2-секция
БІЛІМ БЕРУ МЕН ҚОЛДАНБАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ ЖАҢА
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚОҒАМДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
БАЛАЛАРҒА ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ
Байназарова Г.А.
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,
№ 4 жалпы білім беретін мектеп,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада фольклор туралы айтылып келіп, мектеп балаларын фольклорлық
туындылар арқылы тәрбиелеу жолдары айтылады.
Түйін сөздер:
фольклор, балалар фольклоры, эстетикалық тәрбие, А.Байтұрсынов,
Т.Кәкішев, М.Қаратев зерттеулері.
Фольклор дегеніміз – тарихи оқиғалар ізімен қиялдау, образдау тәсілі арқылы
жасалған көркем сөз байлығының басты бір саласы. Қазақ халқының мәдени және рухани
байлығын игеруде фольклор жанрларының орны ерекше. Қазіргі заман талабынан
туындайтын мәселелердің бірі – жас ұрпақты жаңа қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты
дамыған парасатты адам ретінде қалыптастыру, оның бойында ұлттық психология, ұлттық
сананы орнықтыру, әлеуметтік ортадағы, өзін қоршаған дүниедегі табиғат, адам өміріндегі,
әдебиет пен өнердегі тұрмыстағы, салт-дәстүрдегі сұлулықты, жақсы мен жаманды ажырата
білуге тәрбиелеу. Олай болса, ата- бабаларымыздың салт-дәстүрлерін,әдет- ғұрпын, әдеби,
мәдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, эстетикалық талғамы
жоғары азамат eтіп тәрбиелеп өсіру баршаның міндеті. Ал эстетиканың ғылым ретінде жеке
философиялық пәнге айналу кезеңі XVIII ғасырдан басталғаны белгілі. Яғни эстетикалық
тәрбие- қоғамдық дамудың әрқилы кезеңдерін бастан өткізіп келе жатқан тарихи құбылыс.
Жалпы фольклордың негізі ертеде қалыптасқаны белгілі. Сонау замандағы ұлы
ғұламалар (Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари), атақты ақын- ағартушылар
(Шоқан, Ыбырай, Абай) сынды ғұламаларымыз адам бойында адамгершілік қасиеттерді
жоғары бағалаған. Ал сол сара жол деп таныған фольклорды одан әрі дамытқан, елеулі еңбек
еткен аға буын өкілдерімізді де айтқанымыз жөн. Айтар болсақ, М.Әуезов, С.Мұқанов,
Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев,Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева
сынды ғалымдарымыздың есімдерін ерекше деп айтуымызға негіз бар. Негізінде ғылымда
халық ауыз әдебиет туындыларын «фольклор», ал оны зерттейтін ғылымды фольклористика
деп атайды. Жалпы фольклор ұғымын басында халықтың рухани, кейде материалдық
мәдениеті деп түсінгенімен, уақыт өте келе оның ауқымы кеңейіп, ел арасындағы аңыздар,
ертегілер,
өлең
жырлар
жатқызылды.
Қазақ
фольклоршылары
М.Әуезовтың,
М.Ғабдуллиннің еңбектерінде фольклорға «ауыз әдебиет» ұғымы берілгені, қазақ
фольклоршыларының көбі фольклорды «әдебиет» деп танығаны белгілі. Демек,
ғалымдардың «фольклор» ұғымдарына байланысты айтылған пікірлерін саралай келіп атадан
балаға мирас болып жеткен, көркем сөз, сахна өнері: ән, күй, би, қолданбалы өнер, халық
ойындары, тұрмыс-салт жырлары олардың ерекшеліктерін фольклор ұғымына жатқызамыз.
Сондықтан да «ауыз әдебиет» деген ұғымнан гөрі ауқымы кең «фольклор» терминін қолдану
ғылымда нақтырақ секілді.
Балалар фольклоры дегеніміз – ол мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныпта
оқитын балалардың жас ерекшелігіне сәйкес, балалардың өзіндік қиял-армандарын,
талаптарын, ой- пікірлерін, айналадағы құбылысты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, сезіну
мүмкіндіктерін қалыптастыратын халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы болып
табылады. Демек, балалар фольклоры балалардың қызыға да сүйсіне тыңдайтын,
шығармашылық қасиеттерін арттыратын, логикалық ойлау қабілеті мен сөздік қорын
дамытатын құнды жанр екені анық. Бүгінгі таңда кейбір ғалымдар балалар фольклоры өздері
51
ойлап құрастырған шығарма десе, ал кейбіреулері балаларды тәрбиелеуге арналған шығарма
деп жазады. Яғни балалардың психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беретін,
дамытатын мазмұнды шығармаларды балалар фольклоры деп айтуымызға болады. Атақты
ғалым А.Байтұрсынов мәдени мұрамыздың құнды қазыналарын бір жүйеге келтіріп ғылыми
тұрғыда негіздеген. Оның ертегілері, мақал- мәтелдері, өсиет сөздері, қисса- дастандары
бүгінгі
жас
өспірімдерді
педагогика
негізінде
тәрбиелеуде
аса
құнды.
А.Байтұрсынов өз еңбектерінде «өтірік өлең», «жұмбақ», «жаңылтпаш», «тақпақ», «бесік
жыры» тәрізді жанрларының мәнін түсіндіріп, эстетикалық тәрбие саласына да ерекше
тоқталды. Сол сияқты атақты ғалымдардың біразы атап айтсақ (С.Сейфуллин, Ш.Ахметов,
Қ.Матыжанов т.б.) сынды ғалымдар қазақ балалар фольклорын арнайы зерттеу оъектісіне
айналдырып жан-жақты қарастырып зерттеген. Сол қазақ балалар фольклоры зерттеулеріне
ғылыми тұрғыда зерттеп талдау жасаған, өзіндік табиғатын тұтас құбылыс ретінде саралаған
тұңғыш тәжірбие жасаған Қ.Матыжанов. Ғалым өз еңбегінде: «Ең алдымен балаларға
арналған
халық
шығармалары-
балалар
психологиясын,
көркемдік
талғамын,
шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын асыл мұра. Ол өзінің бала қабілетіне
лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен, музыкалық сазымен,
өнегелі мазмұнымен, жеңіл формасымен, балалардың рухани азығына айналған бағалы
тәрбие құралы»,-деп фольклордың жас жеткіншектер тәрбиесіндегі құндылығын анық
көрсетеді.
«Халық ертегілері әрқашанда жастарды тәрбиелеудің тамаша құралы болып, әділдік
жолына бас байлатып, зұлымдықтан жирентеді» [1, 14],-деп жазушы Т.Кәкішов өзінің «Қазақ
әдебиеті сынының тарихы» атты еңбегінде ауыз әдебиетінің болашақ ұрпаққа эстетикалық
тәрбие берудегі маңызына тоқталса, М.Қаратаев «Әдебиет және эстетика» деген еңбегінде:
«Адамның эстетикалық мәдениеті оның жалпы мәдениеттілігінің жарқын бір көрсеткіші. Бұл
деген өскен ортаға, айналадағы ортаға, білімге, тәрбиеге, қызметке сол сияқты басқа да
факторларға әсер ететін қасиет. Адамның асыл, нәзік қасиеттерінің бірі – эстетикалық сезімді
оятып өсіретін, эстетикалық талғам мен көзқарасты қалыптастырып, кісінің эстетикалық
мәдениетін дамытатын, жетілдіретін факторлардың ішінде ең үлкен орын алатын, шешуші
роль атқаратын әдебиет пен өнер екенінде дау жоқ» [2, 98], - деп әдебиеттің эстетикалық
тәрбиелік мәнін ашып береді. Нақтылай келгенде балаларды фольклор жанрларымен
таныстыру, тыңдағанын қайта әңгімелеп беруге,мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды,
жұмбақтарды мәнерлеп айтуға үйрету мен сөздік шығармашылықтың бастапқы формаларын
дамытуға эстетикалық тәрбие мүмкіндіктерін шешуге көмектеседі. Демек, қазақ балалар
фольклоры – ұлттық мәдениеттің ұдайы дамуы мен жаңаруының негізі. Ол – өмір сүрудің
мәні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын, дүниетанымын
айқындайтын өшпес мұра. Бұл орайда, «Аяз би ертегісіндегі» ақылы мол Аяз биді, «Ер
Төстік» ертегісіндегі өзінің ақылды, білгірлік ісімен айнымас дос,Кенжекейді мысалға
келтіруге болады. Яғни халық ауыз әдебиеті жанрларын тәрбие құралы ретінде пайдаланып
балаларды ақылдылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке баулап жауыздық пен күресіп
жеңе білуді уағыздаған, әділдікті үйреткен. Тіліне, дініне берік болып, ұлттық мәдениетті
көтеруге жетелеген. «Фольклордың қай туындысын алсақта ғибрат айтарлық, жөн-жоба мен
үлгі-өнеге көрсетерлік қасиеті мол. Мұның бәрі де халық пікірі, келешек ұрпақты
тәрбиелеудің эстетикалық құралы деп тануды қажет етеді. Өйткені, көркемдіктен ләззат алу,
әсемдік пен сұлулықты ардақтау, озық мәдениетке бастап, жамандықтан жирендіріп отыру-
халықтың талап-талғамының жемісі, сыншылдық көзқарасының нышандары» [1, 14], - деп
жазушы Т.Кәкішов фольклор жанрларының жастар тәрбиесіндегі маңызын ашып көрсетеді.
Іс-әрекет, ойыннан, түрлі көне түсініктерден, ырым мен салттан, қарапайым
әуендерден, жан-жануарлардың даусы мен қимылына еліктеуден қарасын үзіп толығымен
ажырап кетпегендігін байқаймыз. Бұл, сөз жоқ, балалар поэзиясының көп қырлы, ертеректегі
синкретті белгісін айғақтайт Осы тұрғыдан келгенде балалар фольклоры да о баста кім
шығарғанына, қалай пайда болғанына қарамастан балалар коллективінің өзіндік сүзгісінен
өтеді. Өз ұғымдарына, түсініктеріне, тіл оралымына, іс-әрекеттеріне сәйкес емес туындылар
52
көпшілік тарапынан қабылданбайды. Ал қабылданған жағдайда балалар творчествосының
дәстүріне лайықты іс жүзінде өзгеріп, өңделеді. Оралымсыз тіркестер, ұғымға ауыр
шумақтар ұмытылады. Осы тұста бір ескеретін жағдай ─ балалар фольклорының кейбір
үлгілерінде мазмұнға жеткілікті мән беріле бермейді. Ұйқасы оңай, ойнақы болса, әсіресе,
түрлі ісәрекеттерге айтылуы сәйкес келсе, ондай өлеңдер көбірек қолдау табады. Осындай
өзгешелікті біз әсіресе ойын өлеңдерінен анық көреміз.
Қазақ фольклорының өзіне тән ерекшелігі-балаға айналасындағы бай мұраның
әсемдігі мен әсерлілігін түсінікті етіп жеткізе отырып, ұлттық еңбектің нәтижесін сезінуге,
қоршаған дүниеге, салт-дәстүрге, ой-қиялын дамытуға әсер ететіндей негізгі тәрбие құралы
болуында. Яғни фольклор баланың танымын кеңейтеді, оны өмірді сәулелендіретін
бейнелердің бай дүниесіне ендіреді, танымдық іс-әрекетін, өмірге деген бейімділігін
дамытады, ата- баба мұрасын қастерлеуге тәрбиелейді. Саралап келгенде қазақ фольклоры
жанрларындағы табиғат, қоғам, өнер, өмір жайлы ұғымдар мен түсініктер мазмұны жағынан
өрістей келе халықтық асыл қазынаға айналып, ұлттық санаға тереңдей енді. Ата-
бабаларымыз күнделікті тұрмысқа қажетті қарапайым нәрседен бастап, күрделі әлемдік
құбылысқа дейінгілерді шығармашылық пен ертегіге, аңыз әңгімеге, эпостық
жырларға, мақал-мәтел мен жұмбақтарға және ауыз әдебиеті жанр түрлеріне қосып, өз
ұрпағын адамгершілікке, азаматтыққа тәрбиелеу мен қатар тылсым дүниенің әсемдік сырын
бейімдеген. Сонымен, балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын,
шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы.
Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен,
ақ пен қараның жігін айқын ажыратқан тәрбиелік маңыздылығымен бағалы.
Қорыта айтқанда, ананың әлдиімен, әженің ертегісімен, отбасында айтылған мақал-
мәтелдер бала бойына дарытады. Әрбір адамның туған анасынан басқа төрт анасы, туған тілі,
туған жері, туған дәстүрі, туған тарихы болуы керек, өз елінің тілін, дінің, рухани мәдениетін
білген адам, біртіндеп әлемдік мәдениетті үйренеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Кәкішов Т. Қазақ әдебиетінің сынының тарихы. Алматы, 1994. - 448 б.
2 Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. Алматы, 1970. - 352 б.
Достарыңызбен бөлісу: |