1.8 Жылқыны бордақылап азықтандыру және рацион құру
Бордақылаудың табысты өтуі бірқатар әсерлерге байланысты, соның ішінде ең бастылары: жылқының жасы, бордақылаудың басындағы тірілей салмағы мен қоңдылығы, азықтандырудың қарқыны мен құнарлылығы, азықтандыруды ұйымдастыру және оның тәсілдері, жылқының тұқымы мен типі болып келеді. Жылқыны бордақылаудағы ең басты көзделетін мақсат – майландыру арқылы қоңдылығын арттыру. Сапалы да дәмді жылқы етін өндіру үшін бордақылауға еті жұмсақ құнан-дөнендерді қойған дұрыс.4-5 айдың ішінде олар қажетті сойыс салмағына жетіп, дәмді де сіңімді өнім береді. Жылқының ас қорыту жүйелерінің жақсы жетілгендігін пайдалана отырып рационда тамақ өнеркәсібінің қалдығы барда, аздаған жем және көлемді азықтармен бордақыланады.
Құлын- тайларды бордақылаудағы негізгі ерекшелік оларды биологиялық құнарлы азықтармен, әсіресе құрамында протеині, витаминдері мен минералдық заттары мол азықтармен қамтамасыз ету, майландырмай ет және сүт ткандерінің тез өсіп-жетілуін қамтамасыз ету болып табылады. Жылқы төлін бордақылаған жағдайда барда өте пайдалы және арзан азық болып табылады. Спирт – арақ заводтарында ауыл шаруашылығының әртүрлі өнімдерін өңдегеннен қалған қалдықтарды барда деп атайды. Қоректілігі жағынан ең құндысы жүгері, қара бидай, астық бардалары. Бұдан гөрі құнсыздауы бірақ көп мөлшерде алынатыны – картоп бардасы.
Барданы зауыттан шыққын кезде жылыдай беру керек. Жаңа күйінде беруге болмаса, оны сүрлеп немесе орға салып тоңазытып сақтаймыз. Туралған сабанға немесе кәдімгі топанға араластырып сүрлейміз, сонда құрғақ заттары мен қоректік құндылығы біршама артады. Жылқыны бордақылаған кезде барданы ең арзан азық ретінде пайдаланамыз. Бордақылау барысында барданы көбірек беруге тырысу керек. Тірілей салмағы 25-35 кг тартатын жас жылқыларға 10 күндей бірте-бірте үйрете отырып (алғаш 20л) береді. Күніне 50 л дейін беруге болады. Бордақылаудың аяғында барданы беруді азайтып, күніне 25-30 л жеткізеді де, соған сәйкес жемді көптеп бере бастайды. 1 кг астық бардасында 9-10кг қорытылатын белок болады, мұнымен бордақылаған кезде (сақа жылқыға – 50 күн, тайларға – 65 күн) жем беруді 50-80 кг-ға азайтамыз.
Бордақылаудың экономикалық тиімділігін арттыру үшін арзан азықтық техникалық қалдықтарды кеңінен қолдануға болады. Бордақылаудағы жылқы басына тәулігіне берілетін барданы 30-40 кг, жомды 20-30 кг көлемінде жегізіп, оған ас қорытуды қалыптастыратын көлемде жаздық дақыл сабанын, пішен қосып, рацион құнарлылығын арттыру үшін кебек пен жем қоспасын береміз. Бірыңғай азықтандырудан мал басының тәуліктік салмақ қосуы төмендеп, етінің сапасы нашарламауы үшін бордақылаудың соңына қарай жылқы тәбетін ашып, етінің сапасын жақсартатын негізгі азықтың көлемі біршама азайтылып, сапалы пішен мен құрама жем мөлшерін ұлғайтамыз. Бордақылаудағы жылқыға таңертең жем қосылған барда, жом не сүрлем беріп, туралған пішен, сабан салып қоямыз да, артынан шырынды жемшөп үлестіреіз. Кешқұрым қайтадан ірі жемшөп турамасын таратамыз. Жазда жылқыны жақсы жайылым отына жайып бордақылау тиімді болып келеді. Жылқыға берілетін бардада кальций жетіспейтіндіктен жылқыға бор түрінде минералдық зат береміз. (сақа жылқыға әр басына 80 г-ға дейін, төлге 60 г-ға дейін). Ас тұзын әр жылқыға 30-50 г беру керек. Жылқыны бақылау ретінде сойғанда мынадай нәтиже алынады: бордақылау нәтижесінде барлық топтағы жылқының ұшасының салмағы 175,2 кг болса, I тәжірибе тобындағы - 195,7 кг, II тәжірибе тобындағы 199,7 кг болды, ал бақылау тобының сойыс шығымы 54,9%, I тәжірибе тобынікі 57,0%, II тәжірибе тобынікі 57,1%-ға жетті. Бақылау тобына қарағанда бірінші тәжірибе тобындағы жылқылардың сойыс шығымы 2,1%, екішісінде – 2,2%, артық болды. Тәжірибе тобындағы жылқылардан алынған ет, бақылау тобынан артық болып, ал сүйегі 5,6% кем болып шықты. Ене сүтінен ажыратылғанда өсуі тежелетін 6-7 айлық тірілей салмағы 200-230 кг құлындардың тәулігіне 500 г деңгейінде салмақ қосуын қамтамасыз ету үшін күніне 4,7-5 а.ө, 530-550 г қорытылатын протеинмен қамтамасыз ететіндей көлемде азықтандыруымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |