Басында қатыра судан болдық пайда,
Неше күн шайқатылып жүрдік бойда.
Сол судан қан-сол ғайып пайда болып,
Сүйек пен етке шаптық үш-төрт айда.
Тарықпай, тар құрсақтан тауып қорек,
Тоғыз ай, он күн жаттық осы жайда.
Құдіреттің күшімен шарки пәләк
Келіппіз дүние деген кең сарайға.
Анамыз итаяққа шомылдырып,
Пәк сумен тазалапты, сылап майға.
Тырбитып жарқанаттың баласындай,
Орапты жабағымен жүні майда.
Ал енді, тыңда, келдік бір жасыңа,
Қосылып балалардың іңгәсына.
Бір күні ә дегенше екі келді,
Аяқта әл-шама жоқ бір басуға.
Торғайдай ұшып-қонған үш те келді
Күл шашып шарқ ұратын үй қасында.
Бір күні төрелердей төртің келді,
Сөйлеткен қызық-қызық тілді ашуға.
Бір күні бәйгекердей бесің келді,
Ойнадық балалармен қыр басында.
Көңілге түйіп көрген-білгендерді,
Айналдық ата-анамен сырласуға.
Қарны ашып қарағымның қала ма деп,
Баланың ата қамқор шаруасында.
Балам деп бауырын езген ата-анаға
Демеу боп тұралық та біз қасында.
Дүние бұл бір керуен сарай екен,
Не жетсін, шамаң келсе, сыйласуға.
Кезекпен келтіріпті күн көрсін деп,
Ұқсатып адамзаттың тұлғасына.
Қарызын ат-ананың өтеу парыз,
Адам боп жаралған соң ту басында.
Бір күні ә дегенше алты келді-ай,
Түзеттік балалықтың салтын енді-ай.
Алтыдан желе аяңдап жетіге кеп,
Сегіздің кірдік базар кентіне енді-ай.
Қыздармен тоғыз жаста үйшік ойнап,
Бұл кезде балаң мінез әрқилы еді-ай.
Одырайып шетке шығып тұрушы едік,
Апама қоям десе айтып енді-ай.
Он жаста асық ойнап топқа кіріп,
Үйрендік «Алшы қыздың» шартын енді-ай.
Біреу ілім, біреулер қызық қуған,
Он бір жас та кеп қалды жортып демде-ай.
Мінекей, он екі жас мүшел де өтті,
Осы деп балалықтың арты енді-ай.
Он үштен он төрт жасқа құрақ ұшып,
Жүгірдік тойда табақ тартып енді-ай.
Он бес пен он алты жас құбылмалы,
Тұрады қорғасындай балқып енді-ай.
Он жеті, он сегіз жас жалын атқан,
Қызулы қырмызы гүл шарқың еді-ай.
Он тоғыз жас та келді керімдей боп,
Білетін әр нәрсенің парқын енді-ай.
Жиырма жас ақ алмастай жалтылдайды,
Көргенде көздің жауын тартып енді-ай.
Өте шығар жиырма бір қас қаққанша,
Дариада аққан сеңдей қалқып енді-ай.
Жиырма екі, жиырма үш жылыстайды,
Құрбыларға әзіл-наз айтып енді-ай.
Мінекей, жиырма төрт жас та келді,
Жақсы болсаң, тарайтын даңқың елге-ай.
Күш-қуат, ақылы оның кемелденген,
Жиырма бес барлық жастың алтыны еді-ай.
Барында қызығыңның қиялай бас,
Жігіттік оралмайды қайтып енді-ай.
Жиырма алты мен отыздың аралығын
«Орда бұзар жас» дейді халқым енді-ай.
От басы емес, жалпы елдің қамын жесең,
Соңыңнан дос-жаран боп халқың ерді-ай.
От басы, ошақ қасы қалып қойсаң,
«Атадан жасық туған жалқы» дейді-ай.
Отыз асып, отыз бес барғаннан соң,
Бір нәрсе ұят деген қайшы келді-ай.
Көңіл - гүл, тіл - бір бұлбұл, нәпсі - бөрі,
Сабыр - алтын, ақыл - білгір қойшы деді-ай.
Қырқыңда қыр басына шыққандайсың,
Ойдағы мақсатыңды айтып енді-ай.
Қақ жарған қара қылды әділ болсаң,
Атағың жайылады жалпы елге-ай.
Қырық бесте қынаптағы қылыштайсың,
Дұшпаным деп тұратын қайсы жерде-ай!
Есті болсаң, еліңнің қорғанысың,
Есер болсаң, боларсың жайсыз елге-ай.
Қырық бес ассаң - елің елеңдейді,
Елуді есі жарым елемейді.
«Елуді - ердің жасы» десе дағы,
Қайратың бұрынғыдан төмендейді.
Елуден елу беске жеткеннен соң,
Сыздайды жүйке тамыр, денең дейді.
Қариялар алдыңдағы қайтқан қаздай
Қоштасып кезегімен жөнер дейді.
Ақсақал, ел ағасы атанады
Қоғамшыл елдің қамын жеген дейді.
Қайратың бойыңдағы кемігенмен,
Ақыл-ой кемелденіп, тереңдейді.
Үйлесіп қатпарланған түріңменен,
Қызарып көздің алды іріңдеген,
Көктемгі шиқылдаған бозторғайдай,
Жөтелсең, көкірегің кірілдеген -
Алпыс келіп қолыңнан жетелейді,
Таныстырып қоям деп піріңменен.
Қуатың бойыңдағы жиналады
Алпыс бесте аузыңа тіліңменен.
Аталы сөз айта алсаң - ардақтысың,
Топтан торай шалдырмай ілімменен.
Айтайын жетпіс пенен сексенді енді-ай,
Бұл сексен талайларды жөкшеңдейді-ай.
Сексеннен де селдіреп өткеннен соң,
Тоқсанға аман-есен жетсем дейді-ай.
Тоқсан бес тоқайласып жүз келеді,
Көктем, жаз, кезегімен күз келеді.
Күзден соңғы қаһарлы қыс сияқты,
Денеңе қызу емес, мұз келеді.
Жүз жас та өте шығар бір күндей-ақ,
Тізгінін тежесең де іркілмей-ақ.
Ойласаң, опырмалы өмір деген
Сәуірдің көшкен қара бұлтындай-ақ.
Санаулы уақыт, күнің таусылған соң,
Боларсың елдің көшкен жұртындай-ақ.