Ұлттық ойындар. Қазақ халқының өмір кешкен тарихында ұлттық ойындардың көптеген түрлері балалық, жеткіншектік, жасөспірімдік сияқтағы балалар тәрбиесінде пайдаланылады. Ойын тек көңіл көтеру, шаттандыру ғана емес, ол өзінше ерекше қазақ халықының әлеуметтік өміріне байланысты тәрбиелік мағынасы зор жеке адамның дамуына, жетілуіне әсер етуші фактор. Жиі қолданылып келген бірнеше ойын түрлерін атап өтуге болады. Олар: «Ақ серек- көк серек», «Айгөлек», «Жаяу жарыс», «Соқыр теке», «Ақ боран», «Төбетей», «Бәйге», «Орамал тастау» т.б.
Мақал-мәтелдер – халықтың ауызша ақындық шығармашылығының көп тараған ескерткіштері. Ғасырлар бойы халықтың әлеуметтік тарихи тәжірибесі туралы нақыл сөздер арқылы халықтың ой-пікірі, арманы, көзқарасы баяндалған. Қасиетті сөздерді қазақ халқы қастерлеп өнеге етіп, адамдардың өлең өрнектерімен ойластырып мақал-мәтелдерді үнемі пайдаланып келген. Мақал-мәтелдер халық өмірінің барлық жағынан қамтылған.
Жұмбақтар. Халық арасында жылдам айтылып келе жатқан жұмбақтардың саны көптеп саналады. Жұмбақ балалардың қиялын, танымдық іс-әрекетін, қабілетін дамытады. Оның жауабын табу үшін мазмұнын талдап ой елегінен өткізеді. Жұмбақтың тәрбиелік мәні өте зор.
Халқымыз ғасырлар бойы өз ұрпағын адамгершілікке, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп келді. Осы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрдің өзегі, алтын діңгегі халықтық педагогика болды деуге болады. Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімімен өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген мәлім.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында да «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр-салтын оқып үйрену үшін жағдайлар жасау бірінші кезектегі міндеттердің бірі» деп атап көрсетілген. Халықтық тәрбие, ол ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге дамып келе жатқан көне тарихи жүйеге жататыны кімге болса да аян.
Ұлт салт-дәстүрлердің тәлімдік мәні. Салт-дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Жеке адам жаңа салтты ойлап шығара алмайды немесе бұрынғы қалыптасқан салтты жоғалта алмайды. Бүкіл халық, ел-жұрт уақыт озған сайын салт-дәстүрге жаналық енгізіп, оны қоғамдық болмыс көріністеріне бейімдеп, өзгертіп отырады. Ал жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды.
Мәселен, қазақтың жаугершілік заманында құрдас батыр жігіттердің ұлы жорыққа аттанар алдында ақ қой сойып, қанына найзаларын малып, «өлсек бірге өлеміз, опасызды ант атсын» деп төс түйістіріп анттау немесе әке-шешенің асырап алған баласы мен туған балаларының саусақтарын ақ қойдың бауыздау қанына малғызып, «қаны бір бауырмыз» деп ант ішкізіп, құшақтастырып сүйістіру ырымдары бүгінде ұмыт болған. Ал бұрын болмаған ақ шашты қариялардың алтын-күміс неке тойларын жасау бүгінгі салт-дәстүрден тұрақты орын алды. Халық: « Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тоғызы бар», «Әдет-әдет емес, жөн әдет» деп заман талабына сай дәстүрлерді дәріптеп, тәлім-тәрбиенің пәрменді құралы ретінде пайдаланып келген.
Мысалы, қөп жылдар бойы «діни мейрам» деген жаңсақ көзқараспен Наурыз мейрамын еліміз мүлде атаусыз қалдырып келсе, қазіргі демократия кезінде ол қайта жаңғыртылып, жалпы халық мейрамына айналды.
Салт-дәстүр халықтың белгілі бір әдет-ғұрыптары мен байланысты туады. Мысалы, бала тәрбиесімен байланысты: шілдехана өткізу, сүйінші сұрау, балаға ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу тойлары; үйлену, үй болумен байланысты: құда түсу, есік-төр көрсету, келін түсіру тойлары, қалын-мал алу, жасау беру т.б. салт-дәстүрлер, түрлі кәде-ырымдар, өлген адамды жерлеумен байланысты: арыздасу, қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау, өлген адамның жетісін, қырқын, жылын беру т.б. ырым-жырымдар қазақ халқында ежелден сақталған. Мұны салт-дәстүрлері деп атайды.
Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады.