144. Абайдың қара сөздерінің тақырыптық, идеялық, көркемдік ерекшеліктері. Көрнекті ғалым, профессор Х. Сүйіншəлиев Абайдың «Қара сөздерін» өте жоғары бағалай келе, өз ойын былай тұжырымдайды: а) Абайдың қара сөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек; б) Абайдың қара сөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар деп білу керек: Өсиет-ғақлияға Абайдың адамгершілік, мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері жəне діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «Отыз сегізінші» сөздері деуге болады.
Тастих, немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз», «Он жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».
Бұдан басқа «Жиырма жетініші сөзі» мен «Отыз сегізінші сөзі» де трактат үлгісіне ұқсайды. Бірақ олар терең ойлылығы жағынан жақын болса да, түрі жағынан біраз алшағырақ. Соңдықтан бұл сөздерді өсиет ретіндегі диалог-кеңес сөз үлгісіне жатқызған жөн.
Нақыл тұспал сөз (афоризм). Қара сөздердің ішінде «Отыз жетінші сөзде» афоризмдер көп. Олар əр жерде шашылып жатыр, өлеңінде де, қара сөздерінде де, əркімнің еске алған сөздерінде де кездеседі. Оларды өз алдына тізсе, мол дүние болып шығады.
Əңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Кейде өзі əңгіме-дүкен құрып, тыңдаушысымен не өзімен-өзі кеңесіп отырады. Біреуге сұрау қойып, жауап күтеді, не өзі екінші кісінің рөлінде толғанады. Жауабы өзінен- өзі белгілі сұрақтар қояды. Мысалы: «Төртінші», «Бесінші», «Сегізінші», «Тоғызыншы», «Оныншы», «Он екінші», «Он алтыншы», «Он тоғызыншы», «Жиырма бесінші», «Жиырма жетінші», «Отыз бірінші», «Отыз екінші», «Қырқыншы» сөздері.
Публицистикалары: «Бірінші», «Екінші», «Үшінші», «Он төртінші», «Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма тоғызыншы», «Отыз үшінші», «Отыз тоғызыншы», «Қырық бірінші», «Қырық екінші» сөздер жəне «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.
Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, «Алтыншы», «Он бірінші», «Он төртінші». «Жиырма екінші», «Жиырма тоғызыншы», «Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын- сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын əдебиетке əкелді. Памфлетте ирониялы күлкінің, сатираның элементтері басым болады. Памфлет адамшылыққа жат қылықтарды мұқату, халықты оған қарсы қою, жақсылыққа шақыру мақсатын көздейтін публицистика. Əсіресе «Алтыншы», «Он бірінші», «Жиырма екінші», «Қырық бірінші» сөздері памфлетке ұқсайды.
Абайдың «Он бесінші», «Он жетінші», «Он сегізінші», «Жиырма үшінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма жетінші», «Отызыншы», «Отыз бесінші», «Отыз алтыншы», «Қырық төртінші» сөздерінің көркемдік сипаты басым; əсіресе мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі əдемі шыққан. Аталған əңгімелердің бір тобы көркем дидактика, шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қабысады. Кейбіреулері таза диалогты əңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау, толғана сөйлеу ретіндегі монолог. Бəрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білдірерлік шебер, шешен туындылар.