БАСҚА ТІЛДЕН СӨЗ ҚАБЫЛДАУ ҚАҒИДАТТАРЫ
Таңат А.
Қазақ тілі мен әдебиеті ББ 1-курс студенті
Ғылыми жетекші:
Орынбаева А.Б.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы
Ақтау, Қазақстан
Аңдатпа.
Бұл мақалада өзге тілден сөз қабылдау қағидаттары туралы айтылады. Қазақ
қоғамында, қазақ тіл білімінде қоғамдық ұстаным ретінде маңызды теориялық ұсыныстар,
қазақ тіл білімінде ғылыми қағидаттар байыпталады.
Түйін сөздер:
қазақ тілі, өзге тіл, кірме сөздер, сөз қабылдау қағидаттары.
Қазақ тілінде кірме сөздер қабаты ертеден пайда болғанымен, олардың ену жолдары,
оларды қабылдау қағидаттары, тіл табиғатына сәйкес немесе сәйкессіздігі, жат бірліктердің
зияны тіл білімі тұрғысынан кейіннен тексеріліп, ғылыми пікірлер беріліп, арнайы ғылыми
қағидаттар да ұсынылған. Қалыптасқан түсінік бойынша кірме сөздер арқылы лексикалық
171
байлықты еселеу прогрестік қадамға бағаланып келген. Алайда бұл процеске тіліміздің
өзіндік мүддесі тұрғысынан сын көзімен қарау ертеректен ғылыми дәлелдемелермен
ғалымдарымыздың еңбектерінде көрініс берді. Бірақ ғылыми ұстаным деңгейіне жетіп,
қалыбын таппай келеді.
Әр дәуірдің талабына сай айтылып отырған ол теориялық материалдарды топтастыра
отырып, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ғылыми қағидаттар ретінде қалыптастыру қазіргі заман
талабы болып отыр. 1924 жылғы қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайында жасалған
Елдес Омарұлының «Қазақша пән сөздер» атты ғылыми баяндамасында кірме сөздер
мәселесі жан-жақты қаралған. Пән сөздерінің қазақ тілінің өзінен алынуы керектігін атап
өткен қайраткер сол түбірлерге жалғанатын жұрнақтарды саралап көрсетеді. Нәтижеде
жұрнақтар түбір тұлғасымен үндесетін және түбір тұлғасымен үндеспейтін, үндестік заңына
келмейтін қосымша бірліктер болып екіге ажырайды. Автор оз таңдауын былай сипаттайды:
«Үндестік заңына бағынбайтын жұрнақтар қазақ тіліне келіп енген жат жұрнақтар, оларға
мәндес келіп, түбірмен үндесе жалғанатын қазақ тілінің өз жұрнақтары бар. Жаңа сөзді жат
жұрнақ жалғап жасағаннан төл жұрнақпен шығарған артық» [1, 17].
Бұл жаңа сөздерді жасауда ұсынылған ұстаным болса, сырттан тікелей сөз
қабылдауда бірнеше бағыттағы қағидаттар қарастырылған. Оларды жинақтап айтсақ, бірінші
ұстаным сырттан қабылданатын сөз үндестік заңына сәйкестенуі тиіс, дыбыстық жағынан
игерілуі талап етіледі. Ғалымның пікірінше ол үшін жат бірлік бірнеше жолмен игерілуі тиіс.
Біріншіден, сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрін де бірыңғай жіңішке етіп немесе бірыңғай
жуан етіп алу керек [1, 18]. Екіншіден, сөз ішіндегі қазақ тіліне жат дыбыстарыды шығарып,
орнына қазақ тіліне тән дыбыс кіргізіліп алынуы керек [1, 160]. Үшіншіден, қазақ тілінде сөз
ішінде бір дыбыс қосарланып келмейді, жат сөздегі қосарланған дыбыстың біреуі түсірілуі
керек немесе орнына басқа дыбыс кіргізілуі керек. Екінші ұстаным ретінде кірме сөздің түбір
тұлғасына қойылған талаптарын қарастыра аламыз. «Жат сөз қазақ тіліне сіңіп, түбінде
қазақтың төл сөзі болып шығуы үшін айтуға жеңіл келіп, құлаққа ерсі естілмеуі тиіс» [1, 17]
Еңбекте қарастырылған тағы бір қағидат кірме қосымшаларға қатысты. «Жат сөзді жат
жұрнағымен алуға болмайды» [1, 60] дейді Елдес Омарұлы. Жұрнағымен қоса кірген кірме
сөздерді сол қалыбын түбір ретінде қабылдауды ұсынған. Сондай-ақ кірме жұрнақтарды
сөзжасамда пайдаланудан бас тартуға шақырғанын айта кетуіміз керек.
Кірме сөздер тақырыбын жан-жақты зерттеген елеулі еңбек Нәзір Төреқұлұлының
«Қазақшадағы жат сөздердің өзгерілу заңы» атты мақаласы. Бұл еңбек белгілі бір нәтижеге
бағытталған құнды зерттеу. Нәзір Төреқұлұлы бұл еңбекте негізгі екі мақсатын айқындаған.
Бірінші өзге тілдерден енген сөздердің өзгеру заңын табу болса, екінші нысанасы тілдің
алдағы уақытта баюына жол салу [1, 61-66]. Ол үшін тілдегі кірме сөздер зерттелуі және
белгілі бір ұстанымдар ғылыми тұрғыдан қалыптасуы тиіс еді. Ғалым нақты қағидаттардың
қажет екенін атады: «жат сөздерге қойылған серт, заңдай қазақ тілінде белгілі бір көше
салып қою керек. Қазақ тіліне енетін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, қазақ сөзі болып
кірсін» [1, 66]. Ал бұл мәселені шешуде ғалым тілімізде ертеден еніп орныққан араб және
парсы сөздерін үлгіге алып, олардың өзгеруін мысалдармен сипаттады. Себебі, араб және
парсы сөздерінің белгілі бір тәртіпті өзгеру үлгілері бар. Бұл бірліктер тілде жинақталған
кірме сөз игеру тәжірибесінің көрінісі іспеттес. Нәзір Төреқұлұлы «бұл тексерудің
қорытындысын еуропадан келетін сөздерге де пішу керек» [1, 69] деген пікірде болды. Бұл
тәжірибе тілге алдағы уақытта сөз енгізуде пайдаланылатын қағидаттар деңгейіне көтерілуге
тиіс еді. Мұны ғалым өзге тілден сөз алғанда ол бұзылып алынбаса, қабылдаушы тілдің өзі
бұзылатындығымен түсіндіреді [1, 76]. Қажетті сөз әуелі қазақшадан, сосын түркі тілдерінен,
олардан табылмаса еуропа тілдерінен сөз қабылданады делінген болатын Елдес Омарұлының
баяндамасы негізінде қабылданған қағидатта. Бірақ Нәзір Төреқұлұлы татар, түрік
тілдеріндегі сөздерден мысалдар келтіріп, бұл тілдердің өзі ортақ қажетті сөздерді сырттан
қабылдап отырғанын айтады. Түркі тілдерінің өздері еуропадан сөз қабылдап отырғанда неге
тіке еуропадан сөз қабылдамаймыз деген сұрақ тудырады. Дегенмен қажетті еуропа сөздерін
қабылдап алу жеткілікті деп отырған жоқ. «Еуропа сөздері де парсы және араб сөздеріндей
172
өзгеру керек» [1, 75] дейді Нәзір Төреқұлұлы. Аталған еуропа тілдерінен түп нұсқада сөз
алып, өзгертіп қолданудың бес түрлі қағидатын Халел Досмұхамедұлы өз еңбегінде талдап
көрсеткен. Ғалымның бұл тақырыптағы пікірлерін көрсетіп өтсек, біріншіден, еуропа
тілдерінен алынған сөздер тіл заңымен өзгеріп, тілімізге сіңіп кетуге қолайлы болу керек.
Екіншіден, еуропа сөзі сөз иесінің тілінен аралық тілсіз, ғалымның айтуынша орыс тілінің
дәнекер болуынсыз алынуы тиіс. Үшіншіден, еуропа тілдерінде сөздер жуан формаға
қарағанда, жіңішке формасында айту қолайлырақ келеді. Сондықтан жіңішке түрінде
қолдану тиімді екендігін айтады. Бұл орайда ғалым аталған тілдердің өз табиғатына мән
берілуі керектігін ескерген болу керек. Төртіншіден, кейбір еуропа тілдерінде екпін сөздің
соңғы буынындағы дауысты дыбыстарға түседі. Тіліміздің табиғаты да осындай
болғандықтан, сөз өзгертуде сол тілдерді үлгіге алуға болады деп есептейді. Бесіншіден,
еуропа тілдерінен алынған түбір сөз тіл үндесіміне келтіріліп алынған соң, жалғанатын
барлық қосымша сингармонизм заңымен жалғануға тиіс [2, 67-68]. Бұл кірме сөздердің
тілімізде ары қарай игерілуінде негізгі рөл атқарады.
Халел Досмұхамедұлы Нәзір Төреқұлұлының кірме сөздердің игерілу жөніндегі
айтқан мәселелерімен, еуропа сөздеріне жол беру жөніндегі ұсынысымен толық келіседі.
Сондай-ақ мақалада сыналған –паз, -стан, -кер жұрнақтарының қолданысын да қатеге
шығарады. Дегенмен Нәзір Төреқұлұлының тарих сөзінің орнына историе, физика сөзін
алып, маманды историк, физик деп атауына қарсы көзқарас танытады [2, 59]. «-стан, -паз
сияқты қосымшаларды көтере алмай отырып, -ик қосымшасын мойнымызға мінгізіп не
қыламыз» [2, 59] дейді Халел Досмұхамедұлы. Бұрыннан нормаланған сөзді өзгертуге және
кірме қосымшаның орнына басқа бір кірме қосымша әкеліп таңуға болмайтынын айтады.
«Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» мақаласының мазмұны тіл үндестігі тақырыбы
болғандықтан автор қазақ тіліндегі кірме сөздерге барынша назар аударған. Себебі тілдің
аталған заңын бұзушы әр дәуірде де кірме жат бірліктер болады. Елдес Омарұлы өзінің
баяндамасында қазақ тілінде –нікі, -дікі, -тікі қосымшасынан басқа тіл үндестігін бұзатын
бірлік жоқ екендігін айтқан [1, 18]. Ал Халел Досмұхамедұлы –нің деген жалғау мен –кі
жұрнағының қосылуынан туған –ніңкі құрама жұрнақ екендігін айтып, мұны шала жұрнақ
қатарында қарастырып өткен болатын [2, 13]. Ғалым тіліміздегі жат сөздерді екі аумақта
қарайды. Бірі парсы және араб сөздері, екіншісі еуропа тілдеріне тиесілі бірліктер. Мұның
ғылыми негізі бар деп есептейміз. Аталған тілдердің бірліктерінің тіліміздегі орны әр қалай.
Мысалы қазақ тіліндегі араб және парсы сөздері жөнінде «бұл сөздер қазақ тілінің қай
заңына да келеді, қазақ тіліндегі төл түбірдей өзгеріп, құбыла береді» [2, 17] деген пікірдің
дәлелін тіліміздегі кірме сөздерден көріп тұрмыз. Халел Досмұхамедұлының «бұларды жат
сөздер деп айтуға келмейді, сондықтан бұл сөздердің бәрін қазақ сөзі деп айтуға тура келеді»
[2, 17] деген пікіріне тоқтау жасаймыз. Себебі тіліміздегі мұндай сөздер төл болмысынан
мүлдем өзгеше. Мысалы, парсының агар, зиндан сөздері егер, зындан болып, арабтың
даража, иззат, умр, нйиат сөздері дәреже, ізет, өмір, ниет болып тілімізде қалыптасқан. Төл
сөздердей ұғынылады. Мұның себебі дыбыстық игерілуде деп білеміз. Тілдегі бұл мәселені
емле жүйесін жасауда ұмыт қалмауы тиіс болған. 1929 жылы Қызылордада өткен
конференцияда қабылданған «Қазақ тілінің жаңа емлесінде» кірме сөздер мәселесі
ескерілген екен. Аталған ережеде «шеттен кірген сөздердің емлесі дыбыс жүйесімен
жазылып, қазақ тілінің сөз жүйесіне келуі керек» [1, 17] делінген. Араб және парсы сөздері
табиғи жағдайда дыбыс жүйесіне ұзақ уақыттық нормалану негізінде сәйкестенді. Дыбыс
жүйесі негізге алынбауы себебінен тілімізде тілді бұзушы бірліктер көбейді. Бұл тілде тіл
заңын бұзбауға арналған нақты қағидаттың болмауынан деп білеміз. Қазақ тілінің үндесіміне
сәйкессіз сөз қабылдау қазіргі кезеңге дейін сақталып келеді. Мысалы тілімізге енген электр,
спектр сияқты орыс сөздері тіл үндесіміне сай електір, спектір болып алынуы қажет еді.
Бірақ бұлай сөйлеу мен жазу нормаға сәйкес деп қабылданбайды. Тілдің табиғи заңына
қайшы бірліктер қазіргі таңда көбейген. «Әрбір тілдің өзіне тән фонетикалық, лексикалық,
морфологиялық даму заңдылықтары болады және сол заңдылық дұрыс сақталған жағдайда
173
ғана тіл өз табиғатын сақтауға мүмкіндік алады» [3, 671-676]. Бұл мәселелер ескерілген
жағдайда жоғарыда айтылған ғалымдар өз қағидаттарын ұсынған деп есептейміз.
Қорыта айтқанда, алаш кезеңіндегі тіл мәселелерін ұсақ тілдік бірліктерден бастап,
қазақ тегі мен қазақ мемлекеті атауына дейінгі аралықта қараған зиялылар тіл тазалығын
сақтауда мән берілуге тиіс бірқатар мәселелерді атады. Біріншіден, тілдің табиғи заңы болып
табылатын үндестік заңын бұзбай, барлық тілдік бірліктердің аталған заңға бағындырылуы
керектігін баса назарға алды. Екіншіден, тілге алдағы уақытта енетін кірме сөздерді
қабылдауда тілдің өткен дәуірдегі кірме сөз игеру үрдісін ғылыми қағидат етіп алуды
ұсынды. Үшіншіден, тіл қалыбын сақтау үшін төл сөздердің түбір тұлғасын бұзбай
қолдануды, ал кірме сөздерді керісінше түбір тұлғасын бұзып қабылдауды тіл заңына сәйкес
деп тапты. Төртіншіден, кірме текті қосымшаларды тілді бұзушы бірліктер деп санап,
сөзжасамда төл қосымшаларды пайдалануға кеңес берді. Бесіншіден, мемлекет атауы мен
оның азаматтарының тегінде өзге тіл қосымшаларының болуын терістеді. Біз осы тізбектегі
мәселелердің өзектілігін ескере отырып, аталған теориялық ұсыныстар қазақ тіл білімінде
ғылыми қағидаттар ретінде, қазақ қоғамында қоғамдық ұстаным ретінде қалыптасуын
маңызды деп есептейміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Терминология мәселелері.1-кітап. Астана: 1C-Сервис, 2006. – 288 б.
2. Досмұхамедұлы Х. Құрастырушы А.Қ. Құдабаев, С.Торайғыров атындағы
Повлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 78 б.
3. Түймебаев Ж., Ескеева М. Түркітанудың тарихи-лингвистикалық негіздері. –
Алматы, Қазығұрт, 2015. – 512 б.
Достарыңызбен бөлісу: |