1.4 Жылқы малының ас қорыту ерекшеліктері Жылқының ас қорыту жүйесінің құрылысының өзіндік ерекшеліктері бар.Олар ауыз қуысынан басталады. Айғырдың күрек тістері өткір, жем-шөпті мүйізді ірі қара малдай жалмамай қырқып жеп, түбелікті азу тістерімен түбегейлі мұқият шайнап, мол сілекейлеп, аумағы сиырдыкінен 10 еседей тар бір бөлімді қарынына (асқазанға) жұтады. Жұтылған азық қарынға сүйір бұрыштанып жалғасқан өңеш арқылы өтеді. Жылқылардың ас қорыту бөлімі, яғни қартасы өте жақсы дамыған. Аумағы 18 л қарын үлесіне жалпы ас қорыту жолының – 9%, ұзындығы 16-24 м, аумағы 64 л аш ішегіне – 30%, ұзындығы 1 м, аумағы 34 л соқыр ішегіне 16% келсе, ұзындығы 6-9 м, аумағы 96 л тоқ ішегінің үлесіне 45% келеді. Егерде қарынға енген азық қоректік заттарының жедел түрде ашуынан көп көлемді газдары пайда болса, олар қарын аумағын керіп жанай қосылған өңеш тесігін бекітеді де, өңеш арқылы кері ауыз қуысына кекіріліп шығуына жол бермейді. Кекіре алмаған жылқының қарны кернеп, қатты түйнеуінен ол тіпті өліп кетуі мүмкін. Қарын сөлі ферменттерінің әсерінен қорытыла бастаған азық қоректік заттары жылқы ішегінің күшті дамыған, химусының реакциясы сәл сілтілі айналмалы тоқ және аумақты (сыйымдылығы 20-70 л) соқыр ішегінде микробиологиялық өңдеуден өтеді. Соның нәтижесінде химус микробтық аминқышқылдары және витаминдерімен байытылады. Жылқы ішегі күйісті малдыкінен 2- 2,5 есе қысқалығынан одан жылдамырақ өтетін химус қоректік заттары қысқа мерзімде қорытылып үлгеруі керек. Сондықтан атқаратын жұмысы ауырлап, азықтануға уақыты қысқарған сайын жылқы азығының энергиялық қуыттылығы арттырылады. Желінген азықтың құрғақ затындағы жеңіл ыдырап, жылдам қорытылатын қоректік заттардың шоғырлануы жоғарылай түседі. Қарын сөлі сіңіп, бөктірілген азық ішекке өткізіліп, ішек сөлінің ферменттерімен түбегейлі протеині-аминқышқылдарына, майы-май қышқылдарына, көмірсулары - моноқанттарға ыдыратылады да, соңғылары аш ішек түгімен қанға сіңіріледі. Сіңірілмеген, яғни қорытылып үлгермеген қоректік заттар қорытылмаған тезек (қи, нәжіспен) қалдықтарымен сыртқа шығарылады.Жылқы желінетін жемшөп пен суарылатын судың тазалығы мен сапасына аса сезімталдықпен, талғампаздықпен қарайды. Бойында дамыған иіс сезгіштігінің арқасында жылқы бүлінген сапасыз жемшөпті жемейтін, лайланып, ластанған суды ішпейтін текті жануар болып келеді. Жылқы астық тұқымдастары басым шалғын және дала пішені мен бұршақ тұқымдастардың аралас пішенін сүйсініп жегенмен, беде пішенін қажет ете бермейді. Жылқының сүйікті азығы – сұлы дәні болып табылады. Оны жылқыға шектемей жегенінше беру керек. Басқа дәндерден жүгері мен арпаны жақсы жейді. Оларды бұршақ тұқымдастар пішенімен араластырып берген дұрыс. Ауыз қуысында нашар шайналып, қарында бөртіп, қарынды ұлғайтып, ішті кептіру қаупін тудыратын қара бидай дәнін тек ұнтақтап, туралған сабанмен араластырып жегізуге болады. Жылқының ас қорытуына бидай кебегі көмектеседі. 4-5 л жылы суға ерітілген 1,5 кг азықтық сірне ерітіндісімен туралған пішен мен сабан кесіндісін бүркіп, жылқының ас қорытуының бұзылуынан туындайтын «өлі тиюін» тоқтату үшін жегізеді. Жылқы жайылым отын, шалғын шөбін, көп жылдық екпе шөптерден ат қонақ, еркекшөп, беде және жоңышқаны жақсы жеп, жұғымды пайдаланады. Жылқы сонымен қатар, сазды, томарлы жердің шөбін, өлең, қоға, қырықбуын, мия сияқты шөптерді онша сүйсініп жемейді. Сұлы, арпа, тары сабаны мен топанын да жейді. Бірақ оларды алдын-ала булап, жұмсартып жеммен араластырып беру керек. Желінген жемшөпті пайдалану тиімділігі алдымен қоректік заттарының қорытылымына, яғни ас қорыту жолында қарапайым қосындыларға дейін ыдыратылып, сіңірілуіне байланысты болады. Жылқының желінген азық энергиясын өз тіршілігінің дене жылыту, қимылдау, жұмыс атқару, өнім өндіру секілді пайдалы энергиясына айналдыру деңгейі онша жоғары емес,өнім өндіруге азықпен енген энергияның не бары 20-30% пайдаланады. Азықтың жалпы энергиясының 30-35%, қорытылмаған тезек қалдықтарымен шығарылса, 35-50 % пайдасыз болып қалады.