан 
айқын аңғарылады. 
Сөз өнерінің мәні мен мақсатын терең түсіне білген ақын ақындық өнер арқылы 
тәлім-тәрбие беруді басты мақсат етті. Күнделікті өмірде кездесетін құбылыстарды, адамдар 
бойындағы әр түрлі мінез-құлық, қасиеттерді өмір шындығымен, халықтың тұрмыс-
тіршілігімен тығыз байланыста бейнелей білді.
Адамның ғана емес, табиғаттың да әдемілігін жырлаған ақын өлеңдері эстетикалық
категориялардың поэзиядағы көрінісіне айналған. Ол өз жырларында көркемдікті жырлады, 
жамандық пен жақсылықтың мәңгі күресін көрсетті. Эстетикалық тәрбие үшін әсіресе оның
«Аққулар көркем көрінер» өлеңінің мәні ерекше. Ақтан ақынның шығармаларында 
жырланған көркемдік, үйлесім мәселесі эстетикалық тәрбие беруде маңызды орын алатыны 
сөзсіз. Ақтан өзіне дейінгі ақындарға қарағанда алған тақырыбын мейілінше терең, әрі жан-
жақты қамтуға талпынады. Айталық ол батыр жігіт пен адал жар, қыран құс пен жүйрік ат 
бейнесін атүсті айта салмай, жеткізе суреттеп, жеке дара кейіптеу дәрежесіне дейін көтереді. 
«Жыраулық шығарманың ақындық поэзиядан ерекшелігі жырау атанған автордың тек 
үлкен эпостарды жырлайтындығымен ғана емес, елдің іргелілігі үшін күресетін ақылгөйлік, 
көрегендік, даналық сөздер сөйлейтін көсемдік табиғатымен тікелей байланыста 
қарастырылады»,-[11.10б].деп белгілі әдебиетші ғалым Ж.Тілепов пайымдағандай,
халықтың мұңы мен арманын, асыл қасиеттерін жыр ете толғаған ежелден келе жатқан 
жыраулық дәстүрдің де ақын шығармашылығында біршама көрініс тапқаны оның 
толғаулары мен термелерінен байқалып отыратынына көз жеткіздік. Сондай-ақ 
әдебиетіміздегі халықтың рухын көтеріп, жан әлемін сусындатып, сана-сезімін тербетіп 
отыратын эпостық, батырлық жырларды жатқа айтып отырған үлкен жыршы да болғанына 
деректер негізінде көзіміз жеткендей болды. Ақтан ақынның шығармаларының көркемдік 
сипатына келетін болсақ ақынның халықтың әстүрлі ауыз әдебиетін жан-жақты біліп, терең 
игергеңіне оның дәстүрлі халық әдебиеті үлгісімен көптеген жанрларда туындылар жасағаны 
да дәлел болады.
Ақтан ақынның сөз қолданудағы шеберлігі оның образ жасауынан да айқын көрініс 
тапқан. Ақын айшықты сөздерді молынан қолданады. Дінін илам деп танып, мұсылмандық 
жолын берік ұстанған ақынның шығармаларында дінге қатысты сөздердің көрініс тауып 
отыруы заңды құбылыс деп түсінуге болады.


66 
Қорыта айтқанда Ақтан ақынның шығармалары ақынның өз заманындағы айтулы сөз 
шеберлерінің бірі болғандығын көрсетумен қатар XIX ғасырдағы әдебиетіміздің даму 
деңгейінен де мәліметтер беретін құнды рухани мұра болып саналады. 
Сандаған жылдар бойы халық арасында шығармаларының ауызша сақталып жетуі 
ақын шығармаларының өміршеңдігіне дәлел болады.
Иә, «Әдебиет - ардың ісі» [27.19б].-деп көрнекті ғалым З. Қабдолов айтқандай 
шығармаларына адамгершілік асыл қасиеттерді, ар-ұят, иманды, өмір, заман шындығын 
арқау етіп көркем бейнелеп, сөз маржанын өрнектей білген ақынның әдеби мұрасы 
әдебиетіміздің тарихында өзіндік орнын алып, ұрпақ тәрбиелеудегі өз қызметін атқара береді 
деген сенімдеміз. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.Р.Бердібай. Жұлдыздар жарығы. Алматы: «Білім», 2000. 432-бет
2. Қазыбайұлы С. XV-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті: Жыраулар поэзиясы. Ақтөбе: 
«А- Полиграфия» ЖШС, 2004,385-бет. 2 
3. Сыдиықов Қ. Алғысөз // Қазағым – Алматы: Жазушы.1993ж.
4. Бес ғасыр жырлайды. -Алматы: Жазушы,1989.-382б.
5.Ақтан Керейұлы және аймақтық әдебиеттану мәселелері. РҒТК материалдары,-
Ақтөбе, 2010ж, 446-бет. 
6.«Үш қиян» газеті 1сәуір 2010. 
7.Қ.Сыдиықов.Ақберен. –Алматы.Нұрлы әлем, 2007 ж.576-б. 
8.Қ.Сыдиықов. Ақын-жыраулар -Алматы. Ғылым, 1974 ж.146-б. 
9.Ахметов З. Өлең сөздің теориясы.- Алматы: Мектеп, 1973.-212 б.
10.«Алтын Орда» газеті, №43, 27 қазан 2011 жыл
11. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет.-Алматы: Ғылым, 2001.-375б. 
12. Қабдолов 3. Сөз өнері. Алматы: «Қазақ университеті», 1992. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет