САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖЕТІ ҚАЙҚЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Рымбаева Ә.А.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 3 курс студенті
Ғылыми жетекші:
Әбішева Ш.С.
қауымдастырылған профессор м.а., ф.ғ.к.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті,
Ақтау, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада ХІХ ғасырда өмір сүрген халық мәдениетінің, ән-күй өнерінің
өкілдері Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Шашубай, т.б. сал-серілердің жалғасы
болып табылатын тек Маңғыстау емес, Атырау, Теке, Орал, Ақтөбе, Орынбор өңірі мен Орта
Азия елдеріне кеңінен таныс, шетінен күміс көмей «Адайдың жеті қайқысы» атанған
өнерпаздар туындыларының көркемдік тұстары сөз болады.
Түйін сөздер:
халық мәдениеті, музыка, сөз өнері, әншілік өнер, сал-серілер, поэзия,
көркемдік тәсілдер, дүниетаным, дәстүр жалғастығы, идея, композиция, жыр, жыршы,
синкретті өнер, композитор.
Ұлт әдебиеті тарихында ХІХ ғасыр күрделі де шиеленісті әлеуметтік-саяси тартысты
оқиғаларға толы болғандығы, халқымыздың қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткергендігі
белгілі. Осы кезеңде тарих сахнасына шыққан ұлт руханиятының өкілдері, мәселен,
Арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Қазақстанның Батыс өңіріндегі Мұхит, Сыр бойындағы
Нартай дәстүрі, сонымен қатар Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Мәди, Ғазиз, Үкілі Ыбырай,
Әсет т.б. қазақтың ән қазынасын байыта түсті. Халықтық поэзияны көркемдік-идеялық,
тақырыптық жағынан дамытты. Сондай-ақ, Маңғыстау даласында Өскінбай бастаған
«Адайдың жеті қайқысы», Шу өңірінде Сауытбек бастаған «Ашаның алты салы», Дәурен сал
бастаған «Жетісудың алты салы», Арқаның Төлебай бастаған «Арқаның он бір салы» ел
аралап, бір-бірінен өнерлерін асырғандығы тарихтан белгілі.
Кеңестік кезеңде қазақ өнерінің сал-серілер жасаған ұлы мұрасы қақпай көріп, Үкілі
Ыбырай, Мәди, Иманжүсіптер сол қызыл қырғынның құрбаны болғанымен, табиғатынан
тума талант өнерпаздардың кейінгі ұрпаққа рухани қазына болып қалғандығы, ұлт
мәдениетіне қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Ә.Тәжібаев: «Лириканың негізі –
халық өлеңдерінде, әсіресе, сал-сері атанған: Біржан, Жаяу Мұса, Ыбырай, Әсеттерде
жатыр», – деп атақты өнерпаздардың ұлт руханиятындағы орын жоғары бағаласа [1, 6-б.],
Маңғыстау өнерпаздары турасында Әбіш Кекілбайұлы: «Ел қазынасы саналатын ұлы өнер
өмірмен егіз, ел тағдырымен астарлас. Маңғыстау өлкесінде өнерімен өрге шауып, төске
өрлеген, қатарынан оза шауып бәйге алған сұңғыла дарындарымыз қаншама?! Нотаға
түсірілмейтін күйлерді тек сол өлке ғана тартады, дауысы түстік жерге жететін әншілер тек
қана сол өлкеде туады» [2, 12-б.] – деп, айқын сипаттама берген.
Расында да, «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстау өлкесінде тасқынды жыр
төккен ақпа ақын-жыраулар, олардың сөздерін ел арасына таратушы небір жыршы-
термешілер, дауысын алты қырдан асырған әншілер, дәулескер күйшілер, небір қайталанбас
тума таланттардың өткендігі мәлім. Міне, ел арасында ұлы той-жиын, думандарға бірге
барып, жетеуі кезектесе құйқылжыта ән салғанда таңды-таңға қосып жыр айтып, шалқыта
154
күй шертіп, тамсанта таңдай қақтырған, атақ-даңқтары тек Маңғыстау емес, Атырау, Орал,
Ақтөбе, Орынбор өңірі мен Орта Азия елдеріне жайылған, шетінен күміс көмей, жез таңдай
«Адайдың жеті қайқысы» атанған өнерпаздардың алар орны ерекше.
«Қайқы» сөзі «сал, сері» деген сөздермен синонимдес ұғым. Бұл сөздің мағынасын
түбі бір түркі халықтарының тілінен іздеген зерттеуші Ш. Керімов В.И. Вербицкийдің
«Словарь алтайского и аладагского наречий тюркского языка» (1884) сөздігінен: «...алтай,
аладаг тілдерінде «қайқы» – тамаша, керемет, қуман диалектісінде де «қайқу» сөзі осындай
мағынада жүреді, В.И. Рассадиннің «Фонетика и лексика тофаларского языка» (1971)
еңбегінде хакас тілінде «хай қастық» – таңданарлық, ғажап; тофоларда «қайһа» – таңдану,
таңырқау деген ұғымды білдіреді», – дей келе, «жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, қазір
сирек қолданылатын сөзге айналып үлгерген «қайқы» бұрын кербез, тамаша, ғажап, яғни,
«қайқы» – жігіттің кербезі, ал «қайқылық» – кербездік деген мағынада жұмсалғанын
аңғарамыз» – дейді [3, 12-б.].
Адайдың жеті қайқысы ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде
Маңғыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары – Өскінбай Қалмамбетұлы, Жылгелді
Теңізбайұлы, Шолтаман Байсарыұлы, Тұрсын Алдашұлы, Досат Бәймембетұлы, Тастемір
Боранқұлұлы, Әділ Өтеғұлұлы.
Бұлар өздерінің дәуірлеген заманында елдегі әлеуметтік мәселелерді басты тақырып
етіп алып, өнерлерін теңсіздікке қарсы күрес құралы еткен. Жеті өнерпаз әндерінің жалпы
мазмұны – адамның қуаныш-сүйініші, мұң-қайғысы, махаббат сезімі, саятшылық, жүйрік ат,
қумай тазы, аң аулау, қалаберді елдік, ерлік тақырыптар. Олар өз туындыларында
музыкалық, поэтикалық әдістерді ұтымды пайдалана білген. Осы орайда, академик
А. Жұбанов: «Маңғыстауда Шолтаман, Тастемір, Досат, Тұрсын, Жылгелді, Әділ, Өскінбай –
«жеті әнші», «жеті қайқы» болып аттары шығады. Бұлар жетеуі бірге жүріп, көбіне қосылып
ән айтады екен. Тыңдаушылар бұларды аса қатты құрметтейді екен. Әрине, жеті кісінің
қосылып бір дауыста ән айтуы әннің сапалық жағын сөзсіз өзгертеді, күшейтеді,
әсерлендіреді, байыта түседі» [4, 67-б.], – деп пайымдайды.
Бірде Жеті қайқы кезекті өнер сайысынан жеңіспен оралып келе жатып:
Жиылып жеті дүлдүл желе кеттік,
Жұп жазбай, серілікпен елге жеттік.
Әншінің айдап жүрген еш малы жоқ –
Өнер мен мерекені ермек еттік.
Ерітіп соңымызға көпшілікті,
Өнерді жасымыздан өрнек еттік.
Кең ойып, шаршы топтан орын алып,
Қара өлең, төрттен салып, дөңгелеттік [5, 7-б.], − деп таныстырады өздерін.
А.Жұбанов Өскінбай Қалмамбетұлы туралы: «Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл
дәстүрлерінің
ешқайсысына
тікелей
соқпайтын,
творчествалық
бағытында
да,
орындаушылық дәстүрде де өз алдына бір төбе болып тұрған адайлық күйлердің негізгі
қорын бір басына жинаған Өскінбайдың біздің халықтық аспап музыкасында алатын орны
ерекше», – деп баға береді [4, 68-б.].
Өскінбай әкесінің аңшылық өнерін де қапысыз меңгеріп, бұл өнерді одан әрі
дамытып, төңірегін атбегі, құсбегі, қақпаншылығымен тәнті еткен. Алайда, Өскінбайдың
даңқын шығарған оның күйшілігі мен әнші-ақындығы. Оның мұрасын жалғастырушы
баласы Мұраттың айтуынша Өскінбайдың репертуарында екі жүздей күй, біршама әндер
болған. Өз төңірегіндегі Лекер, Жоламан, Дәуітәлі, Мылқайыр сияқты дәулескер
домбырашылармен үзеңгі қағыса жүріп, сондай-ақ, көршілес түрікмен ағайынның ішінде
Құлбай, Сапар-Мамбет, Өдеулі сияқты әйгілі күйшілермен де араласып, небір өнер сынына
талай-талай додалы тартыстарға түскен. Талай додада ел намысын қолдан бермей елдік
тақырыптарды да қозғап, екі ел арасындағы ынтымақ, бірлікті де сақтауға септігін тигізген.
Жеті қайқының енді бірі Жылгелді жастайынан-ақ ел арасындағы болған той,
жиындарда қара домбырасын жанынан тастамай, өз өнерін көрсете бастаған. Бізге белгілі
155
деректер бойынша, ол тек қана әнші емес, айтулы ақын-жыршы, күйші адам болған.
Өкінішке орай, тағдыр-тәлкегі, ел басына туған зобалаң, қым-қуыт зар заман атамыздың
өмірінің соңына дейін туған-өскен топырағында тіршілік етуіне мүмкіндік бермейді. 1930-
1931 жылдары ел арасы сөгіліп, қуғын-сүргін, айдау басталады. Сол себепті оңтүстікке
ығысқан елмен бірге Жылгелдінің отбасы да көшіп, Шағадам – қазіргі Түрікменбашы
бетіндегі Қулы-Маяк жерінен қоныс тебеді.
Ел басына түскен нәубет Маңғыстау жұртына да өз кесапатын ала келді. 1909-1910
жылғы жұттың салдарынан елде жаппай ашаршылық басталады. Осы орайда, Жылгелдінің
өзге қайқылардан ерекшелігі – сол замандағы тарихи жағдайға қатысты ел басына түскен
қиын-қыстау кезеңді жырлайтын «Жұт итке» атты толғауы болса керек.
Жылгелдінің «Адамы бұл заманның...» атты шығармасы зар заман ақындарының
туындыларымен сарындас болып келеді.
Сал-серілердің шығармашылығындағы өзекті тақырыптардың бірі – ғашықтық,
махаббат тақырыбы. Сұлулықты, әдемілікті асқақтата жырлау сонау эпостық жырлардан
басталатыны ақиқат. «Алпамыстағы» Гүлбаршынның, «Ер Тарғындағы» Ақжүністің,
«Қобыландыдағы» Құртқаның т.б. көркем бейнесін жасауда шеберлік қалай көрінсе, одан
бертін келе туған туындыларда да бұл ерекшелік жалғасын тапқан. Міне, жеті қайқы
шығармаларында да эстетикалық құрылым басымырақ. Себебі, олардың өлеңдерінде
адамның арақатынасы, махаббат сезімдері, ішкі жан дүниесі нәзік лиризммен әсерлі
бейнеленген.
Қайқылардың қай-қайсысы да сүйгендеріне арнап өлең шығарып, ән айтқан.
Жылгелді Ағибашын жырға қосса, Досат ғашықтық әнін Жамалына арнайды. Осы орайда
зерттеуші Ж.Жылқышыұлы «Ақзер» әнін Жылгелдінікі десе, ғалым Қ.Сыдиықов өз
зерттеулерінде Досаттың әні деп көрсетеді.
Өскінбай, Жылгелді, Досаттар көбінесе сезімдік сипаттағы әндерді шырқаса, Әділ
Өтеғұлұлы орындаушылығындағы өзіндік ерекшелігімен әбден шырқау шегіне жетіп, екі
көзіне тер құйылып, алқымы ісініп, аласу болғанда барып – «Жайма қоңырына» салатын
көрінеді. «Қатарынан оза шауып бәйге алған нағыз дүлдүл өнерпаздың бірі – Әділ еті қызып
алса – екіленіп, құйрығымен жорғалап ысырылып, байыз таппай кететінін өзі де аңғармай
қалатын болған. Қолы оң-сол демей, домбыраның бас-аяғына жоғары-төмен сырғанай,
жосып кететін көрінеді [6, 49-б.].
Тастемір Боранқұлұлы – суырып салма ақын, жырау болған. Оның шығармаларынан
бүгінге дейін бір ғана «Маңғыстау» әні жеткен. Зерттеушілер бұл әннің тарихын Тастемірдің
әкесінің өлімінен соң Арқа еліне кетіп қалып, ол жақта тұрақтай алмай, туып-өскен еліне
қайтып келуімен байланыстырады. Ақын: «Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң, Көзімнің
жүре алмадым жасын тыйып», деп туған топырағына деген ыстық лебізін білдіреді. Туған
жеріне жетуге асыққан өнерпаздың сағынышы баяндалған бұл ән нағыз азаматтық лирикаға
жатады.
Сөз өнерін ұран еткен Тастемірдің ізімен өлкеміздегі әншілікті де, күйшілікті де
бойына жиған жеті бұлбұлдың бірі – Тұрсын «Тас астау», «Көл қайнар», «Оймауыт»,
«Шандоз қызға», «Айырық» атты әндерімен дүйім жұртқа таныс. Әншінің «Тас астау» атты
туындысында: «Қынай белді қыздар-ай, қиылған қас, Бірге отырып жақсы екен ішілген ас,
Тобылғы мен тор атпен барғаныңда, Күліп шықса алдыңнан бір қолаң шаш» деп сұлу қызға
деген риясыз көңіл, сезім күйлерін көреміз.
Тұрсынмен сарындас келетін Шолтаман туындылары да бір төбе.
Шолтаман ақынның таланты тіптен ерекше. Тыңдаушы құлағын елең еткізер
Шолтаманның бір әні былай айтылады екен:
Дүние – қызыл түлкі бұлаңдаған,
Айтпаса, кімнің сырын кім аңдаған?
Барында тіршіліктің сөз сөйлейік,
Бұл дәурен өтпей бастан тұра алмаған!
156
Бұл әнді өзінің жарау аты Керторының үстінде шырқау шабытпен шырқаған екен.
Даусының кеңдігі мен биіктігі жөнінен Шолтаман да басқа қайқылардан қалыспаған.
Әншінің бізге жеткен әндері: «Дәләйшім», «Көкжөтел», «Сарыөзен», «Дөңасар», «Жайма
қоңыр» т.б.
Жеті қайқы шығармалары сонау Сырдың сүлейлері мен Көкшенің салдарының
туындыларымен үндесіп жатыр. Ұлт әдебиетінен ауқымды орын алған Ақан сері, Біржан
сал, Жаяу Мұса, Сегіз серілердің әндері мен біздің маңғыстаулық қайқылардың әндері тіптен
ортақ тақырыпқа құрылған.
Сал-серілерге тән сұлулықты, нәзіктікті, достықты, сезімді жырға арқау ету дәстүрі
қайқыларда да көрініс тапқан. Қайқылар да заманында серілермен тең дәрежеде болған елдің
еркелері еді. Олардың шығармаларындағы ұқсас тұстарды көптеп кездестіреміз. Мәселен,
Ақан сері:
Болғанда мұндай күйде заманамыз,
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,
Қайткенде тура жолды таба аламыз...
...Жай жату тек бүгінгі жанның қамы,
Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы.
Өзді-өзін талап жеген әлі жетсе,
Хайуан сахарада аңның қамы... – деп халқының сол кездегі әлеуметтік тұрмысын,
адамдардың салғырттыққа бой алдырып ішіп-жегенге мәз болған сипатына ашынғанын анық
байқасақ, енді жеті қайқының бірі – Жылгелдінің «Адамы бұл заманның...» атты өлеңінде:
...Адамы бұл заманның болды балық,
Ұстатпас еш жерінен жып-жылмағай.
Ілтипат ететұғын қалмады жан
Орнынан ай менен күн қозғалмағай... – деп заманның келбетін жырына қосады. Міне,
«поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп, көрсете алатын зор
мүмкіншілігі бар. Ол айналадағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің
қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы.
Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей
жалғас туады» [7, 11-б.].
Сонау ұлт тарихында өзіндік мектебін қалыптастырған өнерпаздар – сал-серілердің
заңды жалғасы болып табылатын Адайдың жеті қайқысы атанған Өскенбай, Жылгелді,
Тұрсын, Досат, Шолтаман, Тастемір, Әділ сынды өнер иелерінің халықтың ән мәдениетін
дамытуға өз үлестерін қосып, елдің сол тұстағы ауыр тұрмысын, ел ішіндегі түрлі әлеуметтік
мәселелерге белсене араласып, өз туындыларына тақырып арқауы еткендігін баса айтуымыз
керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Тәжібаев Ә. Жылдар, ойлар. – Алматы, 1976. - 472 б.
2. Сыдиықұлы Қ. Таңдамалы. 1-том – Алматы, 2007. - 576 б.
3. Керимов Ш. Проблемы традиционного и индивдуального в творчестве казахских
поэтов-песенников (сал-сері) второй половины ХІХ и начала ХХ веков. автореф... канд.
филол. наук: – Алматы, 1991. - 24 с.
4. Жұбанов А. Өскен өнер. – Алматы, 1985. - 248 б.
5. Тілегенов А. Адайдың жеті қайқысы. – Алматы, 2000. - 64 б.
6. Шыртанов І. Текті тұлғаның тұнбасы. – Алматы, 2005. - 324 б.
7. Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана, 2002. - 408 б.
157
Достарыңызбен бөлісу: |