1.
Ежелден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындары.
Орамал тастау.
Сұрақ жазылған орамал-конвертті ойын бастаушы кез
келген бір оқушыға береді, ол физикаға қатысты бip сөздің бірінші буынын
айтып (мысалы фи-), келесі оқушыға береді. Ол eкінші буынды (мысалы зи-)
277
айтып, сол оқушы конверттегі сұраққа жауап береді. Ойын осылай жалғаса
береді. Сұрақтарға дұрыс жауап берген, белсенді қатысқан оқушыларға баға
қоюға болады. Ойын 10 минуттан аспауы керек.
Аламан бәйге.
Бұл ойынға сыныптағы барлық оқушы қатысады. Әр
қатарға қос беттер беріледі де, бірдей уақытта физикалық теориялар мен
анықтамаларды жазып жарысады. Әр оқушы қанша теория немесе анықтама
жазса да өзі біледі. Әр оқушы өзінің нешінші болып жазғанын санмен (1, 2, 3)
белгілеп отырады. Ең соңғы оқушы жүргізушіге әкеліп береді. Ойынға 5 не 7
минут беріледі. Қай қатардың бipiншi болғанын, қай қатардың жауаптары
дұрыс екендігін ойынның соңында қорытындылайды.
2.
Бесік жыры.
Бала дүниеге келіп, бесікке салынған соң, нәрестеге ұйықтар алдында
анасы бесік жырын айтқан. Осы жыр барысында да физиканың бірнеше
тақырыбына жақсы мысал бола алатын өлең жолдарын байқауға болады:
Отқа темір қайнатқан
Пұт балғаны ойнатқан
Нанша илер темірді
Ұста болар ма екенсің! - деген өлең жолдарында жылу құбылысына тән қайнау
процесі, темірдің балқуы мен балғаның көтерілуі кезіндегі дене энергиясының бір
түрден екінші түрге айналуы, темірді соққан кездегі дененің түрлі пішінге келіп,
деформациялануы сияқты көптеген физикалық құбылыстар айтылады.
3.
Батырлар жыры.
Ұлттық қару - жарақ «садақты» алатын болсақ, садақтың атылу кезіндегі
жіптің керілуі, серпінділік күшінің пайда болуы, доғаның иілуі, жебенің екпін
алуы туралы мәлімет беріледі. Сонымен қатар ер азаматтарға тән мергендіктің
ерекше қасиеттері мен ержүректілігі де баяндалады. Қазіргі кездегі садақ ату
спортының дамуы туралы мәліметті де байқауға болады.
Солардың бірі ретінде «Қобыланды батыр» жырынан қазақтың ұлттық
ойыны «Теңге алу» барысындағы садақ оғының жылдамдығын, сол уақыттағы
батырлардың күшін сипаттайтын мына өлең жолдарынан байқауға болады:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені,
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады,
Кәміл пірлер сенгені
Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені, - берілген өлең жолдарын 7-сыныптың дененің
жылдамдығы, күш тақырыптарына қосып, оқушыларға түсіндірсе болады.
8-сыныпта «Жылу өткізгіштік» тақырыбын оқытқанда малдың, аңның
терілерінен тіккен киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын білгенін, ішік, тымақ
тігіп кигендігін түсіндіру керек. Ал «Сәуле шығару» тақырыбын өткенде киіз үйге
ақ киіз жабатынын, не себепті жазда ақ жаулық, ақ киім киетінін, қыста қара киім
кию, сондай-ақ киіз үйдің іргесін түру, түндігін ашып қою сияқты нақты
мысалдар арқылы дәлелдесе оқушылардың есінде ұзақ сақталады.
278
4.
Мақал-мәтелдер.
Мақал-мәтел - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптарын бір
немесе екі тармаққа ықшамдайтын, ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіретін
халықтың бейнелі поэтикалық жанрының бір түрі.
«Кебу және конденсация» тақырыбын өткенде мынадай мақал-
мәтелдерді мысал келтіріп, талдатуға болады:
1.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» мақалының тәрбиелік мәні: жіберген
қатеңді екінші рет қайталамау керектігін және қатеңнен өмірлік сабақ алып,
белгілі бір қорытынды ой түю, физикалық тұрғыдан - ыстық нәрсені үрлесек
содан кебу үрдісі тездетіліп, нәтижесінде оның температурасының
төмендейтінін ұсынуға болады. Бұл физикада қарастырылған кебу құбылысына
әбден сәйкес келеді.
2.
«Дән себілмей астық өнбейді, дария буланбай шық түспейді» мақалының
тәрбиелік мәнін: өмірдегі барлық құбылыстар өзара бір-бірімен тығыз байланыста
болатындығымен түсіндірілсе, физикалық тұрғыдан - астында да, жер бетіндегі
судың температурасының артуынан ол буланып (кебу), ал температура
төмендегенде су тамшыларының суынып - конденсациялануынан ішкі энергия
кемуінен шық пайда болатындығын түсіндіреміз.
3.
«Күн шыққан соң суарған суды күн жұтады. Күн батқан соң суарған
суды жер жұтады» мақалының тәрбиелік мәні: егістіктің таңертең күн шықпай, не
күн бата суару керектігі айтылады. Ал физикалық тұрғыдан күн шығып тұрғанда
егістікті суарса, температураның жоғарылағанынан кебу үрдісі жақсы жүріп,
нәтижесінде жер тез кеуіп қалады, ал кеш бата суарғанда температура
төмендегендіктен кебу үрдісі баяу жүреді де су толығымен жерге сіңіп үлгереді.
4.
«Отты үрлеген жағады, шындықты іздеген табады». Отты үрлеген
кезде, отқа жаңа таза ауа келеді, от жақсы жанады.
5.
«Теректің жануында мін жоқ, бірақ жылуында мән жоқ». Терек жақсы
жанады, оның меншікті жану жылуы аз болғандықтан тез жанып кетеді де,
жылуды аз береді.
6.
«Азықсыз адам алысқа бармайды». Адам әр уақытта энергияны астан
алады, егер тамақтанбаса, адамның әл-қуаты болмайды, сондықтан күнделікті
дұрыс тамақтану қажет.
7.
«Тонның жылуы терісінен емес, жүнінен». Тонды әдетте қойдың,
түйенің терісінен илейді, ал жүннің арасында ауа болады. Ауаның жылу
өткізгіштігі нашар, сондықтан тон адамның жылуын сыртқа, ал сыртқы суықты
адам денесіне нашар өткізеді.
8.
«Нан піскенше күлше күйеді». Неғұрлым қыздырылған дененің
массасы аз болса, оған соғұрлым аз жылу керек. Таба нан салғанда нан жұқа
болса, әрі кіші болса, ол күйіп кетпеу үшін отты аз қалау керек.
5.
Жұмбақтар мен логикалық сұрақтар.
Жұмбақ - адам ой-өрісінің, тапқырлығының, білімінің деңгейін тексеру
мақсатында нақты бір затты немесе құбылысты астарлай орағытып
сипаттайтын шағын әдеби жанр. Төменде тапқырлықтарыңыздың деңгейін
анықтау үшін жұмбақтар берілген.
279
Көтерілсе жоғары,
Ерітер мұхит мұздарды.
Төмен түссе шамалы,
Сездірер суық ызғарды.
Аса қажет өмірге халық үшін,
Пайдаланам күн сайын жарық үшін.
Жылдамдықты өзгертеді
Қозғалысты тездетеді
Қарсы шықса қозғалысқа
Тоқтарына көз жетеді.
Логикалық сұрақтар - ойлаудың бағыттары мен заңдылықтарын зерттеп,
баланың жас ерекшелігін ескере отырып берілетін тапсырмалар. Мақсаты -
баланың шығармашылық қабілетін дамытып, интеллектуалдық деңгейін
көтеру. Осы кезекте сіздерге күнделікті ой жаттығуын жасау үшін физикаға
қатысты логикалық сұрақтар топтамасын ұсынамын.
Бір кісі найзағай жарқылдаған сайын шашын тарайды екен, неге?
Жарық түспейтін кеңістік?
Кім барлық тілде сөйлейді?
Электр пойызы шығыстан батысқа қарай жүйіткіп келеді. Қарсы
бағыттан жел тұрса, жел пойыз түтінін қай жаққа қарай айдап әкетеді?
Осы іспетті ұлттық тәрбиеге негізделіп жүргізілген жұмыстар арқылы
ғасырлар бойы жинақталған құнды тәжірибелер мен тәлім-тәрбиені,
адамгершілік қағидаларын оқушылар бойына сіңірудің мүмкіндігі мол.
Мұғалімнің шығармашылық ізденіспен жаңаша жүргізілетін күрделі жұмысы -
физика пәніне халықтық, ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық атауларды, ұлттық
тіл өрнектерін, ұлттық ойындарды көптеп қолдана білу. Сабақты сапалы әрі
қызықты өткізу мұғалімнің шығармашылық жұмысына, талантына, біліміне
және біліктілігіне байланысты. Егер мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда
шәкірттерді ойландыруға, тәжірибе жасап, оған қорытынды жасай білуге,
сөйлесу мәдениетін дамытуға көңіл аударса, қазіргі жеткіншекке жете біле
бермейтін терминдерді бүгінгі заманның мағыналас (синоним) терминдерімен
алмастыра отырып түсіндірсе, сол арқылы танымдық мақсат қоя біледі.
Ғасырлар бойы күнделікті тұрмыста қазақ халқы физика ілімінің атауларын
салт-дәстүрмен қатарластыра қолданып келеді және қолдана береді. Осы мұра
келер ұрпаққа таптырмас қазына болары анық.
Достарыңызбен бөлісу: |