БИЛЕТ №8
1. Эпикалық қара сөз жанры.
2. Көне эпос. Кейіпкерлері.
1-сұрақ
Қара сөз (проза) - көркем әдебиеттің үлкен бір саласы. Өлең поэзиядан бір айырмасы - онда сөз ырғағы еркін, әдебиеттегі сөз саптау қалпына сәйкес келеді, өлеңдегідей қандай да белгілі өлшемдер сақталмайды. Қара сөзбен жазылған көркем шығармада өмір құбылыстарын, әр түрлі уақиғаларды баяндау тәсілі айрықша болады. Сөйтіп, әдебиетте өлең мен қара сөздің бір-біріне қарағанда жасалу жолдары да, мәні де, әсері де өзгеше келеді. Біраз уақыт поэзияға қарағанда қара сөз көркем шығармаға жатпайды дегендерде болды. Қара сөздің нақты сөз өнері екені орыс әдебиетінде Пушкин заманында терең таныла бастады. Расында поэзияға қарағанда қара сөздің кеш дамығаны белгілі. Сөйтсе де, ежелгі және орта ғасырда оның алғашқы белгілері болған. Ертегі, аңыздар қара сөз түрінде туған.
Кейін өлең-жырлардан қалыспай, қара сөзбен жазылған драма дүниеге келді. Мұның өзі әдебиеттің жаңа құбылысын танытумен бірге, сөз өнеріндегі сыртқы формалық және ішкі мазмұндық өзгерістерді де дүниеге әкелді. Кейде көркем сөз қара сөздің ауызекі әңгімеден, немесе жазба сөзден айырмасы шамалы деген пікірлер айтылған. Алайда, зерттеушілер пікіріне қарағанда және көркем сөз өнерімен айналысатын шеберлердің айтуына қарағанда, өлгіндей пікірлердің біржақты екені байқалады. Қара сөзбен жазылған шығарманың көркемдік қуаты ерекше көрінеді. Ойлау, бейнелеу, суреттеу арқылы қара сөздің ішкі мәні ашылады. Жазушы шығармасын оқи отырып, қара сөздің тапқыр да, ұтқыр қолданғанының куәсі боламыз. Жинақтап айтқанда, қара сөз арқылы эпикалық жанрлар туындайтынын байқаймыз. Арғы-бергі әдебиет классиктері көркем сөз арқылы адамзаттың рухани азығы боларлық туындылар жазып қалдырған. Әңгіме, повесть, роман-эпопеялар қара сөздің тікелей жемісі болып табылады. Абайдың қара сөзінің өзгешелігі бар, ол нақыл әңгіме түрінде алынған. Қара сөздер саясат, публицистика, философия тұрғысында жазыла береді. Ал қазіргі заманғы жазба әдебиетті алсақ, роман, повесть, көркем әңгіме сияқты алуан түрлі прозалық жанрлардың сөз өнерінің аса құнды, өнімді саласы ретінде жан-жақты дамып келеді.
2-сұрақ
Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы-эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел өмірінен алынып, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз. Қазақ эпосының түрлері: 1.Көне эпос; 2.Батырлық эпос; 3.Ғашықтық эпос; 4.Тарихи эпос. Қазақтың көне эпостарына: «Құламерген, Жоямерген», «Таласбай мерген», «Дотан батыр», «Құбығұл», «Мұңлық-Зарлық» жатады. Алғашқы адамдарының дүниетанымын көркем елестететін мифтік, ертегілік, аңыздық оқиғаларға құрылған эпикалық туындылардың ортақ белгілері: 1. Қиял-ғажайып оқиға күрделі орын алады, адам баласына қаскөй күштер:жезтырнақ, дию, аждаһалар, албастылармен күрес, оларды жеңіп барып мұратқа жету көрсетіледі.2. Көне эпоста дүниенің жаралуы туралы мифтік ұғымдар көрініс тапқан. 3. Анаеркі (матриархат) дәуірінің ыдырап, атаеркі (патриархат) кезеңінің салты орныға бастаған шақтың сипаттарын танытатын оқиғалар кездеседі. 4.Көне эпосыта ертедегі аңшылық өмірдің суреттері неғұрлым көбірек сақталған. 5. Адамдардың сиқырлы күштерге сенуі (анимизм,тотемизм т.б.), жан-жануарлардың, өсімдік дүниесінің жаны, иесі бар деп есептеушілігі эпикалық шығырмаларда өз ізін қалдырған. 6.Баласыздық тақсіреті, әулиелер аралап, мінәжат етіп жүріп перзентті болушылық, түс көру, аян беру, болашақ қаһарманның ғажайып тууы тәрізді мотивтер сюжетке негіз болады.7.Қаһарманның жедел есеюі, жүйрік ат таңдап мініп, қауіпті алыс сапарға аттануы, жол жөнекей алуан түрлі жыртқыш, сиқырлы қас күштермен кездесуі, батырлықпен үйленуі-көне эпоста кең таралған құбылыс. Әрбір халықтың эпостық жырларының қатарынан батырлар жырының алатын орны үлкен. Батырлар жыры елдің сандаған ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын көркем жинақтайды, түрлі оқиғаларға өзіндік көз-қарасын белгілейді, алдан күткен арманын білдіреді. Тарихта болған белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болғанмен қаһармандық эпос сондай құбылыстардың терең тұжырымын аңғартады. Батырлар жырында ерлік, отан сүйгіштік қасиеттер асқақтата жырланады. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз мінез, қасиеттерді әсірелеп беру эпосқа тән қасиет.
Достарыңызбен бөлісу: |