БИЛЕТ №4
1. Фольклор мен жазба әдебиеті.
2. Аңыз, оның түрлері.
1-сұрақ
Фольклор — халық шығармашылығы, яғни аңыздар, қиссалар, ертектер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар және т.б.
Қазақ әдебиетінің ежелгі бастаулары б.з.б. 3 — 1 ғ-лар аралығында пайда болған “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр” дастандарында жатыр. Осынау жазбалардағы оқиғалардың қазақ халқының арғы тарихымен тығыз байланыста өрбігендігі соңғы уақыттардағы ғыл. ізденістер барысында толық дәлелденді. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері ұлттық әдебиетке тікелей қатысты үш түрлі мәселенің басын ашып берді. Біріншіден, қазақ жазба әдебиетінің түп-тамыры Түрік қағандығы тұсынан басталатыны белгілі болды. Екіншіден, өз дәуірінің кескін-келбетіне сай дамыған мәдениеті мен өнерінің болғанын айғақтады. Үшіншіден, жазба жәдігерлер поэтик. қуатымен, тарихи шежірелік сипатымен және ой тереңдігі, мазмұн байлығы, көркемдік қасиеті жағынан түркі тайпаларында сөз өнерінің жоғары дәрежеге жеткенін көрсетті.
Жазба ескерткіштерінде ауыз әдебиеті үлгілерінің мол орын алуы, кейін сопылық поэзияда фольклорлық түрдің қолданылуы — фольклорлық мұра қашан да жазба әдебиеттің қайнар көзі, өркен жаюына ықпал жасайтын үлкен арна болғанын аңғартады. Халықты тарихи және рухани тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс ретінде фольклор ұлттың көркемдік ой-көзқарасын, эстет. талап-талғамын, танымдық түсінігін қалыптастырумен қатар, түркі әдебиетіне ғана тән әдеби дәстүр туғызды (қ. Ауыз әдебиеті). Түрік қағандығы құлағаннан кейін түркі тілді тайпалардың мәдениеті, өнері, әдебиеті және тілінің тарихи дамуы мен өркендеуінің негізгі орталығы қазақ даласы болды. Қазақстан мен Орта Азияда ислам дінін таратушылар түркі тайпаларының арасында мұсылмандықты рухани байлықтың ықпалымен орнықтыруға күш салды. Алайда арабтардың мәдени және әдеби мұрасы, рухани дүниетанымы мен дамуы мүлде бөлек елдің ғасырлар бойы жасаған дәстүрін бұзып, не жойып жібере алмады. Керісінше, оны байытып, өркендеуіне ықпал жасады.
ІАуыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің айырмашылығы.
Ауыз әдебиеті (фольклор) мен жазба әдебиет айтылу, таралу ерекшеліктері және идеялық-көркемдік өрнегі бойынша бір-бірінен бөлек дүниелер. Бұл өзгешелік көркем шығарманың жаратылысындағы мезгілдік және мекендік өлшемдерден айқын көрінеді. Ауыз әдебиеті табан астынан тыңдаушыға арналып айтылатындықтан (немесе орындалатындықтан) және суырып салып шығарылатындықтан мезгіл жағынан шектеулі болады, яғни әр жолды, әрбір шумақты, бейнелі тіркестерді айтушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып отыруына мүмкіндік жоқ. Сондықтан көркем шығарманы алғаш шығарып отырған мезгіл де, оны ауызша орындау уақыты да бұл арада бірдей. Себебі ауызша шығарма тыңдаушы алдында қолма-қол шығарылатындықтан оны жазба әдебиетіндегідей үздік-создық, бірде жылдамдатып, бірде үзіліс жасап, ұзақ ойланып шығаруға мүмкіндік жоқ. Сөйте тұра табан астында шығарылған өлең-жырдың эстетикалық қуаты, нысанаға дөп тиіп жатқан әсерлілігі, өнер ретіндегі өзгешелігі тыңдаушысын қашанда тәнті еткен. Бұл жағынан жазба әдебиеттен оның қызметі бір де кем емес. Дегенмен, ауыз әдебиетінің импровизаторлық сипаты оның көркемдік табиғатының өзгешелігін көрсетеді. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті шығармаларында ортақ сюжеттер, сарындар, тұтас шумақтар, бейнелі тіркестер, өлеңнің даяр үлгілері мен ұйқастары жиі кездеседі. Әрі мұндай қайталаулар мен ортақ белгілер ауызша жырлаудың белгілі бір дәрежедегі “қалыптық” сипатымен байланысты, яғни ауызша айту қалыптасқан үлгілер арқылы жүзеге асырылады. Ал жазба әдебиет табиғаты бұл жағынан мүлде бөлек. Жазбаша шығарманың жазылу процесінде тыңдаушыға тәуелді уақыт шектеушілігі мұнда болмайды. Жазушы мен жазба ақынның көркем шығарманы жарату кезіндегі уақыт еркіндігі мол. Осыған орай даяр үлгімен шығару, шығарманың түрлі деңгейлеріндегі қайталаушылық пен біркелкілік жазба әдебиетке жат. Бұл өзгешелік сөз өнерінің осы екі түрінің көп нұсқалы болу-болмау сипатына да тікелей қатысты. Ауыз әдебиеті ауызша шығарылып, ауызша тарайтындықтан шығарманың үнемі өзгеріс үстінде болатындығы заңды құбылыс. Себебі ауызша айту, бұрын шығарылған тексті орындау — ешбір өзгеріссіз қайталап шығу емес, керісінше, ол — шығармашылық процесс. Онсыз шығарманың заман ағымына лайық қайта түлеп отыруы мүмкін болмайды. Әсіресе, ірі жанрларға тән осы ерекшелік шығарманың бір айтушыдан екінші айтушыға, бір дәуірден екінші дәуірге ауысу барысында айрықша көрінеді. Ауыз әдебиетінің көпнұсқалы болуына ықпал ететін жағдайлардың бірі — тыңдаушылар ортасының өзгеріп отыратын әлеуметтік талап-тілектері мен көркемдік сұраныстары.
ХІV-ХVIII ғасырларда халық ауыз және жазба әдебиеті кең тарады. Дешті Қыпшақтың осы дәуірдегі атақты жыраулары Сыпыра жырау, Қодан тайшы, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Шалкиіз жырау, Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау және тағы басқалардың есімдері ел арасына кең тарады. Жыраулар шығармасының басты тақырыбы ел бірлігі, сыртқы жауға қарсы күрес, көшпелі өмір тіршілігі, халықтың мұң-мұқтажы, тәлім-тәрбие, нақыл сөздер болды.
Тоқтамыс пен Темірдің арасындағы тартысты жырлаған Сыпыра жыраудың басқа да жырлары бізге жетіп отыр. Асан қайғы өз толғауларында билік басындағылардың өктемдігін айыптаған. Жәнібек хан тұсында өмір сүрген Асан қайғы әйгілі жырау, көрегендік жырлар мен поэтикалық нақылдар айтушы болған. Хафиз Таныш Асан қайғы туралы «Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп жазса, Ш.Уәлиханов оны «халық естеліктеріндегі әйгілі көшпелі философ» деп атады. Асан қайғы шығармасының негізгі идеясында қазақ хандығының бірлігі жырланды.
2-сұрақ
Аңыз. Бірінші рет Ш. Уәлиханов тарихқа қатысты әңгімелерді «тарихи аңыздар» деп атады, тұңғыш рет аңыздың тарихи оқиғалар мен адамдар жайында болатынын айтқан.
М.Әуезов: «тарихта болған адамдар жайында айтылған халық шығармасын көркем әңгіме» деген анықтама беріп және төмендегідей ерекшеліктерін атайды: «әңгіме етілетін адамдардың өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің суреттеуінен, аңғарынан туады; «...аңыз әңгіме тарихтың адамды біржолата өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды»; «...әрбір аңыз-әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын кескінінің түбегейлі ерекшеліктері жүреді...»
М.Ғабдуллин аңыздың астарында шындық өмір жатқандығын ескертеді. Аңыз жырының шығу негізі ежелгі ру-тайпалық қауым кезінде жатыр.
Аңыз жыры тарихи шындық, тарихи факт негізінде қалыптасқан. Алайда аңыз аясында тарихи факт әр дәуірде айтушылар мен тыңдаушылардың түсінік-пайымына қарай өзгереді.
Рулар мен тайпалар соғысы туралы аңыздар – батырлық ертегі мен қаһармандық эпостың тағы бір қайнар көзі.
Аңыз өмірде болған елеулі оқиғалар, ертекте өмір сүрген белгілі адамдар жайлы баяндалады. Сондықтан аңыз ел арасында шындық деп қабылданады.
Аңыздың мазмұнын растайтын дерек ретінде жердің аты, белгілі қайраткердің есімі, я болмаса жыл мезгілін атап отырады.
Аңыз дегеніміз – бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса бір тайпаның, рудың ауызекі шежіресі. Сондықтан ұлттық, аймақтық сипатқа ие. Мысалы: Исатай мен Махамбет көтерілісі, Қазақстанның батыс аймағында айтылады.
Аңызда тұрақталған, бір типті композиция болмайды. Әдетте аңыз көлемі шағын болады, бірақ соған қарамастан олар айтылу мәнерінің қызғылықтылығымен, мазмұнының тартымдылығымен, композициясының қарапайымдылығымен тыңдаушыға қызықты. Аңыз – халықтың өзі айтып берген ауызекі тарихы). Академик Ә.Марғұлан қазақ аңыздарын хронологиялық жағынан былай жіктеген:
А) оғыз-қыпшақ заманынан көрініс бар. ( Қорқыт, Ахмет Яссауи, Арыстан Алып )
б) Қазақ хандығы тұсындағы ( Жәнібек, Асан қайғы, Жиренше )
в) Қалмақтарға қарсы ( Абылай, Қазбек, Әбілқайыр т.б. )
г) Сырым, Исатай-Махамбет, Жаңқожалар бастаған шаруалар көтерілісі.
д) ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс туралы баяндалған аңыздар.
Топономикалық аңыздар
Аңыздар тарихта шын мәнісінде болған әлдебір оқиғаларға құрылады, әрі осы оқиғалар көбіне нақты бір мекенмен, тау-таспен, өзен-көлмен баланыстырылады. Мұндай аңыздар жер-су аттарына байланысты немесе топонимикалық деп аталады. Себебі олар белгілі бір жағрафиялық нүктенің неліктен солай аталатынын түсіндіреді. Мұндай аңыздарға Бурабай, Баянауыл, Қарағанды, Жекебатыр, Шайтанкөл, Екібастұз,т.с.с. жер аттарымен байланысты аңыздар жатқызылады.Аңыздар - халықтың ауызекі шығамашылығының ерекше жанры, оларда халық қиялы нақты жадығаттарды еркін сапырып, оқиғаларды өзінше пайымдайды.
Махаббат хикаялар
Қазақ аңыздарының үлкен бір тобын ғашықтардың қайғысымен, өлімі немесе айрылысуымен аяқталатын махаббат хикаялары құрайды. Бұларға Зарина ханшайымның, Айша бибі арудың, Балқаш қыздың бастарынан өткен оқиғалары жатады.
Батырлар туралы аңыздар
Қатыгез жауларға қарсы ерлікпен шайқасқан ата-бабаларымыздың қаһармандығын паш ететін батырлар жайындағы аңыздар да ауыз әдебиетінде айрықша орын алады. Бұлардың қатарына сақ патшайымы Томирис Отанын қорғау жолына өз өмірін құрбан еткен бақташы Шырақ жайындағы аңыз-әңгімелерді жатқызамыз. Бұл оқиғалардың аңызға айналу себебі сол уақыттан бері талай ықылым заман өтіп кеткендігі ғана емес, олар шын болды ма, жоқ па, ешкім дәлелдеп бере алмайтындығы.
Тарихи аңыздар
Ең ақырында, тарихи деректер мен оқиғаларды халық қиялы мүлде өзгертіп жібергендіктен, ақиқаттың өзі а уақыт өте келе аңыздық сипат алған қазақ аңыздарының бір тобы бар. Моңғолдардың атақты әміршісі Шыңғыс хан, оның ұлы Жошы хан және басқалар хақындағы кейбір аңыздар бұған дәлел болып табылады.
Тарихтың терең қойнауларынан орын алып, аңызға айналған оқиғалардың өтірік-шынын тексеріп жатудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Олар ойдан шығарылған уақиғалар болғандықтан да-аңыз. Бір қызығы, әдеби немесе ғылыми шығармаларда мифтік бейнелерге айналатын немесе керісінше болатын тарихи тұлғаларға ,оқиғаларға тікелей байланысты аңыздар да көптеп кездеседі. Қазақ әдебиетінде Қорқыт, Алаша хан бейнелері осындай. Олардың өмірінде шын болғандығына кейбір зерттеушілер күмәнмен қарайды. Себебі олардың есімдері тарихи шежірелерден табылмай отыр. Сондықтан да қазіргі уақытта мұны дерек-құжатпен дәлелдеу қиын.
Достарыңызбен бөлісу: |