ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ӨМІРЗАЯ АҚЫНЫ
(Әділ Ботпанов поэзиясы хақында)
Қаниев М.А.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 2-курс магистранты
Ғылыми жетекші:
Қамарова Н.С.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
Ақтау, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада ақын Әділ Ботпанов поэзиясы туралы сөз болады. Лирик
ақынның өзіндік қолтаңабасы айқындалады. Лириканың өзі көңіл-күйдің көрінісі
болғандықтан дәстүрге игеріле бермейтін тылсым тақырыптар тізбегі, сезімдер көші, солай
бола тұра дәстүр сабақтастығын жасай алуымен ерекшеленеді. Ақынның пайдаланып
отырған дәстүрі – өткен әдебиет пен мазмұн жағынан толығып, форма жағынан түрленіп,
қайта тууы болып отыр. Әділ Ботпанов өлеңдері поэзияны ең қатал, ең қажетті талаптарына
жауап бере алатын шебер қол, шынайы жүректен шыққан шығармалар екені дау туғызбайды.
Түйін сөздер:
Ақын, қазақ поэзиясы, лирика, дәстүр жалғастығы, жаңашылдық, ақын
даралығы.
Әділ Ботпанов поэзиясында бүгінгі заман шындығы, өзіміз бастан кешіп отырған
уақыт пен кеңістіктің жан-жақты болмыс-бітімі айқын көрініп, ажарлы да көркем тілмен,
поэтикалық ішкі қуатпен, азаматтық пафоспен, перзенттік махаббатпен танылады. Қай
кезеңде де қазақ поэзиясы ұлттық мінез-құлықпен халықтық болмысты дәл де шынайы
көрсетіп отырған. Өткен ғасырдан жеткен жауынгер жырлар мен қилы кезеңдердегі зары мен
мұңға толы туындыларды алып қарасақ та, тіпті халық әндері деген ортақ атпен жеткен ән
әуендерді алып қарасақ та, солардың бәрінен қазақ халқына тағдыры мен талайы да өмірі
мен өнері де, жұртымыз бастан кешкен тарихи оқиғаларды жазбай танимыз. Бұл ретте
ақындарды дәуір жырнамашысы, замана шежірешісі деп айтуға әбден негіз бар. Өйткені
қаламгер дәуірден тыс өмір сүре алмайды. Мүмкін де емес. Әр қаламгер өз заманын
суреттеуде тарихи тұлғалардың тәжірибесіне жүгінеді. Бұл тұрғыдан келгенде тарлан талант
З.Қабдолов:
180
«Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді. Белгілі бір қоғамдық коллективтің
мүддесіне ортақтасады. Сондықтан оның творчествосында да белгілі қоғамдық мазмұн
болады» [1] деп жазғандай, Әділ Ботпановтың поэзиясында қоғамдық мүдде мен адамдар
арасындағы бірлік пен шынайылық иірімдері астасып көрініп жатады. Шығармаларында
қоғамды елеңдеткен жайлар ақынды да елеңдеткен жайлары болып өлең тіліне түседі.
Мұндай кездерде ақын әрқашан қоғамдық пікірдің мүддесін көздеп, бірақ оған өзінің
көзқарасы мен пиғылын да анық танытып отырады. Бұл қайраткерліктің биігіне көтерілген
қаламгерлерге тән қасиет. Өз басының мұңы мен сырын күйттемей, қоғамды, заманды,
адамды алаңдатқан жайларға дер кезінде үн қосып, белсенділік таныту – ең алдымен оның
азаматтық поэзиясын анық танытады.
Осы тұрғыдан келгенде ақын Әділ Ботпановқазақ поэзиясының дәстүрлі, классикалық
үрдісінен жаңылмай, өзі бастан кешкен уақыт тынысын өлең тілінде жан-жақты сипаттап,
оқырманын бірде қуантып, бірде мұңайтып, бірде ойландырып, бірде толғандырып, бірде
өкінтіп, бірде үміт пен арманға ұмтылдырып, қысқасы ғылыми тілде айтқанда, замана
келбетін поэтикалық қуатпен толық мүсіндейді. Ақын өлеңдері, оның шығармашылық
шеберлігі хақында талай сыншылар мен әдебиетшілер, ақындар мен қаламгерлер жазған.
Солардың бәріне тән бір желі – барлығы да Әділ Ботпанов поэзиясындағы сыршыл әлемді
тап басып танып, таратып айтады. Кезінде Әділ Ботпанов поэзиясындағы сыршылдық қуат
алдыңғы буын өкілдерінде кең көрініс тапқан.
Әділ ақын мықтылығының бір дәлелі: Әділ өлең өлкесіне күйбеңсіз, кібіртіксіз, тіпті
ешқашан ешбір жаттығу жасамағандай бірден кәдімгі шыныққан шын шебер қалпында
келгенін көруге болады. \
«Өмірзая» – ақынның жалғыз жинағы. Том-том өлеңдері бар ақындар оқылмауы
мүкін, ал Әділдің жалғыз кітабы қолдан қолға көшіп, өз оқырмандарын тапты. Кітаптағы
өлеңдердің тақырыбы мен мазмұны-адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар,
толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым-қатысы, сайып келгенде,
адамның тағдыры мен тіршілігі. Бұлардың қай-қайсысы да тақырып-мазмұн ретінде жаңалық
емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен
мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын Әділдің
жырлауында жаңа қырынан, бұрын-соңды ешкім айтпаған мағынада, тың пішінде көрінеді.
Мысалға
Жұмекеннің «Қоңыр түс» өлеңінде керемет рең бар:
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн..қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда – шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде қоңырайып отырамын үстелге... [2]
Жұмекендегі қоңыр түс Әділде былайша жырланады:
Күлкім қашып, күзден қоңыр күйге ендім,
Енді, жоққа – семіз, барға – арықпын.
Мұңын ішіп мола шерткен күйлердің,
Үйеңкіден үнсіздікті үйрендім... [3, 34]
Александр Блок ақынның ақындағы – үндестік деп ұққан және осы ұғымын терең
теориялық тұжырымға айналдырған. Ал үндестік, яки гармония дегенді шебер суреткердің
шындықты сырға, сырды жырға айналдыруы, өмірді өнерге, өнерді өмірге көшіруі, сөйтіп
мынау әлемдік тіршіліктің небір құпия сырларын ғажайып келісімге көшіре танытуы деп
түсіндіреді.
- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
- Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
181
- Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін [4], -
деген шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағалидың «Махаббат
диалогын» кез келген оқырман жатқа біледі. Ал Әділдегі Мұқағалимен үндестік әдемі
үйлесім тапқан:
- Мен асқақ аспан болсам, не етер едің?
- Жер болып телмірумен өтер едім.
- Тулаған теңіз болсам, не етер едің?
- Түбіңе батып мәңгі кетер едім.
- Ызғарлы дауыл болсам, не етер едің?
- Кеудемді ызғарыңа төсер едім.
- Өлсем ше… иә, өлсем, не етер едің?
- Ақ бөз боп өзіңді орап кетер едім [3, 82].
Өмірге құштарлық әрбір адамның қасиеті. Ал ақындардағы өмірге құштарлық, бұл –
жеке адамның ғана стихиясы емес, заман, қоғам, уақыт алдындағы үлкен жауапкершілігі.
«Ешкім оған қоя алмай нүктені, өмір деген сөйлем емес өйткені», - деп Т. Айбергенов асқақ
жырлағандай, Әділ Ботпанов өзі білетін өмірді шетсіз, шексіз мәңгілік құбылыс, адамның
бақыты мен арманы, адамзаттың ғарыштық ғұмыры деп есептейді:
Мен сені сүйемін, өмір,
Шуақты күндерің үшін.
Қос бұрым ерке қыз болып,
Сыңғырлай күлгенің үшін.
Мен сені сүйемін, өмір,
Сыйлаған жырларың үшін.
Елжірей досыма айтқан
Ең қымбат сырларым үшін [3, 38].
«Өмір» атты өлеңінде ақын осылай толғанады. Ары қарай өмірге ғашықтығын,
арайлы армандарын, ақ нұрлы тағдырын, қиындықта мойымайтын жігерлігін жырға қосады:
Мен сені сүйемін, өмір,
Арайлы арманым үшін.
Алдымнан алаулап атқан,
Ақ нұрлы тағдарым үшін.
Мен сені сүйемін, өмір.
Өзіңе келгенім үшін.
Көзіме жас ала жүріп,
Қиынды жеңгенім үшін
Мен сені сүйемін, өмір,
Тым қысқа болғаның үшін.
Жүрекке бермеген тыным
Өлеңнің толғағы үшін.
Мен сені сүйемін, өмір! [3, 39].
Өлеңнің толғағы үшін өмірді сүйген Әділ ақынның шынайы болмысын осы өлеңнен
де тануға болады. Поэзияның күші мен құдіреті осында, ол өмірге құштарлық, ғашық болу.
Бұл күллі ақынның ақындық болмысының айнасы іспеттес. Ақиқатты іздеген ақын әлсін-
әлсін өткен ұлылардың тарихи мұраларына ден қойып отырады. Бұл өткенді құрметтеу ғана
емес, өткеннен саналы сабақ алу, ғибрат теру, жақсыны ой көзімен көру, сондықтан да өткен
ұлы ғұламалардың ғибраттары ақынның әр кез көңіл айнасында шағылысады.
182
Рухым – дертім. Құпиямды ашам бар,
(Болмас, сірә, мұнан асқан шынайы үн)
Табысыңдар, жұлдыздан жыр жасаңдар,
Сен де жалғыз, ол да жалғыз, құдайым.
Менің миым – мәңгі өлеңнің моласы,
Түнегінен таң шапағын таратқан.
Мүрде болған мәңгі өлеңді жолы асыл,
Сен болмасаң кім тірілтер, жаратқан?.. [5].
«Рух – дерт», – деген ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғибратқа толы, ғазалы, А.
Иүгінекидің ХІІ-ХІІІ ғасырларда жазылған «Ақиқат сыйы» кітабындағы адамгершілік, өмір
шындығы, ақиқат туралы дидактикалық үлгідегі шығармалары немесе Ә.Ботпанов өзінің
«Абайға» атты жыры шындық пен ақиқатқа жүгінудің көркем мысалы:
Күйзелсе күндер күйретер
Қатепті қара нарым-ай!
Қайыспас болсаң сын кетер,
Қарайып туды тағы да ай... [3, 35].
Шын ақынның қаламынан ғана туатын жыр ақын шығармашылығының ұлы Абай
дәстүрінен қуат алатындығының айқын дәлелі. Біздің мәдениетіміз халқымыздың өнерінде,
соның ішінде әуелі ауыз әдебиетінде жатыр. Қазақ әдебиетінің кез келген классик
қаламгерінің алғашқы ақындық мектебі халық ауыз әдебиетінде жатқаны анық. Ауыз
әдебиетінің негізгі материалы – халық шығармашылығы десек, ақындар сөзі, құдіретті
поэзия соның негізгі қайнар көзі. «Өмір бар жерде – өлең бар» деген сөзді де алғаш айтқан
біздің бабаларымыз. Ақындық – ананың сүтімен бітетін қасиет дейді. Ендеше, кешегі қарт
ақынның бүгінгі жас ақынға тигізер әсері мен ақындық қуаты ананың сүтімен жалғасады.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын да, жетістіріп, одан дамытатын да ақындық ілім. Әдетте,
«ғалымның хаты өлмейді, ақынның аты өлмейді» дегенде, ақынның адамзат алдындағы
сіңірген ерен еңбегі мен ел қадірлер ерен туындыларын айтқаны. Міне, осы тұрғыдан
келгенде, қазақ поэзиясының ілгеріден үзілмей келе жатқан асыл өнері – ақындық біздің
рухани-мәдени өміріміздің асыл арналары. Сол асыл арналарды одан ары қуаттандырып,
нәрлендіріп тұратын бір қайнар да біздің дәстүрлі поэзиямыз. Қазақтың қай белді ақындарын
алып қарасақ та, ол әрқашан поэзияны, яғни музыканы құдіретті өнер деп бағалап,
құрметтеген. Оны киелі санап, таусылмас тақырып ретінде негізгі нысан етіп ұстаған.
Мұндай әдет-әрекеттер – кешегі өткен Қасым Аманжолов пен Төлеген Айбергеновте,
Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденовте, Тұманбай М олдағалиев пен Сабырхан
Асановта жиі кездеседі. Біздің 60-шы жылдары әдебиетімізге жаңа леппен келген жақсы
ақындардың бәрінде дерлік бұл тақырып ашыла, ажарлана, айшықтана жырланған.
Поэзияның музыка өнерімен іштестіре бағалаған ақындар санатында поэзия туралы
өлең-аннотациясын өздерінше беру де дәстүрге айналған. Бұл ретте «Поэзия! Менімен егіз бе
едің?» деп толғанатын ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзия туралы аннотациялық өлеңі
талайларға үлгі болды. Осы өлеңнің өн бойына қарап отырсақ, поэзия бар жерде, барлық
тұстар мен кезеңдерде, өмірдің өзінде, өмірдің сан-сапа таусылмас қырлары мен
сырларының бәрі де өлі екен. Оны сезіп, біліп жырлау үшін ақынға ерекше жүрек, ерен
махаббат, құштарлық пен мархабат қажет. Тура осы дәстүр сабақтастығы Әділ Ботпановөз
өлеңінде былай көрінеді:
Тауып алам. Бұл қиялы ессіздің,
Дерсің, бәлкім, бәлкім, дерсің көзсіз мұң.
Қайдам басқа тірлігіңді, әйтеуір,
Мен өлеңге келген кезде ессізбін [3, 30].
«Мен өлеңге келген кезде ессізбін». Алғы сөзіне Н.Глазковтың Хлебников туралы бір
сөйлемін тілге тиек қылады. «…Был Хлебников, но умер нищим. Но председателем
земшара», деген. «Алла ақынның аузына өз тағдырын салады», деген сөз бар ғой. Мына
183
өлеңді оқып отырып Әділдің өмірі елестей береді көзіме. Қараңызшы, өлең дейтін жершарын
мекендеді. Оны түсінбейтіндерді түсінбеді. Тіршілігіне бекем-ақ болды. Кейбір ақындар
секілді жалаңаяқ, жалаңбас болмады. Бала-шағасын асырады. Баспаналы етті. Ештеңеден
тарықтырмады. Бірақ оның поэзияға деген іңкәр сезімі әлдебір әлемге тарта берді. Жәй ғана
көптің бірі болып жүргісі келмеді. Әр қиырдан жыр іздеді. Сол іздеген жырының соңында
кетті. О, тоба! Енді қайда екені белгісіз. Ә.Ботпановта өмір бар жерде өлең бар деген
ақиқатқа анықтап қол қойып отыр. Ол да өмірдің барлық ендіктерінен өлең табады, өлең
көреді, сезінеді, кез келген құбылыстан ой өреді. Дүниенің жұмбақ сырын ашуға ұмтылады,
ашылған ойды аламанға жеткізу үшін ойын өлеңмен өрнектейді. Өзінің дүниетанымын
кеңейту арқылы көптің көзін ашуға, жұрттың жүрек дірілін жеткізуге барын салады.
Поэзиядағы мұндай көне дәстүрді қозғаған жаңашылдық – жаңа заман тудырған
жаңалық. Шынын айтқанда, тәуелсіздік қазақ поэзиясының бұрынғы ырғақпен, түрден жаңа
нышанға, жаңа мазмұн мен пішінге, әдеби тың формалық ізденістеріне кең жол ашты.
Ақындарымыз жатпайтұрмай іздене бастады. Тәуелсіздік бұрынғы ата-баба дәстүрін жаңаша
игерумен қатар, оны жандандырудың жолдарын іздестіре бастады. Алайда, санаттағы ақын
жырларында бостандықтың бағынан гөрі, азат өмірдің ақшаңқан сәулесінен гөрі, аптап
тамыздың ыстық шуағынан гөрі, адалдықтың айқайы, азаматтың күрескерлігі, мамырдағы
құралайдың салқыны, шынайы махаббат сырлары басым. Қалай болғанда да бұл көркемдік
сапа ақын кемелденуінің көрінісі.
Жа-
(Кел маған, кел маған,
Жандағы Ізгі үміт.
Қандағы Ізгілік)
-ным!
Өртеніп барамын, дерт еміп, қарағым,
Өзіңсіз тірліктен жиіркеніп барамын.
Жа-
(Әлемнің әріндей,
Өлеңнің нәріндей
Жанарың, жанарың)
-ным!
Есіктен енгенде, кейіппен шерменде,
Өзіңе, маралым, үздігіп қарадым.
Жа-
(Кел маған, кел маған,
тәнімнің құмары,
Тәңірдің тұмары)
-ным!
Аяла, аяма, сүй мені, сүй мені,
Ерніңнің тигені - жүректің күйгені,
Жа-
(Біреумен бас қосам,
біреумен достасам,
Біреумен қоштасам)
-ным!
Қанша түн төнсе де, қанша күн сөнсе де,
Мен сені өзгеге, бермеймін ешқашан,
ешқашан,
ешқашан..
Жа-
(...)
-ным! [3, 107].
184
Өлеңнің мазмұнындағы қоспасыз шындықты айтпағанның өзінде, пішіндегі мұндай
шынайы, сұлу айшықты, яки фигураны асқан шебер ақын ғана жасай алады. «Ақтарылу»
өлеңінде, міне, осындай өзіндік дидар бар.
Ақын Әділ Ботпановтың өлеңдері туралы, жалпы оның ақындық ерекшелігі мен
көркемдік ізденістері туралы ойлағанда, ең басты айтар нәрсе – ол төгіліп тұрған тамаша
лирика.
Лирика – поэзияның негізгі жаны, тамыры мен нәрі десек, оны да бірнеше түр мен
мазмұнға, ішкі және сыртқы қуаттың құндылығы мен мәнділігіне қарап, бірнеше шартты
түрге бөлуге болады. Лирикада өлеңнің әуені мен сазын, ішкі динамикасын, ақынның айтар
ойы мен нәзіктігінің мазмұнын бірбіріне қабыстырып, лирикалық кейіпкердің ойымен
ақынның айтар идеясы бірге өрбіп жатады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: «TST – Company», 2006. – 360 б.
2 https://zhumeken.kz/olender/khonyr-tus.html
3 Ботпанов Ә. Өмірзая. Алматы: Қазығұрт, 2019. – 220 б.
4
https://bilim-all.kz/olen/951
5
https://adebiportal.kz/kz/news/view/10501
Достарыңызбен бөлісу: |