113. Шоқанның қырғыз тарихы мен фольклорына байланысты зерттеулері («Манас» эпосы). Әлем ғалымдары мойындағандай, Ш. Уалиханов – қырғыз халқының тарихын кәсіби зерттеуші. Ғалымның қырғызтануға қосқан үлесі біз ойлағаннан да көп. Оның зерттеулерінің бағыты – қырғыздардың этникалық тарихы, тарихи географиясы, этнографиясы, ауыз әдебиеті. Ол тек «Манас» жырын зерттеп, қағазға түсіріп, ғылым әлеміне таныстырса да әлем тарихында қалушы еді. Бірақ ол – энциклопедист тұлға.
Шоқанның қырғыз тарихы туралы ғылыми тұжырымдары мен көзқарасы бүгінгі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.
Зерттеушінің «Қырғыздар туралы жазбалар» атты ғылыми еңбегі -қырғыз жерінің тарихи географиясына арналған терең зерттеу. Оның деректері жай ғана тарихи географиялық шолу ретінде берілген мәліметтер емес, жан-жақты талданған, жазба дерек көздеріне сүйеніп, салыстырып жасалған ғылыми тұрғыдағы құнды жазбалар.
Қырғыздардың қонысы туралы
Ш. Уәлихановтың қырғыз жері туралы жасаған тарихи географиялық сипаттамалары ерекше назар аудартады. Мәселен, қырғыз тайпаларының орналасуы турасында: «Қырғыз тайпасы Орта Азияның орасан көп жерін алып, Оңтүстікке қарай созыла мекендейді. Алатау қырғыздарының ұрпақтары Ыстықкөлден Ғиссар мен Бадахшанға дейін, Созақтан Ақсу мен Үш Тұрфанға дейін бытырай қоныс тепкен. Болор тауының қойнауларымен сол таудың Қытай мен Қоқан, Қаратегін, Ғиссар мен Бадахшан жерлеріндегі тарамдарында…» мекендейді деп, олардың жер кеңістігі мен шекарасы туралы мәліметтер береді [1. 204].
Одан әрі олардың қоныстарының ерекшелігіне сипаттама жасаған: «… қырғыздар тау жоталарын бойлай қоныс тебеді, сондықтан қырғыз ұрпақтарының басым көпшілігінің шоғырланып жиналған жері Сыр мен Аму дарияларының бас жағындағы көгалды таулы өңір мен Алай жотасының арасындағы тау торабы. Сол жерден бастап олар Тянь-Шань мен Алатау жүйелерін бойлап, солтүстікке қарай қоныстанады да Мустаг пен Белурдаг шыңдарының үстін баса, оңтүстікке қарай тереңдей кіріп, көлденең жатқан Гиндикуш жүйелеріне жете мекендейді» [1. 204].
Қазақтар қырғыздардың мекенін негізінен Ыстықкөл мен соның айналасындағы тау-жоталарымен байланыстырып, елестететінін атап көрсетеді. Алайда олардың мекендейтін кеңістігі әлдеқайда кең екендігінен хабардар етеді.
Шынында да олардың көпшілігі дерлік Әндіжан төңірегін және оның солтүстігіндегі Шу өзені бойы, батысында Шыршық, шығысында қытайдың Ақсу, Уча және Қашқар, оңтүстігінде Бадахшан араларын мекендейді деп, олардың мекен ететін аумақтарын нақтылай түседі. Сонымен бірге, Шоқан қырғыз руларының да көші-қон аймақтары мен бағыттарын айқындап береді: «Кіші Бұхара маңы мен Қашқар, Ақсу мен Тұрфан аралығында шоңбағыш (Ақсу), черик (Үш) және найман (Қашқар) рулары мекендейді. Сарыкөлде (Памир) наймандар мен қыпшақтар тұрады. Алайда бұл өлкелер Қоқанға тиісті, дұрысырағы соған қарасты, ал Шығыс Түркістан Қытайға қарасты болғандықтан бір-біріне тәуелсіз үш рудың мекен-жайы Ыстықкөлді Алатау қырғыздарының жері деп атаса әбден орынды болар еді… Талас, Шу бойында көшіп жүрген саяқтар мен солтылар көп заманнан бері қоқандықтармен аралас-құралас болып кеткен» дейді [1. 205]
«Ыстықкөл маңын бұғы руы және сарыбағыш пен саяқ руларының біраз бөлігі қыстайды, басқалары бағзы заманнан: солтылар Шуды, бағыштар Тұрфан мен Қашқар жолын, чериктер мен саяқтар Атбасы маңын қыстайды. Сол қанат бөлігі Нарын мен Шыршық өзенін бойлай оңтүстігіндегі Бадахшанға дейінгі аралықты мекендейді. Бұғы руы жаз жайлауға Қарқара тауы мен Қытайға дейін, Іле тауының шыңдары мен Текес өзеніне дейін барады» деп жазады [1. 205-206].
Шоқанның қырғыздардың рулық құрылымы, олардың көші-қон жүйесі мен өзара қарым-қатынастары жайында ой-пікірлері олардың этникалық тарихын зерттеуде де кеңінен қолданылып отыр.
Қырғыз халқының еншісіне тиген «Манас» эпосы — түркі халықтарының ортақ мақтанышы. Жауынгерлік рухтағы эпостың арғы қайнарын ғасырлар бойы қытайлармен тіресіп, батыс қанатын Алтай асырып, Балқанға жеткізген ғұндар заманынан іздемегеннің өзінде, көк түріктердің телегей теңіздің толқындарындай дүниені тітіренткен дәуірінен бастау алатынын аңғаруға болады. Мысыр жазуы туралы сөз болса, Франсуа Шампольон, көне түрік жазуына қатысты әңгіме өрбісе, Вильгельм Томсен, «Гильгамеш» эпосы жайындағы еңбектерде Жордж Смит есімдері қатар аталса, «Манасты» алғаш рет жазып алып, әлемдік ғылыми ортаға танылуына, зерттеу нысанына айналуына түрткі болған Шоқан Уәлиханов пен эпосты кеңестік репрессиядан арашалап қалған Мұхтар Әуезов есімдері манастану саласында алтын әріппен жазылды. Ш.Уәлиханов Ыстықкөл сапары туралы былай деп жазады: «Менің қырғыз жұртшылығымен таныса бастағаным 1856 жылдан бері қарай. 1855 жылы қырғыздың атақты манабы Боранбай өзіне бағынатын руларымен орыс патшалығына қарады. Қырғыз халқының сұрауы бойынша 1856 жылы Хоментовский полковник бастаған бірінші экспедиция шықты. Оның мақсаты қырғыз халқымен жағынырақ танысып, олардың жерін картаға түсіру еді. Мен осы экспедицияға қатынасып, Боранбайдың ауылында болдым. Қырғыз халқының бірнеше тамаша қария сөздерін жинап, олар туралы бір очерк жаздым». 1856 жылдың 24 мамырында Шоқан Қарқарада өткен Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың жиынына қатысып, қырғыздың манаптары Боранбай, Мұраталы, Шоң-Қараш, Качибекпен кездеседі. Осы жиында Ш.Уәлиханов «Манасты» білетін жыршыны сұрастырса керек. Себебі екі күннен соң, яғни 26 мамырда қырғыз жыршысы Шоқанға келіп, «Манас» эпосының «Көкетай ханның асы» деген тарауын айтып береді. Өкінішке қарай, Шоқан манасшының есімін жазбаларында көрсетпеген. Шоқан «Манас» жыры туралы ең алғаш Омбыдағы кадет корпусының оқытушысы Н.Костылецкийдің лекциясынан естіген болатын. Себебі Н.Костылецкий қазақтар арасынан шәкірттері арқылы жинаған жыр-аңыздарды, ертегілерді дәріс барысында пайдаланатын. Жиналған мәліметтердің арасында «Манас» жырының сюжеттерінен алынынып, ертегі түрінде жазылған «Қоңырбай» («Ер Нұра») және «Қарабас ұлы Манас» та бар еді.