4.ҰОС жылдарындағы қазақ лирикасының дамуы.
ҰОС еліміз бен оның рухани келбетіне өшпес із қалдырды. Бір халықтың өмірінде болып жатқан оқиғалар сол халықтың әдебиетінен көрініс тауып отырады.Соғыс жылдарында қазақ поэзиясы айрықша көзге көрінді. Сұрапыл соғыстың оқиғасы қай ақынды болса да толғантпай, тебірентпей қойған жоқ.Қазақ халқының қаһарлы кезеңдегі рухани келбетін танытуда поэзияның атқарған рөлі аса орасан. Халық поэзиясының алыбы Ж.Жабаевтың соғыс жылдарында шығарған өлеңдері қазақ поэзиясының ірі көркемдік табысы болғаны мәлім. «Ленинграттық өренім», «Москва», «Отан әмірі», «Совет гвардеецтеріне» атты өлеңдері майданның алғы шебінде жауынгарлерді ерлік күреске рухтандыратын ұран іспетті болды.Соғыс кезіндегі лирикалық поэзияның басты кейіпкері –халық. Лирикалық поэзияда эпостық сипаттардың ұшырауы әбден мүмкін. Лириканың өзіне тән белгі-бедерімен қатар, онда эпикалық суреттеулер де мол кездеседі, өйткені халықтың көңіл күйін, жан дүниесін бейнелеумен қатар, оның алып тұлғасын, ұлы қимылын аңғарту үшін ақындарға эпостық сарында жырлау үлгісін пайдалану аса қажет еді. Бірінші жақтан сөйлеу– лирикалық поэзияға тән. Ақындар осы бірінші жақтан жыр төге отырып, «меннен» «бізге» көшеді, халық, ел атынан сөйлейді. Соғыс жылдарындағы поэзияда қазақ ақындары халқымыздың алып тұлғасын , рухани дүниесінің байлығын, тереңдігін, құдіреттілігін жан-жақты суреттеумен қатар, жаумен күресте ерліктің неше атасының үлгісін танытқан майдан жауынгерлерінің нақты бейнесін жасауға да көп еңбек сіңірген. Соғыс жылдары қазақ лирикасындағы жауынгер бейнесі әр түрлі көркемдік тәсілмен жасалғандығы байқалады. Ең алдымен жауынгердің қаһарлы жылдардағы батырлық кейпі лирикалық өлеңдердегі лирикалық кейіпкерлердің жан сырының ашылуы арқылы ибейнеленгенін атап айтқан дұрыс. Бұл ретте біраз ақындардың лириканық ішкі жанрлық мүмкіншілігін мейілінше мол пайдалануда едәуір шеберлікке қол жеткізгенін аңғару қиын емес. Қ.Аманжоловтың «Сәбитке», «Ғабдоллаға» атты лирикалық өлеңдерінде майданда жүрген жауынгерлердің жан-дүниесі айқын ашылған. Өлеңнің лирикалық кейіпкерлері ел қорғау жолындағы майданда қорқу, сескенуді білмейтін батыл да батыр, өр де өжет. Ақындар лирикалық өлеңдеріндегі жауынгер тұлғасын мүсіндеу үшін эпостық баяндау тәсілін аз пайдаланған жоқ. Жауынгердің майдан үстіндегі ерлік қимылының, іс-әрекетінің шағын эпизодын бедерлі баяндау, оның тұлғасын қаз-қалпында беру сияқты әдіс- тәсілдер біраз өлеңдерде ұшырайды. Д.Әбілевтің «Жұлдызды жігіт» атты өлеңіндегі үш жауынгердің жаумен шайқасы, Ғ.Ормановтың «Ер арманы» атты өлеңіндегі пулеметшінің күші басым дұшпанмен соңғы демі біткенше алысуы, жарқын жыр жолдарымен баяндалғанын көруге болады. Осы кезеңде қазақ поэзиясына Қ.Аманжолов, Ж.Жабаев, С.Мәуленов, Ж.Молдағалив,Х.Ерғалив т.б. қазақ ақындары өз жырларын қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |