Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесі саясатының басты мақсаттарының бірі – жан-жақты, жоғары білімді, шығармашылық қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
“Білім туралы” заңда (8-бап) білім беру жүйесінің басты міндеті “… ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар,ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау” делінген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында оқу бітіруші түлектердің біліміне қойылатын талаптар:
-әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласында негізгі оқу мазмұнын білу, әлеуметтік жағынан қажетті ділгірліктер мен үрдістерді ғылыми тұрғыдан талдай білу, ғылыми әдістерді кәсіптік және әлеуметтік қызметтің әр алуан саласында қолдана білу;
-адамның адамға, қоршаған ортаға қарым-қатынасын реттейтін этикалық және құқықтық нормаларды білу, оларды экологиялық және әлеуметтік іс жобаларын әзірлеуде ескере білу;
-өзінің алдына кәсіптік міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мақсат қойып, оларды шешу үшін өзі оқып-үйренген ғылымның әдіс-тәсілдерін пайдалана алу;
-өз еңбегін ғылыми негізде ұйымдастыра білу, кәсіптік қызметі саласында қажет ақпаратты жинау, сақтау мен сұрыптаудың компьютерлік әдістерін меңгеру;
-өзінің кәсіптік қызметінің түрі мен сипатының өзгеруіне пәнаралық жобалармен жұмыс істеуге әдістік және психологиялық жағынан дайын болу.
Бұл талаптар –маман даярлығына қойылатын жалпы талаптар. Педагогикалық қызмет –қоғамдық құбылыс. Қоғамдық қарымқатынастардың өзгеруі, жаңа білімнің жинақталуы, өндірістің жетілдірілуі, әлеуметтік прогресс педагог қызметінің мазмұндық сипатын өзгертуді талап етеді, себебі ол қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруы тиіс.
Қазіргі кезеңде мектептегі жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге қөзқарасы, жалпы болмысы, ең алдымен, мұғалімге байланысты.
Қазіргі уақытта бастауыш сыныпта білім беру сапасын жетілдірудің ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдарын жетілдіруде. Бастауыш мектеп мұғалімдері бастауыш сынып оқушыларымен математика сабақтарында математикалық сауаттылықты сақтай отырып, сабақ барысында оқушылардың белсенділіктерін арттыру, оқу құрал-жабдықтарын ұқыпты қолдануға үйрету жолдарын қарастыруда.
Бастауыш сыныпта үлес, бөлшек, оларды жазу, салыстыру, санның үлесін, үлесі бойынша санды табу, санның бөлшегін табу сияқты мәселелер қарастырылады.