1.6 Құлын-тайды нормалап азықтандыру
Жылқыны жыл бойы жайылымда бағу жылқыны бағып күтудің ең қолайлы түрі болып табылады. Мұндай жағдайда жылқы қысы - жазы маусымдық жайылымдарда бағылады. Оларды тек қардың астынан шөп тауып жей алмайтын, көк тайғақ мерзімдерде және борандарда ғана қолдан азықтандырамыз. Бұл мақсатта әр жылқыға 2 - 4 центнер дән есебімен жем-шөп қоры жасалынады. Жылқыны жайылымда жайып баққанда ауру, арық жылқылар мен тұқымдық айғырларға ғана болмаса, негізінен қора жайдың көп қажеті болмайды. Бұл түр ет және сүт бағытындағы жылқы шаруашылығы аудандарында қолданылады.
Қысқы жайылымдардың орташа өнімділігі гектарына 5,06 ц және өсімдіктердің пайдаланылуы 65% болатынын Л.П.Давыдова анықтаған. Тебіндегі биеге 1 желтоқсаннан 1 сәуірге дейін кезеңде 16 га жайылымдық жер керектігін есептеп шығарған. И.Н.Нечаевтың Орталық Қазақстанның шөлейт аймақтары жағдайында көп жылдар бойы жүргізген бақылаулары желтоқсаннан сәуір айына дейінгі кезеңде тебіндегі бір құлынды биеге орташа өнімділігі гектарына 5,06 ц болатын 18 гектардан 22 гектарға дейін жайылым қажет екенін көрсеткен. Жайылым өнімділігі гектарына 4 ц болғанда, бір бие мұндай шөп көлемін 9,4 га жерден ғана жей алады.1 бие жайылу үшін 12 гектардай өріс керек. Құлынымен бірге тебіндейтінін ескерсек, жетіспейтін шөп көлеміне тағы 3-4 га, сонда барлығы 15-16 га өріс қажет болады. Іс жүзінде нақты қажетті жайылым көлемі 18-20 га дейін көбейеді. Шөлейт аймақтарда үйірдегі жылқылар үшін раңтәріздесті – астықтұқымдасты, бетегелі-бозды (мамыр-маусым) жайылымдар көктемгі жақсы өріс болып табылады. Көктемде раң тәріздестер, бетеге мен боз көктей бастағаннан-ақ, үйір қары ерте кетіп, жайылымдағы өсімдіктер бәрінен бұрын қылтиып шыға бастайтын дөңес жерлер мен төбешіктердің күнгей беткейлеріне жайылады. Боз бен бетегенің биіктігі 7-10 см-ге жеткенде, жылқыларды жаздық телімдерге айдап апарып, шөптер қурағанға дейін сол жерлерде жайып бағамыз.
Шөптер қурай бастағанда, үйірлер жердің шөптері әлі өсуін жалғастырып жатқан жерлерге ауыстырылады. Жылқыларды жазда кешкі сағат 17-18-ден келесі таңертеңгі 9-10-ға дейін жайып бағамыз. Жаз ортасы мен аяғына қарай жылқыларды астықтұқымдас шөптер мен түрлі шөптесіндер өскен, жер- асты сулары жақын, барынша ойпаң жерлердегі жайылымдарға жаямыз. Жайылымды тұрақты түрде қар жапқан кезде, астық тұқымдасты – жусанды – сортаңды жайылымдарға жайып бағамыз. Қаражусан (майқара) жеген кезде семіріп, майды жақсы жинайды. Жылдың басқа кезеңдерінде пайдаланылмайтын жайылымдар қысқы өріске қалдырылады. Үйірдегі жылқыларға арналған қысқы жайылым мынадай талаптарға сай болуы керек:
1. Көлемі, шөп өнімділігі мен жайылымдық шөптердің қажетті түрлік құрамы жеткілікті болуы тиіс. Шөптің өнімділігіне байланысты 1құлынды биеге қысқы кезеңде 15 гектардан 20 га-ға дейінгі көлемде тебіндеу аумағы қажет.
2. Тебіндейтін жерлердің өнімділігі гектарына 3-3,5ц құрғақ шөптен кем болмауы тиіс. Жақсы жейтін тебіндік шөптері: қаражусан, бөрте жусан, суық жусан, шренка, астықтұқымдастардан: бетеге, боз, ши, сораңдар, бұйырғын, изен.
3. Жайылымдарда боран мен қарлы күндері жылқы паналайтын табиғи және қолдан жасалынған палайтын қоралар болғаны дұрыс. Қар қалың жаппаған және ол ақпан-наурыз айларындағыдай тығыз емес, қысқы ашық күндері (желтоқсан - қаңтар) үйірлер астықтұқымдасты, жусанды, сораңды тегістіктерде жайылады. Сол кездері мал тимеген қарағанды, шилі, тобылғылы алқаптар көп қалады да, желді күндері боран, қарлы бұрқасындар кезінде үйірлер жайылымдық шөптерге бай, қары жұмсақ, желдің күші әлсіз осындай бұталы алқаптарға ауыстырылады.
Ақпанның ортасынан бастап, қар қабатының қалыңдығы мен тығыздығынан жайылымдардың мұндай телімдеріне бару және тебіндеу тіпті мүмкін болмай қалады. Қыстың екінші жартысында үйірлерді бір жағында қары аздау, жылқыларға азық тауып жеуге жеңілдеу төбешікті, адырлы жерлерге ауыстырамыз. Аязды және боранды күндері жылқыны кеше ғана тебіндеп кеткен қысқы жайылымының бағыты наурыз айының аяғында бірте-бірте жусандар мен сораңдар шыққан ерте көктемгі жайылымға жақын келетіндей есеппен құрылуы керек. Бұл кезде жылқылар шөптерді жақсы жейді және ол шөптер салыстырмалы түрде алғанда, жоғары жұғымдылығымен ерекшеленеді.
Жайылымды жылқы өсірілетін аймақтарда қысқы жайылымға жақын жерден сақтық жем-шөп қоры жасалынады. Жасалынған сақтық пішен қорының мөлшері жергілікті жағдайларға байланысты белгіленеді. Биік сабақты және аласа бұталы өсімдіктер өсетін шөл дала мол оңтүстіктегі аудандардың тау етектеріндегі аймақтардың (теріскен, изен, көкпек тағы басқалары өскен) қысқы жайылымдарда әрбір малға 1 центнерден, шөлейт аймақтарда - 3 центнерден, қуаң далалы аймақтарда 8-15 центнерден пішеннің сақтық қорын жасау қажет.
Далалы аймақтарда (Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстары) жылқыны қысты күні жаю үшін жусанды –бетегелі бозды жерлерде, жаздыкүні әр түрлі шөп өсетін далалық және тыңайған жерлерді пайдаланған дұрыс.
Жартылай далалы аймақтарда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды Шығыс Қазақстан облыстары және Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстік аудандарында жылқыны қыстыгүні жусанды және астық тұқымдас шөп өсетін жерлерге, қырат төбелерге, жазда еркек шөп, жусан, бидайық өсетін жайылымдарға жайған пайдалы.
Шөл аймақтарда Атырау, Қызылорда облыстарында жылқы кермек жусанды жайылымға, құмды төбелерге, жазда жусанды және жусанды-астық тұқымдас шөп өсетін жайылымдарға шығарылады.
Тау бөктерлерінде (Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында) жазда жылқыны таулы жайылымда, қыста шөл және шөлейт жайылымдарда бағу керек.
Тұйық таулы аудандарда жылқылар қыста таудың күнгей бетіндегі алқаптардағы жайылымда бағылады, ал жазда альпілік, субальпілік шалғындарға жайылады.
Жылқыны жыл бойы жайылымда бағу жылқыны бағып күтудің ең қолайлы түрі болып табылады. Мұндай жағдайда жылқы қысы - жазы маусымдық жайылымдарда бағылады. Оларды тек қардың астынан шөп тауып жей алмайтын, көк тайғақ мерзімдерде және борандарда ғана қолдан азықтандырамыз. Бұл мақсатта әр жылқыға 2 - 4 центнер дән есебімен жем-шөп қоры жасалынады.
Достарыңызбен бөлісу: |