Жиырма екінші сөзінде Абай халық тұрмысындағы əркімнің орнын анықтап, соған сай кімді жақтап, кімді қадірлемекпін деген ойға түседі: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ...
Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп.
Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр...
Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.
Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бəрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, əділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бəрі де есті.
Ғарып-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.
Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жə, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік?» [2; 157–158] — дейді ғұлама.
«Ырыс баққан, дау бақпас» деген мақалға тоқтап, Абай өз байлығына өзі ие бола алмай, қу, сұмға, ұры-қарыға, болыс, биге, орыс əкіміне жем болып жүрген қазақтың момын байларын аяп, соның тілеуін тілегенді жөн көрген.
Отыз сегізінші сөздің негізгі идеясы туралы Абай: «Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кəмəлат жоқ» [2; 199], — дейді. Нақтылы ой. Бар мəселенің кілті — ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана, өзге нəрселер туралы мазмұнды əңгіме жасауға болады.
Абай қай өлеңінде немесе қай қара сөзінде болсын қулықты, зұлымдықты, арамдықты дəріптемеген. Керісінше, сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа, имандылыққа тəрбиелеген. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі осыдан шығады.
Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» [2; 207].
Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты — Алла, ғылым — Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Оның пайым түсінігі бойынша, оқыған жастардың өз Отанына пайдасы тиюі үшін, олардың бойында басты адамгершілік сапа имандылық болуы шарт. Бұл шығармасында ақын: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, əр нəрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлəн табылады. Ол — Алланың ғылымы емес, һəмманы біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамдық өзіндік ғылым береді. Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һəм адамдық дүр.
Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нəрселердің махаббаты бірлəн ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды. Мал, мақтан ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һəм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады», — деген тұжырымға келеді. Осы отыз сегізінші сөзінде біршама ғылым салаларын жүйелеу желісі де ұшырасады.
Абайдың қара сөздерінен байқайтынымыз: қазақтың арғы бабалары есте жоқ ескі заманда, сонау түркі-монғол тайпаларының бірлігі кезінде этностық ұлт болып қалыптасқан да, түркі дəуірінде мемлекеттік ұлтқа айналған. Бірақ сол мемлекеттік ұлт мəртебесін үнемі сақтап тұра алмаған. Бір мемлекетті екінші мемлекет басып алып, оның еркіндігін жоғалтқан сайын ұлт та біресе біреуге тəуелді болып, біресе өзінше дербес өмір сүріп отырған. Сөйтіп, қазақтың өз атымен жеке мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт болуы Қазақ хандығы тұсына дөп келген. Бұл — құба қалмақтың басқыншылығын жойып, қазақ ұлтының шарықтаған шағы.