1-сұрақ Фольклор – ең ежелгі адамдардың діні, ғылымы, наным-сенімі, өнері. Оны зерттеуші ғалымдардың барлығы дерлік фольклор табиғатына синкреттілік тән екенін атап көрсеткен. (Мәселен, А.Н. Веселовскийдің «Тарихи поэтика», 1940, 1984 еңбегін қараңыз). Синкреттілік дегеніміз – фольклорлық туындылардың бойында бірнеше өнердің бірлесіп көрінуі. Мәселен, батырлар жырын немесе айтысты алайық, олардың бойында сөз өнері, саз өнері және театрдың нышандары бар. Бақсы ойынының барысында сөз өнері, саз өнері (бақсы сарыны қобыздың сүйемелдеуінде орындалады), би өнері тоғысқан күйде көрінеді.
Фольклор мен әдебиеттің туыстығы айқын: екеуі де сөз арқылы дүниені эстетикалық тұрғыдан қабылдайды, сөзбен жасалған образдар арқылы адамның сана - сезіміне әсер етеді. Екеуінің де болмысты бейнелеуде пайдаланатын құралы - көркем сөз. Фольклор – жазба әдебиеттің бастауы.
Фольклорлық туындылар ауызша туады, таралады, ауызша сақталады. Фольклорлық туынды көзбе-көз, қолма-қол орындалу арқылы халықтың аузында өмір сүреді. Фольклор – ұжымдық шығармашылықтың жемісі. Фольклорлық туындыда жеке автордың емес тұтас бір ұлттың шығармашылық қолтаңбасы сақталады. Ертегі, аңыздарды, жырларды о баста сөзге ділмар, талантты адамдар шығарғаны анық. Бірақ бұл туындылар ауыздан-ауызға тарап, уақыт өте келе бастапқы авторлары ұмытылған.
Фольклордың көпнұсқалылығы. Қазақ халқының ауыз әдебиеті аса бай. Оның бір себебі ауыз әдебиеті үлгілерінің ел ішінде бірнеше нұсқада таралатынына байланысты. Мәселен, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырының отыз үш нұсқасы, «Қобыланды батыр» жырының жиырма сегіз нұсқасы, «Қыз Жібек» жырының үш нұсқасы бар. Фольклорлық туындылар ауызша туып, таралу себепті көп нұсқалы болып келеді. Фольклор – полистадиялы (көпқабатты) құбылыс. Халықтық туындылар бір ғана ғасырдың жемісі емес, ол сандаған ғасырлармен бірге жасасып, талай тарихи кезеңдерді басынан кешірген. Сондай-ақ әрбір тарихи кезеңнің, қоғамдық құрылыстың, әлеуметтік, таптық көзқарастардың әсерін бойына жинақтаған.
Фольклордың қоғамдық қызметі әдебиеттің қоғамдық қызметіне қарағанда әлдеқайда кең. Фольклордың халықтық және жалпыадамзаттық сипаттары. Ауыз әдебиеті – халықтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық өмірін, арман – мұңын, дүниетанымын бір сөзбен айтқанда ұлттық болмысын танытады.
Фольклордың халықтық сипаты дегеніміз - халықтың ой-санасы мен жан дүниесін бейнелеу және халыққа қызмет ету. Фольклордың тарихилығы. Фольклордың белгілі бір тарихи кезеңнің рухын нақты адамдар тағдыры мен мінездері арқылы бере білу қабілеті – тарихилық деп аталды. «Тарихилық» - аса күрделі категория. Тарихилық дегенді көркем туындыда белгілі бір тарихи оқиғаны нысана ету деген тар мағынасында ұғынбаймыз. Тарихилық - фольклорлық туындының белгілі бір тарихи дәуір келбетін, ұлт тарихы мен мінез-құлқын жанды суреттер, нақты адам тағдырлары мен мінездері арқылы танытатын сипаттарының бірі.
Фольклордың қоғамдық қызметі. Халық ауыз әдебиеті - адамзат қоғамының дамуында аса мәнді роль (танымдық, идеялық-тәрбиелік, эстетикалық) атқарады. Фольклор – алғашқы адамның ғылымы, өнері, наным-сенімі, діні, әдет-ғұрпы болды. Ой көзімен қарасақ, қазақ ауыз әдебиетінен педагогика, тарих, география, философия, математика, экология, архитектура, космология ғылымдарының сілемдерін байқаймыз.
2-сұрақ Хикаят (Әпсана) (парсы, апсанс - аңыз, араб, хикаят - әңгіме) - қазақ фольклорлық прозасының жанры. Бұл терминді орыс, Еуропа әдебиеттерінде қалыптасқан легенда (лат. legenda) - ұғымының баламасы ретінде қазақ фольклортануына С.Қасқабасов енгізген. Әпсана - бағзы бір замандарда болыпты-мыс делінетін оқиғаларға немесе пайғамбардың, әулие-әнбиелердің ғажайып істерін баяндайтын діни сюжеттерғе негізделген, сондай-ақ нақтылы тарихи, кітаби дерек, тиянағы жоқ, таза қиялдың жемісі ретінде туған, фольклорлық прозаның көркемдік сипаты мейлінше қанық үлгісі. Әпсанадан аңызға да, мифке де, ертегілерге де тән жанрлық белгілер бірдей ұшырасады. Оқиғаның тым көне, архаикалық сипаты белгілі бір идеялық, тақырыптық бағдарды діттейтін сюжеттік-композициясын шарттылықтың басымдылығы, көп нұсқалық - әпсананың негізгі ерекшеліктері әпсана шартты түрде тарихи-мекендік, діни-кітаби, әлеуметтік-утопиялық деп үшке бөлінеді. Тарихи-мекендік әпсана есте жоқ ескі дәуірде өткен оқиғалар, тарихи тұлғалар жайына арналады (Ескендір Зұлқарнайын, Қызыр, Қорқыт туралы әпсана). Діни- кітаби әпсана құран хикаяларын мазмұндап, әулиелердің тағдыр-талайын, тіршілік тауқыметін, т.б. өзек етеді (Мысалы: Аюп, Мұса, Әзірет Әли, Нұх, т.б. туралы әпсаналар). Ал әлеуметтік-утопиялық әпсаналар халықтың тәңірі қалаған абат мекен Жеруйық хакындағы ой-арманынан туындайды (Асан қайғы, Абат, Өтеген батыр іздейтін Жерұйық, Жиделі-Байсын туралы әпсаналар).